Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Уақытқа да құрбан болып ұрландық…

07.03.2024, 10:40 189

Динара  Мәлікова

Динара Мәлікова 1988 жылы  Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы, Мәдениет ауылында дүниеге келген. Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі. Мемлекеттік «Дарын» сыйлығының иегері. Халықаралық «Шабыт» фестивалінің лауреаты. Тұманбай Молдағалиев, Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың иегері. Алматы қаласы әкімінің жазушыларға тағайындаған грантының үш мәрте иегері. Қазір Алматы қаласында тұрады.

Туған жердің салқын тартқан құшағы…

Жат көре ме баласын.

Таныс аула табанымнан құшады,

Жасыра алмай наласын.

Ауыл – сырқат, түксиеді түнеріп,

Шұрық тесік шапанына оранып.

Сәби-жүрек әлди-әуен тіленіп,

Қайтып барам тоналып…

Құрты қайнап, пісілетін күбісі,

Берекесі безгені ме үйімнен.

Әжемнің де баяулапты жүрісі,

Демін әзер алады екі иінінен…

Көркем келін жүретін-ді күлімдеп,

Қала дейтін достасыпты дүрмекпен.

«Кір-қоңымды көрші жуды бүгін кеп,

Тірі ме деп бас сұғыпты көрмекке.

Ұйықтағанда алса Алла қинамай» –

дейді әжем көз жасынсыз күрсініп.

Атам  сиған  шаңыраққа  сыймады-ай,

Бұл  үйдегі  қайнап  жатқан  тіршілік.

Арқаңа сап өсірдің ғой біздерді,

Көз көргеннің көңілінде жүр әлі.

Жылап алып, жүрміз қазір түзде енді,

Қайтейін, әже, кеудем өксіп тынады.

Қос жанарын көлегейлеп қолымен,

Көп қарайды іздегенін табардай.

Қара күздің сүрең шексіз жолымен,

Кездесуге шалы келіп қалардай…

***

Көңіл де бүгін басылған,

Жасырғаным көп ғасырдан.

Өткергенім бар басымнан,

Бес күндік мына өмірде,

Пенде де болып тасынғам.

Түңілгенім көп өлмедім,

«Білемін» дедім, білмедім.

«Сүйемін» дедім, сүймедім,

Сынағында сындым Алланың,

Болмады сабақ түйгенім.

Құлақ жоқ жерде мақтандым,

Жүрек жоқ жерде шаттандым.

Тілімнен қайғы тапқанмын,

Мүмкін мен талай адамның,

Аузында сөз боп қақталдым.

Жылтырағаннан да жеріндім,

Жаны жоқ сөзге семірдім,

Содан соң… іштей егілдім…

Дөңгеленген мынау дүние,

Дымымды қоймай кемірдің…

«Алла» деп тілім сайрайды,

Қолымды қулық байлайды,

Жанымды жын кеп жайлайды,

Төсекке тәнім тиген соң,

Өзімнен қашам сол қайғы.

Тереңге жетіп тамырым,

Мәнді өмір сыйла Жарығым.

Анамның қалған арымын,

Барымды шашып алмайын,

Сарқыла көрме сабырым!

***

Түрегеліп, бір ояндым күйреліп,

Атқан таңды тоқып кидім жейде ғып.

Бала күнгі қиялыма ұқсайды,

Ауламызда ұшып жүрген инелік.

Балғын шағым қашан жапқан есігін,

Тіршіліктің тілін білем, есімін.

Уақыт сенен күттім бе екен қайырым,

Оралуға сұрасам деп кешірім.

Жүрегімде сәбиім бар сөйлейтін,

Есеюді, есіруді білмейтін.

Сол сыбырлап мезгіл атын айтады,

Күнтізбенің парағында гүлдейтін.

Санама да сіңіп алып билейді,

Күзде туған сол адамды сүй дейді.

Сол сәбиді алмайын деп мұңайтып,

Өзім жылап қаларымды білмейді.

Жапырақ та желмен бірге салған-ән,

Әр өлеңім оқылып тұр ауладан.

Жұтып келем, ауа демін сен жұтқан,

Кеше мүмкін… бұрын мүлде болмаған…

***

Шабыт мені менсінбеді деп едім,

Өзіме де белгісіздеу дерегім.

…Таң бозынан, ақ жүзімді аймалап,

Саусақтарын сүйгізіп тұр өлеңім…

Жаңылып та іздеп едім жарықтан,

Менікі емес дедім атқан ғаріп-таң.

Көзім нұры сөйлеп кетті парақта,

Мен кешірім сұрайыншы уақыттан!

Түн баласы түрлі ойларға беріліп,

Ақтың бәрі қара болып көрініп.

Өмір бітті деп ойладым кеше мен,

…Әсемдікке кеттім бүгін елігіп…

«Жаман нәрсе» деген сөзді көп естіп,

Өсіп едім түрлі ойды елес қып.

Ертегіде зияны бар сүйкімді,

Кейіпкер ме, олар маған тым ыстық.

Солар болып кеткім келіп бірде мен,

Тағдырыма теріс қарап жүрген ем.

Ойымды оқып ауа кімге жеткізді,

Мөлдіреген бір әлем тұр гүлдеген!

Сол әлемнің ашып едім есігін,

(Сұлулықты көргің келсе несі мін?)

Қалам беріп, кетіп қалды қас-қағым,

«Өзіме ұқсас жаздым кісі есімін».

Жар жолында адасқан бір кекілді,

Әріп біліп алғанына өкінді.

Жолға емес жанға қарап жүреді,

Өлең деген сонда тұрған секілді.

Содан бері бір ғажайып күй тұнды,

Тауып алдым ұрлап кеткен ұйқымды.

Сыр жоқ менде көлеңкелеу, күңгірттеу,

Біз аңыздың кейіпкері сүйкімді!

***

Қала мені шамдарымен арбайды,

Бұл қалаға болмайды екен ар-қайғы.

Жарықтардың жанарына мұң сіңген,

Жанымды бір жадырата алмайды.

Бұл қалаға керек екен махаббат,

Сезімім жүр суық қарды аралап.

Бір досым кеп, сенімімді жылатты,

Бір досым жүр тағдырымды табалап.

Адамдарға тән болған соң жаңылу,

Жүректерде болады екен жабығу.

Бұл қалаға керек екен мен құсап,

Бір адамды, бір жүрекпен сағыну!

Керек екен бұл қалаға жылылық,

Дала туған, ана туған ұлылық.

Қызыл гүлдер бүршік ашса қыста да,

Аппақ қардың жалғыздығын ұғынып.

Ал, көктем де серік болса күзге ше?

Жып-жылы жаз желтоқсанды іздесе.

Бұл мезгілдер қосылмайды ешқашан,

Біздің тағдыр содан болар өзгеше.

Біздің қала содан болар суықтау,

Сіздің қала содан болар тұйықтау.

Құмарымды сезсең, жаным шегі жоқ,

Қиялымды керек шығар құлыптау…

***

Әйел боп саған ораламын да,

Құшағыңда мәңгі қала аламын ба?

Ән салсын дала, ән салсын әлем,

Тіршілік тынып, тамсансын деп ем.

Білдірмей келші, сезімін бәрін,

Сағынта түсші, төземін жаным.

Тұманнан ізде түн болып еніп,

«Сүйемін» деші күрмеліп келіп.

Жазылмай қалсын өлеңдегі

үнім,

Шабытың қалсын денемде

бүгін.

Ұшайын сосын, жасымды тыймай,

Ақша бұлттарды басуға қимай.

Мендегі нұрды жастанды дала,

Арқамды жайдым аспанға ғана!

Қап-қара жерге батыра берме,

Шарықтап кетсем шақыра көрме!

Мендегі жүрек, асықты көктем,

Сендегі тағдыр бақытты неткен!

***

Бүгін де таң атты,

Бүгін де жүрегім соғып тұр…

Күн шығып тіршілік таратты,

Көктем кеп көгіме қонып тұр…

Бүгін де сағыну,

Хат күтем жәшікті тексеріп.

Күндерде болса ғой жаңылу,

Бірдеңе дей салшы ескеріп…

Кешегі мұңдарым,

Оянып тіктейді еңсесін!

Сені әлі сүйеді бұл жаным,

«Келем» деп сендіріп кеткесін…

Тағы да өзіммін,

Мен сені үндемей сағындым.

Аймалап тұратын көзіңнің,

Дәл мендей жарқылын таныр кім?

Бүгін де таң атты,

Бүгін де жүрегім соғып тұр…

***

Мәңгілік қала гөр деп жалынбадым,

Мәңгілік қажеті не сағынғаның.

Жалп етіп өшсе сезім өкпелеме,

Жарқ етер жанарыңа дамылдадым.

Мәңгілік кімге керек күрсінгенің,

Жалғанға Жарық беріп жүрсін дедім.

Өмірдің әр сәтінде сағыныш бар,

Бізге де жат емесін білсін дедім.

Мәңгілік керек емес «мен» болғаның,

Керек еді сүюге кең болғаның.

Жүрегіңмен жақсы көр жердің бетін,

Көрсем деп ем көзіңе нұр қонғанын.

Жетер ме екен, тек мені іздегенің,

Жақсы екен ғой үмітті үзбегенім.

Мәңгілік жатсынады адамдарды,

Мәңгіліктің ғашығы біз дегенің.

***

Фариза  Оңғарсыноваға

Сені жалғыз дейтіндерді жек көрем,

Тағдырыңа таңба болған текті өлең!

Бір құдірет төгілсе де көзіңнен,

Шертілмеген күйлеріңді көп көрем!

Таңмен бірге жырларың тұр ән сала,

Табиғат та тілін тартты тамсана.

Сені сырттай құрметтейді сан адам,

Ал, сездірмей сүйетіндер қаншама!

Әр шашыңда тағдыры тұр өлеңнің,

Өлең болып бір ғұмырға бөлендің.

Жарқылдаған жырың қалар жолдарда,

Айтылмаған арманыңды білер кім?!

Жолдарыңда жүрек жүрді лүпілдеп,

Жүрек қалай жалғандыққа жүгінбек?

Бұлттай болып түйілгенмен бір демде,

Ақ жүрегің сөйлеп тұрды «шүкір» деп.

Сені қатал дейтіндерді жек көрем,

Қаталдықтан қайырымды көп көрем.

Әйел дейтін күз-ғұмырлы ақынның,

Өнеріне Жарық берген өткел ең.

Қара сөзге қиған едің адалдық,

Адалдықтан аңсар жырды таба алдық.

Қиял болып шумақтарда шырмалып,

Өлең болып кітабыңнан оралдық.

…Сені әлі сүйеді екен гүл-өлең,

Қауызына қап-қара түн түнеген.

Киесіне сыйдырып ап тұлғаңды,

Өміріңді Алла болып тілеген!…

***

Ақ төсекке Айдың нұры төгіліп,

Дидарың да түгел жатыр көрініп.

Маңдайыңнан, маңдайыңнан иіскедім,

Әр шашыңа сәуле болып ілініп.

Өмір бізге ұсынады қанша мұң,

Көз алдымда көлбеңдейді мың сағым.

Сан сұрақтар қалды кенет шашылып,

Иығыңа тиіп кетіп саусағым…

Момақан боп жатқаныңмен көз іліп,

Кірпігіңде тұр ма екен ой тізіліп…

Демімді де ішке жұтам білдірмей,

Сен барлығын жатқандайсың сезініп.

Сағат қанша, керек пе осы жылдамдық,

Уақытқа да құрбан болып ұрландық…

Күбірлеймін, күлімдеймін сен болып,

Осы шығар ең аяулы жалғандық!

Ай сәулесі көшіп кетті бөлмемнен,

Қашан қай кез құшып оны үлгіргем?

Ұлиды кеп ішімдегі көп дауыс,

Келмейді деп, бұл өмірді сүргім мен!

Тым асығыс еніп келді таң бүгін,

Түн мен Күннің ұқсын дей ме тарлығын…

Аспан… ол да тыншымаған екен-ау,

Қалың болып жауа қапты қар бүгін…

***

Ертең… Ертең…

Қашан болар ертең күн,

Сені көрген сәтте ғана көркеммін.

Ұйқылы-ояу есінейді есіл-түн,

Сөзге қимас сырды кімге шертермін?

Қазіргі сәт құнын ұқпай бүгіннің,

Ерініңе елес болып іліндім.

Кербез сағат маң-маң басып жылжиды,

Сағыныштан сан құладым, сүріндім.

Ертең деген, аяулы күн не деген,

Сол бір күнге бар ғұмырды төгер ем.

Құр сүлдерім қалсын сосын шашылып,

Қайта тұрып, жараламын көрер ең!

Күндер, күндер саған қарай жетелеп,

Зымыраған жылдарымды бөгемек.

Көңіл жүрер гүлдер теріп көшеде,

Өмір тұрар сендік нұрды себелеп.

Бүгін… Ертең… Біздің ғұмыр бұл деген,

Бізбіз десек ешбір пенде сенбеген.

Кеудемізде ғажайып бар апыр-ай,

Мөлт-мөлт етіп әлі ештеңе көрмеген…

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: