Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Арал тірі, өлген жоқ, майданда жүр, Ал майданнан келген жоқ қара қағаз…

02.06.2026, 9:15 32

HALYQLINE.KZ

Ершат Қайболдин 1993 жылы мамырдың 9-жұлдызында Ақтөбе облысы, Темір ауданы, Шұбарқұдық кенті, Қайыңды ауылында дүниеге келген. Облыстық, республикалық айтыстардың, жыр мүшәйраларының жеңімпазы. Ершат жазба ақындықты жастайынан жанына серік етіп келеді.

Бүгін талай хит әннің авторының бір топ өлеңін оқырман назарына ұсынып отырмыз.

АРАЛ

Мекен болған балыққа, бақаға да,

«Арал» депті бұл жерді ата-баба.

Айналайын, көк теңіз айналыпты,

Ит байласаң тұрмайтын сахараға.

Теңіз де жоқ, баяғы балық та жоқ,

Қайығы бар қалмады халық та көп.

Ешкім жоқта теңізді бір Көлтаусар,

Сарқып ішіп, кеткендей алып дәрет.

Әму қайда, Сыр қайда заулап ағар?

Тамырынан ажырап қалған Арал!

Сексеуілі бұл жердің қаңбақ болды,

Шағаласы бұл көлдің қарға болар?!

Аздырдым-ау Аралды, тоздырдым-ау,

Ауруымды аңырап қоздырдым-ау.

Көк теңіздің табанын толтыруға,

Тамшы жасы жетпейді көздің мынау.

Қайран, Арал, қайырлап саған қондым,

Құмда қалған кеме мен адам көрдім.

Арал емес, сен, бұрын Теңіз едің,

Теңізің жоқ, сен, енді Арал болдың!

Теңіз толып, қонар ма шағала-қаз?

Ана да мәз болатын, бала да мәз!

Арал тірі, өлген жоқ, майданда жүр,

Ал майданнан келген жоқ қара қағаз.

АҚТӨБЕНІҢ  АСПАНЫ

Ақтөбенің аспаны қара бұлтты,

Қара бұлттай көңілім алабұртты.

Кеше жауды, сол жаңбыр бүгін жауды,

Таратқандай тойдан соң тәбәрікті.

Жеңешемдей ағамның қасындағы,

Қара бұлттың қабағы ашылмады.

Байы қайтып, боздаған бәйбішедей,

Аспанның да көз жасы басылмады.

Жолдың шұрық-тесігі шетіндегі,

Әжіміндей әжемнің бетіндегі.

Жаңбыр жаумай тұрғанда бұл көшелер,

Боянып алған қыздай секілді еді.

Тама берсе тамшы да тас темірдей,

Шыңғысханның қатыгез әскеріндей.

Қайысып тұр қайыңдар, майысып тұр,

Енесіне иілген жас келіндей.

Ой-һой, қашан кетеді бұлт басымнан,

Қашан күліп өтеді жұрт қасымнан?

Ақтөбемнің аспаны ашылса екен,

Шайындай боп шешемнің сүт қосылған!

ШІРКІН

Шіркін, ертең ертемен елге барсам,

Шалғын шауып, маңдайды терге малсам.

Туған жердің құмына аунап-қунап,

Жүрегімнің жарасын емдеп алсам.

Шіркін, сүлік қараға жайдақ мінсем,

Атой салып көкпарға айдап кірсем.

Қас қарайған мезгілде қырға шығып,

Бала күнгі құрбыммен ойнап-күлсем.

Шіркін, сосын алқаптан масақ терсем,

Бидайынан уыстап асап көрсем.

Естен кетпес құрбыма естелікке,

Алтын дәннен алтын тәж жасап берсем.

Жаңбыр жауса, аспанды бұлт илесе,

Бір найзағай бір талды бір түйресе.

Құрбым келіп тығылса құшағыма,

Көйлегіне бір тамшы су тимесе.

Әттең, бірақ, бармаймын ертең елге,

Ержеткесін ерсі екен еркелеу де.

Менің туған ауылым ең биікте,

Менің ұлы сезімім ең тереңде.

ҚАНДАЙ  ЖАҚСЫ

Шаршасаң да тірліктен, ауырсаң да,

Бал күндерді баяғы сағынсаң да,

Айтпайсың-ау, айтпайсың жалынсам да.

Сосын, сосын мен сені одан сайын,

Жақсы көріп кетемін, жаным, сонда.

Шығып кетсем үйімнен, бір қысылмай

Сағындырып жетемін жыл құсындай.

Кешірілмес бұл менің қылмысымдай.

Сен сонда да күлімдеп күтіп алып,

Маңдайымнан сүйесің тұңғышыңдай.

Әйел болып менімен керіспедің,

Мен істейтін тірлікті сен істедің,

Жүріп өткен жолымды тегістедің.

Құжатымда адам деп жазылса да,

Білем, білем сен үшін періштемін.

Түшкірсем де түршігіп ем іздедің,

Тамағыңды жылытпай жегізбедің.

Көл емес-ау көңілім – теңіз менің.

Келген қонақ үйімен күліп шықты,

«Қатыны жаман екен» дегізбедің.

Өзіңсіз жүрек жарты, көңіл жарым,

Белгісіз жалғыз жүріп не қылмағым?!

Бағыма, сорыма да ортақтасар,

Қандай жақсы жанымда сенің барың.

МЕН  СЕНЕМІН

Мен сенемін, ертең бір күн келеді,

Сахаралар көктейді, гүлденеді.

Қулық-сұмдық жойылып, жер бетінің

Бос қалады қаңырап түрмелері.

Доңыздар да тиіспей қоңыздарға,

Бас иеді қыранға нағыз қарға.

Білесің бе, сол кезде жауыздар да,

Қойдың өзін аяйды бауыздауға.

Ұрылар да сол кезде, қарылар да,

Малын қосып қояды малы барға.

Бір-бірімен ағайын араласып,

Адам таппай қалады сағынарға.

Жарылқайды байлар да көп кедейді,

Сұрай қалса бар дейді, жоқ демейді.

Бәрі жақсы болғасын барлық адам,

Өкпелейтін жан таппай өкпелейді.

Ертең-ертең керемет күн келеді,

Сеземін ғой, сеземін бірдеңені!

Гүлденеді дүние, түрленеді,

Мен білмеймін, ол күнді кім көреді?

ҚҰС  ҚАЙТАРУ

Бақыт деген немене тірі зат па?

Көкке қарап ойландым күнұзаққа!

Сол бақытты таба алмай туған жерден,

Қаздар қайтып барады жылы жаққа.

Ұзатылған қыздай боп құсым мынау,

Сыңсу айтып қаңқылдап ұшып жүр-ау.

Байғұстардың зарлаған дауысынан,

Жаздың өтіп кеткенін түсіндім-ау.

Төркінге кеп тұрыңдар, жыл құстары,

Менің апам сөйтеді тұрмыстағы.

Барлық құстың тағдыры бірдей болса,

Құзғын неге қаздармен бірге ұшпады?

Құзғын боққа, жыл құсы оққа құмар,

Бір-біріне соқпайтын соқпағы бар.

Қаздар, сендер ұшыңдар жылы жаққа,

Құзғындарға ауылдан боқ табылар.

Қаздар, қаздар, құстардың ең адалы,

Маған тастап кеттіңдер жер-ананы.

Қалт-құлт етіп қиналып әрең жүрмін,

Менің күнім қыс келсе не болады?

Ершат  ҚАЙБОЛДИН

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: