Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Қазыналы Қазалыдан» қанат қақтық

29.12.2022, 10:30 273

HALYQLINE.KZ

«Тұран-Қазалыға» – 20 жыл!

«Ертеңгі күн – Аллаға аян, пендеге күмән» дейді. Шынымды айтсам, жазу жолына түсемін деп мүлде ойламаған едім. Мен ол кезде ата-бабамнан бергі атақонысымыз, сол кездегі «Жанқожа батыр» атындағы кеңшардың аудан орталығындағы шаруашылық ауласының меңгерушісі болатынмын. Жиырма жыл еңбек өтілім бар, тісқаққан қоймашымын. Ол кездегі шаруашылықтың жайы белгілі ғой, теміржол бойымен «Хоздбордың» тұйығына күн сайын вагон-вагон жем, көмір, құрылыс заттары үздіксіз келіп тұрады. «Күлшелі бала сүймекке жақсы» дегендей «кімсің? пәленше ауылдың қойма меңгерушісімін» деп, атағым дүрілдеп тұрған уақыт. Таныс та көп, дос та көп, жолдас та көп албырт кезең. Қырықтың қырқасына енді шыққан уақытым болатын.

Бірде аяқ астынан сырқаттанып қалдым. Жақсы танысымнан осы аудан орталығында емші апайдың бар екенін естідім де ол кісіге бардым. Емшіге баруыма да белгілі бір себептер әсер етті. Дәрігерге барып көрінгенмін, бәрі дұрыс. Бірақ түн болысымен мазам кетеді. Дұрыс ұйқы көрмей, түнімен шаршап шығамын.

Емші апайдың бөлмесіне кірдік, жылы жүзді, орта жастан асқан апа бетіме қарап тұрып, «түбінде жазу жолына түсесің. Сенің таңдаған жолың да сол жазу жолы болмақшы» деді. Мен сенгенім жоқ, олай дейтінім, оған дейін біржар өлең жазғаным болмаса, мүлде баспасөз бетінде көрінбеген едім. Алайда, алдымдағы ағаларым, әпкелерім мақала жазып, сол кездегі аудандағы ең белді басылым Әлмамбет аға Әлішев басқаратын «Ленин туы» газетінде мақала, өлеңдері жиі жарияланып тұратын.

Сонымен өзімнің тіршілігімді жалғастырып жүре бердім. Содан соң 20 жасымнан бастап еңбек еткен, 20 жыл терімді төккен шаруашылықты жекеме алып, жеке кәсібімді аштым. Жаман болғанымыз жоқ, Ақтөбе қаласынан, Оралдан, Қызылорда, Семей, Шымкент қаласынан бұрынғы ізбен вагондап көмір, жем, тағы басқа да құрылыс заттарын әкеліп, қарекет жасадым. Осылайша күндер өте берді. Қалтамызда пұл жиналып, көңіліміз тоқ болды… Алайда, түн баласына ұйқы бұзыла берді.

Қолым босағанда жазған бірлі-жарым өлеңдерімді жұбайыма оқып беріп, өзімізше талқылайтынбыз. Жолдасым болса: «Ой, сенің мына жазған өлеңдерің керемет. Өте әсерлі. Сен мұны баспаға апарып бер», – дейтін. Мен оған: «Сен редакцияда қандай тұлғалардың жұмыс істейтінін білесің бе? Менің жазған шимай-шатпағымды олар не істесін?», – деп тойтарып тастайтынмын.

Бірде кездейсоқтық па, әлде сол тағдырымның жазуы болды ма, дәл редакцияның алдында көршіміз, қарымды қаламгер, Қазалы журналистикасының абыз-ақсақалы болған  Әлмәмбет Әлішев көкеммен бетпе-бет кездесіп қалдым. Үй арамыз жақын көрші болғандықтан, әкем мен анам Әлекеңнің отбасымен тығыз араласып тұратын. Жазушының жары Нағима апай мен менің анам екеуі Қаракесек руының қыздары болғасын, бір-бірімен апалы-сіңлі болып, ерекше іш тартатын.

Әлекең ағамыз менің әкемді жақсы бағалайтын еді. Әлекеңе сәлемдесіп, отбасы амандығын сұрадым. Ағамыз еңсегей бойлы адам еді. Ол кісінің жүзіне тура қарауға анау-мынау адам жасқанатын. Маған:

– Жұмабек, сен қайда жүріп жатырсың? – деді.

Мен өзімнің шаруашылық қоймасын жекеге алып, кәсіппен айналысып жатқанымды айттым. Ағам үнсіз басын шайқады.

– Жұмабек, сен сауданың емес, жазудың адамысың, қаламыңды тастамауың қажет. Сенің бір-екі жазған өлеңдеріңді көзім шалып қалды. Үйде жинақталған өлеңдерің бар ма? Болса ішке әкел. Редакциядағы жігіттерге беріп кетерсің, – деді.

Мен абдырап қалдым. Олай дейтінім, Әлмәмбет Әлішевтей танымал тұлға, айтулы абыз ақсақалдың мен сияқты қарапайым тірлік кешіп жүрген адамға ондай ықылас-пейіл білдіреді деп ойламаған едім. Үйде туған жер, әке-ана, жазуды жаңадан бастап жүрген, өзін жазу жолына енді ғана бейімдеп жүрген адамдар сияқты түрлі тақырыптарда жазған оншақты жазбаларым болатын. Солардың ішінен іріктеп-іріктеп, редакцияға алып бардым.

Редакцияда Әлекеңмен тағы да ұшырасып қалдым. Мен жазғандарымды жігіттерге беріп кеткім келген. Әлекең кабинетіне шақырды. Аз-кем әңгімелестік. Сөйтіп ағама өзімнің жазған өлеңдерімді әкелгенімді айттым. Ол кісі асықпай мұқият өлеңдерімді шолып шықты да үнсіз басын изеді. Әлекеңнің қасында ұзақ отыруға шама қайда, қоштасып шығып кеттім. Көп ұзамай «Өлең өлкесінде» деген айдармен менің біршама өлеңім жарық көрді. Әрине, суретіммен.

Сол күннен бастап менің жазуға деген құлшынысым арта түсті. Тағы бірде Әлекеңе өлеңдерімді алып бардым. Сол кездесуде Әлмәмбет ағамыздың айтулы күйші болғанын, тіпті қазақ елінің даңқты перзенті Дінмұхаммед Қонаевтың алдында күй тартып, өнер көрсеткенін естігенде айран-асыр қалдым. Әлекең сол кездесуде асқан шабытпен әңгімелеп бергені соншалықты, көз алдымнан құйқылжыта тартылған домбыра, аспанда қалықтап жүрген аққулар елестеді.

Әңгіме аяқталған соң, көрші бөлмеге барып, Раушанбек Сейтенов ағамнан қағаз-қалам сұрап алып, сол жерде күй құдіреті деген өлең жазып тастадым. Сөйтіп Әлекеңе қайта кірдім. Ағам бірден баспаға берді. Осылайша менің «Қазыналы Қазалы» газетінде тілшілік жұмысым басталды.

Үш ай сынақпен жұмыс істейтін болдым. Алғашқы жазған мақалам кезінде өзім білім алған №204 Ыбырай Алтынсарин атындағы мектептің «Жыл мұғалімі» атанған ұстазымды жазудан басталған еді. Мектеп шабыт берген болу керек, үлкен әсермен жазып шықтым. Әлекеңнен жылы сөз естігенде төбем көкке жеткендей қуандым.

Редакцияның тапсырмасын уақытылы, дер кезінде жазып тастағаным соншалықты, Әлекең «тәжірибемен өту» деген үш ай сынақ мерзімді қысқартып, тұрақты жұмысқа қабылдады.

Әдеби қызметкер, яғни журналист ретіндегі алғашқы қадамым басталды. Редакцияда танымал қаламгер, мықты азамат Раушанбек Сейтенов, Сахи Қапаровпен қатар жұмыс істедім. Раушанбек аға ақыл-кеңесін аямай, жазу жолына қалыптасып кетуіме үлкен септігін тигізді.

Көп ұзамай, осыдан тура жиырма жыл бұрын 2003 жылдың 5 қаңтарында газетіміздің атауы өзгеріп, «Тұран-Қазалы» деген атпен жарық көрді. Бұл күн менің өмірімдегі ең керемет күннің біріне айналды. Өйткені сол «Тұран-Қазалы» газетінің алғашқы номері шыққан, яғни 5 қаңтарда менің туған күнім болатын. Сол туған күнімді «Тұран-Қазалы» газетінің редакциясы газеттің алғашқы номеріне суретіммен құттықтау берді. Міне, бұл мен үшін қаламды қолына жаңа алған, әлі жазу жолында толысып үлгермеген қызметкерге үлкен серпіліс, сенім әкелді.

Бірнеше жылдан соң облыстық «Сыр бойы» газетіне Қармақшы ауданы мен Байқоңыр қаласы бойынша меншікті тілші қызметіне ауыстым.

Жақсыдан шерепет. Әлекең ағам бастаған «Тұран-Қазалыдағы» ұжымдастырым ақжол тілеп, шығарып салды.

Содан бері облыстық «Сыр бойы», республикалық қоғамдық-саяси тәуелсіз апталық «Халық» газетінің Арал, Қазалы аудандарының меншікті тілшісі қызметіндемін. Менің өмір жолымдағы ұстаздарымның барлығы да Шынтас Жалғасбаев, Әлмәмбет Әлішев, Жақсылық Рахматулла сияқты мықты тұлғалар болды.

Жұмабек  Табынбаев,

Қазалы  ауданының  құрметті  азаматы,

Ақпарат  саласының  үздігі,

ҚР  Журналистер  одағы сыйлығының  лауреаты

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: