Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Доксинг деген не және одан қалай қорғануға болады?

20.11.2026, 12:00 98

Бүгінде өткір тақырыптарды көтеретін журналистер мен азаматтық белсенділерге қысым жасаудың ең көп тараған тәсілдерінің бірі — доксинг. Бұл адамның рұқсатынсыз оның жеке басына қатысты құпия мәліметтерді іздеп тауып, интернетке жариялап жіберуді білдіреді. aiel-qorgan жобасы журналистерге мұндай шабуыл кезінде не істеу қажет екенін айтып берді. 

Доксинг кезінде қаскүнемдер көбіне адамның дербес деректерін, яғни тұратын мекенжайын, жеке телефон нөмірін, ЖСН мен құжат көшірмелерін, жұмыс орнын, балалары оқитын мектепті немесе жақындарының байланыс нөмірлерін көпшілікке жайып салады. Мұның түпкі мақсаты — адамның үрейін ұшырып, психологиялық тұрғыдан сындыру, соңына түсіп аңдуға жағдай жасау немесе кәсіби жұмысынан бас тартуға мәжбүрлеу.

«Доксингтің ең қауіпті тұсы — желідегі қоқан-лоқының шынайы өмірге ауысуы. Көп жағдайда шабуылдаушылар ақпаратты күрделі хакерлік жолмен емес, журналистің өз парақшаларында қалдырған іздері арқылы оп-оңай жинап алады. Сондықтан желіге бірдеңе салмас бұрын «бұл дерек ертең өзіме қарсы қолданылмай ма?» деп ойлану — басты қорғаныс», — дейді «Әйел Қорған» жобасының сарапшылары.

Доксингтің алдын алу үшін ең алдымен желідегі «цифрлық ізді» тазалап шыққан жөн. Ол үшін Google немесе Yandex іздеу жүйелеріне адамның аты-жөнін, телефон нөмірін және бұрынғы ескі логиндерін теріп, интернетте қандай ақпарат ашық тұрғанын тексеру қажет. Ескі форумдарда, хабарландыру сайттарында немесе ұмыт қалған парақшаларда жеке мәліметтер сақталып қалса, оларды барынша өшіру керек.

Әлеуметтік желілердегі құпиялылық баптауларын да қатаңдату ұсынылады. Жеке парақшаларда үйдің ауласы, көліктің нөмірі, балалардың мектебі немесе күнделікті баратын орындар көрініп қалатын суреттер мен бейнежазбаларды жарияламаған дұрыс. Ал Telegram мен WhatsApp мессенджерлерінде телефон нөмірін бөгде адамдардан жасырып, бейтаныс жандардың қоңырау шалуы мен түрлі топтарға қосуын шектеп қою қажет.

Жұмыс пен жеке өмірдің аражігін ажырату — журналист үшін аса маңызды. Сұхбат алуға, түрлі сайттарға тіркелуге және ашық байланысқа арналған бөлек жұмыс нөмірі мен электрондық пошта ашып қойған абзал. Ал банктік қосымшалар, электрондық үкімет (eGov) және аккаунттарды қорғау кодтары еш жерде жарияланбайтын негізгі жеке нөмірге ғана байлануы тиіс.

Егер жеке деректер желіде тарап кетсе, ең алдымен айғақтарды жинап үлгеру керек: жазбаны өшіртпей тұрып, сілтеме жолағы мен уақыты анық көрінетіндей етіп экранды толық суретке (скриншот) түсіріп, парақша сілтемесін арнайы веб-архивтерде сақтап қою қажет. Содан кейін ғана әлеуметтік желі әкімшілігіне жеке деректердің заңсыз жарияланғаны туралы шағым түсіруге болады. Егер осыдан кейін тікелей қорқыту не аңду белгілері байқалса, уақыт оздырмай редакция басшылығына, сенімді жақындарға және құқық қорғау органдарына хабарласқан жөн.

Айта кетейік, aiel-qorgan.kz Қазақстандағы Германия Федеративтік Республикасы Елшілігінің қаржылық қолдауымен «Әділ сөз» сөз бостандығын қорғау халықаралық қоры тарапынан жүзеге асырылады. Цифрлық гигиена мен қауіпсіздік туралы пайдалы материалдарды aiel-qorgan.kz сайтынан оқуға болады.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: