Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Хрущевтың орнынан түскеннен кейінгі өмірі

02.05.2025, 7:00 217

HALYQLINE.KZ

Билік, оның ішінде бір адамның қолына жиналған шексіз билік адамды өзгертіп жіберетінін өмірден көріп жүрміз. Биліктен өз еркімен ешкімнің де кеткісі келмейді. Сондай жағдай әлемдегі алып империя болған КСРО басшысы Никита Хрущевтың басынан өтті. Ол өзін биліктен кетіретіндер кешегі қолын сүюге дайын тұратын серіктестері болады деп ойлаған жоқ.

1964 жылдың 14 қазанында Қара теңіз жағасында демалып жатқан «Қымбатты Никита Сергеевичті» ауыл шаруашылығы туралы кезектен тыс партия Пленумына шақырады. Сол кезде елдің басым бөлігіне жүгері егіп тастағандықтан нан жетіспеушілігі болып жатқанынан хабардар Хрущев Кремльге еш алаңсыз келеді. Мәжіліс залына кіргеннен-ақ түсінікті болды. Бұрын орындарынан тұрып қарсы алатын Саяси Бюро мүшелері салқын қарсы алып, күн тәртібімен таныстырды. Бәрі де Хрущевты айыптап сөйлей бастады. Ауыл шарушылығын құлдыратқанын, шаруашылық пен өндіріс орындарына партия ұйымдарын бөліп басқарып, аппарат құрамын ұлғайтып, Қытай мен Албаниямен ара қатынасты ушықтырып жібергенін, ракетаны бірінші орынға қойып, әскери теңіз флотын қысқартқанын, Кубадағы Кариб дағдарысын, Саяси Бюро мүшелерімен санаспай жеке волюнтаристік шешімді қабылдайтынын, т.б. айыптар тақты. Хрущев бәріне жауап қайтарумен болды, бірақ көптің аты – көп, оны ешкім де тыңдаған жоқ. Ақыры көнуге мәжбүр болды. Келесі 15 қазанда кезектен тыс Пленумда Хрущев денсаулығына байланысты өз еркімен қызметінен кетті деп жазылды.

Күні бұрын келісілгендіктен алынған марапаттары өзіне қалдырылатын болды. Оның басқа амалы қалмады, көнбесе тұтқындалып, түрмеде тергеу үстінде «жүрегі шыдамай» қайтыс болатын еді. «Хрущ» марапаттарды жақсы көретін еді, елді басқарған тоғыз жыл ішінде үш мәрте Социалистік Еңбек Ері және Кеңес Одағының Батыры және Болгарияның Халық батыры, т.б. атақтары болды және сол кездегі жоғары зейнетақы 500 сом тағайындалды. Москвадағы пәтері мен саяжайы сақталды. Бірақ әр қадамы КГБ-нің бақылауында болды. Ешқандай кеңес және шетел басылымына сұхбат бере алмайтын болды. Москвадағы концертке, киноға тек арнаулы бекітілген күзетпен бара алады. Оның есімін ешқандай басылым атап көрсетуге тыйым салды. Тіпті ондай адам болғанын да ұмыттыруға күш салынды. Себебі, оның орнына келген «Қымбатты Леонид Ильич» дәуірі туған еді.

Ғарыш пен тың жерлерді игеру Брежнев есімімен байланыстырып атала бастады. Бос уақытында баспасөзден осының бәрін оқып тұрған Хрущ кешегі өзі өсірген, еркелетіп Леня деп атап кеткен Брежневті боқтап алып, орыс арағынан өшін алатын. Түнге қарай өзі тыйым салған «Америка дауысы» мен «Азаттық» радио станцияларын тыңдайтын еді. Қолы бос зейнеткер Хрущ шаруаның баласы болғандықтан, саяжайдағы бақшасы бар ермегі болды. Келген жақындарына өзінің дәу қызанағымен мақтанатын. Көрші колхоздың егістігін көріп, колхоз төрағасына ақылын айтқанда, колхоз  төрағасының «Жүгеріге ұқсайтын ақылынды артына тық» деген жауабын естиді. Осындай жағдайдың өзін өмірде талай рет естіген болатынмын, әсіресе биліктен кеткен басшылардың басынан өтті, кезінде биліктің буына лепіргендер қарамағындағы жұмыс істегендерден сұмдық сөз естігенін.

Өмірінің соңында мемуар жазғысы келіп, машинистка сұрағанда шошып кеткен билік «не положено» деп рұқсат еткен жоқ. Қолмен жазуға қартайып қалған әкесіне баласы Сергей Хрущев магитофонға естелігін жазуға кеңес берді. Шетелдік сауда министрлігінде істейтін Сергей әкесі Хрущевтің «Естеліктер» атты мемуар кітабын АҚШ-та шығаруы үлкен дүрбелең туғызды, ұлы Сергей Хрущев (1935-2020) АҚШ-та қалуға мәжбүр болды. «Естеліктердің» екінші томы шыққанын көре алмай 1971 жылы қыркүйекте Н.С.Хрущев қайтыс болды. Кремль түбі түгіл, қабырғасына да жерлеуге рұқсат берген жоқ.

Тарихшы ретінде айтарым, Н.С.Хрущевтің (03.04.1894-11.09.1971) басты ерлігі НКВД-ның залым басшысы Лаврентий Берияны тұтқындап атқызып тастағанын үлкен іс деп есептеймін. Егер Берияны құртпағанда 1902 жылы дүниеге келген ол Сталиннің орнына келген соң бізді шамамен 1990 жылдарға дейін басқаратын еді. Ал, Хрущті жек көретінім, 1942 жылы Харьков түбінде Ақмолада жасақталған №104-ші кавалериялық дивизияны жау танкілерін тоқтату үшін өлімге айдап салған болатын. Дивизияның 96 пайызы қазақ еді, олардың негізгі қаруы қылыш болды. Әскери Кеңес мүшесі ретінде Хрущев осындай сорақы бұйрық берген дарынсыз қолбасшы болатын. Бүкіл дивизиядан бір адам тірі қалған жоқ. Кейін КСРО басшысы болғанда осы қазақ дивизия туралы құжатты жойып жіберді. Сондықтан осындай ісі үшін оның бейітінің басына мүсінші Эрнест Неизвестный оның бюстегі бетінің жартысы ақ пен қара түс қылып жасады. Оның ісі де солай еді.

Сөзімнің соңында алпысыншы жылдардың басындағы бір анекдотты еске түсірейін. Хрущевтың Американы сүт пен ет өндіруден де басып озамыз деп, ұрандатып тұрған кезінде Хрущев шошқа фермасына барып, шошқалармен фотоға түседі және оны газетке шығарар кезде журналистердің басы қатады. Қалай деп жазған дұрыс деп, КПСС ОК бас хатшысы Н.С.Хрущев шошқалармен бірге деп жазуға қорқады, бас хатшының қаһарына ұшырап жүрерміз деп, ақыры фотосын жариялап былай деп жазыпты: «Сол жақтан санағанда төртінші тұрған Н.С.Хрущев».

Бақытжан  Абдул-ТҮМЕНБАЙ,

тарихшы,  журналист-дайджест.

Қазалы  ауданы

Сурет  ашық  дереккөзден  алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: