Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Бекпембеттің би келіні

05.06.2021, 10:00 614

HALYQLINE.KZ Еділ-Жайық арасындағы Нарын құмының Сасықтау деген алабын 19-шы ғасырдың бас кезінде қоныс-тұрақ еткен Бекпембет би ақыл-парасатының молдығымен төңірегіне қадірі артқан адам болыпты. Сол Бекпембет би: «Алып анадан туады, болашақ келінімнің ата даңқына емес, адамдық қалпына көңілім толсын» деп, Шолтыр деген баласына өзі қалыңдық таңдапты дейді. Бекпембет бидің таңдағаны қызылқұрт тайпасының беделді адамы, өзінің бастасы Сәрет бидің ақылына көркі сай Балым (кейбір деректерде Балжан делінеді) деген қызы болса керек. Бір бірінің қадірін білетін қос би ықылас пейілдерін жарастырып, кешікпей-ақ құдалықтың жол-жорасын бастап та жібереді.

Содан мерзімді уақыты жетіп, Сәрет бидің қызы Балым ұзатылады. Ұзатыларда Балым ел-жұртымен қоштасып жүріп: «Атағым шықпайтын жерге бара жатырмын!» деп сыңсу айтыпты дейді. Кейін осы сөз Бекпембет бидің құлағына жетеді ғой. Сонда ақылды би келініне көңілі толып: «Келінім ақыл-парасаты сай би болады екен. «Атағым шықпайды» дегені, өз аты аталмай, менің атымның шылауында қалып, «Бекпембеттің би келіні», атанып өтетінін меңзеген болар. Тәңірім ниетін қабыл етсін!» депті. Дуалы ауыз бидің айтқаны айдай келіп, Сәрет бидің қызы кешікпей-ақ, «Бекпембеттің би келіні», атанып, жасы ұлғайған кезінде ел-жұрт «Бекпембет ауылындағы би бәйбіше», – дейді екен.

Бекпембеттің сол би келіні Балымнан әйгілі Мақаш (Мұхамеджан хакім 1830-1904) туған. Мақаш Шолтырұлы өз кезінде Орынбор қаласындағы кадет корпусында оқып, Бөкей хандығынан кейін құрылған Каспий жағалауындағы Бірінші және Екінші округтерде отыз жылдай хәкім болған.

Ақселеу Сейдімбек,

«Шежірелік деректерді пайымдау, Қазақтың ауызша тарихы» кітабынан

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: