Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Халықты шошытқан Щорстың қатыны

18.09.2023, 9:30 181

HALYQLINE.KZ

Фрума Хайкина азамат соғысының батыры комдив Николай Щорстың қатыны ғана емес, жендет әйел ретінде халық одан шошып көзіне түспеуге тырысатын. Чернигов губерниясындағы кедей еврей отбасында дүниеге келген Фрума Хайкина сауат ашатын курста оқып жүргенде 1917 жылы төңкеріс болғанда кедейлердің таңы атқанын біліп, жаңа қоғамды қуана қарсы алды. Брянскіде теміржол салып жатқан қазақтардан отряд құрғанда командирі Фрума Хайкина болды. Бұл не қылған қазақтар деп ойлаған шығарсыздар, бұлар 1916 жылы патшаның маусым жарлығымен тылдың қара жұмысына алынған қазақтар еді (фотодан көріңіздер).

Фруманың отряды ВЧК-ға қарады. Бұл отрядтың басты мақсаты – контр революционерлерді анықтау, жергілікті буржуйларды, саудагерлерді, кулактарды және сенімсіз элементтерді анықтап, олардың жолын кесу болды. Жасы 20-дағы қызға шексіз билік берген соң құтырып кетті, жауларды анықтау үшін азаптау мен ату оның күнделікті үйреншікті жұмысы болды. Қызыл галифе шалбар мен қара былғары куртка киіп, санында салақтап жүрген маузері бар Фрумадан халық қатты қорықты. Ол ВЧК-нің өзіне берген төтенше өкілеттігін пайдаланып, 200-ден астам адамды атып тастаған болатын.

1918 жылы Брянскіге комдив Николай Щорс келгенде екеуі танысып үйленеді. Алайда 1919 жылы Щорс петлюрашылдардың қолынан жұмбақ жағдайда ажалын табады, артында қалған әйелі Фрума қыз туып, есімін Валентина деп қояды.

1934 жылы экранға «Чапаев» фильмі шыққан соң, Сталин енді украиндардың өз Чапаевы да болуы керек деп, Щорс туралы кино түсіруді режиссер Довженкоға тапсырады. 1935 жылы түсірілген «Щорс» киносының бас кеңесшісі жендет әйелі Фрума Щорс болды. Азамат соғысы батырының әйелі ретінде Сталин оған Москваның элиталы ауданынан кең пәтер бергізді, сонда 1977 жылы 80 жасында қайтыс болды. Қызы Валентина Щорс 2005 жылы қайтыс болды, күйеуі Исаак Маркович физик Л.Ландаумен бірге атом бомбасын жасаушылардың бірі болды.

Бақытжан  Абдул-Түменбай,

тарихшы,  журналист-дайджест

Сурет  ашық  дереккөзден  алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: