Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Шаңырақ неге шайқалды?

23.01.2021, 17:00 806

Боямасыз өмір

Демалыс күні еді. «Ертең алаңсыз бір ұйқымды қандырайыншы, жұмысқа бармаймын ғой», – деп ойлаған. Кеше түнде. Ұйқыға жатар алдында. Қайдағы-ы-ы!?. Таң рауандай бастағаннан Бақытжанның ұйқысы шайдай ашылсын. «Ұйқыдағы аруын» оятып алмайын деп, төсекте әрі-бері аунақшып жатқан. Сәлден соң, екі баласы қасына жетіп келді. Олар да күнде сабаққа баратын уақыттарында оянса керек.

– Пап, а, пап, бүгін қайда барамыз? Медеуге ме? – деді кішісі еркелей қолтығына тығылып.

– Ой, оған өткен жолы бардық қой! – деп мұрынын шүйірді үлкені. Бақытжан қолы қалт етсе, бала-шағасын алып, біресе тауға, біресе бауға тартып кететін. Қапырық қалада қамалғанша, таза ауа жұтайық деп. Балалар да соған үйреніп алған.

Бақытжанның бала кезінде қысы-жазы үйлерінен адам арылмайтын. Алыс-жақын тума-туыстары әр түрлі шаруаларымен ауылдан келіп, кейбірі екі-ақ бөлмелі тап-тар пәтерде айлап жататын. Байғұс шешесі бәріне де жайылып жастық, иіліп төсек боп, жаны қалмай шауып жүретін. Жұмыстан келе сала, солардың тамағын пісіреді. Жұрт тегіс ұйқыға жатқанда ыдыс-аяқ жуып, түн ортасына дейін ас үйден шықпайды. Тіпті демалыста да адам сияқты демалуды білмейтін. Келген-кеткеннің төсек-орындарын жуады, үй тазалайды. Сосын шаршап-шалдығып, дүйсенбіде жұмысына кетеді…

Әр мереке сайын үйге қонақ шақырып, әбігер боп жататындарына қайран қалады. Ненің соры екен. Тіпті адам аяғы сиреп, ауылдан ешкім келмесе, әкесі жұмыстан соң қызметтес біреулерді аяқ астынан ертіп келетін. Балаларымен оңаша қалып, шүйіркелескен кездері сирек-ау, сирек.

Бұл: «Ертең өскенде, өз отбасыма көңіл бөлермін-ау, бәлем. Жұрттың қас-қабағына қарамай. Қолдан келер жақсылығымды бала-шағамнан аямаспын!»-деп бала болса да ішінен ой түйетін. Өткен жылдар есіне түсіп, балалық шаққа «саяхаттап» кеткен оны біреу қоярда-қоймай иығынан жұлмаласын. Кіші баласы екен.

– Папа, пап… Давай, бүгін… зообаққа барайық! – деді ол ентігіп.

– Ой, қойшы… ол жер маған ұнамайды. Ылғи торда қамалып тұрған, көздері аянышты, үсті сасық аңдарға қарағанның несі қызық?! – деді үлкені танауын кіржитіп. Жастары тете болғасын ба болмашыға дауласа кету – екеуінің әдеті.

– Онда машинамен Ыстыққкөлге барайық! Менің кішкене кезімде барыпсыздар ғой, фотолардан көрдім. Бірақ өзімнің есімде жоқ, – деді кішісі. Бақытжан балаларының алма-кезек арқасын сипап, төбесін иіскеп:

– Оған асықпай, сендер жазғы демалысқа шыққан кезде барармыз, – дей бергенде, сынаптай сырғи жөнелетін қара жорғасының соңғы кезде сыр бере бастағаны ойына сап ете қалмасы бар ма?! Астынан су шыққандай орнынан ұшып тұрды.

– Қайда барасыз?-деп екеуі бірдей шалғайына оратылды.

– СТО-ға. Көлік жөндетуге, – деп жүре жауап берген ол, оразасын ашпастан үйден атып шықты. Айзада тәтті ұйқы құшағында еді. Түні бойы сүйікті сериалдарын көріп, таңға таяу кірпігі ілінгені анық. «Біраз уақыттан бері өзіне жіпсіз байлап қойған бұл кинолардың таяу арада бітер түрі жоқ-ау?!» – деп ойлады Бақытжан жолда кетіп бара жатып.

***

Барған шаруасы бірден біте қоймай, шаршап-шалдығып үйге түс ауа келді. Қарыны шұрқырап. Бақытжанның көшедегі асхана, дәмханалардан жүрек жалғау – әдетінде жоқ. Қандай малдың етінен дайындалды, қандай адамның қолынан шыққан дәм… Ұшынып кетермін деп сескенетін. Әйтеуір бағына, Айзадасы асты дәмді пісіретін. Дайындаған тамағының бәрі ресторандікінен бір кем емес. Бірақ, қолына тиын-тебен көптеу тиіп, көңілді жүрген күндері: «Тамақ пісіруден жалығып кеттім!» – деп, пицца, суши дегендерге телефонмен тапсырыс беріп, алдырта салатын.

Екі бала асүйде қытырлата бірдеңе кеміріп отыр екен. Қатқан нан ба, әлде печенье, тоқаш па…

Түнде ұйықтарда киген киімдерін де шешпепті. Үйдің іші қара көлеңке. Ауасы қапырық. Желдетпеген. Терезе перделері мүлде ашылмапты. Көрпе-төсектер де сол қалпы. Айзада әлі төсекте жатыр екен. Қолда – телефон.

Қаны басына шапқан Бақытжан:

– Түс ауды ғой. Жайрап төсекте жатқаның не? – деді зілдене.

– Е, не болды сонша зіркілдеп? Бір демалыста адам құсап дем алмаймыз ба? – деп қабағын шытты Айзада, телефон тұтқасын қолымен басып тұрып.

– Балалар – анау, қарындары аш. Тұрып тамақ бермейсің бе?

– Ой, мама, Баха ғой, үйге кірер-кірместен зіркілдеп жатқан, – деп,

Айзада күйеуінің сөзін шыбын шаққан құрлы көрмей, әңгімесін одан әрі жалғастыра берді.

– Шешеңмен бір күн сөйлеспесең басың ауыра ма? Кеше ғана осы үйге келіп-кеткен жоқ па?

– Оны саған кім айтты?

– Балалар айтты.

– Ал, келсе не бопты? Анда-санда бір келген екен, қатын құсап соны да сөз қыласың ба?

– Неге мен барда келмейді? Таусылмайтын не әңгіме сендердікі?

– «Балалар айтты» дейсің… Берген тәрбиең сол ма? Ертең өскенде екі ортаға сөз таситын өсекші боп шықсын!

– Мен олардан сұрағам жоқ. Өздері кеше үлкен үйге телефон соғып:

«Әжешка, біздің үйге неге келмейсіз? Нағашы апа біздің үйге күнде келеді ғой», – деп айтып жатқан.

– А, значить, сенің шешең балалардан біздің үйге кім келіп, кім кеткенін сұрап отырады екен ғой!..

– Шешемде шаруаң болмасын! – деп Бақытжан дүңк етті.

– Сенің де шешемде шаруаң болмасын! – деді Айзада қалшылдап. Екі бала үрпиісіп бұрышқа тығылды. Кішісінің иегі дір-дір етеді, көзі жасқа толы.

– Ауызыңды жап. Көршілерден ұялмайсың ба?

– Жаппаймын, ал, қайтесің? – Бақытжан оның жағынан шапалақпен шарт еткізді. Екі бала шырқырап қоя берді.

Айзада ботадай боздап, дереу телефонға жармасты:

– Алло, мам, мына грубиян мені ұрып жатыр! – деді еңіреп. Көп ұзамай, есік дүрс-дүрс қағылды. Айзаданың әке-шешесі екен. Бірдеңеден құр қалғандай өкпелерін қолына алып, дереу жетіп келіпті. Біреуі «бағы ашылмаған байғұс» қызының киім-кешегін жинап, біреуі «бақытсыз, сорлы» жиендерін жұлмалап, киіндіре бастады. Ізінше, бірдеңеден құр қалғандай елдір-желдір полиция қызметкерлері де келіп жетті. Екі адам екен. Бірі – егде, бірі – жас.

– Жігіттер, ұрсысып қалған ерлі-зайыптылардан гөрі маңызды шаруаларың жоқ па? Террористер, педофильдер жетпей ме сіздерге?-деді ашуға булыққан Бақытжан.

– Қарсыласып қайтесің! Бер балаларды! Бәрібір заң әйелдер жағында! – деді жастауы зірк-зірк етіп.

– Қалай беремін, «әкелеп», балалардың маған жабысып тұрғанын көріп тұрсыздар ғой! – деді Бақытжан ызаға булығып.

– Бұндай жағдай біздің де басымыздан өткен, бауырым! Өскесін, балаларың өздері сені табар, – деді жастауы дауысын сәл жұмсартып.

– «Қайтып келген қыз жаман, қайта шапқан жау жаман» дейтін баяғы қазақтар жоқ. Қазіргі қазақтар қыздарының байдан қайтып келгеніне арланбайды, – деп егделеуі терең күрсінді де, мыжылған бір шылымды жанқалтасынан алып, қолы дір-дір етіп, тұтата бастады…

Заря ЖҰМАНОВА,

жазушы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: