Адам құқықтары бір күнде пайда болған ұғым емес. Ол адамзат тарихымен бірге қалыптасып, уақыт өте келе заң, тәртіп, басқару, әділдік туралы түсініктермен толықты. Ежелгі дәуірлерде адамдардың құқығы бүгінгідей нақты заңмен қорғалмаған. Кейін қоғам дамыған сайын адамның ар-намысы, бостандығы, теңдігі туралы қағидалар орныға бастады.
Жалпыға бірдей адам құқықтары декларациясы әр адамның дүниеге келген сәттен бастап еркін әрі қадір-қасиеті тең екенін көрсетеді. Заң алдында барлық адам тең. Адамды ұлтына, түр-түсіне, әлеуметтік жағдайына, сырт келбетіне немесе басқа да ерекшелігіне қарап кемсітуге болмайды. Бұл қағидаларды әр азамат білуі қажет. Қазіргі қоғамда өз құқығын білмеудің салдарынан түрлі жағдайлар кездеседі. Кейбір адамдар жеке басының шекарасын қорғай алмайды, әділетсіздікке тап болса да, қайда жүгінерін білмейді. Сондықтан мектепте, колледжде, университетте адам құқықтары туралы сабақтарды тереңірек оқыту керек деп ойлаймын. Жас адам өз құқығын білсе, өзін қалай қорғау керегін де түсінеді.
Бүгінде буллинг, әлімжеттік, кемсіту сияқты мәселелер жиі айтылады. Кейде бір адам екінші адамның сырт келбетіне, мінезіне, киіміне немесе әлеуметтік жағдайына қарап сөз тигізеді. Бірі көпшілік алдында өзін мықты көрсету үшін әлсізге күш қолданады. Мұндай әрекеттер адамның ар-намысына тиеді және заң алдында жауапкершілікке әкелуі мүмкін.
Бұл жерде отбасы тәрбиесінің де орны бөлек. Әр ата-ана баласына біреудің ала жібін аттамауды, әлсізге күш көрсетпеуді, адамның қадірін түсінуді үйретуі керек. Бала өз құқығын ғана емес, өзгенің де құқығын құрметтеуді біліп өскені дұрыс.
Әр адам өзінің жеке құқығын біліп, ар-намысын, қадір-қасиетін, бостандығын қорғай алуы тиіс. Құқықты білу адамды заңға қарсы қою үшін емес, әділ өмір сүруге, өзіне де, өзгеге де құрметпен қарауға үйретеді.
Ерасыл ЖОЛДЫБАЙ,
Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің
1-курс студенті
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!