Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

4 маусым: бүгін қандай айтулы күндер бар?

04.06.2026, 6:00 86

4 маусым – Қазақстанның мемлекеттік рәміздері күні. 1992 жылғы 4 маусымда тәуелсіз Қазақстанның жаңа мемлекеттік рәміздері алғаш рет бекітілді. Ту, елтаңба және әнұран мемлекеттің негізгі рәміздері саналады. Тудың авторы – Шәкен Нияз­беков. Елтаңбаның авторлары – Жандарбек Мәлібеков  және  Шота  Уәлиханов.

Қазақстанның тарихында еліміздің мемлекеттік гимні екі рет – 1992 және 2006 жылдары бекітілді. Қазақ елі тәуелсіздігін алған соң, 1992 жылы Қазақстан әнұранының музыкасы мен мәтініне байқау жарияланды. Нәтижесінде, Қазақ КСР гимнінің музыкалық редакциясын сақтау туралы шешім қабылданды. Осылайша, тәуелсіз Қазақстанның алғашқы гимнінің музыкасының авторлары Мұқан Төлебаев, Евге­ний Брусиловский және Латиф Хамиди болды. Сонымен қатар, әнұранның үздік мәтініне жарияланған байқауда белгілі ақындар Мұза­фар Әлімбаев, Қадыр Мырзалиев, Тұман­бай  Молдағалиев  және Жадыра Дәрібаева  жеңіп  шықты.

2006 жылы елімізде жаңа мемлекеттік гимн қабылданды. Оның негізі ретінде халық­тың арасында кеңінен танымал «Менің Қазақстаным» әні таңдалып алынды. Ол әнді Шәмші Қалдаяқов 1956 жылы Жұмекен Нәжімеденовтің сөзіне жазған болатын. Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев музыкалық туындының бастапқы мәтінін өңдеді. Ал 2006 жылы 6 қаңтарда Қазақстан парламенті палаталарының бірлескен отырысында «Мемлекеттік рәміздер туралы» жарлыққа тиісті түзету енгізіліп, еліміздің  жаңа  мемлекеттік әнұраны  бекітілді.

4 маусым – әлем тарихында да түрлі сая­си, мәдени және өнер саласындағы маңызды оқиғалармен есте қалған күн. Әр кезеңде дәл осы датада адамзат өркениетіне ықпал еткен тарихи шешімдер қабылданып, кейін бүкіл әлемге  танылған  жаңалықтар  өмірге  келді.

Мәселен, 1664 жылы Солтүстік Америкадағы Жаңа Амстердам қаласының атауы ресми түрде Нью-Йорк болып өзгертілді. Кейіннен бұл қала әлемдегі ең ірі мегаполистердің біріне айналып, қаржы, мәдениет және  саясат  орталығы  ретінде  танылды.

1856 жылы Мәскеуде әйгілі Третьяков галереясының негізі қаланды. Бүгінде бұл өнер ордасы әлемдегі ең бай әрі құнды көркемсурет галереяларының бірі саналады. Мұнда  орыс және әлемдік бейнелеу өнерінің мыңдаған  жауһар  туындылары  сақталған.

Сондай-ақ, 1921 жылы Францияда әлемге әйгілі Chanel сән үйі шығарған «Chanel №5» хош иісі алғаш рет таныстырылды. Бұл әтір бүгінде сән индустриясының символына айналып, әлемдегі ең танымал парфюмдердің бірі ретінде тарихқа енді.

Ал 1975 жылы аты аңызға айналған британ­дық The Rolling Stones рок тобы КСРО аумағында әндері орындалғаны үшін ресми түрде қаламақы алған алғашқы батыс­тық музыкалық ұжым болды. Бұл оқиға сол кезеңдегі мәдени кеңістіктегі үлкен  өзгерістің  белгісі  ретінде  бағаланды.

1943 жылы Қазақ КСР-нің алғашқы мемлекеттік әнұранын жазуға байқау жа­риялан­ды;

1944  жылы  қазақтың қайсар қызы Әлия Молдағұловаға Кеңес Одағының баты­ры  атағы  берілді;

1992 жылы Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен «Қазақстан Республикасы Мемлекеттік туы туралы», «Қазақстан Респуб­ликасы Мемлекеттік елтаңбасы туралы», «Қазақстан Республикасы Мемлекеттік әнұранының  музыкалық редакциясы туралы»  заңдар  күшіне  енді;

1992 жылы Қазақстан президенті жа­нын­дағы  кәсіпкерлер  одағы  құрылды;

1998 жылы II Қазақстандық инвести­циялық саммиті өтті. Оған 24 елдің 160 компаниясының өкілі мен басшылары қатысты;

2000 жылы Иран қазақтары тарихи отанына орала бастады. Нәтижесінде қазақ еліне 732 отбасы немесе 3661 адам көшіп келді;

2000 жылы Алматы облысының Жаңалық ауылында сталиндік геноцид құрбандарын қайта жерлеу рәсімі өтті. Үлкен қабірдің ішінде Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгіров және қазақ зия­лы қауымының басқа да өкілдерінің сүйектері  бар;

2015 жылы Астанадағы Тәуелсіздік сарайын­да Қазақстанның тұңғыш  прези­денті  Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуы­мен шетел­дік инвесторлар  кеңесінің  XXVIII  пленарлық  отырысы  өтті.

4 маусым – әлемге танымал тұлғалар дүние­ге келген күн ретінде де тарихта қалған дата. Әр кезеңде саясатта, өнерде, спорт пен бизнесте өзіндік із қалдырған бір­қатар  қайрат­кер  дәл осы күні өмірге келген.

1777  жылы  Ресей  империясының әс­кери қолбасшысы әрі мемлекет қайраткері Алексей Ермолов дүниеге келді. Ол Кавказ өңіріндегі әскери жорықтарымен тарихта қалған  тұлғалардың  бірі  сана­лады.

1903 жылы КСРО халық артисі, әйгілі дирижер Евгений Мравинский өмірге келді. Ол ұзақ жылдар бойы Ленинград филармониясын басқарып, әлемдік классикалық музыканың  дамуына  зор  үлес  қосты.

1929 жылы Грекияның  сегізінші  президенті, елдің сыртқы саясаты мен демократиялық реформаларына ықпал еткен сая­саткер Каролос Папульяс дүниеге келген.

1930 жылы кеңестік хоккей аңызы, атақты бапкер Виктор Тихонов туған. Оның жетекшілігімен КСРО құрамасы хоккейден бірнеше мәрте Олимпиада чемпионы атанып, әлемдік спорт тарихында өшпес із қалдырды.

Ал, 1959 жылы Үндістанның ең ықпалды бизнес өкілдерінің бірі, миллиардер   Анил  Амбани  дүниеге  келді.

1971 жылы Конго Демократиялық Респуб­ликасының  төртінші президенті Жозеф Кабила өмірге келген. Ол ұзақ жылдар бойы ел басқарған африкалық саясаткерлердің  қатарында  болған.

1970 жылы польшалық және шведтік өнер иесі Елена Курцевич дүниеге келді.

Ал 1975 жылы әлемге әйгілі америкалық актриса, фотомодель әрі қоғам белсендісі Анджелина Джоли туған. Ол Голливудтағы табысты мансабымен қатар, гуманитарлық жобаларға белсенді араласуымен де танымал.

1958 жылы Қазақстанның халық әртісі, Қазақстан мемлекеттік сыйлығының иегері, әнші Нұржамал  Үсенбаева  дүниеге  келді.

Дайындаған П.ЗАХРАДИН

Фото: ашық дереккөзден

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: