Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жылан жауған Жанкент

14.05.2025, 11:00 108

HALYQLINE.KZ

Сырдария жағасындағы тарихы Қорқыт атамен қатар аталатын, жаңа қала деген мағынаны білдіретін Жанкент жайлы аңыз бен ақиқат бар.

Жанкент шаһары аумағы 15-20 гектар, егіншілігі, саудасы мықтап өркендеген қала болды. Қала маңындағы суландыру жүйесі егіншіліктің шаруашылықтағы негізгі басты саласы болғандығын дәлелдейді. Ол кезеңде Арал теңізін Жент теңізі деп атаған. Жанкент тұрғындары осы теңіз маңынан үлкен тұз көзін тауып, Қытай, Иран, Үндістан елдерімен сауда қатынастарын жасаған. Қыпшақ-қимақ тайпалары мыңдаған малды айдап, Карлан өткелі арқылы Жанкентке келіп, сауда жасап отырған.

Қазалы қоғамдық даму бөлімінің мәліметінше, шаһардың төрт қақпасы болған. Әрбір жұма күні шаһар орталығындағы базар алаңында сауда қызу жүріп отырған. Жанкенттің шығыс пен батысты жалғастырып жатқан Ұлы Жібек жолы бойындағы тоғыз жолдың торабына орналасуы қаланың географиялық, экономикалық маңызын арттыра түсті. Қытай жібектері, Үнді маталары мен жемістері, Араб елдерінің құрмасы, науаты осы қалада сатылымда болған. Осылайша, Оғыздарда қалалық мәдениет жоғары дамыды.

XIII ғасырда Сыр бойындағы оғызқыпшақ қалалары моңғол шапқыншылығы салдарынан күл-талқан болып қирайды. 400 жыл бойы қалалық мәдениет жасаған оғыз-қыпшақ тайпалары тағы да көшпелі өмірге түседі. Моңғолдар салған ойран басылмай жатып-ақ, Жанкент сауда мен қолөнер орталығының бірі ретінде қайта көтеріліп, ХІV ғасырда гүлдену шегіне жетті.

Мұсылман мәдениеті ықпалында болған бұл қала Жаңақала – Жанкент деп аталады. Араб саяхатшысы Хафизи-Абурдың жазбаларында Сырдарияның ХV ғасырда Отырар тұсынан батысқа бұрылып, Әмудариямен бірге Каспийге құйғандығын айтады. Оғыздардың көсемi атанған әйгiлi қобызшы Қорқыт та аңыз-әңгiмелер мен кейбiр деректерге қарағанда Жанкентте өмiр сүрген. Жанкенттің өмір сүруінің тоқтауына байланысты ел аузында мынадай аңыз сақталған: «Жанкенттің әміршісі Санжар хан нөкерінің ғайбатына сеніп, күнәдан пәк Бегім сұлудың оң қолын шауып, оң бұрымын кесіп, оң танауын тіліп жазықсыз жазалайды. Бегімнің әкесі атақты Қарабура әулие қанішер ханға «Қызым ақ болса шабылған қолы, кесілген бұрымы, тілінген танауы қалпына келеді» дейді. Әділдік үстем шығып, Бегімнің дене мүшелері қалпына келеді. Қызының нақақ жәбір көргеніне назаланған әулие Санжар ханды қарғапты. Құдіреттің күшімен аспаннан іші ордалы жыланға толы мес түсіп, хан бағыныштыларымен бірге ажал құшыпты. Қаланың халқын жылан шағып өлтірген. Бегім сұлу ақ құсқа айналып көкке ұшып кетіпті. Қонған жеріне керемет Бегім ана мұнарасы пайда болыпты», – делінеді.

Сурет  ашық  дереккөзден  алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: