Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Галина Польскихке ғашық болған қазақ баласы

29.03.2023, 8:25 187

HALYQLINE.KZ

Галина Польских 1939 жылы 27 қарашада дүниеге келген РСФСР-дің халық артисі, жүзден астам фильмге түскен атақты кино актриса.

Оның өмірінде өзіне ғашық болған жігіттер көп болды. Сұлу да тартымды актрисаға бір қарап тамсанып өтетіндер легін де күнделікті өзі де байқап жүретін. Ол екі рет тұрмыс құрып6 біріншісі қаза тапса, екіншісінен ажырасып кетті. Актриса 84-те, қазір жалғыз тұрса да, қолы мен жүрегін ұсынушылар жеткілікті дейді.

Галина ерте жетім қалды, әкесі соғыс басталған жылы майданда қаза тапты, шешесі туберкулезден қайтыс болғасын, сегіз жастағы Галяны интернатқа өткізгенін естіген әжесі Белоруссиядағы үй-жайын тастап Москваға келіп, немересін қолына алып коммуналдық бір бөлмеде тұрып, дүкенде еден жуып, немересіне бар өмірін арнады. Галина мектеп бітіргесін ВГИК-тің актерлік бөліміне оқуға түскенде оған ғашық болмаған жігіт қалмады. Солардың ішінде режиссерлік бөлімнің үшінші курс студенті Фаик Гасановты ұнатты. Ол да мұсылман дәстүрі бойынша үйленер кезде «мәһрге» нені қалайтынын сұрағанда Галина өзінің үш арманын айтты: ешуақытта теңіз көрмегенін, самолетке мінбегенін және қызыл пальтоны ұнататынын айтқанда, үшеуін бір күнде орындады, қызыл пальто сатып алып, ұшақпен Бакуге барғанда теңізді көрді.

1960 жылы Ирада есімді қызды болады, сосын институттан академиялық демалыс алып, 1962 жылы «Жабайы ит Динго» (Р.Фраеманның «Дикая собака Динго или повесть о первой любви» атты кітабы бойынша түсірілген) фильміндегі 14 жастағы қыз Таня Сабанееваның басты роліне түседі. Таняға ғашық жергілікті нанай халқының 14 жастағы баласы Филька Боголюбовский ролін 13 жастағы Талас Өмірзақов ойнайды. Киноға түсу барысында Талас Галинаға шынымен ғашық болады. Бірақ «ғашығының» жасы 22-де және күйеуі мен екі жасар қызы бар екеніне сенгісі келмей, «балалық махаббатының» быт-шыты шығады.

Енді Таластың өзіне келсек, ол Алматыдағы балалар театрының (ТЮЗ) артистері атақты Әмина апай мен Қамаси Өмірзақовтардың ұлы еді. Фильм режиссері бүкіл Орта Азияны аралап Нанай баласының роліне Алматыдан тапқанының өзі бір ұзақ әңгіме, түсіру алаңына алғашқы рет алып келгенде оны Галинаға былай таныстырады: «Таня, мынау Филька» деп, түсіруді бірден бастап кеткен. Кинода Филька Таняны ұнатқанмен, ол Коляны жақсы көреді. Фильм Венециядағы халықаралық кинофестивалінің Гран-при жүлдесін жеңіп алды. Кинодағы Фильканың біржақты махаббатын көріп аяғандықтан Талас Өмірзақовқа Москва, Ленинград, Балтық елдерінен, Кавказдан, Моңғолиядан, Қытайдан, Франциядан, Англиядан өзі қатарлас жасөспрім қыздардан «Филька, сенімен дос болғым келеді» деген хаттарды көп алды.

Талас мектепті бітірісімен СХИ-ға түскенмен екінші курстан кейін шығып кетіп «Қазақфильмге» жарық түсіруші болып жұмысқа орналасады. Ленинградтағы Г.Товстоноговтың курсына оқуға түседі, үшінші курста әкесі Қамаси қайтыс болған соң, Алматыға қайтып келіп, оқуын Ұлттық Өнер Академиясында аяқтайды. Ұзақ жылдар бойы актерлік шеберліктен сабақ береді. Актерлік шеберлік туралы кітап жазып, өзінің киноға түскен кезінен бастап «Танечка» деп атап кеткен Галина Польскийге қолтаңба жазып сыйлап үлгіреді. (фото). Талас Өмірзақов 2011 жылы ұзаққа созылған науқастан қайтыс болды.

Әмина Өмірзақова ұлы Талас туралы: «менің ұлым киноға менің құрсағымда жатқанда-ақ түсіп, аттан бірге құлағанбыз» деп мақтанғанды жақсы көретін. Әмина Өмірзақова 1945 жылы «Абайдың әндері» деген фильмге түсіп, сол жылы өзінен аумайтын тәмпіш мұрынды осы Таласты дүниеге әкелген болатын.

Фотолар қолжетімді дерек көздерінен алынды.

Бақытжан Абдул-Түменбай,

тарихшы,  журналист-дайджест

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: