Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Бізде отансүйгіштік тәрбие ақсап тұр

08.06.2026, 10:25 57

HALYQLINE.KZ

Жәкішевтің қызы қара нәсілді жігітке тұрмысқа шыққанын қазақ қоғамы ренішпен қабылдады. Әйелдер қауымы қолдау көрсетті. Еліміздің алтын басты азаматы Мұқтар Жәкішевті табалағандар саны да көп болды.

Мен бұған бір отбасының амалсыздан қабылдаған мәжбүрлік шешімі деп қараймын. Егер сенің жастайынан орыс мектебінде оқып, ағылшын тілін жаттап, евроцентристік тәрбиемен өскен перзентің сол жігітті немесе бөтен елдің қызын қалап тұрса, сен оған не істей аласың?! «Бақытты болсын, бағы ашылсын» деп отырасың.

Қазір қай қазақтың отбасы болсын қолынан келсе перзентін шетелде оқытқысы келеді. Сол елде жұмыс істесе екен дейді. Қаражаты жетсе шетелден үй алып, әулетімен бірге көшіп кеткісі келеді. Перзентім шет тілін білсе, шетелде оқыса, шетелде жұмыс істесе деп армандайтын қазақ ата-анасы аз ба?! «Ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі». Бізде бала тәрбиесі евроцентристік бағытта. Қазақ болғысы келмейтін, қазақ тілін үйренгісі келмейтін, қазақ қоғамынан безіп кеткісі келетін отбасылар көп. Бұл жекелеген отбасыға ғана тән рухани-әлеуметтік тенденция емес. Көпшілікке тән жалпы қоғамдық құбылыс.

Олай болса, кімді кінәлайсың. Білімді, өнерлі, дарынды деген перзентің тілі, мәдениеті бөтен елдің баласымен отасып, қазақтың емес, сол ұлттың санын көбейтіп, сапасын арттырып, сол елді дамытуға қомақты үлес қосып жатса, көңіліне өкпе-реніш ұяламайтын, жан дүниесін өкініш оты шарпымайтын ата-ана жоқ шығар. Бірақ амал жоқ. Бәрі кеш.

Сондықтан бұндай тағдырды басқа салмасын деп тілеуден басқа шараң жоқ. Егер «басқа түссе, баспақшыл» демекші лаж жоқ көнесің.

Бізде отансүйгіштік тәрбие ақсап тұр. Ақсатқан қазақ қоғамының озық елдермен салыстырғандағы қараңғылығы, авторитар, жемқор және әділетсіз биліктің солақай саясаты. Билікті түзетпей, Қазақ елін дамыған елдердің қатарына қосу мүмкін емес. Бірақ оған саяси бірлігі жоқ қазақ қоғамы дайын емес.

Шер-ағаң айтқан «бір кем дүние» деген осы.

Жарылқап  ҚАЛЫБАЙ.

Facebook-тегі парақшасынан алынды.

Фото: ulysmedia.kz

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: