Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жарқыра, жайна, Қызылорда!

29.09.2022, 11:20 221

Сырдың төрі сүлейлерге, серілерге, жыршы-термеші, әулие-әнбиелерге бай екені әмбеге аян. Олардың ізін жалғаған ұрпақ бүгінгі күннің өзінде Қызылорданы күллі әлемге паш етіп келеді. Ұл-қызынан өнер қалмайтын қызылордалықтар биылғы қала күнін бір ай көлемінде тойлауды жоспарлағаны айтылды. Осыған  орай, бір айға жоспарланған іс-шаралар легі жоғары деңгейде өтіп, қала халқына ерекше думанды көңіл күй сыйлауда. Татулығы артқан мемлекеттің қаруы – бірлік. Осы қасиетке ие елдің тамыры тереңге жайылады. Оған ешкім зиян келтіре алмайды. Сол секілді, қала күніне орай өткізіліп жатқан іс-шаралар қала тұрғындарының бірлігін бекем етіп, татулығын арттырып жатқандай.

ҚЫЗЫЛОРДА  –  КІТАП  ОҚИТЫН  ҚАЛА

Бір айға жоспарланған іс-шара­лар легінде «Кітап FEST»  атты кітап фестивалі болды. Оған қала әкімі Асылбек Шәменовпен қатар қонақтар, лауазымды қызметкерлер қатысып, бір сәтте бірнеше игі іс-шараның куәгері болды. Арнайы өнер арбатында өткен кітап фестиваліне жиналған оқырман қауымның кітапқа деген қызығушылығы тұрғындардың көптігінен байқалды. Шаһар басшысы «Букроссинг» кітап сөресінің ашылу салтанатына қатысып, әрі қарай «Өткені сырлы, келешегі нұрлы – Қызылорда» атты кітап жәрмеңкесін  аралап  шықты.

Кітап фестивалі аясында Алматы қаласынан «Отбасы хрестоматиясы» қоғамдық қоры және Түркістан қаласынан «Мазмұндама» қоғамдық қоры, сондай-ақ облыс орталығындағы «Кітап ал» кітап дүкені қоржындағы кітаптарын оқырмандарға ұсынып, сатылымға қойды. Кітап жәрмеңкесін тамашалап болған соң, қала әкімі бастаған құрметті қонақтар өзің оқысаң, өзгеге табыс ет қағидасына негізделген «Букроссинг» кітап сөресінің ашылу салтанатына қатысып, кітапхананың үздік оқырмандарын марапаттады.

Ізін ала шаһар басшысы Асылбек Өмірбекұлы қа­ла­лық мәслихат хатшысы Ибадулла Құттықожаев және Қазақ­станның еңбек сіңірген қайраткері, театр тарланы, режиссер Хұсейн Әмір-Темірмен бірге кітап сөресінің лентасын  қиып, арнайы кітапшаға өз  лебізін  жазып  қалдыр­ды.

Кітап мерекесі  әрі  қарай қалалық кітапханалардың мәдени іс-шара­сы  мен  «Bookathon» зияткерлік сайысына   ұласты.

СЫР  АҚЫНДАРЫ  ДАРИЯ  ЖАҒАСЫНДА  БАС  ҚОСТЫ

Сырдарияның жағасындағы Қорқыт ата кешенінде орналасқан амфитеатр алаңында аймағымыз­ға ақын атымен танылғандардың «Неге маған жырламасқа, Сырда туған елімді?» атты жыр мерекесі өтті. Шаһардың туған күнін жырға қосқан ақындар ашық аспан астында қасиетті домбыраның үнімен әуелете толғанып, көрікті қаланы шығармасына арқау етті. Елімізге белгілі Оңталап Нұрмаханов, Серік Ыдырысов, Қаршыға Есімсейітова, Қазына Өзденбаева, Елубай Әуезов, Мамыр Байдәулетовтер бастаған жыр көшін Толқын Қабылша, Назгүл Бердіқожа, Мөлдір Айтбай, Ғабит Кәдірбаев, Ұлықбек Бекұзақұлы, Биболат Сәтжанов сынды талантты жас қалам иелері жалғастырып, Ақмешіт аспаны ән-жырға бөленді. Поэзия кешін Сыр елінің талантты жас ақыны Ақжол Түменбай жүргізіп, өлең сүйер көрерменге өзгеше жаңа леп сезіндірді.

Кеш барысында сөз алған шаһар басшысы Асылбек Шаменов қала күнімен құттықтап, ақындарға шексіз ризашылығын білдірді.

– Әлімсақтан «Сыр елі – жыр елі» деген айдар тағып, қаймағы бұзылмаған қазақ халқының қасиетті меке­ніне айналған Сырдария жағалауындағы шырайлы шаһардың өткені мен бүгіні тарихта алтын әріптермен жазылып келеді, жазыла да бермек. Бұл ретте «көшесінде жүріп сағынатын» ғажап қаланың жылнамасын жырмен жазып жүрген сіздердің орындарыңыз бір төбе екені даусыз, – деді  шаһар  басшысы.

Әрі қарай сөз ұстаған Сыр саң­лақтарын ортаға шақырып, ақын тұлғаларға арнайы алғыс хаттар мен сый-сияпатын  ұсынды.

Ақынжандылар бас қосқан жыр мерекесінде «Құрмет» орденінің иегері, жыршы Шолпан Бейімбетова, Үкітай Ерниязов, Әл-Фараби Бекарыс­ұлы бастаған жергілікті өнерпаздар ән-жырдан шашу шашып, жиылған жұртшылыққа ерекше әсер қалдырып, естен кетпес көңіл  күй  сыйлады.

ТАҒДЫР  ТАУҚЫМЕТІН  ТАРТҚАНДАР  ДОП  ТЕПТІ

Шаһардың туған күнінде тек қала тұрғындары ғана емес, өмірлік қиын жағдайда қалған жандар, қылмысын өтеген адамдар мен пробация қызметі есебінде тұрғандар да көңіл көтеріп, қылмыстық жазасын өтеген адамдарды әлеуметтік бейімдеу мен оңалту орталығының ұйымдастыруымен шағын футбол жарысына қатысты. Онда жоғарыда айтылған, тұрмыстың теріс ықпалына түскен жандар шоғырынан үш топ іріктеліп, ойын көрсетті. Бұл іс-шараның түпкі мәресі – қиын жағдайда қалғандардың көңілін көтеріп, өмірге деген ынта-жігерін  арттыру.

– Әлеуметтік бейімдеу орталы­ғының ұйымдастыруымен өтіп жат­қан іс-шара­ның мән маңызы жоғары деп есептеймін. Мұндай іс-шара тұрақты түрде өткізіліп келеді. Бұған дейін шахмат, дойбы мен волейбол сайыс­тары өтті. Биыл түзеу мекеме­лерінен жазасын толық өтеп шыққан, проба­ция қызметі  мен жергілікті  поли­ция қыз­метінің есе­бінде тұр­ған 276  адам­ға арнау­лы  әлеу­мет­тік қызмет көрсе­тілді. Жазасын өтеп шыққан 80 азаматтың 9-ы тұрақты жұмысқа орналасты. Сонымен қатар, 276 азаматқа құқықтық, психологиялық көмек көрсетілді. Жалпы, жұмыспен қамтыл­ғандар саны 67 адамды  құрайды.  Оның ішінде  қала  әкімінің  квотасымен                43  адам  тұрақты  жұмысқа орна­лас­ты. Қалалық  жұмыспен қамту  және әлеу­меттік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімімен бірлесіп «Бос жұмыс  орындары»  жәрмеңкесі  өткізілді.  Нәтижесінде  4 азамат жұмысқа орналасты. Сондай-ақ, сала­матты өмір салтын насихаттау мақ­сатын­да түрлі спорттық сайыстар өткізілуде, – дейді орталық дирек­торының орынбасары Орын­басар Мақсұтұлы.

Жалпы, қала күнінде қаладағы барлық тұрғынның көңіл күйі көтеріліп, түрлі бағыттарда белсенді болуы қажеттігі алға қойылған. Және сол міндеттер өз шеңберінде орындалып келеді.

ҮЗДІК   АУЛА   АНЫҚТАЛДЫ

Аймағымызды көркейту мақсатында әр жылы қала күнінде көп­қабатты үйлер арасында «Үздік аула» байқауын ұйымдастыру дәстүрлі түрде  жүзеге  асып  келеді.

Осыған сәйкес, қаламыздың үздік, таза, жасыл желекке оранған ауласын  марапаттау іс-шарасына қала әкімінің орынбасары Ақзира Қасымова арнайы қатысып, аула бағбандары мен көркейтуге атсалысқан тұрғындарға қала әкімінің алғыс хаты мен ақшалай сыйлығын табыстады.

– Қызылорда шаһарының көркеюі мен таза болуы – сіздердей жандардың тынымсыз еңбектерінің арқасы. Қызылорда қаласын жасыл желекке айналдыру бағытында туған қалаға қызмет ететін өздеріңіздей жанашыр және белсенді азаматтар қатары арта берсін, – деді Ақзира Бақтыбайқызы.

Биыл бесінші мәрте өткізілген «Үздік  аула»  байқауына   қатысуға   17 аула өтінім білдірген. Байқау үздіктерінің ішінен мүмкіндігі шектеулі жан екеніне қарамастан көгалдандыру ісін қолға алған «Сәулет» мөлтек ауданы №12 үйдің тұрғыны Нина Константиновнаның ауласы комиссия  шешімімен басым дауысқа ие болып, жеңімпаз атанды. Ал ІІ орынды атасының бағбандық ісін жалғастырған Жаппасбай батыр көшесі 4-үй тұрғыны Сабина Сәбитқызы иемденсе, ІІІ орын көршілердің ауызбіршілігі үзілмеген  «Ақмешіт» мөлтек ауданы №7 үй тұрғыны Мереке Серікболқызына, ІV орын зейнеттегі бос уақытын жұбайымен бірге көгалдандыру ісіне арнаған «Титов» шағын ауданы №30 үй тұрғыны Бисенбек Дүйсенбекұлына  бұйырды.

Іс-шара барысында шаһардың тазалы­ғына  бел  жазбай кіріскен тазалық  қызметкерлері  де қала әкімінің алғыс хатын алып,  қаржылай сыйлықтарға ие болды. Және «Үздік аула» байқауын жеңіп алған  көпқабатты тұрғын үйдің  ауласына «Үздік аула – 2022» тақ­тайшасы ілінді. Қала әкімінің орынбасары көпқабатты тұрғын үй ауласын өз еңбектерімен жасыл желекке айналдырып, сүйікті қаламыздың көгал­дануына белсенді үлесін қосып жүрген барлық қатысушыларға шаһар басшысының алғысын жеткізіп, алда­ғы уақытта да осы істі ары қарай  жалғастыруда  аянбай  тер  төгуге  шақырды.

«ҚЫЗЫЛОРДА  –  ДОСТЫҚ  МЕКЕНІ»

Қазақстан – көпұлтты мемлекет. Мұнда 130-дан астам түрлі ұлт пен ұлыс мекен ететіні белгілі. Соның ішінде Қызылорда өңірі де – этнос өкілдерін бір ортаға жинаған қонақжай мекен. Мұнда қазір көптеген ұлт өкілі емін-еркін тәуелсіз ғұмыр кешіп, шаруасын жүргізуде. Сондай-ақ, «ақ күріштен тау тұр­ғызған» Сыр халқының күріш шаруа­шы­лығын қолға алуының бастауында корей халқының тұрғаны рас. Күрішті күнделікті өмірде көп тұтынатын корей­ліктер оның түр-түрін егіп, қазіргі сорттардың пайда болуына  себепкер  болған  деседі.

Міне, этносаралық достықтың пайдасы осындай жетістіктерге жет­кізді. Осыған сәйкес, қала орталы­ғындағы «Достық үйінде» қала әкімдігі және облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының ұйымдас­тыруымен өткен іс-шараға этно­мәдени бірлестік өкілдері, қала тұрғындары және БАҚ өкілдері қатысты. Шаһардағы белсенді азамат-азаматшаларына қала әкімінің арнайы алғыс хаты табысталды. Ізінше, мерекелік іс-шара думанды әй-күймен жалғасты. Этнос өкілдерінің өнерпаз ұл-қыздары мен жастары сахна төрінде мың бұрала би билеп, әуелете ән салды. Көрермендерге ерекше қуаныш сыйлаған іс-шара әрі қарай алғыс хат иелерінің естелік суретке түсуімен жалғасын тапты.

«ЖАСТЫҚ  ШАҒЫМНЫҢ  КУӘСІ  –  ҚЫЗЫЛОРДА»

Осы тақырыппен шаһарда Тұң­ғыш президент саябағында рет­ро-фестиваль өткізілді. «Мереке», «Сыр самалы», «Яксарт», «Экспресс», «Ритм», «Қазалы», «5 аймақ» секілді аймақтағы белді өнер ұжымдары сахнада ретро стилде, яғни 1980-90 жылдардың атмосферасын сезіну мақсатында сол кездегі киімдерді киіп, сол шақтың әндері шырқалды. Басшылар да сол заманның киім үлгілерін киіп, іс-шарада көрермен болды.

– Өздеріңіз білетіндей, қала күні бір айлық іс-шаралар тізбесімен бекі­тілген. Біз үшінші аптаны қоры­тын­дылап жатырмыз. Мұнда облысымыз­ға белгілі, өзіндік қалыптасу тарихы бар, 30 жылдай жұмыс істеп жатқан вокалды топтардың жанды дауыс­тағы концертін өткізудеміз. Мұның  мақсаты  –  «Сағын­дырған  әнде­р-ай» ұғымының   «Жастық  шағымның  куәсі – Қызылорда» сөзімен сабақ­тасып, ең үздік  топтамалар арқылы қонақтарға ерекше көңіл күй сыйлауы. Дәл осы жобаны бұдан былай да дәстүрлі түрде қолға аламыз деп жоспарлап отырмыз, – деді қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің  басшысы  Жағыппар  Тәж­маханов.

Іс-шарада белсенділік танытқан топтарға қала әкімінің алғыс хаты мен құнды сыйлықтары табысталды. Мұндай іс-шаралар қала тұрғындары үшін жиі өткізіліп тұрса екен деген пікірлер  болды  көпшілік  арасынан.

Жұртшылықтың  айтуынша, қала күні расында да ерекше ырғақпен, бұрын-соңды  болмаған іс-шаралармен өтіп жатыр. «Бүгінгі күн – ертеңгі тарих» демекші, бүгінімізді бақытқа, ертеңімізді ерекше сәттерге толтырып өткізу өз қолымызда екенін айта өткеніміз жөн.

Ердәулет  ҚАЛИЕВ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: