Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қырғи тілді ақын

18.02.2021, 10:00 652

Суретте:  солдан оңға қарай Асқар Тоқмағанбетов,

Қоғабай Сәрсекеев және Оразақын Асқар.

Суретті  түсірген  Болат  Омарәлиев.

«Қартайдық, қайғы ойладық, ұлғайды арман», – деп ұлы ақын Абай атамыз айтқандай, мазасыздана беретін болдым. Не білдім, нені көрдім, нені армандадым, балалық шағым, одан бергі өмір, кімдерді жолықтырдым, ұлы орыс жерінде туып-өсіп, өз еліме қалай, қашан келдім… ой көп, бірде жасып, енді бірде қуанамын. Адамбыз ғой, болмашы нәрсеге ренжиміз, болмашы нәрсеге қуанамыз.

Қызылорда қаласындағы Мәншүк Мәметова атындағы қыздар педагогикалық училищеде оқып жүрген кезім. Ұстаз аға Меңдияр Киікбаев:

– Бақыт Әшімова, Бекбергенова деген кім? Сіздерді Асқар  ағаларың шақырып жатыр.       Абай атындағы колхозға ақынмен бірге кездесу кешіне  барады  екенсіздер, – деді.

Мен ойланып қалдым, біз ақын емеспіз ғой, деймін ішімнен. Оқу үйінің ұзын ауызғы бөлмесінде «Отан қызы» деген қабырға газеті ілулі тұрған, онда Бақыт екеуміздің алғашқы балғын өлеңдеріміз жазылған еді, соны көрген болуы керек, сірә…

Бақыт екеуміз далаға шықсақ, ақын аға өте ескі жүк машинада жүргізушімен бірге, ал Нәсіредин Серәлиев, Саид Баязитов, Сағи Жиенбаев, Тілеген Шопашев, тағы бір-екі жігіт машинаның сыртқы бөлігінде отыр, Бақыт екеуміз соларға қосылдық.

Колхоз еңбекшілері клубқа лық толған, жақсы қарсы алды. Асқар аға колхоз шаруаларының қол жеткен табыстарын үлгі, оларды мақтаныш етті. Жігіттер де, Бақыт екеуміз де екі-үштен өлең оқыдық. Бұл менің ақын ағаны, Асқар Тоқмағанбетовті алғаш көруім еді. Жатақханаға келіп, төсегімде жатырмын, ұйқы жоқ. «Апыр-ау, бұл сол кісі ме, орыс жерінде, бала кезімде ескі қазақ әдебиеті кітабынан суретін көріп, өлеңдерін оқып, бір көрсем-ау деп, армандаған ақыным ба?» деймін ішімнен.

Педучилищені аяқтап, Алматы қаласында С.М.Киров атындағы Қазақстан мемлекеттік университетін бітіріп, Қызылорда қаласындағы облыстық «Ленин жолы» (қазіргі «Сыр бойы») газеті редакциясында жұмысқа орналастым. Енді білдім, Асқар ақын редакцияның бір қызметкері сияқты, жиі келіп тұрады екен, қай қалаға, қай ауылға барғанын, не жайлар өзін толғандырып жүргенін айтып, ой бөліседі екен. Ол кісінің өте қарапайымдылығы, жай сөйлейтіні, қарапайым, жарасымды киінетіні үлгі еді.

Ақынның:

Тауды тіліп, тасты бұзып,

Тамшылатып ащы тер…

немесе

Қырдан асып, белден басып,

Жолды салған қандай ер?

Ол қайратты, ол қажырлы

Қайтпас, қайсар жұмыскер…, – деп Түрксіб теміржолының салынуы туралы өлеңі менің есімде еді. Бұл ақынның жас кезінде-ақ ой-өрісінің өте ұшқырлығы, еліне, халқына ненің өте қажеттігін байқауы ғой.

– Аға, – дейміз, – алғашқы өлеңіңіз не жайлы жазылды?

– В.И.Ленин жайлы, – деді ол, біз бастырмалатып:

– Аға, неше кітабыңыз жарыққа шықты? – дейміз.

– Жетпіске тарта бар-ау, – дейді.

Біз журналистер таңғалып:

– Жыл сайын бір кітабыңыз шыққан-ау, – дейміз. Бұлай таңғалуымыздың себебі, ол жылдары Асқар ағаның жетпіс жасқа таяу кезі болатын. Ақын аға нені, кімді жазбады дейсің, қойшы да болды, егінші де, құрылысшы да, теміржолшы да болды ғой. Ол кісі жазбаған тақырып жоқ шығар. Бір келгенде ақын ренжіңкіреп:

– «Сәлем – сөздің атасы» дегенді ескермейтіндер де бар екен ғой. Үйде отын таусылып, топторгке (ол кезде көмір беретін жерді солай атайтын) барып едім, кезекте тұрған адамдар да, олар иеленген жүк көліктері де көп екен, «маған кезек тимес» деп бастықтың кеңсесіне кірдім, бірі кіріп, бірі шығып жатыр, шеткерікте тұрған бір үстелге отырдым. «Мынау үлкен адам кім» деп ешкім амандаспады, бір кезде түскі асқа бастық та, өзгелері де кетті, мен жалғыз отырып қалдым. Не істеу керек?

Топторг-ай, топторг,

Жігіттердің  бәрі  бірдей  топ-толық.

Асқар ақын келіп кетті,

Үйінде отын жоқ болып, – деп жаздым да, бастықтың үстеліне қойып кеттім, – деді.

Бұл ақынның өте қарапайымдылығынан, сабырлылығынан, адамгершілігінің биіктігінен болған ғой, ақын Асқар екендігін білдіріп барса, олай болмас еді. Ал мұндай мінез ол кісіге жат еді.

Асқар ақын шығармашылықтың бар жанрында және өнімді жазды. Сықақ, фельетон, мысал ақын қаламымен көп жазылды. Мысалы:

Әй, деуші ең кеше бұйырып,

Әйдіктеу қызмет алғанда.

Әу, дейсің бүгін иіліп,

Орныңнан тайып қалғанда,- дейді бір сықағында, «тіл тас жарады, не бас жарады» деген осы емес пе? Ақынның қол жеткен жақсылықтарды, ерліктерді халқымызға паш етіп, кемшіліктерді әшкерелеп, түйреп, қырғи тілді ақын аталғаны мақтаныш.

Ақын да – адам, сүрінеді, адасады. Өлең, поэмаларының сыналған кездері де болды. Бірақ ақын оған мойыған жоқ. «Сын бар жерде, мін бар» деп ұғып, шығармашылық қанатын жиі қаға түсті, кейіндеу прозаға да қалам тербеді.

– Алла қаласа, төрт томдық жинағым шыққалы тұр, – деп жүрген бір келгенде, бірінші томын ала келіп, «арпа ішінде бір бидай» деп оны маған ұсынды. Қомшабай Сүйенішов, Асқар Кіребаев, Жақсылық Түменбаев:

– Бізге қайда, бізге? – деп жатыр.

– Үйге барып алыңдар, – деді ақын күлімдеп. Онда:

Тіршілік керек өмір тыныстыға,

Кім қарар сүйкімді деп қылыштыға.

Ана едің, әділ жанды ақын ғой деп,

Ұсындым бұл томымды Рыстыға, – деп жазыпты да қолын қойыпты, бұл 1983 жылдың 4 наурызы еді.

Асқар Тоқмағанбетов – жер қозғалса, қозғалмайтын салмақты адам, «Мұхтар Әуезов бастаған қазақтың бетке ұстар ақын, жазушылары астанада» деп Алматыға кім кетпеді, біздің өңірден де, басқа қалалардан да көп кетті емес пе? Ақтөбелік ақын Сағи Жиенбаевтың:

Жусанның иісі аңқыған

Қарттарым, есен-сау жүрші,

Жайлы жер іздеп кетті деп

Жазғыра көрме, қарттарым, – деп өзі туып-өскен ауылдың үлкендерімен қатар, оның шөбін де сағынатынын еске алып, кешірім сұрағандай толғанғаны бар. Сондай-ақ, Сыр елінің танымал ақыны Әбділдә Тәжібаев та қартайған шағында өзі туып-өскен Қараөзекті бір көрсем деп, армандаған ғой. Иә, туып-өскен ауыл – өте қымбат, сағынтады. Ақын Нұрлан Оразалиннің бір өлеңінде: «Біз қайда бармадық, қайда жүрмедік, нені көрмедік?..» деген жас кезін еске алған жолдар бар. Иә, жас кезінде адам тек қызық көру үшін емес, білмесін білу үшін, өсу үшін, үйренері, берері көп ортаны іздейді, бұл – өмір. Ал біз әңгімелеп отырған ақын Асқар туып-өскен ауылынан алыстамай-ақ жас кезін бос өткізген жоқ, баратын жеріне барды, келді, серуендеді, үйренері көп ортадан қол үзген жоқ. Елімізде жақсы, жаман не жайттар болып жатқанын ақ қағаздың бетімен хабарлап отырды. Ал бір сықағында:

Мен, мен деп қақпа төсіңді,

Менмендік жатыр қасыңда.

Мен бастап кетсе көшіңді,

Ешкім де қалмас қасыңда,- деп адамды адалдыққа, бірлікке шақырады.

Асқар ақын өте рақымшыл, өзгенің қол жетпесіне көмек берсем деп тұратын. Кезінде ақындығымен танылған, Сыр елінің мақтанышы Қуаныш Баймағанбетов деген ақсақал болды. Сол кісі қартайған шағында баспана сұрап облыстық атқару комитетіне сан рет барып жүрді, жолы болмады. Бір күні «Ленин жолы» газеті редакциясына келді, Асқар да келіп отырған. Қарт ақын болған жайтты айтып еді, Асқар аға үй беретін бөлімнің бастығы Жабақ Берденовке:

– Бұл кісі бір кездегі пірім еді, – деп басталған өлең жазып берді де,

– Барыңыз сол кісіге, – деді.

– Жаңа бардым, «үй жоқ» деді ғой, – деді қарт ақын.

– Тағы барыңыз.

Есіктен кіре берген ақынға Ж.Берденов:

– Барыңыз, барыңыз, жаңа «үй жоқ» деп айттым ғой, – дейді.

– Мынаны оқыңызшы, – деп қарт ақын қағазды алдына қоя салады. Оны оқыған Берденов:

– Жаңа айтпадыңыз ба, мен сіздің кім екеніңізді қайдан білейін, – деп лезде үй алуға рұқсат қағаз жазып беріпті.

Айта берсе ақынның мұндай үлгілі істері өте көп.

Бұл кезде көзі тірі ақын, жазушы болсын, еліне еңбегі сіңген өзге мамандық иелері болсын, «тұлға» ретінде мақталып жатыр, ал өмірден озғанына қырық жыл болып қалса да, мен Асқар Тоқмағанбетов ақынды «Тұлға» дер едім. Өйткені, қырғи тілді ақынның сан түрлі кемшіліктерді жеріне жеткізе шымшып жазғандары әлі кәдеге асуда, әлі күнге дейін халық есінде.

Менің ұлы орыс жерінде, оқушы кезімде ескі әдебиет кітабынан суретін көріп, өлеңін оқып, бір көрсем деп армандаған ақыным Асқар Тоқмағанбетұлы, Сыр елі – жыр елінің мақтанышы – осындай жан.

Рысты  БЕКБЕРГЕНОВА,

ақын,

Қазақстанның  құрметті  журналисі

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: