Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Өседі  ғой…

08.06.2026, 9:55 65

HALYQLINE.KZ

ӘЗІЛ  ӘҢГІМЕ

Таңертең маңызды кездесуге асығып киіне бастадым. Уақыт аз. Айнаға қарасам, шашым жан-жаққа лағып кетіпті, тура электр тогына түскен кірпі секілді.

«Жолшыбай шашымды түзетіп алайын» деп бір шаштаразға кіре салдым. Іште жалғыз әйел отыр екен.

– Шаш қидырайын деп едім.

– Отырыңыз, қазір әп-әдемі қылып алып беремін, — деді ол.

Орындыққа жайғасып отырдым.

Бес минут өтті.

Он минут өтті.

Он бес минуттан кейін жерге түскен шашқа қарасам, менің басым емес, бейне бір қой қырқып жатқан сияқты.

Әйел қайшысын қайшылатып жұмысын жалғастырып жатыр.

Бір кезде күдіктеніп айнаға көз тастадым. Жүрегім тоқтап қала жаздады. Басымның сол жағы әскери қызметкер, оң жағы рок жұлдызы, ал төбесі жаңа көктеп шыққан жүгері алқабына ұқсап қалыпты.

– Кешіріңіз… Мұныңыз не? — дедім дірілдеп.

Әйел сабырлы түрде:

– Ештеңе етпейді, — деді.

– Қалай ештеңе етпейді?

– Өседі ғой…

– Өседі ғой дейсіз бе?! Мен бүгін адамдардың алдына шығамын!

– Бүгін шықпасаңыз, бүрсігүні шығыңыз. Болмаса, келесі апта. Оған дейін шаш өседі.

Не айтарымды білмей ашуланып тұрғанда есік ашылды.

Ішке бір ер адам кірді.

– Кешіріңіздер, кешігіп қалдым.

– Сіз кімсіз? — дедім.

– Шаштараз мен едім.

Көзім аларып, қатып қалдым.

– Не…?

– Шаштараз мен едім, — деді әлгі кісі дауысын көтеріп.

– Онда… мынау кім?

– Бұл еден жуатын келіншек қой.

Мен орнымнан атып тұрдым.

– Мәссаған! Еден жуатын келіншек неге менің шашымды қиып жатыр?

Әйел ренжіп қалды.

– Соншама неге айғайлайсыз? — деп дікеңдеді.

– Қалай айғайламаймын? Не істегеніңізді көріп тұрсыз ба?

– Шынымды айтсам мен осы жерде бес жылдан бері еден жуамын.

– Жусаңыз не болады екен?

– Бес жыл бойы қарап жүрмін ғой.

– Неге қарап жүрсіз?

– Шаш қалай қиылатынын мұқият бақылап жүрмін. Сосын сіз асығыс болғасын қиып бере салайын дегем.

– Сонда қарап жүрсеңіз, дәрігер де болып кетесіз бе?

– Неге болмаймын? Жұрттың бәрі сөйтіп үйренеді.

Ортаға шаштараз араласты.

– Негізі талпынысы жақсы. Қашанғы еден жуып жүреді?

– Не дейсіз, талпынысты менің басымда сынау керек пе?

Әйел қайшыны үстелге қойды.

– Ағасы, не болды?

– Мына басымды қараңыз!

– Қарадым.

– Бұл шаш үлгісі ме?

– Әзірге жаттығу нұсқасы.

– Сонда мен тәжірибе қояны болдым ба?

– Қоян емес, клиентсіз.

– Клиенттің шашын бүлдірдіңіз ғой?

– Бүлінген жоқ.

– Қалай бүлінген жоқ дейсіз?

– Ұзын шаш қысқарды. Демек, жұмыс істелді.

Айнаға тағы қарадым.

– Мына түрмен үйден де шыға алмаймын!

– Шығасыз.

– Қалай?

– Бас киім киіп алыңыз.

– Ал үйде ше?

– Үйде жарықты өшіріп қойыңыз.

Шаштараз басын изеді де:

– Айтпақшы, бұл кісінің логикасы да күшті, — деді.

– Екеуіңіз мені мазақ қылып тұрсыздар ма?

– Жоқ, — деді шаштараз.

Әйел тағы күрсінді.

– Бәрі бір сөзді түсінбейді екен…

– Қай сөзді?

– Өседі ғой.

– Немене, басыма гүл ектіңіз бе өсетіндей?

– Жалпы айтып жатырмын. Сабырлы болу керек. Ағаш та өседі. Шөп те өседі. Шаш та өседі.

Ашуға булығып кассаға бардым.

– Ақша төлеймін бе сонда?

– Әрине.

– Не үшін?

– Себебі, шашыңыз қиылды.

– Бүлінді ғой!

– Бірақ қиылды.

– Сонда бұған ақша беру керек пе?

– Иә…

Ақшаны төлеп, сыртқа қарай беттедім.

Есіктің алдына келгенде артыма бұрылып әлгі әйелге қарадым.

– Бір күні біреу сіздің шашыңызды осылай қиып тастаса, түсінерсіз, — дедім.

Әйел жымиып:

– Қорықпаңыз.

– Кімнен?

– Одан.

– Неден?

– Шаштың қысқарып қалуынан.

– Неге қорықпауым керек?

– Өседі ғой…

Нұрлыбек  ЖҰБАТҚАН,

Ақтөбе  қаласы

Фото: fydi.ru/wp-content/uploads

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: