Тұрғын үй – халықтың әлеуметтік әл-ауқатын айқындайтын маңызды көрсеткіштердің бірі. Сондықтан қай өңірде болмасын баспана құрылысының қарқын алуы тұрғындардың өмір сапасын арттыруға бағытталған нақты қадам ретінде бағаланады. Байқағанымыздай, қаламыздың сол жағалауы жаңа әкімшілік, мәдени және тұрғын аудан ретінде қарқынды дамып келеді. Заманауи ғимараттар мен әлеуметтік нысандардың қатары көбейіп, қаланың жаңа келбеті қалыптасуда.
Сол жақ жағалауда бой көтеріп жатқан бірнеше тұрғын үйдің құрылыс жұмыстарын таныстыру бағытында Қызылорда қалалық құрылыс бөлімінің ұйымдастыруымен БАҚ өкілдеріне арналған баспасөз туры өтті. Құрылыс алаңындағы қызу тіршілік пен қарқынды жұмыс жаңа қоныс иелерін қарсы алар күннің алыс емес екенін аңғартты.
Баспасөз турының алғашқы бағыты Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейінің маңайында салынып жатқан жеті қабатты тұрғын үйлер болды. Қазіргі уақытта мұнда жалпы саны 6 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Жоба өткен жылдың қазан айында басталып, нысандарды биылғы жылдың қараша айында пайдалануға беру жоспарланған. Әр тұрғын үй 84 пәтерден тұрады. Болашақ тұрғындарға екі және үш бөлмелі пәтерлер ұсынылады. Оның ішінде үш бөлмелі пәтерлердің аумағы 77 шаршы метрді құрайды. Төменгі қабат коммерциялық бағыттағы нысан ретінде қарастырылса, 2-қабаттан бастап 2 және 3 бөлмелі пәтер ретінде берілмек. Кең әрі жайлы етіп жобаланған баспаналар тұрғындардың заманауи талаптарына сай салынуда.
Құрылыс жұмыстары екі мердігер мекеменің қатысуымен жүзеге асырылуда. Оның ішінде үш тұрғын үйдің құрылысын «Сәт-Сервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізсе, қалған үш үйге «СК-Дәнекер» ЖШС мекемесі жауапты. Қазіргі уақытта құрылыс алаңдарында жұмыс белгіленген кестеге сәйкес жалғасуда. Сондай-ақ, нысандарды аралау барысында құрылыс жұмыстарының бірнеше кезеңімен таныстық. Бірқатар үйде қабырға қалау, ішкі әрлеу және инженерлік желілерді тарту жұмыстары қатар жүргізілсе, кей нысанда сыртқы әрлеу жұмыстары басталған. Құрылыс алаңындағы қызу тіршілік пен жұмысшылардың тынымсыз еңбегі жобаның жоспарланған мерзімде аяқталуына негіз болып отыр. Тұрғын үйлер толық пайдалануға берілген кезде жалпы саны жүздеген отбасы жаңа баспанамен қамтылмақ. «Бұл тұрғын үй жалпы әлеуметтік осал топтағы және үй кезегінде тұрған азаматтарға арналған» дейді «Сәт-Сервис» мердігер мекемесінің учаске басшысы Бердібек Қамиев.
– «Сәт-Сервис» мердігер мекемесі 244 пәтерлі тұрғын үй құрылысын жүргізіп жатыр. Бүгінде бұл тұрғын үйлердің біреуі толық бітті. Қалған 2 үй қараша айына дейін аяқталады деп жоспарлануда. Сондай-ақ, тұрғын үй алаңдарында абаттандыру жұмыстары мен балалар ойын алаңын салу жоспарда бар, — дейді Б.Қамиев.

Бұдан бөлек, «СК-Дәнекер» ЖШС мекемесінің құрылыс жұмыстары да қарқынды жүруде. Оған дәлел, үздіксіз жұмылдырылған 200-ге жуық жұмысшы мен жоспарға сәйкес нысанның 50 пайыз құрылысы аяқталуда. Бұл мердігер мекеме 252 пәтерлі 7 қабатты 3 тұрғын үйдің құрылысын жүргізуде. «Кестеге сәйкес межелеген уақытта құрылысты толық бітіріп, халық игілігіне табыстаймыз» дейді «СК-Дәнекер» ЖШС-нің учаске басшысы Ғазиз Хансейітов.
– Қазіргі уақытта 84 пәтерден тұратын 3 тұрғын үйдің құрылысын жүргізіп жатырмыз. Осы жылдың күз айында толық қолданысқа беруге жоспар бойынша жұмыс істеудеміз. Құрылыс заттары мен техникалық база, жұмыс күші жеткілікті. Тұрғын үйден бөлек аулада балалар ойын алаңы, демалыс орындары қарастырылған, — дейді «СК-Дәнекер» ЖШС-нің учаске басшысы.
Сол жағалаудағы тағы бір таныстырылған нысан – орталық стадион жанынан тұрғызылып жатқан 7 қабатты 8 тұрғын үй. Құрылыс жұмыстарын «Ер-Ару» ЖШС мердігер мекемесі жүргізуде. «Тұрғын үй құрлысы өткен жылдың жаз айында басталып, биыл тамыз айында 4 тұрғын үйдің жұмысы толық аяқталып, қолданысқа беріледі» дейді мердігер мекеменің учаске басшысы Болатбек Бағдатұлы.
– Жоба бойынша 8 тұрғын үй тұрғызылуда. Оның төртеуі кестеге сәйкес алдағы 1 айда толық аяқталады. Қазіргі уақытта осы 4 тұрғын үйде 200 жұмысшы жұмыс істеуде, сыртқы әрлеу жұмыстары аяқталды. Қазір біз ішкі жұмыстары линолиум төсеу, электр желілерін орналастыруды жүргізіп жатырмыз. Одан бөлек, ауланы абаттандыру мен ойын, демалыс алаңдары да қатар салынуда. Жұмыстың 90 пайызы бітіп тұр, тамыз айында толық қолданысқа беріледі, — дейді «Ер-Ару» ЖШС-нің учаске басшысы Б.Бағдатұлы.
Қалай десек те, тұрғын үй құрылысының қарқыны – өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының айқын көрсеткіші. Қала дамуы ең алдымен тұрғындардың тұрмыс сапасынан көрінеді. Сол жағалауда салынып жатқан тұрғын үйлер тұрғындарды баспанамен қамту бағытындағы жұмыстардың жүйелі жалғасып жатқанын көрсетеді. Құрылысы аяқталуға жақын нысандар жақын уақытта пайдалануға беріліп, жаңа қоныс иелерінің игілігіне қызмет етпек. Бұл өз кезегінде қаланың сәулеттік келбетін толықтырып, тұрғындардың өмір сапасын арттыруға оң ықпал етеді.
Перизат ЗАХРАДИН
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!