Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Атақты актер неге адамды атып өлтірді?

11.12.2022, 10:00 316

HALYQLINE.KZ

1994 жылдың 6 наурызында РСФСР-дің Халық артисі Георгий Юматов Москвадағы Черняховский көшесіндегі №5 үйдің өзі тұратын 75-пәтерінде адамды атып өлтірді.

Сол күні Юматовтың екі итінің бірі Фрося өліп қалғасын, аула сыпырушысы әзербайжан ұлтының өкілі Закир Закироглы Мадатовқа қала сыртына итін көмуге көмектесуін сұрайды. Жұмысты бітіргесін ризашылығын білдіру және «шаң басу» үшін үйіне шақырып екеуі ішімдік ішеді, ұзаққа созылған ішу барысында «сен мені сыйлайсың ба, әлде сыйламайсың ба?» дәрежесіне жеткен кезде, әңгіме тақырыбы саясаттан соғыс тақырыбына ауысады. Сол кезде Мадатов жұпыны тұратын Юматовтың үй-ішіне көз жүгіртіп: «Сіз атақты актер болып, мынадай жағдайда тұрасыз. Егер кезінде немістерден жеңілгенде, «Мерседес» мініп, «Бавар сырасын» ішіп жүретің едіңіз» – деуі соғыс ардагері Юматовты ашуландырып, аяғы төбелеске ұласады. Жас жігітке әлі келмегесін актердің әйелі Муза күйеуіне көмектеседі. Сол кезде Мадатов қалтасынан пышағын шығарып сілтей бастағанда, төрдегі кілем үстінде тұрған аңшы мылтығымен Мадатовты атып тастайды, ол бірден тіл тартпастан жаны жаһанамға кетеді. Көршілері 02-ге телефон соққасын, милиция наряды келіп Юматовты алып кетеді.

Ертеңіне, бүкіл СССР-ге танымал актер Юматовты қаралайтын мақалалар баспасөз бетінде бірінен соң бірі шығып жатты. Юматовтың үстінен РСФСР-дің Қылмыстық кодексінің 103-бабы бойынша іс қозғалды, үйіне әдейі шақырып атып өлтіргендіктен 10 жылға сотталатыны белгілі болғанда, әріптестері Юматовқа қол ұшын беруге бір кісідей атсалысты, ақша жинап В.Кузнецов деген одаққа белгілі адвокатты жалдады. Өз ісінің майталманы Кузнецов Юматовтың жасы 69-да, Мадатовтың жасы 33-тегі жас жігіт екендігін басты айғақ ретінде алға тартып, уақыт созуға тырысты, себебі жарты жылдан соң, Жеңістің 50 жылдығына байланысты президент Б.Н.Ельцин амнистия жариялайтыны белгілі болатын. Тергеу 2 айға созылды, сол уақытта Юматов «Матроская тишинадағы» изоляторда отырды. Бірінші сот отырысынан кейін, адвокат Кузнецов Юматовты жүрегі ауыратыны туралы анықтама алып, ауруханаға жатқызып уақыттан ұтып ақыры дегеніне жетті. 1995 жылдың сәуір айының басында жеңістің 50 жылдығына байланысты жарияланған амнистияға соғыс ардагері ретінде Юматов ілігіп, толық ақталып шықты.

Ақталып шыққан соң, атақты актерді өз абыройын ойлаған режиссерлер киноға түсіруге шақыра қоймады. Юматов арақты мүлде қойып, шіркеуге құлшылыққа баратын болды. Көрермендер соңғы рет, өздерінің сүйікті актерін 1997 жылы 9 мамырға арналған «Поле чудес» программасында көрді. 1997 жылдың 4 қазанында 71 жасында қайтыс болды, 1999 жылы әйелі Муза да қайтыс болды.

Атақты актердің тағдыры неге бұлай аяқталды?

Георгий Юматов 1926 жылы дүниеге келді, соғыс басталғанда майданға ұмтылғанмен жібермей, Қара теңіз флотының әскери-теңіз флотының училищесіне оқуға жіберді. 1943 жылы 17 жасынан бастап «Отважный» торпедалық катерінде рульші мен белгі беруші болады. Екі жалаушамен хабар беріп тұрғанда-ақ, жаудың снайперіне оңай нысана болатын еді, бірақ оны Құдайы сақтап қалды. Будапешт, Бухарест, Вена қалаларын теңіз жағынан азат етуге қатысты. Евпаторий десанты құрамында арнаулы операцияға қатысқаны үшін, Совет Одағының Батыры атағына ұсынылғанын, бірақ жасы 17-де болғандықтан орден алғандығы туралы архив құжаты Юматов қайтыс болғаннан кейін табылды.

Соғыс кезіндегі ерлігі үшін 3 орден мен 7 медальмен 19 жастағы Юматов Москваға келіп актер болғысы келді, себебі 1941 жылы училищеде оқып жүргенде кинодағы эпизодтық ролге түскен болатын. Жолы болып режиссер Г.Александров «Көктем» фильміне түсуге шақырады. Келесі жылы С.Герасимов «Жас гвардия» фильміне түсуге шақырғанда, осы фильмдегі сатқын қыз Лазеренко ролін ойнаған жас актриса Муза Крепкогорскаямен танысып, үйленеді. Г.Юматов 100-ден астам киноға түсіп, басым көпшілігінде басты рольде ойнап, РСФСР халық артисі атанса, әйелі Муза Крепкогорская 80-нен астам кинода тек эпизодтық рольде ойнап танымал болғасын РСФСР-ге еңбегі сіңген актрисасы атанды. Бірақ, Муза өмір бойы басты рольге шақыруы мүмкін деген үмітпен өмір сүріп, жас кезінде бойына біткен баласын кедергі болады деп, аборт жасатумен болды, жасы отыздан асқанда ойланғанмен бала көтере алмайтын болып қалғанын бір-ақ білді. Осы себепті, Юматов күйіктен ішетін болды, бала орнына ит асырайтын болды, соңғы екі иттің бірі Фрося өлгені немен аяқталғанын білдіңіздер, егер ит орнына немерелерін бағып күткенде тағдыры басқаша болар ма еді? Араққа үйір болуының екінші себебі атақты болуына да байланысты болды. Естеріңізде ме? «Москва көз жасына сенбейді» деген фильміндегі хоккейші Гуриннің тағдыры, атақты спортшымен стакан соқтырғысы келіп тұратындар қадам басқан сайын алдынан шығып тұратыны, фильм соңында Гурин маскүнемге айналып кеткенін көрдік. Сондай жағдай Юматовтың басынан өтті.

1969 жылы режиссер В.Мотыль өзінің атақты «Белое солнце пустыни» фильміндегі Федор Сухов роліне Юматовты еш байқаусыз-ақ шақырды. Бірақ ескертті: «арақ ішуді бастап қойсаң, маған өкпелеме» деп, айтқандай түсіру алаңына мас болып келгенімен тұрмай, төбелесіп қалып, беті көгеріп қалғасын, Сухов роліне Анатолий Кузнецов түсті.

1971 жылы «Офицерлер» фильмі экранға шыққанда, Трофимов ролімен Юматов, Иван Варавва ролімен Василий Лановой ең атақты артистер болды, сол жылы осы киноны 53 млн 400 мың адам көріпті, фильмді көрген жастардың сол жылы өмірін армиямен байланыстырғысы келіп, әскери оқу орындарына құжаттарын тапсыруы рекордтық көрсеткішке жетті.

Кинодағы осы екі кейіпкеріне арналған ескерткіш 2013 жылы РФ Қорғаныс министрлігінің алдында (фотода), 2018 жылы РФ-ның Қорғаныс министрлігінің кадр басқармасының алдында, взвод командирі Трофимовтың эскадрон командирі Петровичтің қасында тұрып еститін атақты сөзі: «Есть такая профессия – Родину защищать» деген сөздері ойылып жазылған. Бұндай құрметті, әрине, Г.Юматов көрмегенмен фильмдегі Иван Варавваны ойнаған СССР халық артисі, РФ-ның Еңбек Ері Василий Лановой көріп, 2021 жылы қайтыс болды. Бір кем дүние…

Бақытжан  Абдул-Түменбай,

тарихшы,  журналист-дайджест.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: