Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Топансу жүзін жуған ҰЛЫ ДАЛА

09.12.2021, 10:30 373

Қисындар мен ғылым сөзінің тоғысындағы ойлар

«Бізден  де басқа  қасиетті  адамдар  мен  жерлер  болады»

Діни  ілімдер  сөзінен

Ұлы  Дала:  тамыры  терең  өркендер  бастауы*

Мына сарытап далада тосын көз байқай бермейтін кереметтер мен жұмбақтар қордасы тұнып жатыр. Ол жазу-сызуға көп түспеген, аталарымыздың әбігер-дабырасыз, астарлы әңгімелері секілді. Дүниеде бар тұрғыластарымен бәсекеге бармай-ақ және сондай, дерек-дәйекке шалқақ сүйенген «мықтылардан» жасқанып-жалтақтамастан, өз нәмінде, еркін айтылатын, біз үшін бала күннен құлақсіңді сол қазақы аңыз-хиссалар. Бір қарағанға, тым қарапайым көрінгенімен, тамыры тереңде, қазылуы қиын кеніш екенін аңғарасың. Олар үстіртін көзге сонау сары сахара бедеріндей әрсіз, кейде, өзгенің сүрдегін қайталағандай қызықсыз көрінер еді. Сондай біртоғалық тереңіне зерделі үңілетін көз бен көңіл болса! Сонда олар ғажап сырлармен сөйлей бастайды.

Кесімді діни догмат пен, негізінен, материя анығына табан тіреген ғылым сөзінің үндесуі – кереметті құбылыс деу керек. Сондай үндесу сәттері бізді даналық пен  толымдылық  тұғырына  көтерер  еді.

Бір діни жорамал Адам Ата (с.а.) – Хауа Ананың Жер бетіне, пенде боп қадам басқанына 40 мың жыл өткен деп тұспалдайды.  Ресми ғылым, түрлі тари­хи деректер мен артефактыларға сүйе­не отырып, саналы адам home sapiens-тің 35  мың  жылдан  бергі дерегіне тұрады. Сонан бергі уақытта адам ағзасында, әсіресе, миында физиологиялық өзгеріс­тер болмаған. Осы мәліметтер арасында бір мәнді сабақтастық бар. Біріншісі, адам сыртқы дүниемен ара-қаты­насында таңғажайып өзгерістерді жүзеге асырғанымен, санасы мен физиологиялық тұрғыда көп өзгермеген. Яғни, ол жаратылған және сол жартылған қалпында. Екінші жайт, Адам Ата ұрпағы home sapiens түрінде ғылым на­зары­на ілігуі үшін көбеюі және жер бетіне тарап, із қалдыруы керек еді. Соған 5 мың жылдай уақыт өтуі қажет болған. Ғылым тоқтайтын, дерек-дәйегі бар, 35 мың жылдықтың бір уәжі, сірә, осында. Осы тұста теологиялық сөз бен ғылым тұжырымы бір-бірімен қауы­ша бастайтын сыңайлы… Ал енді, пейіште болған асыл текті адам мен жартылай жабайы home sapiens арасы қалай байланысуы мүмкін? Бір жайтты бажайлап алған жөн: жұмақтан қуылған қамсыз адамда, элементар өркениет мүліктерін айтпағанда, табанына кірген тікенді алатын ине де жоқ еді. Жабайы табиғатпен бетпе-бетте, өркениет игілігінен бір ай ғана алыс жүріп көрген адам, өз басында болатын құбылыстардан мұны жақсы түсіне  алады. Осыдан 40-35 мың жыл бұрынғы төменгі палеолит тұрғыны – пейіштен түлей табиғатқа шығарылған Адамның жағдайы сондай еді. Текті адамның ұрпағы алғашқыда жабайылану (тағылық) үдерісін бастан кешіп, кейінгі шарықтаулар мен өркениеттерге орасан зор еңбек-бейнетпен жеткен жұртшылық. «Адамды адам еткен – еңбек» деудің басты себебі осында. Библияның «раздобыть хлеб насущный  в поте лица…» деп кесетіні де осының уәжі. Ислам ілімінің Адам Ата тарихында айтылатын, адам ұрпақтарының көп бейнетті-машақатты өмір сүруге жазылған тағдыры осыдан шығады. Ресми тарих бұл жорамалмен  сәйкестенеді.

Ислам ілімінде Адам Ата Жұмақтан шығарылып,  пенде  боп  Жер  басқан нүкте – Сарандиб қырқасы деп аталады.

Және  бір  жорамалды да ескере ке­тейік: Шумердің көне аңыздарындағы ұжмақ – Дильмун – Парсы шығанағының Басра жақ шельфіне айналған, су астына кеткен өлкеге ұқсайды. Сонан шығып, Жер  бетінде  (Қосөзенде) өмір бастаған балық-адам тегінен өмір таратады сол аңыз. Ал негіз тұғыры бірінен-бірі көп алшақ емес ибраһимдік ілімдерден христиандық: Адам, Авель, Каин, Енох, Ламех, Иавала, Иувал, Тувалкаин және атақты Нойдың атасы Мафусаил, ал ислам ілімі: Адам Ата, Абыл, Қабыл, сосын, Шиш, Ыдырыс, Нұх пайғамбарлармен Топансуға дейінгі адамдар легін бір түйіндеп тастайды. Адамзат тарихының бұл нұсқалы бастауы алапат Топансу оқиғасымен тамамдалады. Сөйтіп, бәлкім, мыңдаған жылдықтардың біз көзге елестете алмайтындай қиуа тарихы Үлкен Кітаптарда бас-аяғы бір-жар беттің о жақ-бұ жағында тамамдалады. Аңыздар мен нақты ғылымдар бүгін иық тақасып қарай бастаған бұл адамзат ғұмырнамасындағы  Су  апаты (Әлемдік Топансу) – бір тарихтың ақыры, бір тарихтың бастауы деп  мойындалады.

Біз Топансу «оқиғасының» кей сәтте­рін, біршама қисындармен Тұран байтағына меңзедік. Әрине, бір ғана Тұран кеңіс­тігі емес, апаттан аман қалған, бірақ арғы дерегі жойылған шашыранды адамдар анклавтары онан тысқарырақ та түтін түтет­кенін жоққа шығаруға болмас. Ұлыс­тар, өркениеттер, мәдениеттер кең-байтақ Жер бетінде, қисын бойынша, өмірге қолай­лы қоңыржай белдеулерде гүлденген. Апаттан хабарсыз, тек сиырының құйрығы ғана батпаққа малынып кеп жүргенін байқаған бір кемпір туралы бір қысқа әпсанада қызық мән бар… Апат алдында бір жерге ұйлыққан примитив өмір болды деу – жаңсақ  пікірге  саюы  мүмкін…

Топансудан аман шыққан қауымды Библия Нойдың үш баласымен шектей­ді. Ислам ілімі Нұх әулетімен тағы 80 мұ­сылманның құтылғанын айтады. Бұл қисынға  бақсақ, Нұх пайғамбар – бізге мәлім адамзаттың екінші атасы, бүгінгі бар адам соның  үмбетінен. Осы тұс бір тұғыр­лы ойдың басын ашып алайық: Әлемде мойын­далған ең ежелгі, тарихи деректі арий, шумер, финикия, үндіс, хетт сияқты көптеген ұлыс-жұрттардың алдында, біз «неолит адамдары» деген жалпы атаумен бір-ақ топтап-тақтап өтетін бір жұрттар болған. Олардың өз атаулары өздерімен кетті; біз дерек аздығынан оларға нақты ат-айдар таға алмаймыз. Апаттан кейінгі атажұрт тұрғындары солар ғой. Осы ретпен, сонау ертеде, туыстық, ғұмырлық іргесі ажырамас бұрын, кейін – шумер, арий, протосақ, прототүркі аталған көп жұрттан ертерек бір қауым болуы – тіршілік тізбегінің темірдей қисыны. Сонау, 12-15 мың жылдар межесінен бері сондай бір қауым болған. Тіршілігі жабайы болғанымен, санасы өлмеген, өшпеген қауым. (Адам санасы мыңжылдықтар тозаңдары баспас, ескірмес асыл аманат – Жаратушы нығметі. Бірақ ол кей жайттарда адасуларға  ұрынып  отырған).

Бүгінгі әлем ғұламалары түйсікті сезініп, жарғақ құлағы жастыққа тимей іздеп жүрген Атажұрт, Ататіл (единые Праро­дина, Праязык человечества) мекенін, ежел негізін табу мақсаты – сол түптекке жету талабы. Қасиетті Кітабымыздағы Адам Ата балаларын ұлт-ұлыс етіп тарату сөзі, Библия Вавилон оқиғасына телитін адамзаттың ыдырау оқиғасы – сол тарихтың жалғасқан кезеңдері туралы хикмети қысқа  мәліметтер.

Діни ілімдер сөздері мен ғылым дәйек­тері бірін-бірі жоққа шығармай қайым­дасатын  тұстарда  ақиқат  тұр.

Сонау түптек жұрт Жер бетін игере жайылып, әлемге тек адам ұрпағы ғана емес, өркениет, мәдениет және парасатты ой бастауларын ала кеткенін ендігі ғылым мойындай бастады. «Бізге «мәлім» Топансу» жазбамыздағы негіздеу-қисынға салып, сол көштер мына Ұлы Даладан бастау алған деген тұжырымға табан тіреймін. Бұлай деуге тағы бір негіз бар: Сонау ағайын­дар тұрмысында біраз уақыт өлмей өмір сүріп, кейін (кейбірі сақтала) өзге бояулармен байып, құбылып өзгерген, ал бүгінгі қазақ сөзінде, біздің ойымызша, сыны кетпей, тұмса қалыбында сақталған туыстықтың алтын тіні, ғұмырлы куәгері – тіл  болып  табылады.

Ежелгі ұлы көштер.

(Егер адамзаттың сонау таралуын «көш» деп атай алсақ?!.) Адамзаттың ұбақ-шұбақ көп көштері қайдан, қалай, қайда бет алды? Сонау ежелгі «көштер» – қатаң схемаға бағынған жоспарлы қозғалыс емес, шаң көтере жосылған жосын ағын да емес, адам тіршілік кеңістігін игере өрістеу түріндегі стихиялы өмір үдерісі болған. Әсіресе, аңшылықтан ары дамыған мал шаруашылығы үшін мұндай қозғалыс өмір тәсілі еді. (Әрине, тарих үркіншіліктерін  де  жоққа  шығаруға  болмайды).

Осыдан 12-15 мың жыл шамасы ілгеріде әредік шаң беріп, 8-7 мың жыл бұрын өзіндік мәдениеттер түрінде із қалдыра, Қосөзен, Ніл, Оңтүстік, Оңтүстік-Шығыс Азия ұлыстары мен өркениеттерінің бұрқ етіп, жарқырай гүлденуі – сол ұлы үдеріс­тер  мен  көштердің  айтулы  кезеңдері.

Осы ұстанымды басшылыққа ала, әлем және уақыттың ұлан байтағына көз жіберсек, көш-тараулардың ғажап панорамасы біртіндеп, қисынды түрде ашыла бас­тайтын  сыңайлы.

«Көштер» турасындағы ой-жүлгелеріміз түсініктірек болуы үшін, шартты болса да, бір оңтайлы схема  ұстанған қолай  болатын сияқты. Жағрафия кеңіс­тігіндегі сондай үдерістерді (олардың уақыты, мәнділігі деген рет-ұғымдарды қоя тұрып) сағат тілі қозғалысы жүрісімен бейнелеп  айтайық.

Бірінші «көш»: Ұлы Даладан Америка құрлығына түскен жол. (ҚСЭ, 8 том, 296 б.) Кіндік тұсы Дала боп табылатын кең-байтақ Еуразияны ен жайлап, Камшат тау, Шоқыт түбек, Әлеует аралдарына жеткен жұрттар «көшінің» жалғасы. Біздің бабалар Америка әлеміне «кешегі» еуропалықтардан мыңдаған жыл бұрын жеткен. Сол тұмса әлемді, кешегі тарихта (бүгін де) Батыс түсінігі «америка үндісі» деп атап кеткен ежел жұрт кең жайлаған. Бұл құрлықтың шын аты солардың тілінде өлді. Мұның таңғажайып жәдігерлері Мексикада, Жүкатан түбегінде жатыр. Мұнан да басқа, құлаққа сондай етене «Монтана, араваки, Қатын көлі (Панама каналы), Перу, Атакама, Шилі  (шөл)» ұғымдары сол асылдың сынықтары  сияқты.

Батыс Жартышардағы палеолит тұр­ғын­дары туралы мәлімет жоқтың қасы. Ол беттегі адамдар өмірін ғылым бергі мыңжылдықтармен межелейді. Бабалардың нобайы бұлдыр көш жолы Азиядан жоғарыдағы құрлықтар және Беринг бұғазы арқылы Америкаға өткен. Бұл кезең, шамасы, жылқы, түйе сияқты ірі қаралар адамға үйірсектемеген кез. Солтүстіктің ежел халықтарынан қалған артефакты­ларда ондай археология­лық деректер жоқ­тың қасы… Есесіне бұғы, жабайы сиыр, лама сияқты жергілікті түлігі мол Аңды тау (Кордильер-Анды, соңғысы инк тілінде мысты тау деп те ұғынылады), жабайы түліктері мыңғырған прериялар Америка әлемін солтүстіктен оңтүстікке шейін  көктеп  жатыр  еді.

Еуропалықтар әсері «тым» дендеп кетпеген Латын Америкасының осы күгінгі жәдігер-қомшасында Даламен туыс­тықтың тамыр лүпілі әсіресе айқын сезіледі. Ал  теріскей  беттегі АҚШ, Канада  елдеріндегі  ежелгі  жер-су аттары әбден тапталған, өшірілген. Дегенмен, Канада –  «қоныс, қонар жай» ұғымын білдіретін үндіс  сөзі  екенін пайымдасақ, Еуропа ділді сол  тұтас  бір  елдің атауынан сонау көне тарих рухы есіп тұрғанын аңғару қиын емес. Өткендегі бір ойымызда («Қазақ әдебиеті», 2005 ж. «Арий-Заратуштра-Сақ…» мақаласы) миссисипи үндістерінің Хауа Ананы «Ата ен(е) с…к» (осы ат Хауа Ананың Жаратушы берген негізгі өмір миссиясы) деп атайтынына назар аударғанбыз (француздың миссионер-жазушысы Ф.Р.Шатобриан. «Америка повестері». ХІХ ғ.)… Ал Мексикадағы Жүкатан, Үшмал, Жетімал, Панамадағы Қатын көлі, Біразел, Перу, Парагвай, Уругвай, Шилі, Атакама сияқты атаулардан Ұлы Даланың үні есіп тұрғанын аңдамау мүмкін емес. Кешегі 60-жылдарда қазақстандық «Білім және еңбек» журналы Мексикадан «табылған» «100 қазақ сөзін» жария еткен. Осындай жәдігер-сөздер бүгін, өкінішке қарай, жеңіл әзіл нысаны ғана болып жүр. Күлкі қымбат, ал оның астарына байыпты бойлау ақыл талабы… Сол халық Америкаға Тәңірілік, сонан өрбіген шамандық діни танымды ала кетті. Ол наным кейін адам танығысыз дефор­мацияға (адасуларға), жантүршігерлік қанды жоралғыларға ұласты. Ол жұрттардан миссури, оцелот, маия, ацтек, аравак, инк, перу сияқты халықтар құралып, олар таңғажайып өз өркениеттерін дамытып, аттары тарихта қалды. Біразы өшіп те кетті. Мысалы, осыдан 5 ғасырдай бұрынғы Орталық Америкадағы 25 миллион аравактың қанды қасап, еуропалық өркениет індетінен 1 миллиондайы ғана қалып, тұтас бір  халық  аравак – аруаққа  айналды.

Екінші «көш»: Ұлы Даладан тараған ежелгі көштердің бірі Шығыс, Оңтүстік-Шығыс Азияға ұзап, берісі – Қытай, Корей, Жапон, Үндіқытай, арысы – Авс­тралия, Океанияға ұзап тараған адамзат легі. Қытай тарихы өз жұртының Шығыс Қосөзен (Яңцзы-Хуанхэ) алабына батыс­тан келгенін мойындайды. Әлемге ең ежелгі адам нұсқасы «синантропты» бергенімен, көне өркениет отаны Қытайдың мәдениет-өркениет деректі тарихы б.д.д. 2000 жылдан басталатын «жастау» шежіре. Шығыс Қосөзен алабында гүлденген көне мәдениет осы елдің ғұмыр бастауының анық мәліметін береді. Осы ретте айта кетейік: ғылым бәтуаласқан «Қосөзен мәдениеті» деген феномен, әлемдегі өзендер бойында дамыған өркениет-гүлденулер (Тигр-Евфрат, Хуанхэ-Яңцзы, Үнді-Гаң, Ніл, Миссисипи, Амазония…) – сол алаптағы тіршілік дамуы заңдылықтары сыртында, адамзаттың атажұрты Тұрандағы қос дария дәстүрінен тамыр тартып жатқан жоқ па?!. Осы уәжді алға салу тарихтар жолын  қисынды  ретке  келтіреді…

Сонау Тынық мұхиттың тұлдырсыз төсінде жатқан Пасха аралында (ол да ұлы мұхит шөліндегі жалғыз арал) көп сыр бар сияқты… Бір детальді ескере кете­йік: Тобыл өзені алабынан табылған қола дәуірінің «Тобыл ойшылы» мүсіні (А.Нарымбаева. «Аркаим: очаг мировой цивилизации…») сонау мұхит түкпірінде жатқан сол Пасха аралының әйгілі сұлбаларымен «егіз  туғандай»  ұқсас…

Үшінші «көш»: Даладан оңтүстік бағытқа ұзаған көштер. Заратуштра бабамыздың атымен, оның өлмес туындысы «Авестамен», кейінірек әйгілі «Шахнама» дастандарымен біршама дәйек­телген бағыт. Даладан оңтүстік бетке түскен қозғалыстың нұсқалысы: Тұраннан жетіп, Шығыс Иранда – Дрангиана, Сақастан, Белуджистан аймақтарын негіздеп, кейін шығыс тармағы Үндістанға, батыс бағыты Иран, бәлкім, Араб теңізімен жүзе отырып, Бахрейнге дейін жеткен ілгергі арий немес онан да ілкі жұрттар көші. (Месопо­тамия-Қосөзен аңыздарындағы судан шыққан күшті балық-адамдар туралы әпсана осы жайтпен  түсіндірілуі  мүмкін.)

«Арий көші» бұл бағытта осыдан 6000-5000 жылдық ілгері кезеңнен басталып (Тұрандағы арийлер дәуірі) – 3500 жыл аралығында жоғарыда айтылған аймақтарға  жетті  деген  болжам  айтылады.

Осы тұста, сол болжамды арий шежі­ресін көзі көрген куәгерлікпен Хатқа түсірген Заратуштраның «Авестасы» Иран жерінде мойындалғанына бүгінмен есептегенде 2700 жыл деген жорамал (Кави Виштасп патшаның зороастризм дінін қабы­лдау кезеңі) бір қайшылыққа апарады. Екі арада, кемі, 2300 жылдық «ақтаңдақ» пайда болады. Бұл қалай? Арий шежіресіне куәдүр дала пайғамбарының жасы мен еңбегін 2700 жылдан арғы кезең­ге 2000 мыңнан ары жылдарға – арий көшіне «жақындата», жоғарырақ «көтеру» қажет сияқты. Демек, Заратуштра кезеңі бізден 4000-5000 жыл ары. Бұл да тоқтамды шама емес… Дала пайғамбарының сол туындысы, басқа қасиеттерін айтпағанда, тарихи дерек шежіресі. Онда данагөй гүлдену кезеңін өзі көрген таңғажайып жұмақ өлке, онда белең алған ереуіл оқиғалар, оңтүстікке ұзаған көш туралы мәліметтерді мық шегелеген. Өкінішке қарай, мыңжылдықтардың жаугершілігінен көп зардап шеккен, өшірілген, өртелген, тіпті, тым ынталы үмбеттерінің ықыластарында көп «иленген» асыл дүниеден қалған жұрнақ-жұқаналар ғана олар. Соның өзі қандай қазына!.. Виштасп (Гүштасп) патша сол ілімнің А.Македонский шапқыншылығанан 400 жылдай бұрын өңделіп жеткен нұсқасын дін шарты етіп алған болса керек… Тұжырып айтсақ: Ұлы Даладан оңтүстікке ұзаған елеулі көш шеті тіршілік мүдделі қозғалыста Теджен-Гильмен дәлізімен Дешті-өзенше атырауында Үнді мұхитына жетті. (Ең ежелгі «Жібек жолы» нұсқасы осы. Ол, ең алдымен, тиімділік маршруты. Шірік Рабаттан табылған інжу осы  бағыттан  болуы  мүмкін).

Адамдар көші шығыс бағытта – Гималай тауларына, Брахмапутра атарыбына жетті. Үнді-Арий мәдениетін туындатып, сол қанаты – Тибет, маңдайалды – Үнді­қытай әлеміне ұзады. Ал батыс бағыты Шығыс Иран, Иран қыраттарын жайлап, Үнді-Парсы мәдениетін өркендетті. Бұл сол кездегі ең интенсивті бағыт болған сияқты. Бәлкім, осыдан 4 жарым мың жыл бұрын Хараппа мәдениетін көтеріп, кейін Құшан империясына ұласқан – сол арийлердің үзік-созық көштері. Оның жәдігерлері Үнді, Үндіқытай жөңлилерінде, Непалдың көкбөрте жарлауытында, Тибеттің қуаң қыраттарында сақталып қалды.  Әсіресе,  ежелгі  өркениеттердің табиғи резерватындай, көп ата қасиетті тұмса қалпында сақтап қалған Тибеттің Бетпақдалаға ұқсас  таулы шөлінде көп қазына жатыр. Көне Тибет мәдениетінің кіндігі Шамбала (жергілікті тілде Шам (б)  қала)  осында…

Сонау көш «Арийлер пейішінен» («Арьяна вэйджа») Тұранның «гербі» – ел-жер-су рәміз-ребусын өздерімен бірге ала кетті. Ол мына даладағы көп петро­глифтерде айқыш-кергі түрінде сақталып қалған кәдімгі «крест»-таңба. Біраз  пікір осыны әлемнің төрт тарабының  сим­волы, космогониялық таби­ғаты бар белгі деп есептейді. Біздіңше, ол – түпотан Тұран  жағрафиясының  ребус-кескіндеме-графикасы. Кейін, христиан-ділді Батыстың қасиетті рәміздеріне айналған, тіпті, «свастика» деген бір мәлім таңбаға жел берген бастау сол. Кешегі фашис­тік жалаулатудан бұрын, осы свастика Үндістан­ның жоралғылы мүліктерінде бүгін  де  бар.

Алуан мәнді кергілер, тарихи геор­гий кергісі, свастика – Тұран-байтақ­тың  рәмізі.

Ғалымдарымыз қиындықтармен  қашап салып жатқан «Авеста» құпия­сына  барар  жолдың  бір  кілті  осында.

«Арий» сөзінің өзі, берісі қазақтың, әрісі түркінің «әрию» – көтерілу, бой тіктеу, бекемдену ұғымын білдіреді. (Қытайша «шанью» әлеуметтік лауа­зымына ие болған қазақтың «шәнию» етістігі  сияқты.) Кеше өздерін «Арий ұрпағымыз» деген бір қауымның «истинный ариец» деп, өзіндік мықтылық-тектілі­кке мән  беретіні осыдан  қалған  рудимент.

Арийлер бұл далаға ешқайдан ауып келмеген, қайта, осы өрістен батыс-шығысқа  өркендер таратқан Тұранның  автохтонды  жұрты.

Төртінші «көш»: (Жорамалды көш­тердің ең ежелгісі, Месопотамияға жетіп, «Шумер мәдениеті» деген даңққа көтерілген  бабалар  жолы).

Қос Өзен жеріне бір текті, бір тілді халықтың Шығыстан келгенін «Биб­лия» куәландырады. «На всей земле был один язык и одно наречие. Двинувшись с Востока, они нашли в земле Сеннаар равнину и поселились там». (Библия. Быт. 1-9). Мұндағы «Шығыс» сілтемесі Месопотамия үшін – сонау Топан­судан кейінгі «екінші» өмір бесігі Тұран және оған іргелес Шығыс Иранға жатады. Әйтеуір, солтүстік беттегі Арарат тауы немесе басқа терістік бағыттағы бір жерлер емес екені айдан анық.

Арий көшінің бір бұтағы сондай жалғасты  болды. Не де болса, Ұлы Тұран төсінде, Шығыс Иран қырқаларында  бір  «айырылысу  көже»  ішілген…

Ежелгі Сеннаар (Шинар, бір транскрипцияда «Санхар» деп те оқылады) жұрты Месопотамияға  «шығыстан келген».  Бұл,  шын мәнінде, ежелгі шумер жұртының қозғалыс-қоныс­тануы үдерісі хақында бірден-бір беделді мәлімет  дерек  десе болады. Кейінгі, Бабыл іліміне табан тіреп жазылған «Библия»-кітап – тарихи мағлұматты еңбек. (З.Косидовский. «Библейские сказания». 21 стр). Алайда осы беделді  дереккөз, бізге түсініксіз түрде, Шумер-Ата тарихын дендете айтуға бармайды. (Осы тұста, хикмети таби­ғатты Таурат пен Інжілдің жоғалғанын, «Биб­лия», «Евангелие» адамдар қолымен жазылған бергі дүние, бірақ, тарихи деректі еңбек екенін  атай  кету керек. Сол себепті, мен тарих-дерек көзді бұл кітаптарды хрис­тиан  атауларымен  алып отырмын). Мүмкін, бергі «Библия» баян­дап  айт­қан  жайттар бізге мәлім  шумер факторына  дейінгі  мыңдаған  жыл  арыда  жатыр?.. Ұлы Шумердің тармақ-әулет­тері ары қарайғы дамуда – аккад, ассирия, вави­лон, арамей мәдениет­тері түрінде тарихтың әйгілі өркендерін құрағанын білеміз. Бұл, енді, жалпыға мәлім  тарих.

Месопотамияға теңіз арқылы келген күшті балық-адамдар туралы Шумер аңызы да ойда тұрмағы лазым. Ғылымда, ілгерірек шумерді судан шыққан халық деген, сонау Тынық мұхит­тағы Пасха аралында бар «балық-адам» (человек-рыба) аңызына ұқсас шумер әпсанасына сілтеме жасалып жүр. Бұл нұсқада да шумер шығыс бағыттан (сол көне тек бағытынан) шыққаны жоққа шығарылмайды. Ол Сақастан жағасынан құсқайықтармен жол тартып, Араб теңізін жағалап, Бахрейнге еру жасап, Месопотамия батпағынан (Дильмун пейіші) шыққан жол болуы мүмкін. Бұл бағытты ғылыми зерделеу осы нұсқаға жақын келеді. Осыдан 5400 жыл бұрынғы ең ежелгі Мысырдың қамыс қайықтары – Қызыл теңіз, Жерорта теңізіне жеткен сол теңіз-номад тәжірибесінің жалғасы болар? Сірә шумердің ежел тегінде қарапайым кеме-қайықтармен теңізде жүзу тәжірибесі, жұлдыз-навигациялық білік болған. Дала көшпенділері – теңіз номад­тары  да  бола  білген  сияқты…

«Сеннаар» – «шумердің» экзоэтнонимі деген де пікір бар. Тарих жоқтан тумайды.

Ислами шежіреде Сам әулеті Тарах-Азар-Ибраһим… болып жалғасады. (Сірә, онда арадағы кейбір аталықтар түгел қамтылмаған не түсіп қалған.) Шумер, шамасы, сол Тарах-Азар буыны алдында, мына Даладан Сеннаар (Месопотамия) өлкесіне ертеде жеткен жұртшылық. Ал Шығыстағы алыс отанда қалған Азар әулеті мыңжылдықтар өте, біздің дәуірдің VІІ ғасырында Хазар қағанатын көтеріп, Хвалын-Каспийді өз атымен атап, жауынгер ел ретінде тарихқа  түскені  мәлім.

Месопотамия-шумер бағытындағы ежелгі туыстық тінін өткен ғасырдың 70-жылдары О.Сүлейменов «Аз и Я» еңбегінде алғаш көтерді. Бұл револю­циялық еңбек сонан кейінгі талай жеңісті-жемісті ізденіс-бағыттарға жол ашты.

Бесінші  «көш». (Осы «көшті» алдыңғы Месопотамия үдерісінің жал­ғасы деп  қарау да ретті сияқты): Оңтүстік-Батыс бағыттағы Ніл бойы, әлемге әйгілі Мысыр өркениетін берген өріс. Бұл бетте ежелгі Мысыр мәдениетінің доминантасы – пирамидалар көзге де, көңілге де бірден атой салар еді. Өз заманының бұл қуатты өрке­ниет, құдіреттілік рәміздері, міне, 4000 жыл бойы адамзат ойын тәнті етумен келеді. Осы ретте, ізденуші ойға тағы бір  құбылыс  шаң  береді. Тағы да тілдік, өлмейтін туыстық-тамырластық феноменіне  арқа  сүйеп көрейік! «Пирамида»  сөзі түркіше (қазақша) «бір үйме» сөзіне   ұқсайды. Үйме төбе, үйілген биік – дала ландшафтындағы ежелгі тарих нысандары. Қарауыл төбелер, қорған төбелер біздің далада жол бағдарлауда, жаудан қорғануда, аруақтар орнын белгілеуде мәнді өмірлік рөл атқарған. Олардың ілгергі-кейінгі нұсқа-жұқа­налары бұл далада әлі бой көтеріп тұр. Иә, ол  нысандардың  ең  ескісі, ары кетсе, сақ  дәуіріне (2000-3000 жыл) телініп межеленеді.  Бұл – қисапты ойға Мысыр пирамид­аларынан «жастау» кезең. Ендеше, олардың ілгерірек, бұл күнде елеусіз дала төмпешіктеріне айнал­ған «бірүймелердің» көне нұсқалары аяқ астында жатқан жоқ па екен? Ресей, Босния ғалымдары өз тауларынан сондай «пирамидалар» нышанын тауып жария етіп жүр. Немесе даладағы, әлгі, «жастау» нысандар сол ежел дәстүрдің қарапайым-қарабайыр  түрде жалғасқан кейінгі  үрдістері  десек  ше?..

Үйме көтеруден қалған «үме» ұғымы  Арал жағасында бүгін де айтылады. «Үме» – көп адам қауымдасып көтере­тін нысан. Синонимі – «асар». Сыр бойын­да жабулы жатқан «Алтынасар», «Жетіасар» үймелері бар… Далалықтармен барып, Ніл-дария бойында қуатты мәндерде бой көтерген «бір үйме» – «пирамида» осындай жанды тамырмен жалғасып жатқан жоқ па? Мүмкін мұның астарында қиырға кеткен кешегі далалықтардың сонау алыста қалған отанға деген бейсаналы, сакральді ностальгия­сы  жатты…

Егер, осы ойымыз негізделсе, осыдан 500 жыл бұрын Мексика пирами­даларын көп зерттеп, бірақ бір нәтижеге жете алмаған испандық Сигуэнцияның ізденісіне де логикалық нүкте қойы­лар еді. Ол ғұлама Атлантиканың екі бетіндегі пирамидалар факторын бір-біріне қабыстыра алмай, көп әлектенді. Анығында, бұл екі құбылыстың тамырлы, туыстық бастауы Ұлы Далада жатыр еді деу керек сияқты. Тек, Мексикада олар билеушілердің оба-биіктері емес, діни жоралғылар мехрабтары болды. Даладағы «бірүймелер» бәрінің түп-тегі, жұмбақтың алтын кілті бола алатын сыңайлы. Бабылдың зиккураттары, ағылшынның  бүгінге дейін сыры ашылмаған  Рекин, Хэрфордшир үймелерінің  сырлары  да,  бәлкім,  осында.

Бесінші «көш» бойында кейін әйгілі Финикия, басқа да Таяу Шығыс өркениеттері  дәуірледі.

Алтыншы «көш»: Батыс (Еуропа) бағытындағы жылжулар. Ежелден іргелес­тік дәстүрімен, бастауы бұлдыр, бірақ ешқашан үзілмеген, алуан сипат­ты үздіксіз үдерістер түрінде, бар тарих кезеңдеріне тән құбылыстар. Ежелгі тамырла­стық принципі тұрғысына тұрып, іргемізден алысырақтағы жәдігерлерді зерделеп көрсек, бізден далалар, таулар, теңіздер – мыңдаған шақырымдар бөліп жатқан сонау ағылшын үймелері, Стоунхендждің наурыз-сара­тан-мизам-үдді сәтіне меңзейтін тас бағаналары бізге біраз сыр ашқысы келетін сыңайлы. Ежелгі скандинавтар Ас-Ванды (Аспан) құдай тұтынған. Цезарь-императордың зерттеп-анық­тауынша, немістер ата-баба аруақтарына сиынған… (ҚСЭ. 3т. 270 б.) Бәрі де баяғыдан ғылым назарында бар нысандар. Бірақ ешбірі алыстағы Дала фак­торымен байланыста тереңірек қарас­тырылып  көрмеген  сыңайлы.

Сонау ертеде Тұран төсінде бір ұлы «айырылысу көжелер» ішілген деп айтуға болар еді. Осы маңнан бастау алған ұлы көштер бұған дейін де болған, мұнан кейін де болды. Асылы, Еуразия құрлығын  зерделесек,  арысы – Атлант-Тынық мұхиттар, орта тұсы – Дунай-Гоби, берісі – Азау-Алтайдың Құдай жазған жағрапиялық кіндік ортасы – Тұран. Ежелгі адамзат, тіл, өркениет кеңістігі осы іспетті көзге ұрады. Көптеген өмірлік факторлар осы кіндікке меңзейді. Ұлы көштер шығыста Тынық мұхитқа жетіп, батыс шеті Периней кеткен… Өркениеттер құланиегіндегі осы жайттардан, «көшпенділік» деген үрдіс – сонау ұлы толқындардан қалмады ма екен мына далаға? Әй­теуір, көшпенді ділін ұстанған, бірақ отан сезіміне аса адал, бір жұрт Қарашаңырақта қалды. Атажұртта «қай сақ» емес, хас  сақтар  қалды.

Әрине, бұл келтірген, қолға ұстат­қандай  рет-схемалы үдерістер сонша бір «жоспарлы»,  сындарлы қозғалыс болған еді деуге  келмейді. Адамзат көштері өмір қажеттілігі түріндегі өрістеу, жаңа жерлер игеру, тіршілік, табиғат мінезінің қамшылаулары, қақтығыс-соғыстар, үркіншіліктер себептерінен туындаған стихиялы қозғалыстар болған. Біз соларға жорамал-шолу  ғана  жасадық.

Дала бастаулы терең тамырлар ақиқаты ашылса, бар тарих жаңаша сөйлей  бастар  еді.

Әлемдік парасаттың бастау биігі Зар­атуштраның жауһар қазынасына бұл даладан тура жол тартылар еді.

Дала тереңінде, бәлкім, мына дүние­де мық шегеленіп қалыптанған көз­қарас-стандарттарды төңкеріп тас­тар­дай талай әлеует ұйықтап жатыр. Әлеуеттер  тұмшаланып ұзақ жатуы мүмкін, бірақ тарих сәті туғанда олар оянады. Бұл далада Ата шаңырағын құлатпаған  бір  мұрагер  халық  қалды.

Сары шапанды Дала сөйлейтін кез келді.

* «Ұлы  Дала:  тамыры терең өркендер бастауы» ҚӘ. 23 желтоқсан, 2011 жыл. Бұл 2005 жылы тамызда шыққан «Арий-Заратуштра-Сақ…»  мақаласынан кейін жарық көрген. Бірақ мазмұны тұрғысынан  кітаптың  2-ші  мақаласы  етіп  алынды.

(Басы өткен санда.  Жалғасы бар.)

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: