Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Біздің балалық шағымыздың киносы

13.06.2025, 10:15 175

HALYQLINE.KZ

Қазіргі балаларымыз және немерелеріміз көретін «боевик» киноларындағы актерлер Чак Норис, Арнольд Шварценеггер, Джеки Чан фильмдеріндегі ақылға сыймайтын көріністерді көріп отырып күлеміз де қоямыз. Ал, Сильвестер Сталлоне кейіпкері, американдық солдат Джон Рэмбо Ветьнамдағы соғыста тіпті бір армияны бір өзі қырып салады. Осыларды көріп отырып біздің де балалық шағымыздың кино кейіпкерлері Чинганчук, Текумзе, Апачи, Оцеолланы сомдаған актер Гойко Митич есіме түседі.

Голливуд жұлдыздары сияқты бір өзі бәрін қырып салмаса да, жекпе-жекте жеңіп шығып, садақты дәл атып, қанжарды дәл қадап, бәрімізді таң қалдыратын. Кіндігінен төменгі абыройын ғана жауып тұрған жапқыштан басқа киімі жоқ, оның бұлшық еттерін айтсайшы.

Совет киносының нағыз «секс символы» болған Гойко Митичтің жалаңаш бейнесін советтік қатаң цензура халық жаппай көретін экранға қалай жіберген деп ойлайтынмын, сөйтсек оның тарихы тереңде жатыр екен. АҚШ-тың 1817-1825 жылдарындағы президенті Монро 1823 жылы «Америка тек американдықтар үшін» деген ұран жариялады. Мақсаты Американың байырғы тұрғындары үндістер жерін оларды қырып-жою арқылы өздерінің жер көлемін ұлғайту еді.

АҚШ-тың экспансиялауына қарсы үндістердің тайпа көсемдері «кішкене Тасбақа» мен Чинганчук, алгонкиндердің көсемі атақты Текумзе, семинолдар көсемі Оцеолла, Иллинойе штатындағы үндістер көсемі «Қара сұңқар», т.б. тәуелсіздігін сақтап қалу үшін ерлікпен шайқасты. Алайда, ортағасырлық қару садақ және найзамен қаруланған үндістер мылтық пен зеңбірікке төтеп бере алмай, атамекендерінен айырылып қалды.

1960 жылдан бастап АҚШ-тағы Голливуд киностудиясы осы басқыншылық соғысты ақтап «боевик» жанрында «Қызыл вестерен» деп аталып кеткен фильмдерді көптеп түсіре бастады. Ол фильмдерде терісі күнге күйгендіктен қызыл түсті үндістерді жабайы және жауыз ретінде көрсетті. Сол кездегі ГДР басшысы Вальтер Ульбрихт бұл фильмдерге қарсы өз фильмдерімізді түсіру керек деп, Москваға ұсыныс жасағанда, Л.И.Брежнев бастаған Саяси Бюро бұл дұрыс деп мақұлдады.

1965 жылы ГДР-дің ДЕФА киностудиясы «Үлкен аюдың балалары» атты алғашқы фильмді түсіріп, табыстың астында қалды. Бір айдың ішінде бұл фильмді 10 млн көрермен көрді. Бұдан кейін «Соколдің ізі», «Ақ қасқырлар», «Оцеола», «Чинганчук үлкен жылан», «Текумзе», «Апачи», «Қандас ағайындар», т.б. фильмдер түсірілді. Пайда мен атақты ойлаған Чехословакия, Югославия, Румыния, тіпті капиталистік ел ФРГ-ның киностудиялары ГДР-мен бірігіп түсірді.

Актер Гойко Митич үндіс тайпа көсемдері Текумзе, Чинганчук, Оцеола, Апачи рольдерін сомдап, 18 фильмге түсті. Оның жартылай жалаңаш дене бейнесін советтік цензура экранға көрсетуге рұқсат беруінің себебі, ол қаналушы тап өкілі, азаттық үшін күрескен тайпа көсемі болғандықтан ғана амалсыз көнді.

Гойко Митич – ұлты серб, 1940 жылы 13 маусымда Югославияда дүниеге келді. Белград қаласындағы физкультура институтын бітірген. Бокс пен ескек есуден ел чемпионы болды. 1965 жылы «Үлкен аюдың балалары» фильміндегі басты кейіпкерге актер іздегенде таңдау соңғы курс студенті Гойко Митичке түсті. Ат жақты, қалың қасты, түсі суық Гойко ешқандай байқаусыз рөлге бірден бекітілді.

Алғашқы фильм оған бас айналатындай табыс әкелді, әр фильмде қызылтүстілердің көсемін ойнаған сайын атағы жерді жарды. Ондай табысты тек «попжұлдыз» Майкл Джексон ғана басынан өткерген шығар.

Гойко Митич жағдайы төмен отбасынан шықты, әкесі жүзімнен шарап қайнатушы, анасы үй шаруасында болды. Гойко Митичтің ойнаған фильмдеріне риза болған Югославия президенті, маршал Иосиф Броз Тито әкесі мен шешесін ел астанасы Белградқа шақырып, зәулім екі қабатты үй тұрғызып беріп, үлде мен бүлдеге орап қойды.

Алайда заман өзгерді, 1990 жылы 3 қазанда ГДР мен ФРГ қосылды, келесі жылы алып империя СССР тарап кетті. ГДР-дегі ДЕФА киностудиясының таптық тұрғыдан түсірген бұл фильмдері ешкімге керек болмай қалды. 1990 жылы басталған өзгерістер Югославия Федерациялық Республикасы Словения, Хорватия, Сербия, Черногория, Босния, Македония және Герцоговенния елдеріне бөлініп кетті. НАТО әскери әуе күштері Белградты бомбылағанда Митичтің әке-шешесі 1999 жылы қаза тапты, өзі бас сауғалап тыныш ел Германияға көшіп кетті.

Атағы дүрілдеп тұрса да, Гойконың махаббаттан жолы болмады. 1974 жылы «Ульзанна» фильмінде ГДР-дегі ең сұлу актриса Ренатта Блюмемен бірге түсіп, жарасымды жұпқа айнала бастағанда, АҚШ-тан сөз бостандығы үшін қудаланып келіп, ГДР-дан саяси баспана тапқан атақты американ әншісі Дин Рид араларына килігіп кіріп, ақыры гитарасын сабалап жүріп Рината Блюмені өзіне қаратып үйленіп алды. Бұған қатты қапаланған Гойко өмір бойы үйленбеймін деп өзіне серт берді, осыдан кейін оның бей-берекетсіз жүріске салынған өмірі басталды, оның атағы атақты қатынпаз ба, әлде қатынқұмар мА, қазақша баламасын білмедім (бабник) Казановадан да асып түсті.

Рената Блюмені өзіне қаратып алған әнші Дин Рид өзінің сенген коммунистік идеологиядан 1979 жылы СССР әскері Ауғанстанды басып алғасын-ақ түңіліп араққа салынып кетті, 1986 жылы мас күйінде суға түсіп өліп кетті.

Қазір Гойко Митич Берлинде бір өзі тұрып жатыр, сөзінде тұрып ақыры үйленген жоқ. Бірақ некесіз туған бір қызымен қатысып тұрады. Бүгін 13 маусымда Гойко Митич 85 жасқа келді.

Cуреттерде: Гойко Митич «Чинганчук» ролінде және «Ульзанна» фильміне Рината Блюме екеуі түсіп жүрген кезі. Сурет ашық дереккөзден алынды.

Бақытжан  Абдул-Түменбай,

тарихшы,  журналист-дайжест

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: