Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Топансу жүзін жуған Ұлы Дала

01.12.2021, 12:00 390

Қисындар мен ғылым сөзінің тоғысындағы ойлар

Сайлаубай  ЖҰБАТЫРҰЛЫ

Жазушы, табиғат жанашыры, көсемсөзші Сайлаубай Жұбатырұлы еліміздің тым көне тарих-бастауларына да тереңдей барып, қалам тербеп жүр. Бұл қаламгердің қалың оқырманға аса танымал емес өзге бір қыры деуге болады. Әйтсе де, бұл ретті дүниелері республикалық басылымдарда кеңінен, жүйелі түрде жарияланып келеді. Қалыптасқан тарих ұстанымдарын сыни зерде елегінен өткізе, ғылыми тұжырымдар мен өмір шындықтарының тоғысу сәттерін жіті таразылаған қаламгер халық аңыздары мен философиясы, жазушының өзіндік қисын-қалыптауларына қол арта отырып, мүлдем өзгеше, тосын, қызықты ойларға келеді.

«Топансу жүзін жуған Ұлы Дала» атымен баспаға дайындалып жатқан, осы дүниелер негізінде құрастырылған кітаптан үзінділер ұсынамыз.

СӨЗДІҢ   ЖҮЙЕСІ

О сколько нам открытий чудных

Готовят просвещенья дух

И опыт, сын ошибок трудных,

И гений, парадоксов друг,

И случай, бог изобретатель…

А.С.Пушкин

Алуан реңкті әлем көрінісіне ұзақ көз салғанды ұнатамын. Қайырлы Жер-мекеніміздің келбеті сондай көркем. Келісті. Ол бар болмысымен мейір-шапа­ғатты Жаратушының құдірет-кереметін бізге паш етіп тұрғандай.

Жылылық пен жайлылық, сұлулық пен үйлесімділік, шын мәнінде, әр тарапты жер аумағының өзіне тән жағдайында шешім тапқан. Хазіреті Жер біз үшін мейірлі мекен – жөргегімізден әлдилеп өсірген киелі бесік, есейгенде өміріңе өріс ашар кең-байтақ әлем. Оның қай шеті, қай пұшпағы болмасын сондай қасиетке ие.

Соның да ішінде, төсінде Арал теңізі мөлдіреген, қос дариясы берекелі өлкеге өмір алабын салған Тұран байтағы көзге тым жылыұшырай көрінер еді. Осында бір ғажап қисын бар. Осында келімді Табиғаттың кемел тұжырымы – Хикметтің терең мағыналы ұйғарымы бар. Тұран жарық Күннің рахмат нұрына мына Жер ғаламшарының қалтқысыз тосылған айқара ашық кеудесіне ұқсайды. Ұлы Қисын бойынша, өмір осындай өлкелерде гүлденген. Ал тіршілік шарты, ғылым логикасы айтса, өмір өзіне қолай­лы, қоңыржай белдеулерде мекен  тауып,  өркен  жаяды.

Әлем – Жер болғанда, он сегіз мың  ғалам – Ұлы Ғарыш болар?

Адам баласы ғасырлар, мыңжылдықтар бойы жүргізген ізденістер, табанды зерттеулер және сондай еңбектер соңында адамзат ғылымы жеткен тұжырымдар – құрметті, беделді сөздер. Олар – адамзаттың тірнектеп жиған асыл қазынасы, аса құнды игілігі. Адамзат тарихы – адам өмірі бойы жазылып келе жатқан ұлы эпопея. Біздің бұл кітаптағы өзіндік қисыннан тепсінген кей ойларымыз көпшілік мойындаған ол еңбектерді жоққа  шығаруды  мақсат  етпейді.

Және.

Біз киелі сезім-сенімде қабылдағымыз келетін рухи ілім сөзі бар. Оның кейбір терең астарлары біз үшін әлі де жұмбақ. Бүткіл болмыс тұғыры аса  биік  Ақиқатқа  табан  тіреп  тұр.

«Қазықұрттың басында кеме қалған,

Ол әулие болмаса, неге қалған?..»

Бабалардан  қалған  сөз

Діни догматтар мен дерек-дәйекке негіз­делген ғылым уәждері осы күні бір мәнді қатынасқа келе бастағандай. Хикмет сөзі мен ғылым тұжырымдары  үндесетін   сәттер – кереметті құбы­лыс­тар деу керек.  Сондай  үндесу  сәттеріне  жеткен адамзат даналық пен толымдылық тұғырына көтеріле алар еді. Діни догматтар, аңыздар және тарих дәйектері бір «мәмілелі нүктеде» тоғысуы – ақиқат  триумфы. Сөйткенде, мына біз куәгер көптеген фәнилік жеңістер ақиқат табиғатты болмақ. Жалғыз біздің проблема емес, осы екі ұстанымның басын біріктіру, үйлесім-үндестігін табу әлемнің және ғасырлардың ділгір мәселелері болумен келе жатқаны шындық. «Ащы су мен тұщы су араласпайтын» хикмет кереметі тура­лы Құран аятының ақиқатын Атлант мұхиты және Жерорта теңізінің тоғысында көрген үлкен жиһанкез-ғалым Жак ив Кустоның, адам баласын тең қойып қарайтын аятқа құлай берілген Майкл Джексонның және сондай себептермен мұсылмандыққа өткен Касиус Клей, Майк Тайсон, Айға тұңғыш табаны тиген астронавт Нил Армстро­нг сияқты тағдырлы адамдардың ғұмырлары  осыған  мысал.

Ресми ғылым қисынды материалистік уәждермен, көп жағдайда хикмети ұйғарымдарды жоққа шығара, заттық, объективті негіздерге арқа сүйей сөйлейді. Осы «екі кеменің» басын мәмілелі біріктіремін деу – тым тәуекелді тірлік енді. Бірақ, тәуекелсіз шындық биігі қайда! Ашылмаған соны соқпақтар қызығы ғана емес, мыңжылдықтардың ділгір сұрақтарына ауқымды да бекем жауаптар табудың қиын соқпағы осылардан басталады. Ұлы қисын бойынша, бұл ілімдер бірін-бірі жоққа шығармауға тиіс еді.

Біз адам мүмкіндіктері биіктерінің етегінде жүргеніміз  анық.

Бұл жолда іздеуші-ізденуші талап көп. Әлемде, түрлі саяси шектеулер мен теперіштер көрмеген қауымдарда, жоғарыда айтқан игі «мәміленің» бірегей нәтиже-жемістері бар екеніне күмән жоқ. Сонымен бірге, өзіндік түрлі астарлы коньюнктуралармен бұрмаланған әдейіліктер мен қиыс кету­лер де аз емес. Сондай ниеттер мен тұжырымдар нуында Ақиқат ауылына деген өз жолымызды қиыннан қиып салу – өмірдің қай-қай кезеңіндегідей, біз үшін ендігі болмысымыздың зор міндеті.

Адамзат тарихының бізге айқынырық кезеңін ғылым төмендегіше кестелейді: Энеолит (мыс пен тас дәуірлері тоғысы) – 5000-2800 жыл; Қола дәуірі – 4000 жыл; Кейінгі қола дәуірі (Сексеуіл жәдігері) – 3000 жыл. Бәрі көгенкөзденіп, реттелген шындықтар. Андрон (Ачинск қаласы маңы); Бегазы-Дәндібай (Орталық Қазақстан); Ар­қайым,  Сынтасты (Солтүстік-Батыс Қазақстан – Ресей  шекарасы) – осы өркениеттер мен мәдениет­тердің өріс-отаны. Бұл саладағы әлем және орыс ғалымдарының көптеген еңбектері қатарында, өз алыптарымыз Қ.Сәтбаев, Ә.Марғұлан еңбектері бір  төбе.

Ұлы Дала, Тұран кеңістігі. Бұл алтын көмбелі өлке, енді, баз біреулердің тыйым-тоспасын сілкіп тастап, кей астарлы коньюнктураларға еліктеп-солықтамай, ежелгі Тарих аренасына біртіндеп, сенімді жолда көтеріліп келе жатыр. Адамзат тағдырындағы Дала, Тұран феномені бүгін кеңінен және объективті түрде мойындала бастаған шындық. Осы шындық – бізді, біз – сол үдерісті қолдап, көтермелеп әкететін ендігі қос қана­тымыз  іспетті.

Төл тарихымыздың көкжиегін кеңейту талабынан біз қай уақыт, қай жағдайда да бас тартқан емеспіз. Алдыңғы ғасыр шындығын айтамыз деп кешегі сүргінде абақтыға тоғытылдық; онан да ары соқпақсыз соқтықпалы уақыттар сорабын қуа­лап, шұбырынды-бұлғақты зар замандарды зерделедік; бес, жеті ғасырлардың дат сөзін тірілттік. Кешегі өткен 60-жылдарда әл Фараби бабамыз жолындағы ізденістер, түркі дәуірінен үзілмеген солма тамырларға қан жүгірту, беріде, Қорқыт баба тұлғасын төл топырағымызға орнық­тыру – сол ізгілікті талпыныстардың бір-бір кезеңдері. Бұлар не үшін? Тарих – болмыстың куәсі. Бітіміміздің анықтауышы. Мәртебемізді биіктететін рухани ұстын. Табиғи-таза Тарих!.. Бұлар енді, жаңа дәуір соқпағында, уақыт пен кеңістік сынына түскен біздің азат, жас мемлекетіміз  үшін  дәрумектей  қажет  құндылықтар.

Әлемдік ой аламанына өз жүйрігімізді қосу енді  еркіміз.

Ғалымдар еңбегі, жаңа уақыттар шындығында, кейде, жоққа шығарылу мүмкіндігіне қарамастан, әманда зор бейнет, құрметті пікір. Бұл кітап ойлары ғылыми еңбектердің негізді тұжырымдарына кереғар сөз болмас деген үміт бар. Төмендегі сөз ғылыми-көпшілік мәннен гөрі, «жазушы-көпшілік» табиғатты десе болады. Бұлардың  шындыққа  таласы  бар  ма?  Негізді оймен  түбегейлі  таласқа  түсу  ниеті  бізде  жоқ.

Әйтсе де, кім білген?..

Стандартты тарих жолдарымен жүру сондай кепілді, қауіпсіз тірлік қой. Ондай жолда айтылған сөз-пікірге деген үргедек көздер аз болады. Ал стандарттар жақтауын бұзғысы кеп тұратын азат ой, қиял талпынысы бізден еркін ерік сұрайды… Біз стандарттар кепілдігінде өскен жұртпыз. Мойын­далған тарихта бәрі орын-орны­на қойылған. Әйтсе де, сол қисынға мүлдем симай­тын, бағзы бір замандарда өткен Жер бетіндегі термоядролық соғыс белгілері, әлемдік мұхит қуатын  игерген гиперборейлер кереметі туралы сөз, тағы да басқа тосыннан ашылып жатқан дабыра­лы (сенсациялық) жаңалықтар біздің кей ұғым-танымымыздың көбесін бұзып-ақ жатыр. Олар қияндарға шақырады, қиялдарға қанат береді. Стандарттар  солай  бұзылады!

Біз сүйенген біраз «ақиқаттар» ендігі тайғанап  кетті.

Еркін ойдың қанаты қайырылмаса екен!

Қазақы ойдың бүгінгі құлаш сермеуін «еркіндіктің балалық ауруы» деуге болмайды. Керегесі әлі қаусырылмаған тарихымыздың іргесі көз жетпес көкжиектерде көзден өшіп жатыр. Ғылыми сөз саптаудан бөлектеу бұл кітап сөзі – сол тыңға ой сүрдектерін тарту, ізденіс арналарын кеңейту, өзіндік бір жолдар ашу ниеті. Тарих «ақтаңдақ­тарына», тіпті, оның көтерілмей жатқан тыңдарына соны сөз, ізденуші-іздеуші тың талпыныс керек  деген  сенім… Бізде әлі де қол қысқа, көңіл көк­дөнен  жағдай  бар…ф

Бұл кітаптағы дүниелер республика басы­лымдарында әр жылдары жарық көрген жеке мақалалар түрінде болғанымен, осы жинаққа тоғысуында бәрі жүйелі ой мен баян тұтастығы композициясына келтірілді. Мәліметтер жинау жолында, кей дереккөздерді ескермеген тұстарым да бар… Ол ойлар деректерден алынғаны шындық.

Әйтсе де, қиял қанатын еш тыйым қия алмақ емес. Икарлардың қасірет-қиындықтары кешегі тарихта  қалды  деген  сенім  бар.

Бекем тұғыр іздеген бүгінгі сөздің ертеңгі тағдыры бізді әмәнда қызықтырып шақыратын, әмәнда іздентетін, бірақ, сирек түрде бетін беретін Мәртебелі Ақиқат құзыретінде ғой.

Бұл дүниеге осындай көзбен қараған мақұл болар еді.

БІЗГЕ  «МӘЛІМ»  ТОПАНСУ

Біз білетін стандарт-қалыптаулардан тысқарырақ жатқан Табиғи (Шынайы) Тарих бар деу ләзім. Ол осы күнгі заманауи адам танымы үшін мүлдем тосын, тіпті, күрт шындықтардан қатталған қатпарлы кеніштен тұратын сияқты. «Тарихтарды жеңімпаздар жазады» деген жазылмаған қағидатқа салсақ, түрлі саясаттар, үстем көңілдер хаттап келген, алуан «центризмдер», бұқпа есептер қалыптаған мына, ресми тарихтың кей тұстары ақиқат іздеген сұранысқа жауап бере алмайтын секілді. Шындыққа деген шөл сезінесің. Ақтаңдақ-тұмшалы алапқа өз түреніңді салғың келеді. Солай болып та жатыр.

Ақиқаттың асыл өзегі бізге сонша алыс сияқты. Ал хикмет сөзі қысқа тұжырған Топансу оқиғасы мен адамзаттың «екінші» өмір бастауын мойындау жолына кірпияз ғылым, дегенмен, біртіндеп жақын келді. Бүгін өмір сүріп жатқан біздерге сол, «екінші» өмір бастауы мәнді, сол болымды, арғысына, әзірге, салауат дей тұрайық.

Терең қазбалап, кең қамтуды бізден табанды түрде тілеп тұрған бір міндет сол – Шынайы Тарихтың шақыруы.

Топансу біз үшін әуелі ертегі еді.

Сосын оны діни ілімдер нақтылай бастады.

Тарихтағы жай-жапсарын ғылым біраздан қазба­лап  жатыр.

Жер-ғаламшар ғұмырнамасында апатты оқиғалар аз болмаған. Оның ғарыш-ғұмырлық жағына тереңдей бермей, саналы адам (home sapiens) факторлы бергі кезеңінің өзін зерлесек, сол адамдар жадында аңыздар түрінде сақталып қалған талай жайттар жаңғырығын естиміз. Өз уақытында бәрінің тарихи-қисынды реті болған, бірақ олардың нақты динамикасын енді ешкім дөп басып айта алмас. Аспан­нан отты тастар жаууы, топансу қаптауы (діни аңыздарда), термоядролық соғыс белгілері, тұтастай құрлықтардың су астына кетуі (осы күнгі ғылыми жорамалдарда), Жердің мұз құрсану кезеңі (ғылыми дәлелденген) оқиғалары – осы жайттар қатарын құрайды. Нақты дерегі мен дәйегі көмескі тартқан, өшкен сол жайттар – Жер-адам тарихындағы айту­лы оқиғалар. Олар халықтар аңыздарында, діни ілімдер сөздерінде біршама көрініс тапқан. Әсіресе, дін сөзінде, бір қарағанға, табиғи-объективтік бұл оқиғалардың мотивациялары имандылық, мораль уәждеріне  телініп  айтылады. Олар сонысымен  әлімсақтан  бері  адам руханияты өрісінде өлмес, аса құнды,  хикмети  ұлағаттар  болумен  келе  жатыр.

«Топансуға шейін» деген түсінік – өте алыс ескілікке меңзейді. Ол – дерегі бұлдыр қиян оқиға, тым көне құбылыс. Оған дейінгі адамзат – хикмети ілімде Адам Ата ұрпағы, ресми ғылымда home sapiens тармақтары – қандай жағдайда, қай аймақтарда өмір сүрді, қандай дәрежеге жетті, сонша жағдайға қалай тап болды – бүгінгі көреген ғылымда, түрлі палео-неол­ит артефактылары көптеп табылып жатқан мына заманда осы сұрақтарға дәйекті жауап жоқтың қасы. Бұл орайда, кешегі ілімдерден, тас жәдігерлері бізге жеткен ежелгі адамдардың эволюциялық даму жолы қисынды, көңілге қонатын материалистік нұсқа болып келген еді. Оны жоққа шығарып, адамзат өмірін Ата тегін тарқату арқылы пайымдау – ертегі қуалау тайыздығы сияқты көрінетін. Бірақ бүгін­гі азат ой, еркін ізденістер, стандарттарды бұзған жаңа үдерістер басқа да нұсқалар бар-ау деген орынды «күмәнді» табанды түрде негіздеп келеді. Сондықтан да, Жер шары home sapiens кезеңінің өзінде бастан кешкен түрлі апаттар, ықылым заманғы термоядролық соғыс белгілері енді тосырқау ойға себеп емес. Және адамзат тарихында қаншама өркениет, ғылыми-техникалық шарықтаулар болғанын және сондай шарықтаулар ақырында әр себепті апаттар қалайша орын алғанын зерделеуге, парықтауға қызықтырып шақырушы  атойлы  жайттар.

Адам Ата және Хауа Ананың жер бетіндегі өмірнамасына деректі түрде тереңдеу мүмкін болмайды. Бұл орайдағы, теологиялық нұсқаға сүйенген тезис­тер мейлінше қысқа. Пұшайман боп, жұмақтан қуылып, мына ғаламшар бетіне түскендегі Адам Атаның пенделік табаны алғаш тиген жер (ол бір нұсқада, Сарандиб биігі деп аталады), сонан кейін Хауа Ана екеуі бірін-бірі үш жүз жыл бойы іздеп, ақыры, Арафат тауында табысуы, ұрпақ көбейтіп, қасиетті Қағбаны көтеруі – бізге жеткен ислами дәйекті нұсқалар.

Қазіргі кей ғылым сөзі Адам  ұрпағы  осыдан  40-50 мың жыл шамасы бұрын Африкада «туып», әлемге тараған деп жобалайды. Адамдар Атасының мекенжайына көп сілтеу жасамай, адам Анасының ежелгі Эфиопия жерінен шығып, тар қылта – Баб-әл-Мандеб бұғазынан Араб түбегіне өткен қара нәсілді әйел адам болғанын, оған және 2 миллион жыл шамасы өткенін межелейтін сөз де бар. Бірақ сол ыстық континентте де, әлемге австралопитек, синантропты «берген» басқа алшақ аймақтарда да Адам Ата, топансу алдындағы өркениеттер, сосын, ұлы апат туралы жорамалдар тым тұмшалы. Бұлар біз үшін игерілмеген ізденіс өрістері секілді.

Ересен уақыт дариясының бір иініндегі адамзат тарихының бірөрім бастауы – анық дерегін ұстатпайтын оқиға. Сонау болмысқа екі түрлі түбегейлі көзқарас – сол болмыстың өзіндей көне. Және, осы екі тұғырдың «келісуінен» гөрі, «кетісуі» басымырақ. Мысалы, діни догматтар өзі баян еткен жайттарға алғаусыз кесім айтады. Ал, ресми ғылым қисынды материалистік уәждермен, ол кесімдерді жоққа шығара, заттық, объективті негізде сөйлейді. Саналы адамның тегі мен отанын іздеуде созыңқы уақыт пен шашыранды жағрафияға сілтеме және бір-бірімен қабыспайтын қайшылықтар көп-ақ.

Жер құрлықтары ежел тарихта сүт бетін­дегі қаймақтай неше ұйысып, неше ыдырап, көшіп жүргенімен, адамзат тарихының қысқа кезеңінде ол орнықты тұрақтылықта тұр деуге болады. Әрине сұрапыл жер сілкіністері сонан бері Үнді түбегінің «мүйіздеуімен» Гималай тауларын, әйгілі Эверестті біршама биіктетіп жіберді; Африка Еуразияның батыс жағына маза бермей, Түрік, Грек, Италия, Испания таулары көп сілкінеді; басқа да көрнекі құбылыстар Жер бетінде жеткілікті. Дегенмен, континенттердің қара шаңырағы, ежелгі Пангея құрлығының мұрагері – ұлан-байтақ Еуразия кеңістігі біршама тұрақтылық алабындай сенім орнықтырады. Осы қисынмен, бұл ұлы континент – адамзат өмірінің де қарашаңырағы болуы мүмкін деуге негіз бар.

Дүниеде Му континенті, Гиперборея, Атлантида, Лемурия өркениеттері туралы фантазиялы-дерек­ті көптеген жорамалдар құрастырылған. Ол негіздеулер мейлінше ғылыми тұғырлы қисынға құрылып жүр. Қуат-кереметін, біз, мына ХХІ ғасыр тұрғындары да көзге елестете алмайтын ұлық ұлыстар болған бір кездері. Сонысына қарамастан, тұқым-тұянағына шейін құрып кетерлік сұмдық апатқа ұшыраған… Адами қисынмен аңдайтын бір жайт:  сол құдіретті өркениеттердің жойылып кетуіне объективті табиғат құбылыстарынан (Жерді мұз басу, ауа ысынуы, мұхиттар тасуы, супержанартау, суперцунами – әрине, бұлар да жоққа шығарылмайды) гөрі, өнегелік-имандылық жағдайлар зор себеп етіп  алынады.

Жер бетіндегі көп апаттар алды, байырқалы, бақуатты  өмірлер  болған.

Материалды-объективті тұғырдан келсек… «Әлем» ұғымы, сонау ежелгі жұрттарда өгіз, тасбақа, кит көтеріп тұрған, жан-жағы шектеулі кеңістік түрінде түсінілгенін мектеп кітабы айтады. Мұнан шығатын пайым: хоме сапиенстің біршама сана, өркениет деңгейіне көтеріле алған ұрпақтары Жер шарының белгілі бір аумағында, жинақы жағдайда өмір сүрген болуы да мүмкін. Ол аумақ жер бедерінің ұтыр-нұсқаларында Дунай – Алтай арасына меңзейді. Екі ортасы – Тұран даласы… Міне, осындай аумақтағы апатты су тасқыны сол адамдар дүниесін набыт еткен – әлемдік апат деп қабылдануы мүмкін. Он мың жылдан арғы тарих туралы дәйек пен деректің тым мардымсыздығынан біз өзіндік қисындар арқылы ғана осылай айта аламыз. Сондықтан ол талас­сыз мәлімет емес, тағы да, негізді қисынмен талдауларға түсе алатын жорамал. Алыс шындықтар да таластарда туады.

Адам Атадан бүгінге шейін адам өмірі адасулар мен қателіктерге толы.

Сондай бір апатты «табалдырық» Бүкіләлемдік Топансу деп аталады. Бізге мәлім тарихтың ұлы жоба­сы, шартты түрде, соған дейін және сонан кейін болып  бөлінеді.

Әлемде Топансу оқиғасын ғылыми негіздеу, нақтылау әрекеті бар. Еуропа текті көне ғұламалардан бастап, осы заманғы зерттеушілер арасындағы пікірлер сан алуан. Бізге мәлім тарихтар көкжиегінде «Гильгамеш» дастанынан, онан берігерек Платонның «Атлантида…» зерттеулерінен және әлем аңыз­дарынан, Геродот тарихнамасы, Латын Америкасы, Қытай, Оңтүстік-Шығыс Азия, Океания аңыздары, Үнді салттарынан бұған мысал көп. (Бәлкім, бізге әлі де беймәлім өзге де мәлімет көздері қол жетпес қияндар­да жатыр, оның бәріне құлаш сермеуге біздің қол қысқа, уақыт тығыз екенін өкінішпен мойындау  керек).

Нақтылана түскен жорамал: Топансуға дейінгі «Гиперборей өркениеті» деген бір құбылыс Солтүстік Мұзды мұхитпен, ұлы су стихиясымен байланыста айтылады. Солтүстік Мұзды мұхитқа бейім қарастырылатын гиперборей өркениетіндегі фан­тастикалық керемет – алып су иірімі, судан қуат алу технологиясы. Аса қуатты осы қауымның ғұмыры да, ақыры да су факторымен түйінделеді. Демек, Топан­су шындығына жақын келетін қисын бар мұнда. Тарих атасы Геродот хатқа түсіріп, бүгінгі кей ғылым растай бастаған сол «гиперборей өркениеті» апат алдын­дағы тарихтан бірден-бір мәліметті шаң беретін қауымдастық. (Ілімдерде сонау қауымның басқаша атауы болмағандықтан, біз де Геродоттан жеткен «гиперборей» атауын қолданысқа аламыз.) Сицилиялық Диодор оларды Аполлон ертегісіне телісе, ал Үлкен Плиний сол бақуатты жұртты нақтырақ айтады. (Үлкен Плиний. «Гиперборея»). Гиперборея-Арий-славян схемасы да қолданыста жүр… Біз Гиперборейге қол артатын себеп, осы қауым­нан кейінгі тарихта үзілмей жалғасатын бір жүлге-дерек бар. Платон гиперборейлерді Ирландия, Исландия аралдарына  апарғанымен, гипер­борей мұрагері делінетін арийлер Топансудан кейін мүлдем басқа жағрафияда – Ұлы Далада шаң береді. Ал,  бізден отаны алыстау, жойқын апат алдында болды делінетін тағы бір жұрт – атлантидалықтардың тарихы (Платон. «Тимея», «Крития») сол су апатымен көмескіленіп өшеді. Нақты Атлантида тұрғындарының жалғасы туралы (арийлер сияқты айқын) дерек жоқтың қасы. Ал Үнді жұрты лемурия мешіндерін, сірә, сол тарихи-сакральді себептен, адамдардан жоғарырақ кие көреді. (Үндістандағы Хануман культі). Яғни, әйгілі Лемурия құрлығының қасиетті тұрғындарынан  қалған, психо-физиология­сы әбден деформацияланған  жәдігер-тұяқтар  деп  санайды…

Гиперборей туралы сөз – ертеден жеткен фантастикалық сарындардың ең шалқымалысы деуге болады. Дегенмен, өркениеттер шарықтауына шәк келтіруге бола ма?!. Сол, бір ақыр өркениеттен бері қарай  өмір  тартқан Нұх пайғамбар – Адам Ата ұрпақ­тарының алғашқы үлкен бір легінің өсіп-өркен­деп, бір  өркениет  түрінде  шарықтап  шегіне  жеткен,  сосын рухани-имандылық тұрғысында азғындаған (табиғи сипатты апаттардың зор алғышарты имани-өнегелік жағдайлардан туындаған деседі) ахуалын, яғни, гиперборей (бәлкім, Атлантида, Му, Лемурия) өркениетін көзі көрген соңғы тұяқ деуге болады. Шын мәнінде, адамзаттың екінші атасы боп саналатын Нұх пайғамбар – біртіндеп, тарихи тұлға тұғырына көтеріліп келе жатқан күрделі құбылыс.

Ежелгі Эллада аңыздары бойынша, үш тасқын болған: Огиг, Девкалион, Дардан тасқынсулары. Сервий бойынша – екі, Истра бойынша – төрт, ал Платон айтса, тіпті көп тасқын өткен… Топансудың ең көне дерегін ашқан  ағылшындық  Дж.Смит    (ХІХ ғасырдың 70-жылдары Ниневия тақтайшаларынан «Гильгамешті» оқыған ғалым) бұл жайттың кіндік-кесімін айта алмайды. Су жұтқан жоғарыдағы ұлы континенттер жорамалынан өзгерек, ежелгі Элла­да аңыздары, Қосөзен (Тигр-Евфрат) алабындағы тасқын туралы жорамал (Зенон Косидовский. «Библия аңыздары»), тағы бір батыс ғалымы Л.Вулли Месопотамиядағы екі өзеннің лайлы тасқынымен ғана шектеледі… Осылайша, Топансу аясы тым тары­лып  кетеді…

Ғалами   топансу  жағрафиясын жорамалдау мүмкін бе, сол оқиғаның уақытын шамалауға бола ма? Әйгілі «Авеста» дүние жасын біздің уақыттан 12000 жылмен тұспалдайды. Түп нағашысы Солон (2600 жылдан арғы тұлға, Анақарыс бабамыз тұстасы), оның көп құпиясын қызғыштай қорыған мысыр­лық Саис  абыздарынан мағлұматтар суыртпақтаған Платон бізден 12400 жыл уақытты межелейді. (Платон. «Критий», «Тимей» диалогтары.) «Атлантида» Платоннан қалса, «Гиперборея» ұғымы бізге Геродоттан жетті («Мельпомена». 110 тарау). П.Шлиман кесімі де қызық – 13900 жыл. «Қазықұрт» тауы, Орталық Азиядағы  Нұх  пайғамбар  кемесі тоқтаған деген жерге бейім жатқан Арал теңізінің бергі жасын ғалым­дар 12-15 мың жыл арасы деп жүр. («Марғұлан оқулары», 2001 жыл, Қызылорда, итальяндық ғалымның баяндамасынан). Шығыс ілімдерінің бұл мәселеге  көзқарасы  бізге әл-әзір мәлімсіздеу… Демек, осы сілтемелерден шығатын  пайым: Топансу мұнан 12-15 мың жыл шамасы бұрын  бұрқап  өткен  деуге негіз бар. Бізге мәлім бергі тарих сол  тұстан басталған. Тағы бір мәнді мәселе: оқиға  өрісі  Ұлы Дала,  Тұран  кеңістігіне  меңзеп жатыр. (Бірақ  сонан  кейінгі  мезолит, неолит дәуірлері деп аталған кезеңдердің көзге түскен көп белгілері Тигр-Евфрат өзендері бойынан табылып отыр).

Енді бір ғылыми ой: тасқын эпицентрі – ежелгі Хвалын (Каспий) теңізі болған деп жорамал­дайды. Мұз басу дәуіріндегі Валдай мұздығына сілтеме жасай­ды. Сол мұздық еруінен сол кездегі Каспий айдыны қазіргі мұхит деңгейінен 50 метр биік (бүгін­гісінен 78 м.) көтерілген деседі. (Мұндай «эволю­циялық» мұздық  еруі  сонша  кең  алапта  апатты  тас­қын әсерін бере алмаса керек). Сол биік су бір сәтте Маныш бұғазымен жөңкіле ағып, Азов, Қара теңізді толтырған. Боспор, Дарданелл бұғаздары Жер­орта теңізінен бері қарай емес, ары қарай жырылған. Эгей теңізіндегі шашыранды аралдар бұрынғы құрлық биіктері. Бәлкім, Гибралтар бұғазы да ары қарай жырылған… Платон «Атлантидасының» бір себебі, сірә,  осы  жайттарда  жатыр.

Ілкі  жорамалдардағы  бір  қисынсыздау  жайт:  біз білетін әлемдік төрт мұхит бас-басына бір-біреу­ден континенттер жұта бергені қызық. Му континенті, Гиперборея, Атлантида, Лемурия оқиғалары сол жорамалдарда моншақтай тізбектеліп айтылады… Мұндай апаттар «парады» әлдебір жоспарлы шараларға ұқсайды. Хикмет ісі дегеннің өзінде, мұндай реттілік объективті шындық ісіне келіңкіремейді. Және Топансу сипатында кереғар екі тұғыр бар: бірі – әлемдік ауқымдағы апат, екіншісі – шектеулі алаптағы «кішігірім» оқиға. Соңғысына, қанша алып болса да, сонау, жекелеген континент­тердің суға жұтылу оқиғалары да жатады.

Біз, анығы, ұлы Ақиқат биіктерінің етегінде жүрміз

Топансуға қатысты бірден-бір тұлға Нұх бабамыз тарихи шындық тұғырына көтеріліп келе жат­қанын айттық. Оның бір ишара-мәліметі осыдан 5000 жыл шамасы бұрын Шумер жерінде дүниеге келген «Гильгамеш» дастаны, сондағы, су алған алыс отанда қалып қойған Отынапештім әулие тұлғасымен  алғаш  нақтыланған.

Батыстың діни ілімі Нұх пайғамбарды – Адам Атадан бергі оныншы буын деп санайды. Топансу, еврей мәтінінде Адам жаралғаннан – 1656 жылы, яғни, біздің жыл санауымызға шейінгі 3853 жылға сәйкес келеді,  Септуагинте  жобасында Адамнан бері – 2262 жыл өткен, яғни, б.ж.с. дейінгі 3247 жылға сәйкес шығады. (Герман Гункель. «Топансу тарихын межелеу»). Мұның бәрі Нұх пайғамбар уақытын дәйек­теу үшін алынған мәліметтер. Діни нұсқада Нұх пайғамбар 980 жыл жасаған. Жоғарыдағы мәліметтер бойынша, жүздеген жыл жасаған әулиелер өмірлерін есептеуде өзгеше бір арифметикалық тәсілмен жүргізілгені болмаса, адамзат тарихының бас-аяғы мәліметіне бұл қисап үйлесіңкіремейді…

Біздің ізденіс-талабымызда Ұлы Топансу (Всемирный Потоп) деген оқиғаға өз сүрдегімізді қалай тартпақ ләзім? Бұл ұлы оқиға материктер Қарашаңырағының бір мәнді төрі – Ұлы Дала-Тұранда орын алған емес пе?.. Белгілі бір, мақсатты (навигациялық) бағытпен жүре алмайтын кеменің, хикмет бұйрығымен, біздің аңыздарда кесімді айтылатын, Тұранды кемерлеген,  онша биік емес (1768 м.) Қазы­құрт тауына келіп тірелуінде не мән? Аспани таулар бір Тұранның өзінде ғана аз ба еді? Барлық сакраль­ді себептерден тыс, осы жайтта бір объективті жағрафия­лық-физикалық  негіз  жатқан  жоқ  па?..

Сонау гиперборй өркениеті кейде Батыс Сібір ойпатымен байланыстырыла айтылады. Ол жер гиперборейлердің орасан зор өндіріс алаңы – сұрапыл қуат өндіретін алып су иірімі болғанға ұқсайды. Асылы, Батыс Сібір ойпаты мен оны кемерлеген Орал тауының үйлесімінде бір сыры ашылмаған жайттар бар. Өткен ғасырдың 60-жылдары, орнында алапат ойыс қалдырып, қопарылған бір бөлек жер қыртысы ғарышқа көтеріліп, Ай-серік сонан пайда болған деген жорамал «Білім және Еңбек» жур­налында айтылып еді. Не де болса, Сібірдің осы ойпатында бір жабулы құпия бар. Гиперборей өркениеті  алып мұхит иірімін игеріп, өмірге қажет қуат­ты сол көзден алған деген ойға ғылым тоқталады. Ал ол халықтың «өндіріс» алаңынан тыс, «тұрмыс» алабы сол «өндірістен» оңтүстікке қарайғы тіршілікке қолайлы кеңістік, яғни, сол кезде біртұтас Торғай қабырғасымен  бөлінген берекелі Тұран жазығы емес пе екен? (Әлемде таңғажайып Тұран туралы ерте­гі неге көп?!.) Ежелгі Тұран, Ұлы Дала – аса кең ұғымдар. Сол, өткен өмірдің біраз қасиетін төсіне қондырып қалғандай Тұран осы күні бізге көп сыр ашатын сияқты. Бұлай деуге елеулі негіздер бар. Ең алдымен, Нұх пайғамбар кемесі тоқтаған делінетін Қазықұрт биігі осы нақты жағрафиялық ауданның бір шоқтығы. Арий деп аталатын гиперборей-жалғас жұрттың қаласы Арқайым қаласы осы маңдардан табылып  отыр. Ал Арий-дария (Шу өзені) ізі осы өлкеде жатыр. «Адам Ата қорымы», «Адам Ата да­риясы», «Сам құмы» деген атаулар бұл маңдарда ежелден  бар…

Топансуға дейінгі адамзат өмірінің сондай бір деректері нақты жағрафиялық кеңістікке меңзейді. Ол – кең-байтақ Еуразияның шамамен 30-60˚ солтүстік ендігі арасы. Ол кездің ауа райы қазіргіден өзгеше­леу, аса ыстық та, суық та емес, өмірге қолайлы қоңыржай климаттық белдеу болған сияқты. Осы тұста ғылым назарында бар бір жорамалды айтсақ: Аталмыш аумақта, бұдан 20-30 миллион жыл бұрын көсілген Тетис мұхитынан жәдігер – Арал-Каспий теңізі (мен оны «Тұран теңізі» дер едім) қалған. Ал оны соңғы палеолитте (12-15 мың жыл бұрын) апатты түрде тасытқан – Торғай дуалын бұзып, Торғай қолатын қаза, бері лап берген Батыс Сібір (гиперборей) теңізінің тасқыны болған. Міне, нағыз Топансу мінез күрт оқиға… Ұлытауға шейін шалқыған Арал Узбой аңғарынан құлап, Хвалын суын біртұтас Арал-Каспий теңізіне айналдырды. Бұған Валдай мұздығының еруі де қосылды. Мұнан  арғы  «сценарий» – жоғарыдағыша.

Бұл жорамал Батыс Сібірдегі гиперборей өркен­иеті  қисынымен  үндеседі.

Әлемдік пікірлер тізгінін ұстаған батыс ілімдері қазақта Топансу туралы дерек мардымсыз деген ойда сияқты. Ал ол оқиғаның қазақтағы суреттері тым жанды да, айшықты. Топансудың кейде бұлдыр ишаралы, кейде қанық сюжеттермен өрнектелген нұсқалары, бәлкім, өзіндік төлтума, бәлкім, әлем аңыздарынан сабақ тартқан Топансу туралы аңыздары қай қазаққа да таныс. Негізі Рабғузи пірәдардан дегенмен, қазақтың өз әпсанасы іспет сөз: Нұх пайғамбардың тәуе­кел жолындағы кемесінде мақұлықтығын қоя алмаған тіршілік иелері де болған. Тұжырып айт­қанда, соның бірі – ынсапсыз тышқан кеменің ағаш қабырғасын кеміріп тесіп, әупірім-үмітті тіршілікті суға набыт етердей болғанда, мысық тышқанды тыю міндетін алып, есесіне пайғамбардан тар жерде емін-еркін мауығу мүмкіндігін сұрайды. Пайғамбардың наразылығымен берілген ұрықсат себебінен мысық-мақлұқаттың тым мазасыз қауышуы және мысық-тышқан жағдайы сонан қалған деген бар. Ал қабырғадан атқақтаған судың жолын денесімен ширатылып бекіткен жылан, осы қызметінің ақысына дүние­дегі ең тәтті қаннан қорегі болуын сұрайды. Пайғамбар шарасыздықта бұған да келіседі. Әрине, тәтті қан адамдікі еді… Мұнан ары «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» аңызына өзек болған жылан, маса және қарлығаш оқиғасы жалғасады… Тышқан, доңыз, піл сияқты мақлұқаттар осы аңызда өзінің негізді болмыстарын табады… Көне сөз өзге қай-қай аумақтан да гөрі, өзіміздің сары сахараны меңзеп тұрғандай. Топансу апатынан хабарсыз, тек сиырының құйрығы батпаққа малшынып кеп жүргенін байқаған бір кемпір туралы тағы бір қысқа әпсанада, бәлкім  біраз  жұмбақтың  кілті  болуға…

Нұх пайғамбар кемесінің тұрағына әлемде, біз білерде, үш орын «таласады». Қасиетті Құран бойынша – Жөді тауы, сосын, Батыс пікірі табан тіреген армениялық Үлкен Арарат (Библия), сосын, біздің Қазықұрт. Қасиетті Құран айтқан Жөді тауы – Сарандиб қыраты сияқты сакральді ұғым. Ал, батыстекті ойлар ұстанатын Үлкен Арарат туралы ойымызды төменірек таратамыз.

Арарат тауын, Библия сілтеуімен қанша «шұқылағанмен», неше ғасыр бойы іздеуші-ізденуші ғылым бұл жерден құтқарушы кеменің бірде-бір белгісін тапқан емес. Ондай белгі Қазы­құртта да жоқ. Оны іздеп те қажеті жоқ. Тез тасып, тез қайтқан судан (150-180 күн жатқан) белгі қалмайды. Сарқылып, жылдап-ғасырлап жатыңқыраған су Маңғыстау, Арал маңы тауларындағыдай бедер қалдырады. Қазықұрт басынан Топансу белгісін және ағаш кеме қалдығын іздеу де мәнсіз. Ал, Торғай аңғарындағы ерек табиғатты төрткілдер – сол тұтас дуалдың апатты тасқынынан  қалған  жұрнақтары  деу  орынды.

Топансу қандай ауқымда болса да, біз үшін Нұх  пайғамбар кемесінің Қазықұртқа кеп тоқ­тағаны   аса  зор мәнді  мәлімет. Басты  ой-қазық  осы.  Әрісі  әлемдік,  берісі Тұранда болған су апаты нәтижесінде құтқарушы кеме осында тұрақ тапты десек, мұнан кейінгі тарихтың даму үдерісі сындарлы бір ізге түсе бастар еді. Ол – Ұлы Дала­дан тараған адамзат қозғалысының негізділігі, бірін-бірі бекемдейтін қисындар жалғастылығы. Бұл бірізділікті Ұлы Тұранның бір пұшпағы – Мұған жазығынан (Әзірбайжан) 350 шақырым алыста тұрған Арарат тауы түсіндіре алмайды. (Анығында, осы Арарат – «Ари ара тау» деген прототүркі сөзі). Ал, «Жөді» атауы ше? Құрандағы Жөді тауы, қасиетті кітапта нақты түрде айтылатын эт-Таиф, Арафат сияқты нақтылыққа меңзей ме? (Араб түбегіндегі Жөді – қасиетті ат қойылған жер аты ғана сияқты, оның басына кеме тоқтады деген нақты кесім жоқ). Кеме тоқтаған Жөді тауы, сірә, Мағырып-Машырып, Шын, Машын сияқты атаулар мен кеңістіктердің бір тұсында жатқан бір жер. Ендеше, сол қасиетті Жөді – біздің киелі Қазықұрт емес пе деген қисын сұранады. Имани шартқа адал, асылық сөз бен ойға жоқ көнелер құтқарушы пайғамбар кемесінің тарихын айтқанда, Құран уәжіне таласпаса керек-ті. Ал, «Қазықұрттың басында кеме қалған…» – әлімсақтан келе жатқан аса көне сөз. Ол – бүгінгі «Қазықұрт».

Шын мәнінде, тарихтың мыңдаған жылдарында мағынасы көп өзгермеген осы төл сөзіміздің түп-төркіні – Қазық Жұрт. Адамзаттың  Қазық  Жұрты!

Мифтер гиперболасының астарында ұлы шындықтар  жатыр.

Объективті (материалдық) себептерден бұрын, имани-өнегелік жағдайлар сұрапыл апат­қа себеп болған болса, сол қисынмен, материалды дүние факторын бұза, жатаған, бірақ иманы биік Қазықұрт тауына пайғамбар кемесінің келіп тұрақтауы  таңқаларлық  іс  деуге  бола  ма?

Әлемдік ойлардың қисын-қауметі бізге де бөтен  емес.

Қасиетті Кітаптарда Топансудың әлемдік ауқымы анық. «…И продолжалось на земле наводнение сорок дней [и сорок ночей], и умножилась вода, и подняла ковчег, и он возвысился над землею; (Быт 7, 17) вода же усиливалась и весьма умножалась на земле, и ковчег плавал по поверхности вод. (Быт 7, 18) И усилилась вода на земле чрезвычайно, так что покрылись все высокие горы, какие есть под всем небом; (Быт 7, 19) на пятнадцать локтей поднялась над ними вода, и покрылись [все высокие] горы. (Быт 7, 20) И лишилась жизни всякая плоть, движущаяся по земле, и птицы, и скоты, и звери, и все гады, ползающие по земле, и все люди; (Быт 7, 21) все, что имело дыхание духа жизни в ноздрях своих на суше, умерло. (Быт 7, 22) Истребилось всякое существо, которое было на поверхности [всей] земли; от человека до скота, и гадов, и птиц небесных, – все истребилось с земли, остался только Ной и что было с ним в ковчеге. (Быт 7, 23.) Вода же усиливалась на земле сто пятьдесят дней…» (Быт 7, 24) («Библия о Потопе». Мәтін кітаптағы техникалық қалыбы сақтай алынды).

Батыс зерттеушілері («Потоп в коране») Топан­су туралы ислам сөзін екі тұрғыда қарас­тырады: біріншісі, классикалық Бүкіләлемдік тас­қан; екіншісі ежелгі ислам аймағы – Қосөзен аумағында болған локальді тасқын. Олар осы соңғы нұсқаны шындыққа жақын тұтынады. Біздіңше, бұнымен  келісудің  реті жоқ. Бәріне негіз – айқын  Құран  сөзі  және  тағы да біздің киелі Қазығұрт факторы. Сұрапыл Топансу қазіргі Ирак жерінде өткен шағын тасқын болса, Нұх пайғамбар кемесінің онан 3 мың шақырымдай Қазықұрттан келіп шығуы қалай?!. Екі арада су аса алмас қанша шөл, қанша тау жатыр!.. Әлемдік Топансуды зерделеудегі бір негізді уәжі осы болуға тиіс.

«Пайғамбар хиссасы» былай баян етеді: «…Ал Ад қауымы, олар да ысқырып, гуілдеген, құйын­даған дауылмен жоқ етілді. Оларға бұл дауылды Аллаһу та’ала жеті түн, сегіз күн үздіксіз жіберді. (Сондай аласапыран халге түскені соншалық, ол жерде болсаң) олардың тамырынан жұлынып жерге төселген іші бос құрма ағаштары сияқты қалай өліп, қирағанын көрер едің! Қазір олардың артынан қалған бірде-бір адамды көре аласың ба?

Перғауын да, одан бұрынғылар да астан-кес­тен болған мекендердің халқы да (Лұт қауымы), барлығы сол қатені (ширк пен қарсы келушілікті) қайталады… Осылайша, Раббыларының пайғамбарына (Лұт алейһиссаламға және басқа пайғамбарларға) қарсы шықты. Сондықтан да оларға бұрынғы үмметтерге келген азаптан да ауыр азап төнді… Шынында біз, (Нұх топанында) барлық жерді су басқан уақытта, сендерге ғибрат болсын және оны естігендер де есінде сақтасын деп, (тіршіліктеріңе себеп болған аталарыңды) кемеде алып қалдық…» «Таулар құмға айналғанда». (Мәтін кітаптағы техникалық қалыбы сақтай алынды). Қасиетті Құрани-кәрімдегі «Һуд», «Нұх»  сүрелері – осы  шындықтың  басты  негізі.

Ең биік таудың үстінен «40 аршын биік» көте­рілген су мәліметі де аңыздарда бар… Құран апатты судың Жер бетінде 180 күн жатқанын айта­ды.

Топансу әлемдік апат болған.

Хикмет үкімі сұрапыл. Жексұрын қауымдар мен өркениеттерден «сабақтық жіп» қалмай құрыған. Апаттан аман қалған тұяқтар – иманды адамдар, еркек-ұрғашылы бейкүнә тіршілік қана. Басқасы жойылған. Жойқын апаттардың жүзеге асу шарты сондай.

Адам Атаның ұрпағы төменгі палеолит «жабайысы» болып жер басып еді. (40-36 мың жыл).

Нұх үммәті мезолит-неолит (15-12 мың жыл шамасы) жабайысы боп, тағы бір жер басты.

Осы күні палеолит (2,6 миллион – 35 мың жыл), төменгі палеолит (35 – 8 мың жыл) кезеңі тұрғындарынан көрнекі артефактылар (тас, сүйек құралдар) әр жерден табылып жатқанда, сонша дәуірлеген Топансу алды өркениет-техно­логиядан (муландия-атлантида-гиперборея-лему­рия) неге елеулі жәдігер жоқ деген сұрақ туа­ды. Заңды сұрақ. Үлкен сұрақ. Ғылым, тек тас жәдігерлер арқылы ғана, ол кезеңдерді «мезолит», «неолит» деп анықтайды. Сірә, сондайлық хикмети апаттың ұлы шарты – алдыңғы өрке­ниеттен із қалдыр­мау ниеті болса керек. Тіпті, тірі қалған адамзат тұяқтарының естелік-жадтарына шейін өшірілу қажеттігі болды?.. («Бүлінгеннен бүлдіргі алмау» пәлсапасы). Сұрапыл жаза… Міне, осы сакральді уәж біздің пікірлеріміздің бір  қанаты түрінде біраз шетін ойларымызды демеуге сеп болады. Астам өркениеттер жәдігерлері түгелімен ғайыпқа жұтылған! Бір Топансу емес, басқа да көп апаттарда солай болған… Әйтсе де, Сахара шөлінен табылды делінетін ғарыш айлағына ұқсас бір нысан, Перу шөліндегі гулливерлік таңбалар, Жерорта, Қара теңіз астынан табылып жатқан көне мекен іздері, бағзы бір замандарда өткен Жер бетіндегі термоядролық соғыс белгілері, мына далада, берісі, Торғай, Арал ұлтанынан ашылған табиғаты белгісіз таңбаларда (геоглифтер) не жұмбақ? Тұмшалы Жер не құпия жасырып жатыр?..

Библия Нойдың үш баласымен шектеледі. Ислам ілімі Нұх әулетімен тағы 80 мұсыл­манның құтылғанын айтады. Қалай болғанда да, бүгінгі адамзаттың әлемге тараған қалың қарамы сол пайғамбар үммәті. Міне, осы жұрттың Ұлы Дала­дан тарап, дүниеге тек адам ұрпағы ғана емес, дамы­ған өркениет, алуан мәдениет және парасат­ты ой бастауларын ала кеткенін заманауи ғылым енді батыл айта бастады. Егер Адам Ата баласы хоме сапиенстің ізі ғылым назарына ілігуі үшін 5 мың жылдай уақыт қажет болған болса, Нұх  ұрпақтарының  «анығырақ  көзге  түсуіне» де  сол  шама мерзім өткен сыңайлы. Осыдан 12-15 мың жылдай бұрыннан әредік шаң беріп (мезолит дәуірінің артефактылары), 8-7 мың жыл бұрын ұлы көштер түрінде із қалдыра, онан кейін Қосөзен, Ніл, Кіші Азия, Оңтүстік, Оңтүстік-Шығыс Азия мәдениеттері мен өркениеттерінің бұрқ етіп, жарқырай гүлдене көзге ұруы, ол – сол ұлы көштер мен үдерістердің айтулы кезеңдері.

Топансу – дәуірлер табалдырығы.

Осы бедерде, бізге хикмет ұсынатын тарих біршама дәйектілігімен көңіл тұрақтатады. Адам Ата пенде боп, жер басқан Сарандиб биігі, Хауа Анамен бір-бірін 300 жыл іздеп, Арафат тауында қауышуы туралы сөз. Топансу алдындағы адам ұрпағынан бізге төрт пайғамбар ғана мәлім… Біз үшін мәндісі – бүгінгі адамзаттың «екінші» тарихы дедік. Расында да, жоғарыдағы 4 мұхиттағы апаттар жорамалын жоққа шығармайтын ғаламдық Топансу оқиғасы сол ілім баяндаған сипатта болған деу ләзім. Үлкен өмірлік тұжырым – Нұх пайғамбар кемесінде құтқарылған тіршілік. Ендеше, жұмбағы әлі кілттеулі Қазы­құрт (Қазық жұрт!) – рухи еңсесі биіктеп, рөлі ғаламдық ауқымға көтерілетін киелі орын. Біздің сенім бойынша, бұл миссияға «таласушы» басқа заңғарлар нұсқасында табан тірер орнықты дәлел жоқ. Хикмети ілімдегі Жөді де, Библиядағы Арарат та бұл таумен «таласа» алмайды. Немесе олар осы Қазықұрттың өзі… Қазықұртпен іргелес өмір өзектері Сырдария мен Әмудария – өмір-дария миссиясын атқарған ата сулар. («Өзен жағала­ғанның өзегі талмайды», сірә, әлімсақтан қалған тәмсіл, немесе «Сырдан ұшқан құс  Әмуге үй шатырларына қона жеткен» деген де тым көне мәлімет бар). Адамзаттың «екінші» өмірі осы жерлерден бастау алып, ғаламға тараған деу қисынды. Кейінгі Тигр-Евфрат, Үнді-Ганг, Ніл, Хуанхэ-Янцзы, Амазония өркениеттері – сол бастаудан тараған бұтақтар, сонау өзендік өркениет дәстүрін дамытушылар. Олар ендігі Атажұрт болмысын ұмытқан, уақыт пен оқиғалар тезінен өткен; діл, тіл, діні адам танымастай өзгерген жұртшылық. Әйтеуір, бізге мәлім айтулы өркениеттердің бәрі 5-7 мың жылдан бері. Демек, мәлім өркениеттердің бәрі – «екінші» тарих  құрса­ғынан  туып  жетілген  құбылыстар.

Ғылым «Арий» деп атаған халық сол Топан­судан кейін ұлы далада бой көрсетіп, зерде наза­рына іліккен бірден-бір тарихи деректі жұрт. Топансуға дейінгі және кейінгі аңыз-тарихтарды селбестіре-ұшқастырып көрсек, ілкі мәліметі бар гиперборей мен нақты деректі арий жұрты арасында әлемдік Топансу, мәлімсіз ғасырлар мен мыңжылдықтар және арысы беймәлім, берісі нақты ғажап жағрафия (Тұран) жатыр. Онда бұтақ-өркендері алысқа құлағанмен, өз негізін сақтаған автохтонды бір қауым өмірі ары жалғас­ты. Кең далада бөтен-бастақ жұрт емес, сол ежел өркениеттердің, кейінгі тарихтар көп мән бермей, әлденеге айнала өтіп, үстіртін айтып келген бір елеусіз, бірақ, діліне берік мұрагер халқы қалды.

Ол бүгін ақиқат жолын қинала аршып жатыр.

(Басы 1-бетте. Жалғасы бар.)

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: