Кей өлімнің себебі дәрігерлік анықтамада жазылып қалады. Кейбірінің артында сот үкімі тұрады. Ал енді бір оқиғалар бар: тергеу жүргізіледі, куәлар жауап береді, құжаттар ақтарылады, жылдар өтеді, бірақ негізгі сұрақтарға нақты жауап табылмайды. Әсіресе саясаткерлер, журналистер мен қоғам қайраткерлері күмәнді жағдайда көз жұмғанда, олардың өлімі айналасында түрлі болжам мен пікір көбейеді. Мұндай оқиғалардың кейбірі уақыт өте келе ашылса, енді бірінің құпиясы ондаған жыл өтсе де сақталып келеді. Тарихтағы осындай жұмбақ өлімдердің ең белгілілеріне тоқталып көрелік.
Кеннеди: бір оқиға, екі түрлі қорытынды
1963 жылғы 22 қарашада АҚШ президенті Джон Кеннеди Даллас қаласында кортежбен келе жатқанда атылды. Оқиға Америка тарихындағы ең әйгілі саяси қастандықтардың біріне айналды.
Президент өлімінен кейін құрылған Уоррен комиссиясы Ли Харви Освальд Кеннедиді өлтірді және оның әрекетінде ұйымдасқан қастандыққа қатысқан өзге адамдардың дәлелі жоқ деген қорытынды жасады. Комиссия сондай-ақ Освальдты кейін өлтірген Джек Рубидің де біреумен бірлесіп әрекет еткенін дәлелдейтін дерек таппағанын мәлімдеді.
Бірақ мәселе мұнымен біткен жоқ. 1970-жылдары АҚШ Өкілдер палатасының Қастандықтарды зерттеу жөніндегі арнайы комитеті қолдағы деректерге сүйене отырып, Кеннеди қастандық салдарынан өлтірілген болуы мүмкін деген қорытындыға келді. Алайда комитет екінші атқыштың кім екенін және қастандықтың нақты ауқымын анықтай алмады.
Осылайша, жарты ғасырдан астам уақыт өтсе де, Кеннеди өлімі төңірегіндегі пікірталас толық тоқтаған жоқ.
БҰҰ бас хатшысы ұшақ апатынан қаза тапты ма?
1961 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымының бас хатшысы Даг Хаммаршёльд Конгоға ұшып бара жатқанда оның ұшағы апатқа ұшырап, өзі және борттағы адамдардың бәрі қаза тапты.
Алғашқы тергеулер бұл оқиғаны ұшақ апатымен байланыстырды. Бірақ жылдар өте келе апатқа сыртқы күш әсер етті деген болжамдар пайда болды. Оқиғаның жұмбақтылығы соншалық, БҰҰ бірнеше ондаған жылдан кейін де істі қайта зерттеуге мәжбүр болды.
2017 жылы БҰҰ тағайындаған сарапшы Даг Хаммаршёльд пен серіктерінің ұшақ апатынан алған жарақаттарынан қаза тапқанын дерлік анық деп бағалады. Алайда БҰҰ Бас хатшысы сол кезде қолда бар ақпарат өлімнің нақты жағдайларын түпкілікті анықтауға әлі де жеткіліксіз екенін мәлімдеді.
Яғни бұл жерде де негізгі сұрақтың бірі – ұшақ не себепті апатқа ұшырады?
Мэрилин Монро: ресми нұсқаға қарамастан жоғалмаған күдік
1962 жылы Голливудтың ең танымал актрисаларының бірі Мэрилин Монро 36 жасында қайтыс болды. Ол Лос-Анджелестегі үйінен өлі күйінде табылған.
Ресми тергеу өлімді дәрі-дәрмектен улану және ықтимал суицид ретінде бағалады. Кейін бұл шешім өзгерген жоқ. Бірақ Монроның соңғы сағаттарына қатысты сұрақтар мен түрлі болжам ондаған жыл бойы тарады.
Оның өліміне қатысты теориялардың көпшілігі дәлелденген факт емес. Сондықтан бұл оқиғаны «Монроны өлтірді» деп емес, ресми қорытындыға қарамастан қоғамда күмән неге сақталды?» деген тұрғыдан қарастырған жөн.
Анна Политковская: журналистің соңғы мақаласы
Ресейлік журналист Анна Политковская Шешенстандағы соғыс, адам құқықтарының бұзылуы және билікке қатысты өткір зерттеулерімен танылды. 2006 жылы ол Мәскеудегі үйінің лифтінде атып өлтірілді.
Бұл оқиғада қылмыстың болғаны белгісіз емес – керісінше, оның өлімі ашық түрде жасалған қастандық еді. Бірақ ең басты сұрақ ұзақ уақыт жауапсыз қалды: тапсырыс беруші кім?
Іске байланысты бірнеше адам сотталды. Алайда қылмысты ұйымдастырған түпкі тапсырыс беруші анықталмады. Сондықтан бұл іс жабулы қазан күйінде қалды десек, артық айтқанымыз емес.
Дайындаған А.Жайшылық
Фото: ашық дереккөзден
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!