Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Кенесары Қасымұлы – ұлт-азаттық көтерілістің басшысы

15.05.2022, 17:00 3492

HALYQLINE.KZ

Көкше топырағының төл перзенті, алты Алаштың ардақты ұлы, халқымыздың ар-намысының алмас алдаспаны болған қайран ердің туғанына 220 жыл, ал ол басқарған ұлт-азаттық көтерілістің басталғанына биыл 185 жыл толады.

Аса көрнекті тарихшымыз Ермұхан Бекмаханов «Кенесары Қасымұлы бастаған көтеріліс ХІХ ғасырдағы қазақ халқының ең ұлт-азаттык қозғалысы болды» деп әділ жазды.

Кенесары хандық билікті қалпына келтіремін деп күрес бастағанда атасы Абылай, әкесі Қасымның жолын қуды.Ол қазақ елінің егемендік жолы болатын. Ол Бұқардай жырауға сүйенген Бөгенбайдай, Қабанбайдай, Баяндай батырларға сенген билік құрылымының жолы болатын. Біріншіден, Кенесары хандық биліктің кеселге ұшырамаған, дала демократиясына негізделген сипаты үшін күресті. Екіншіден, Кенесары Сырым батырға ұқсап патшамен халық арасында жүріп мал тапқан сатқын сұлтандарға, билерге, батырларға қарсы соғысты. Сөйтіп Кенесары хан бастаған күрес те бүкілхалықтық сипат алды. Үшіншіден, Сырым бастаған, Кенесары бастаған күресті қолдаушы, оның негізгі қозғаушы күші қара шаруалар еді. Міне, осылай Сырым мен Кенесары көтерілістері үндестік тапты. Сырым батыр бастаған қозғалыстың реформаторлық қасиеті жоғары. Ал Кенесары бастаған ұлт-азаттық қозғалыстың отаршылдыққа қарсы көптеген өзгешелігі – елдің егемендігін, мемлекеттігін негізгі күрес мотиві етіп, күн тәртібіне қойғандығында. Бұл екі қозғалыстың көптігін әлеуметтік, таптық, топтық нарызылықтардан шоқтығы биік десек қателеспеген болар едік.

Кенес тарихнамасы Кенесары бастаған ұлт-азаттыкты айтқанда, оның қазақтардың жерін тартып алғандығын алға тартады. Орынбордың тұңғыш генерал-губернаторы И.И.Неплюев Жайықтағы Орынбор, Ор, Жаңа үй шебі арқылы қарулы әскермен қамалдарды қоршап алып, 1755-1772 жылдары Кіші жүз бен Орта жүз жерінде, Жайықтан Өскеменге дейін 3,5 мың шақырым шеп бойында бекіністер салдырады.

Тарихнамада өз дәрежесінде көтерілмей келе жатқан мәселе – Кенесарының қазақ халқының біртұтастығы үшін күресі барысындағы ғажайып дипломаттығы. Орыс мемлекеті қазақтарға қарсы Хиуа, Қоқан, қырғыздарды айдап салды. Ал қырғыздар болса Орта жүзге Ұлы жүзді қарсы қоюға тырысты. Хиуа Есет батырды Жанқожаға, Жанқожаны Кенесарыға қарсы қойып бақты. Патша үкіметі сатқын сұлтандарды Кене ханның соңына салды. Міне, осындай жағдайда Кене хан ел тұтастығының мүддесін жеке бастың қамынан жоғары қойып, тапқырлықпен, асқан табандылықпен мәселенің түйінін шеше білді.

Кенесары 1841жылы Орта жүз бен Кіші жүз қазақтары хан сайлағаннан кейін, ол хандық мемлекетке көп өзгерістер енгізді. Мұны марқұм Ермұхан Бекмаханов жан-жақты талдап көрсеткен болатын. Сонда Кенесары құрған біраз тарихшылардың зәресін ұшырған. Хандық мемлекеттің көздеген міндеттері мыналар болды:

1. Ру басыларының жеке-жеке феодалдық алым-салығын Кенесары тұңғыш рет мемлекеттік салықпен ауыстырды. Барлық жиналған қаржы соғыс жағдайындағы мемлекетті ұстап тұруға жұмсалды.

2. Бұрынғы ақсақалдар кеңесін хандық кеңес ауыстырды. Бұл бір орталыққа бағынуды күшейте түсті.

3. Кенесары қол астындағы рулардың бір-бірінің малын барымталауына, тонап алуына тосқауыл қойды.

4. Рулық бытыраңқылықты жоюға ұмтылды, рулық араздықты қоздыруға бағытталған әрекеттерге тыйым салды.

5. Халықтың Абылай хан заманынан келе жатқан отырықшы кәсіпке ауысып, егін салу идеясын іске асырмақ болды. Бұл жерді түпкілікті иленудің бірден-бір тиімді жолы еді.

Кенесарының түпкі мақсаты бүкіл қазақтың басын құрап, біртұтас мемлекет жасау еді. Ол үшін тәуелсіз қазақ хандығын қалпына келтіру қажет болды. Ал тарих ғылымының Кенесарыға қойған кінәсі қазақ халқының отаршылдыққа қарсы күресін өзінің хан болу мақсатына пайдаланды деу еді. Сөйтіп, ол құрған хандық мемлекет керітартпа етіліп көрсетілді. Осылай айтатын болсақ, бүкіл адамзат қоғамының феодалдық дәуіріндегі патшалық, корольдік, хандық мемлекеттердің барлығын айыптауымыз керек емес пе? Оған жоғары үлгідегі демократия республика үшін күреспедің деп қалай талап қоясың?

Демек, Кенесары құрған хандықты құбыжық етіп көрсету – бұл қазақ халқына жасалған қиянат

Бұл көтеріліс бүкіл Қазақстанды қамтыған тұңғыш көтеріліс болды. Оның сарбаздарының құрамында үш жүздің атақты батырлары болды. Олар: Орта жүзден Ағыбай, халық батыры Амангелді Имановтың атасы Иман Дулатов, Жәуке батыр, Кіші жүзден Жоламан Тіленшиев, Бұқарбай батыр, Ұлы жүзден Бұғыбай. Көтерілістің алғашқы күндерінен бастап Кенесарыға көтеріліс аудандарында тұратын көптеген ұлт өкілдері орыстар, татарлар, башқұрттар да қосылды.

Кенесарының түп мақсаты бүкіл қазақтың басын құрап, бір тұтас мемлекет жасау еді. Ол үшін тәуелсіз қазақ хандығын қалпына қайта келтіру керек. Онсыз құдіретті орыс патшасы алдында қазақ халқының тәуелсіздігін сақтап қалу мүмкін емес. Сол үшін ол Қоқанға қарасты қазақтарды өзіне тарту ойымен 1840 жылы Қоқан хандығының шекарасына көшіп барды. Кенесары кырғыз жеріне кірудің алдында манап Орманға кісілерін жіберіп, Қоқан бектеріне бірігіп күресуге шақырған. Екі ел арасында салауат жариялап, арадағы алауыздықты келісім жолымен шешуге ұмтылған үндеуінен еш нәрсе шықпағаннан кейін соғыс қимылдарына көшкендігін дәлелдейтін деректер баршылық.

Кенесарының қатыгездігін ешкім жоққа шығара алмайды. Оны «қандыбалақ қарақшы» етіп көрсетуге тырысқан сипаттамалар да аз емес. Сонда да болса тиісті деректерге тереңірек үңіліп, оның он жылдың күресіне байланысты әр мазмұндағы құжаттарға жүгінсек, елдің егемендігін, ата-бабадан қалған қасиетті қонысты қорғауда қарулы қақтығыстармен қатар дипломатиялық саланы, бейбіт келіссөзді де шебер іске асырып, әлемді тітіргендірген қолбасшы Наполеонды да талқандағаннан кейін «Европаның жандармы» атанған Россия империясына бас имей тайталасып орыс қоғамын таңқалдырған бұл қайраткердің де алуан-алуан қасиеттері әлі де зерттелер, толықтырыла берер деген сенімдеміз.

Екі жүзді қырғыз манаптарымен де арпалысқан Кененің өмірі трагедияға толы. Бірақ халық бостандық үшін, ол өзін де, бауырларын да аямады, өмір бойы қан кешіп өтсе де, терістіктен төнген екі басты самұрықтың тегеурініне төтеп бере алмады. Бірақ ол өзінің бар өмірін қазақ халқын құлдықтан құтқаруға, ешкімнің қорлығына бермеуге, басқыншылармен соғысқа арнады. Тәуелсіздікті аңсаған Кенесары мерт болды. Оны мерт еткен негізгі күш қырғыз манаптары емес, отаршыл Ресей империясы болды. Осы 1837-1847 жылдары Кенесары Қасымұлы көтерілісінің тарихи маңызы туралы өзі де зұлымдық пен сатқындықтың құрбаны болған аяулы тарихшымыз, профессор Ермұхан Бекмаханов былай дейді: «Кенесары көтерілісі қазақ халқының өз Отанының бостандығы мен тәуелсіздігі жолында жан қиуға әзірлігін, жауға тойтарыс берерлік қуатты күш бар екендігін дәлелдеді».

Бұл қозғалыстың маңызы сол, ол патшалық Рессейдің қазақ даласына төніп келе жатқан құлдық бұғауын біраз уақытқа шегеріп тастады және қалың бұқараның болашақтағы ұлт-азаттық күресіне жауынгерлік дайындық болды. Ал бүгінгі исі қазақ үшін Кенекең айтқан, ол армандаған бостандық пен тәуелсіздік жарияланды. Енді осы жеңістің қағаз жүзінде қалып коймауы, баянды болуы – өз қолымызда. Бұл үлкен міндетті орындау жолында Кенекеңнің өсиеттері мен қызметі барлығымызға үлгі болсын. Әрқашан Кенесарының аруағы қолдап, жебеп жүрсін!

Өтеубай  Қожақұлы,

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің профессоры,

тарих ғылымдарының докторы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: