Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«ТУҒАН ЖЕР» бағдарламасын қолға алуды ұсынамын

16.09.2021, 10:30 378

Болат  ЕЛТАЙҰЛЫ,

филология  ғылымдарының  кандидаты:

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы – ел дамуының жарқын үлгісі мен нақты қадамдарын көрсететін келелі ой, салиқалы пікір, батыл шешімдерге құрылған маңызды құжат. Бұл мақалада сананы жаңғырту, ұлттық болмыстан, ұлттық кодтан айырылып қалмай, оны әлемдік құндылықтармен үйлестіріп, Қазақстанның игілігіне жарату жолындағы мақсат-мүдделер туралы өзекті мәселелер көтерілген.

Бағдарламалық мақалада Нұрсұлтан Әбішұлы Қазақстан үшін қайта түлеудің айрықша маңызды екі үдерісі – саяси реформа мен экономикалық жаңғыруды қолға ала отырып, Біртұтас Ұлт болу үшін болашаққа қалай қадам басатынын және бұқаралық сананы қалай өзгертетіні жөнінде алысты болжайтын көзқарастарымен бөліседі. Бағдарлама бағыт алғалы бері елімізде оңтайлы өзгерістер болып, жоспарлы жұмыстар ретімен жүзеге аса бастады. Өйткені ұлтымыздың барлық ұлттық салт-дәстүрлеріне, мемлекеттік тіліміз бен әдебиетімізге, мәдениетімізге, руханиятқа, білім, ғылымға айрықша басымдық берілді.

Елбасымыздың «Болашаққа бағ­дар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында «Патриотизм кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе, яғни туған жеріңе деген сүйіспеншіліктен басталады. Сол себепті, мен «Туған жер» бағдарламасын қолға алуды ұсынамын. Оның ауқымы ізінше оп-оңай кеңейіп, «Туған елге» ұласады. Мәселен, «Ауылым – әнім» атты әнді айтқанда, «Туған жерін сүйе алмаған, сүйе алар ма туған елін» деп шырқайтын едік қой. Бажайлап қарасақ, бұл – мағынасы өте терең сөздер. Туған жерге, оның мәдение­ті мен салт-дәстүрлеріне айрықша іңкәрлікпен атсалысу – шынайы патриотизмнің маңызды көрініс­терінің бірі» деп айтқан еді. Шерхан Мұртазаның «Ай мен Айшасы» – мен үшін осы анаңды, туған жеріңді, Отаныңды сүюдің не екенін түйсіндіретін, ол махаббаттың құдіретін сезіндіретін, менің отбасым түгел оқыған шығарма. Тіл маманы болғасын, Қызыл­орда облысындағы жер-су атауларының сырына үңіліп жүргесін, «Ай мен Айшаны» оқу бары­сында Шерхан көкеміздің шығармасындағы атауларға еріксіз назар аударасың, олай дейтініміз, ішінде жүрген­дейсің, бала Барсханның орнында өзің сықылдысың, біздің өңірде де бар Мыңбұлақ – Шерхан шығармасында түске кіре­тін Мыңбұлақ. Бұлағын санаған адам жоқ шығар, мәнісі – бұлағының көптігінде, жерінің  шұрайлылығында  болса   керек. Мыңбұлақ – ежелгі мекен. Жамбыл облысы Жуалы ауда­нындағы Теріс өзені алабында  орналасқан. Мыңбұлақты сипат­тайтын алғашқы деректер қытай жиһанкезі Сюань-Цзянның 630 жылы жазған сапарнамасында кездеседі. Мыңбұлақ туралы араб жиһанкездері Абайдалаһ ибн Хордадбек (846) және Құдама ибн Жафар (10 ға­сырдың басында) күнделіктерінде: «…Бұл Абарджадж үлкен төбе, оның айна­ласында мыңдаған бұлақ көздері бар. Олар қосылып бір өзен құрайды. Өзен шығысқа қарай ағады, сондықтан оның аты Баркуаб (Теріс өзені), бұл сөздің аудармасы «кері бағытта ағатын өзен»» деп жазған. Кейбір деректер арқылы бізге жеткен араб жиһанкездерінің шығармаларында 8-ғасырдың басынан белгілі болған, жақсы бекіністері бар Абарджадж қаласы 651 жылы салынып, Батыс Түрік қағандығының астанасы болған. Мұнда 1223 жылы Орта Азияға жасаған жорық­тардан қатты қалжыраған Шыңғыс хан нөкерлерімен демалып, үлкен той жасаған. Мыңбұлақ мекені – көне мәдениет ошағы, ондағы жартас­тарда палеолит және қола заманның адамдары қашап салған жәдігерлер көптеп  кездеседі.

Елбасымыздың бағдарламалық мақаласының бір парасы  неге «Туған жер» деп аталады? Адам баласы – шексіз зерденің ғана емес, ғажа­йып сезімнің иесі. Туған жер – әркімнің шыр етіп жерге түскен, бауырында еңбектеп, қаз басқан қасиетті меке­ні, талай жанның өмір-бақи тұратын өлкесі. Оны қайда жүрсе де жүрегі­нің түбінде әлдилеп өтпейтін жан баласы болмайды. Бұл – кез келген халықты әншейін біріге салған қауым емес, шын мәніндегі ұлт ететін мәдени-генетик­алық кодының негізі. Біздің бабаларымыз ғасырлар бойы ұшқан құстың қанаты талып, жүгірген аңның тұяғы тозатын ұлан-ға­йыр аумақ­ты ғана қорғаған жоқ. Олар ұлттың болашағын, келер ұрпа­ғын, бізді қорғады. Сан тараптан сұқтанған жат жұртқа Атамекеннің қарыс қадамын да бермей, ұрпағына мирас етті. Туған жерге деген сүйіс­пеншілік нені білдіреді, жалпы, бағдарламаның мәні неде? Бірінші, бұл білім беру саласында ауқымды өлкетану жұмыс­тарын жүргізуді, экологияны жақс­артуға және елді мекендерді абаттандыруға баса мән беруді, жергілікті деңгейдегі тарихи ескерткіштер мен мәдени нысан­дарды қалпына келтіруді көздейді. Суреткер Шерхан үнемі түсінде көретін Мыңбұлақ та, оның маңындағы ескі қала орны, тастағы таңбалар өскелең ұрпақ бойында отаншылдық,  туған өлкесіне  деген мақтаныш сезімін оятып қана қоймайды,  өлкенің турис­тік әлеуетін де көтереді. Мен туып-өскен өлкедегі Мыңбұлақ та, жартас­тардағы жазулар да, соған жақын орналасқан ескі қала  «Бес­там»  да  осындай  перспективаға  ие.

ТҮЙІН.  Әлемге  танымал  америкалық  экономист  Джон  Коттер  өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары өзінің «Өзгерістердің алдында» атты кітабында бәсекелестерден ілгері болу үшін міндетті түрде өзгерістерді алдын ала біліп, оны басқара білу қажеттілігін айтқан болатын. Дәл осы қағида біздің ғасырымызда да өзектілігін жойған жоқ. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында бізге әлі де көп жұмыс атқару талабы тұр. Жаңа тарихи кезеңге тән қатерлер мен тәуекелдерге жан-жақты баға бере отырып, рухани жаңғыру арқылы болашаққа нық қадам әрі қарай да жалғасын табатынына сенім мол.

Әйгерім  НАЖМАДИНҚЫЗЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: