Мен ұзақ жылдан бері Алматыда тұрамын. Бірақ жиырма жасқа дейінгі өмірім Сыр бойында өткен еді. Соған орай, алыста жүрсем де Сыр бойымен байланысымды үзбей, туған жердің күнделікті жаңалықтарын әрқашан да естіп, біліп отырамын. Сыр бойынан жеткен осындай жаңалықтардың арасында кезінде мені ерекше қызықтырғаны «Халық» дейтін жаңа газеттің жарық көруі болды. Бұл жаңалықтың мен үшін өзгеше болуының себебі де бар. Менің шығармашылыққа алғаш қадам басуыма осы өңірдегі облыстық «Ленин жолы» (қазіргі «Сыр бойы») және аудандық «Сырдария» газеттері үлкен ықпал жасап еді. Яғни, мектепте оқып жүргеннен бастап жазған өлеңдерім осы басылымдарда жарық көріп тұрды. Кейін бұл басылымдардың қатарына «Ақмешіт апталығы» дейтін жаңа газеттің қосылғанын да білетінмін. «Халық» газеті де осы кезеңде дүниеге келген. Мен бұл газетті алғаш рет туған жерге іссапармен барғанда бір таныс кісінің үйінен көрдім. Маған ерекше әсер еткені газеттің «Халық» деп аталуы болды. Сонау өткен ғасырда жарық көрген қазақтың тұңғыш газеті «Қазақ» деп аталғаны баршаға мәлім. Ал енді тура соған ұқсатып, ешқандай артық, қосымша мәтін қоспай «Халық» дейтін жалғыз сөзбен газет шығару мені кәдімгідей елең еткізді. Көңілімнің бір түкпірінде «Апырмай, сонда бұл газеттің сапасы, жариялайтын мақаларының денгейі «халық» дейтін қасиетті сөзге сай келе ме екен?» дейтін күдікті ой пайда болды. Сосын үй иесінен «Бұл қандай газет?» деп сұрадым. Сонда әлгі кісі «Халықты» жер-көкке тигізбей мақтай жөнелді. Айтуына қарағанда, «Бұл газетте жарияланатын дүниелердің бәрі бірі-бірінен өткен керемет: кез келген мақаласын қызыға, рақаттана оқисың және айтатындарының бәрі нағыз шындық; жұрттың көкейінде жүрген ең өзекті мәселелер!». Үй иесі газет туралы мақтауын осылай біразға созды. Ал мен, шынымды айтсам, мұндай мақтауға онша сеніңкіремедім. Осы күдігімді байқаса керек, үй иесі газеттің соңғы уақытта жарық көрген біраз санын менің жаныма әкеліп қойды. «Сен Алматыдан келген жазушысың ғой, менің айтқаныма сенбесең, міне, қолың тигенде өзің де оқып көр» деген тілек білдірді. Сөйтіп, іссапарым аяқталып, Алматыға қайтқанша «Халықта» жарияланған дүниелерді асықпай, мұқият, тіпті кейбіреулерін бірнеше рет қайталап оқып шықтым.
Міне, сол кезде әлгі үй иесінің бұл газет туралы айтқан мақтауларының бәрі шындық екендігін біртіндеп мойындай бастадым. Маған, әсіресе, газеттегі жарық көрген дүниелердің барынша қарапайымдылығы және әрбір сөзінің, әрбір пікірінің жандүниені еріксіз жаулап алатындай шынайылығы ұнады. Осыған орай, бір мәселені де айта кетуге тиіспіз. Өмірімізде бір жақсы жаңалық, не жеке тұлғаның айтарлықтай жетістігі болса, оны нешетүрлі жылтыраған қызыл сөзбен лепіртіп, аспанға шығарып асыра мақтау бізде біршама кездеседі. Сондай-ақ, кемшілік жөнінде сөз қозғасақ, ол жазғандарымыздан кінәлілерді жерден алып, жерге салу және бұл жағдайдың түзелуінен мүлдем үміт үзгендей сарын байқалатыны да жасырын емес. Әрине, мақтау да, сынау да керек; бірақ мұндай бір сарынды, асыра сілтеуге құрылған қызыл сөз оқырман қауымды ығыр етіп, олардың баспасөзге деген ынта-ықыласын төмендетуі әбден мүмкін. Соңғы уақытта газет-журналдарымыздың басым көпшілігінің таралымының айтарлықтай азайып кетуінің басты бір себебі осында жатыр ма деген де ой келеді. «Халық» газеті ең алдымен осындай кемшілікке жол бермейді екен.
Яғни, басылым ең алдымен қазіргі халықтың ең мұқтаж мәселелері не; ол мәселелердің бір жүйеге түсіріп реттеудің нақты заңдық-құқықтық негіздері мен қаржылық мүмкіндіктері қандай дегенді зерттеп, не айтса да, қандай ұсыныс жасаса да, ең алдымен осындай мұқият зерттеу мен жан-жақты ізденістің нәтижесіне сүйенеді екен. Ал мұндай даусыз шындықа сүйеніп жазылған дүниелерді оқығандар мақтау естісе де, қуанудың орынына бұл әңгіменің астарында үлкен жауапкершілік жатқанын сезінеді; сөйтіп бүгінгі жетістігін алдағы уақытта одан әрі жақсартуға күш салады; ал сынға ұшырағандар қарсы пікір айтып, дау шығарудан ештеңе өнбейтінін еріксіз мойындайды; сөйтіп үн-түнсіз кемшілікті түзеуге кірісе бастайды. Ал мұның бәрі басылымның жұртшылық алдындағы абырой-беделін көтереді, оқырмандарының көбеюіне нақты ықпал етеді. «Халық» газетінің осындай биік белестен көрініп отырғаны анық. Нақты дәлел келтірейік. Мысалы, газет 2000 жылы алғаш жарық көргенде таралымы 1700 дана ғана болған екен. Және қолдағы қаржы осы алғашқы номерді шығаруға ғана әрең жеткен. Сондықтан бұл газеттің жарық көруі осы бір номермен бітетін шығар деп күдіктенгендер де болыпты. Бірақ оқырмандардың жаңа басылымды қолдан-қолға тигізбей бірден таратып әкетуінің нәтижесінде «Халық» газетінің қаржылық мәселесі шешіліп, тұрақты шығып тұратын дәрежеге көтерілген. Сөйтіп арада біраз жыл өткенде газеттің таралымы бірнеше есе көбейіп, 8 мыңға дейін жеткен. Бұл жөнінде газеттің негізін қалап, тұңғыш бас редакторы болған Аманжол Сақыпұлы сұхбатында жан-жақты айтқан екен. Бүгінгі таңда кез келген газеттің ешқандай ресми орындардан қаржы сұрамай, тек оқырмандарына ғана арқа сүйеп, осыншалықты биік деңгейге көтерілуі – өте сирек кездесетін жағдай.
Енді міне, биыл бұл басылымның жарық көргеніне тура 25 жыл толып отыр. Осыған орай, «Халық» газетінің алдағы уақытта халық алдындағы абырой, беделінің қазіргіден де жоғарылап, оқырмандарының барынша көбейіп, жаңа белестерге көтеріле беруіне шын жүректен тілектеспіз!
Сұлтанәлі БАЛҒАБАЕВ,
жазушы-драматург, профессор,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!