«AMANAT» партиясы Қызылорда облыстық филиалының төрағасы Жандос Базартай Жалағаш ауданына жұмыс сапары аясында партияның «Ұлттық мұра» жобасы шеңберінде ұйымдастырылған «Әке көрген оқ жонар, ана көрген тон пішер» тақырыбындағы танымдық іс-шараға қатысты. Бұл туралы аталған партия филиалының баспасөз қызметі ақпарат таратты.
«Ақтерек» жазғы тынығу лагерінде өткен іс-шараға лагерь тынығушылары мен олардың ата-аналары қатысып, ұлттық құндылықтарды ұлықтауға бағытталған бірқатар көрме мен шеберлік алаңдарын көпшілік назарына ұсынды.

Іс-шара барысында партияның облыстық филиалының төрағасы балалардың өз қолдарымен жасаған ұлттық бұйымдары мен шығармашылық жұмыстарынан құралған көрмені тамашалап, жас ұрпақтың ұлттық өнер мен дәстүрге деген қызығушылығына жоғары баға берді. Сонымен қатар, партияның «Кітап-AMANAT» жобасы аясында ұйымдастырылған кітап оқу бұрышымен танысып, балалардың бос уақытын тиімді пайдалану мен кітап оқуға деген ынтасын арттыру бағытындағы жұмыстардың маңыздылығына тоқталды.
Іс-шара аясында ұлттық тәрбиені дәріптейтін көптеген көрініс ұсынылды. Ұл балалар атқа міну мәдениетін, ат әбзелдерін жасау өнерін көрсетсе, қыз балалар тоқыма тоқу, ұршық иіру, құрақ құрау секілді қазақ қыздарына тән қолөнер түрлерін насихаттады. Сондай-ақ, аналар мен қыздар бірлесе отырып қамыр жаю, нан көму, бауырсақ кесу және оны қуыру дәстүрлерін көрсетті. Әкелер мен ұлдардың бірлескен жұмыстары да көпшіліктің қызығушылығын тудырды.
Іс-шара барысында ұлттық ойындар ойнатылып, қатысушылар халқымыздың салт-дәстүрі мен мәдени мұрасын дәріптейтін түрлі танымдық бағдарламаларға белсенді қатысты.

Кездесуде төраға Жандос Базартай:
«Ұлттық құндылықтар – ұлттың рухани тірегі. Баланың бойына ұлттық тәрбие отбасынан, ата-ананың өнегесінен дариды. Бүгінгі іс-шарада әке мен ананың бала тәрбиесіндегі рөлі, ұлттық мұраны ұрпақтан-ұрпаққа жеткізудегі жауапкершілігі айқын көрініс тапты. Осындай тағылымды бастамалар арқылы біз ұлттық болмысымызды сақтап қана қоймай, жас ұрпақтың санасына ата дәстүрді сіңіре аламыз. Ұлттық мұраны ұлықтау – келешекке салынған ең құнды инвестиция», — деді.
Іс-шара соңында лагерьде тынығып жатқан барлық балаға арнайы сыйлықтар табысталды.
Мазмұны терең, тәрбиелік мәні зор іс-шара ата-ана мен бала арасындағы байланысты нығайтып, өскелең ұрпақтың бойына ұлттық рух пен отансүйгіштік қасиеттерді сіңіруге бағытталған маңызды алаңға айналды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!