Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Оймақтай ойлар

14.03.2024, 9:20 161

Көңіл  қалды

Көк жәшіктен көңіл қалды. Әдемі сұхбаттардың орнын «Бір болайық» секілді мәнсіз бағдарламалар басты. Жыр кештерінің орнын жеңіл-желпі айтыстар басты. Театрдың орнын сайқымазақ шоу басты. Көп көңілінен шығатын кинолардың орнын үнді мен кәрістің, түріктің сериалдары басты. Сауатты жарнаманың орнын әдептен жұрдай сапасыз роликтер басты. Балалар қозы мен құлынның орнына торайды көретін болды.

Сонда біздің телеарна басшылары айға қарап отыр ма, шошқа тағалап отыр ма?!

Жүлде

Әулиекөл аудандық (ол кезде Семиозер) «Жеңіс туы» газетінде қызмет етіп жүргенімде аудандық ақындар айтысына қатыстым. Домбыра тарта алмаймын, ән айта алмаймын, сондықтан жаныма домбыра тартатын Жақсылық Құрманғалиев деген азаматты отырғыздым. Алдында әжептәуір дайындалған секілді болсам да:

«Ежелден сырлас досым өлең деген,

Бел буып тәуекелге жеңем деп ем.

Қанатты тұлпар мініп келсе ақындар,

Тепеңдеп мен де келдім дөненменен» –

деп бастаған айтысымның бірер шумағын ғана әндетіп айтып, содан кейін сахнадан жыр оқып тұрғандай тақпақтап кетіппін.

Айтыс қорытындысында маған үшінші орын бұйырды. Қолыма тиген жүлде – бір көйлек пен қоңыраулы сағатты ұстап тұрып:

«Әлі де көрінбейді жырым соңы,

Алайда, байқамаппын бұрын соны,

Әттең-ай, әнім болмай,

Немесе иегімде сақал болмай қор болдым ғой,

Әйтпесе алар едім бірінші орын» деп айтқаным бар.

Кейін талай жыр бәйгесіне қатыстым. Жүлделі болған да, жүлдесіз қалған да кездерім бар. Сонда осы жай ойыма орала береді.

Соттың  балғасы

Соттың, яғни судьяның қызметтік құралының бірі – кәдімгі балға. Оны қолданған сот балғамен соққан кез «осымен іс тамам» дегенді білдіреді.

Сырт көзге осы балғамен сот қылмыскерді де, күдіктіні де ұрып жатқандай әсер қалдырады. Қазекем: «От пен соттан сақта!» деп тегін айтпаған болар.

Кім  біледі?!

Кім біледі?! Ескі Қазақстанның кадрларына қашан ес кіреді? Жаңа Қазақстанның киген киімі қашан ескіреді? Ескі күресінге лақтырыла ма, әлде жамау жамала ма? Жаңа киім алуға қаржысы жете ме?

Не  істер  едік?!

Жыл сайын өлмейтін Аяз шалды, күйеуге шықпайтын кәрі қыз Қаршақызды көрген сайын таң қаламын. Тек қана олардың қыстың күні қыдыратынына шүкіршілік етемін. Қар еріп кетсе де алдымыздан шықса не істер едік?!

Білер  ме  екен?

Көл-көсір байлықтың теңізіне батып бара жатқандар тұңшықпай ма екен? Оларды құтқаратын «Қанағат» атты қайыққа міне алар ма екен? Әйтпесе құрдымға кетерін білер ме екен?

Тіс  ауруы

Мен дәрігер емеспін. Байқап тұрсам, бауырын май басқандар мен көзін шел басқандар аз емес екен. Құлақтары естімейтіндер де жетіп артылады. Отыз екі тісі бүтіндер де көп емес.

Ауруды да Құдай береді. Сырқаттарға сабыр берсін. Алған ем-домы шипа болсын.

Ауруды сұрап алатындар да бар. Осындайда Роберт Бернстің «Казни врагов моей страны зубной болью!» («Елімнің дұшпандарын тіс ауруымен жазала!») деп айтқаны ойыма оралады.

Мықтылық

Ел аузынан естіген әңгімелерге қарағанда нағыз аңшылар қонған құсты емес, ұшқан құсты көздейді екен.

Батыраштар да артта шаң қауып қалған немесе бел ортада жүрген аттарды емес, топтан оқ бойы озған жүйріктердің жолын кес-кестейді. Найзағай да биіктегі  жайтартқышқа  түседі.

Адымыңды  аңдығандар, тасадан  тас  атқандар,  жолыңа ор қазғандар, тор құрғандар  болса – ол сенің мықтылығыңнан  шығар.

Апиын

Кезінде марксизм-ленинизм ілімінің көсемдері дінді апиын деген болса, жазушы Мұхтар Мағауин: «Дін деген – апиын. Сол дұрыс сөз. Оның мәнісін ұғынып жатқан жоқ. Апиын аз қолданса  ем, көп қолданса ауру» деген  еді.

Мақтау да апиын секілді. Аздап мақтаса майдай жағады, көп мақталса өзімшілдік пен тәкәппарлыққа  айналады.

Сөз  көп…

Қазақта көп сөз бар. Аударылуы қиын. Емеурінмен айтылған кейбір сөздердің мағынасын аңғаруың қиын.

Алайда, тағы да көп сөз пайда болды. Қолдануың қиын.

Айтқаным  бар

Ешкімге жамандық тілемеймін. Достарым да, дұшпандарым да аман болсын! Бірақ, ызам келген бір сәтте: «менің үстімнен донос жазғандар іштері өтіп, понос болсын» деп айтқаным бар.

Рақмет!

Ауызым, саған рақмет!

Дәмді тамақты ғана ішпедің, әдемі сөзді айтқыздың.

Құлағым, саған рақмет!

Жақсы лебіз, тамаша ән-күй тыңдадым.

Сендерге рақмет, көзім!

Келбетін көрдім, қызығын көрдім жалғанның.

Сендерге рақмет, қолым!

Қолыма қасық қана емес, күректі де, қаламды да ұстаттың.

Аяғым, саған рақмет!

Туған жерде жүргенім, қаншама елге барғаным.

Жүрегім, саған рақмет!

Қашанда болдың қорғаным.

Жаратқан, саған рақмет!

Өзіннің арқаң он екі мүшем сау болып,

Осының бәрі бойымда менің болғаны.

Қиын

Пісіп тұрған егіннің орылмай қалғаны қиын. Жиналған құрғақ отынның жағылмай қалғаны қиын. Құрылыс материалы түгел үйдің салынбай қалғаны қиын. Ішінде балапаны бар жұмыртқаның жарылмай қалғаны қиын. Жоғалтып алған асылдың табылмай қойғаны қиын. Қиындыққа төзген елдің уайымнан арылмай қалғаны қиын.

Бір  Алла  біледі

Өткен жылдан қалған өкпе биыл кете ме, кетпей ме?! Өткен жылы басталған соғыс биыл біте ме, бітпей ме?! Өткен жылы айтылған сөз биыл құлақтарға жете ме, жетпей ме?!

Барлығын бір Алла біледі.

Біле  ме  екен?!

«Сүйемін!» деп ғашығының есімін құз-жартасқа, қатып қалған қара тасқа жазатындар табиғаттың көркін бүлдіріп жүргенін біле ме екен?!

Ғашығының көңілін аулау үшін есімін білегіне жазып алғандар оның жүректегідей сақталарына сене ме екен?!

Әй, қайдам?!

(Басы өткен сандарда. Жалғасы бар)

Ақылбек  ШАЯХМЕТ

«Халықтың» коллажы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: