Бүгін Қызылорда облысының әкімі Мұрат Ергешбаев Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақ ұлттық консерваториясының құрметті профессоры, белгілі жырау, фольклортанушы ғалым Алмасбек Алматовпен кездесті, деп жазады баспасөз қызметі.
Кездесуде Сыр өңірінде атадан балаға мұра болып қалған жыраулық, жыршылық өнердің дамуы, жастарды ұлттық өнерге баулу жайы әңгіме өзегіне айналды.
Аймақ басшысы қазақтың дәстүрлі өнерінің өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан қайраткердің ұлттық мұрамызды ғылыми тұрғыдан зерттеп, кәсіби білім беру жүйесіне енгізіп, шәкірт тәрбиелеген еңбегін ерекше атап өтті.
Тәуелсіздік жылдарында жыраулық өнер академиялық білім беру жүйесіне енгізіліп, «Дәстүрлі өнер – жыр» мамандығы ашылды. Алмасбек Алматов тәрбиелеген шәкірттер Сыр өңіріндегі мақам-саз ерекшеліктеріне негізделген мектептерді бүкіл елімізге танытты.
Мемлекет басшысы Қызылордада өткен Ұлттық құрылтайдың қорытынды отырысында: «Жалпы, «Сыр елі – жыр елі» деп бекер айтылмайды. Қорқыт ата заманынан жалғасып келе жатқан жыраулық-жыршылық және күйшілік өнер бұл аймақта кең қанат жайған. Жиенбай, Нұртуған, Нартай сынды саңлақтар негізін қалаған жыршылық мектептерді бүкіл еліміз біледі» деп атап өткені белгілі.
Ғалым ұстаз қазақтың дәстүрлі өнерін әлем жұртшылығына насихаттауда да жемісті еңбек етті. АҚШ, Франция, Италия, Швейцария, Ұлыбритания, Египет, Моңғолия және басқа да мемлекеттерде өнер көрсетіп, ұлттық мәдениетіміздің халықаралық деңгейде танылуына үлес қосты.
Бүгінде Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында, Қазақ ұлттық өнер университетінде және Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде кәсіби жыршы-жыраулар даярланып келеді. Олар халықаралық және республикалық байқаулардың жеңімпаздары атанған.
Айта кетейік, өткен жылы «Өнер орталығында» Алмасбек Алматовтың 70 жылдық мерейтойына арналған «Жыр керуен» шығармашылық кеші өтті. Кеште Нұрлыбек Машбекұлы жырауға Сыр жұртшылығы атынан құрмет көрсетіп, Қызылорда облысының Құрмет грамотасы мен автокөлік кілтін табыстады.
Анкара музыка және көркем өнер университеті «Дәстүрлі өнер» мамандығының докторанты Малика Алдамжароваға, К. Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университеті «Дәстүрлі музыкалық өнер: Дәстүрлі жыр» білім беру бағдарламасының докторанттары Күнсұлу Түрікпен мен Ақерке Дабыловаға айына 300 мың теңге стипендия тағайындады.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!