Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қатынқамал – Қаратаудағы тарихи үңгір

08.02.2024, 11:40 956

Қойнауы құт, қатпар-қатпар Қаратауға бірнеше рет «қонақ» болдық. Тауда зерттеп-зерделенбеген құпиясы көп қызықтар әлі де баршылық екенін жақсы білеміз. Ондағы петроглифтердің өзі – бөлек бір тақырып. Қаратаудағы өзен, бұлақтар да тау етегінің табиғатына өң беріп тұр. Табиғи және жасанды үңгірлер де кездеседі. Солардың бірі – Қатынқамал үңгірі. Бұл үңгір жайлы ел аузында аңыз оқиғалар баршылық. Атауы да сол жаугершілік заманда қыз-келіншектерді аман алып қалғандықтан қойылған көрінеді. Сырын ішіне бүккен тарихи үңгір туралы жергілікті өлкетанушы, журналистер біршама дерек келтірді.

– 2019 жылдың жаз айында арнайылап барып, үңгір ішіне кірдік. Алып тастың ішіне еніп, кіреберісте тасалап, Құран бағыштадық. Ары қарай беттеуге мүмкіндік болмады, үңгір іші қараңғы әрі ұзақ дегендіктен, «адасып қаламыз ба?» деп жүрексіндік. Ақүйік ауылынан алыстау орналасқанымен, жыл сайын дем алушылар  жиі  келеді.

Бұл – Қаратаудың аяқ тұсы. Осы маңайда екі өзен келіп түйіседі, содан да шығар, Ақүйік аталып кеткен. Осы өзеннің жоғары жағында биік жота бар. Құжыр жартастың биік қия беткейіндегі үңгірді қысылтаяң кезде қырық қыз-келіншек жан сақтап пана етіпті. Жылап-сықтап, тау-­тасқа өрмелеп, қиналып келе жатқанда жарықтық қарт Қаратау сол көз жасына етегі толған қырық қыз-келіншекті бауырына басып, ғайыптан тау басынан ойық пайда болып, киелі үңгірге айналыпты деседі. Бұл жер көктем айларында ерекше құлпырады, алабөтен көрінісімен көз арбайды, таудың ерке самалымен жібектей төгілген алқызыл қыз­ғалдаққа толып тұрады. Қалай десек те, бұл тарихи мекенді көзбен көріп, өткенді сезіне білген жан ғана түсінеді деп ойлаймын, – деді жаңақорғандық жур­налист Әлібек  Жарықбаев.

Журналист тау тақырыбына ерекше қызығушылық танытады. Отандық туризм­нің дамығанын қалайды. Мұндай құпиясы көп, ерекше орындар Сыр бойын­да  көп  деп  есептейді.

Жалпы, үңгір туралы көптеген дерек бар. Бірақ, бәрі аңыз ретінде ғана ай­тылады.

«…Ел басына қара бұлт боп үйірілген «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» (1723 ж.) басталды. Міне, осындай ауыр зұлматты күндерде тау өңірін мекен­деген ауылдың қыз-келіншектеріне пана болған, оларды селдей қаптап келген қара жүрек жоңғарлардың қанды шеңгелінен аман алып қалған Қаратау басын­дағы Қатынқамал  үңгірі  еді…

Үңгірдің ішінің ауасы өкпе қысарлықтай  емес, таза. Үңгір 12 қанат киіз үйдің ішіндей үлкен де жарық. Ішінде сәл ғана дауыстың өзі жаңғырып естіледі» деп жазылған «Жаңақорған» тарихнамасында.

Тарихшы, өлкетанушы Әлімжан Ержа­нов Қаратауда табиғи үңгірлермен қоса, жасанды үңгірлер де бар екенін айтады. Сондай-ақ, ол болашақта мұндай ерекше орындарды туристік орталық етуге  болатынын  жеткізді.

– Қатынқамал үңгірі – зерттеуге тұрарлықтай нысан. Қаратау таулары­ның біз жақтағы бөлігі биік емес, сондықтан адамдарға қауіпті ештеңесі жоқ.

Біздің өңір тарихи ескерткіштерге бай болғанымен, бүгінгі күнге дейін сол ескерткіштерге туристік маршруттар әлі де жасалмаған. Алдағы уақытта туристік орындардың біріне айналады деп есеп­теймін. Иә, жол мәселесі қиын. Себебі, елді мекеннен және үлкен жолдан алшақ орналасқан.

Бүгінгі күнге дейін бірде-бір үңгір нақты археологиялық тұрғыда зерттелмегендіктен, олардың көбі есепке алынбай, мемлекет қорғауына енбей жүр. Табиғи үңгірмен қоса, Қаратауда жасанды үңгірлер де бар, олар – шахталық үңгірлер.

Жоғарыда айтқанымдай, «Қатын­қамал» былай тұрсын, бізде осы күнге дейін кейбір тарихи нысандар да есепке алынбаған. Мысалы, Жаңақорған ауда­нындағы Бірлік елді мекенінің батыс бетінде, «Батыс  Еуропа-Батыс Қытай» авто­жолынан 2 шақырым жерде орналасқан Балдыкент бекінісі осы күнге дейін қорғауға алынбай, ол ескерткіш жойылуға жақын  жағдайда  тұр.

Ал «Қатынқамал» аңыздан басқа нақты тарихи дерек болмағандықтан да қорғауға алынбаған болу керек, – дейді ол.

Әрине, үңгірдің құпиясы әлі көп. Ол үлкен зерттеп-зерделеуді қажет етеді. Өлкетанушылар «Қаратаудағы мұндай ерекше орындарды жергілікті малшылардан артық ешкім білмейді» деген пікірді айтып отыр. Жалпы, Қызылорда облысында туристік орынға сұранып тұрған жерлер жоқ емес. Бірақ, бәріне тән құбылыс – жолдың нашарлығы, инфрақұрылымның жоқтығы, нақты ақпараттың аздығы.

Рыскелді  ЖАХМАН,

Бағдат  Есжанов  (сурет)

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: