Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Өркениеттің өзегі» болған Қышқала

16.06.2022, 10:40 334

Сыр өңірі – қойнауы қазынаға, топырағы тарихқа бай Алаштың анасы. Олай деуіміздің басты себебі, аймағымызда ортағасырлық қалалардың қиранды қалдықтары, мәдениетінен сыр шертетін ескерткіштері мұра болып қалған. Ә дегеннен-ақ ауызға түсетін көне қалалардың қатарында «Қышқала» да бар. Атауына келсек, халық арасында Баршынкент, Барчинлыгкент, Қызқала деген есімдерге ие. Көне қаланың тарихы жайлы ақпараттар аз-кем. Сол үшін археологтардың басты нысанына айналып,  өткеніне көз жүгіртіп, өміршеңдігін ұзартуға зерттеушілер күш салуда. Қызылорда облысының  мәдениет және спорт басқармасына қарасты «Қызылорда облыстық тарихи және мәдени ескерткіштерді қорғау жөніндегі» КММ-нің мұрындық болуымен Қышқала қалашығына баспасөз туры ұйымдастырылып, БАҚ өкілдері өркениеттің өзегіне айналған орынның бүгініне куә болып қайттық.

Атадан қалған мұра – әулет арасында «алтын асықтай» деген тәмсіл әлімсақтан бері айтылып келеді. Осынау сөздің төркіні «өткенді ұлықтауға» келіп саяды. Аяқ астында қаншама байлықтың басылып, тарихымыздың тапталып жатқанын біріміз білсек, біріміз білмейміз. Аумағы 7,5 гектарды құрайтын көне Қышқала Сырдария ауданына қарас­ты  Қоғалыкөл ауылынан шығысқа қарай 4 шақырым қашықтықта орналасқан. Кейбір деректерде Баршынкент атауы Алпамыс батырдың зайыбына қатысы бар екенін аңғартқанымен, нысаннан табылған заттар мен жәдігерлер олай бол­мауы мүмкін деген тұжырымды алға тартады. Өйткені «Баршын» сөзімен байланысты немесе соны нұсқайтын заттар  табылмапты.

Тарихи қалаға 2018 жылдан бері археологиялық зерттеу  жасап  жатқан – Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың профессоры Мадияр Елеуов. Ол Сырдың топырағында туып, мектебінен түлегеннен ке­йін археологияның асқар шыңына шығуды көздеп, білім мен ғылымға ден қойған. Соның арқасында өз туған  жеріндегі  тарихи  мекендерді  түгел зерттеп, рухани орындарымызды көбейтіп, барды байытқысы  келе­тінін  білдік.

– Қышқала – ХІІ-ХVғ. аралығында өмір сүрген қала. Бірақ жазба деректерінде ХІІІ ғасырдан бастау алған деп келеді. Өткен ғасырдың 60-жылдары археологтар ең алғаш зерттеу жұмысын бастаған. Жұмыс ұзаққа созылмай, енді ашылып келе жатқан қала сол күйі орнында қалып қойған. Кейіннен 2018 жылы өзім жетекшілік ететін әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың «Тұран археологиялық экспедициясымен» қазба жұмысын жүргізуді бастадық. 2018-20 жылдар аралы­ғында облыстық бюджеттен қаржыландыруымен басталған жұмыс  2021 жылы сол кездегі Білім және ғылым министрлігінің грантымен жалғасын тауып, 2021-23 жылдар ішінде зерттеу жүргізетін болдық, – деді М.Елеуов тілшілерге берген сұхбатында.

Біз барған Баршынкенттің 2018 жылдан бері зерттелген 11 нысаны­мен таныстық. Оның ішіне медресе, кесене, шаруашылық бөлімі, тұрғын үй орындары және тарихы таңсық қос мұнара орналасқан жерлер бар. Алдымен медресе жайын тарқа­тайық.

Аттың басын медресеге бұрғанымызда кескінделген құрылысы көз тартты. Профессордың айтуынша, сегіз бұрышты діни білім беру орны тарихымызда болмаған, тіпті орта Азияда мұндай медресе жоқ, өйткені сол замандағы шеберлердің туын­дысы таңдай қақтырып, талай жәдігер­лердің сапалы шығуына әсер еткен  екен.

– Медресенің құрылысына келсек, жалпы аумағы 27 метрді құрайды. 19 бөлмеден құралған ерекше  үлгідегі ғимараттың ішінде төрт тіреу мұнарасы орналасқан. Құрылыс жұмысына келсек, таза қыш кесектен өріліп, ішінде қол жуу орындарын қойған. Су құмға сіңіп кететіндей шеберлікпен жасалған. Менің бір тілегім, дәл осы медресені қайта қалыпқа келтіріп, үстіне 1 метр қосып қыш өріп, нағыз дала галереясын жасау еді. Бұл – үкіметтен қолдау тауып, іске асса, Ислам мемлекеттерінің де қызығушылығын тудыратын жер. Әзірге қыштардың үстін батпақпен сылап, кейбір жерлерді көміп қойдық. Себебі тарихымызды қазып алып еш қолдаусыз мүжіткеннен, жер астында сақтау дұрыс деп есептеймін, – деді профессор Мадияр Елеуов.

Қышқаланың атауына үңілсек, қаланың қыштан тұрғызылғанын байқаймыз. Бұл қала бой көтермей тұрып, қыш күйдіретін үлкен пеш қаланған. Ұзындығы 6х4 өлшеммен өрілген пеш арқылы қыш кесектер күйдіріліп, қала тұрғындары тұрмысқа пайдаланған екен. Зерттеу нәтижесінде пештің ішінен балқыған қыш қалдықтары мен дайын күйінде сақталып қалған кесек­тер  бар.

Одан ары кесене орналасқан. Қышқаланың тұрғындарын жерлейтін кесене аумағының нақты өлшемі белгісіз, бірақ жерленген адамдардың сүйегі табылғандықтан сол аумақ Қызқала қорымы болған деп болжануда. Айта кеткен жөн, Қызқала деп аталуы қалада тек әйел адамдардың өмір  сүргенін  білдірмейді.

Ізін ала қала тұрғындарының қоныс­танған жерлерімен таныстық. Үйді жылыту жүйесі өзге Сығанақ, Жанкент қалаларының үй жылыту жүйесіне ұқсас, жер асты моржалары арқылы бөлмені жылытып отыр­ған. Олай дейтініміз, еден астынан табылған шағын қарықшалар. Тіпті күлдің  орны  байқалады.

Алматы   қаласындағы   Ә.Марғұ­лан атындағы археология институ­тының жетекші қызметкері Бөкей Тәлиев: «Қаланың қарапайым тұрғын­да­ры тұрған  орам екі кезең бойынша  сақ­талып  қалған. Бірақ басым бөлігі – ең соңғы кезеңде тұрған адамдардың үйлерінің қабыр­ғасы. Себебі қирандыға айналған қала тіршілігі жалғасып, бұрынғы үйлердің үстіне салынған қабырғалар екенін білдік. Сондай-ақ, сол заманғы адамдардың тіршілігі мен мәдениеті үй ішінде табылған ошақ, ташнау (қол жуатын жер. – авт.) ар­қылы жоғары деңгейде болған деп есептедік. Және үйлер қатар орналасқандықтан, бір әулеттің ұрпақтары сабақтаса бір көше бойында тізбектеліп тұруы мүмкін деген де пікір бар. Сонымен қатар тандыр ошақтардың бұзылмаған түрін таптық. Тіпті ішіне шаң түспеген, беті мығымдалып жабылған. Олардың түтін шы­ғару нүктесі қабырғада орналасқан, сол арқылы сыртқа шығып кететін болған», – деген  болжам   жасады.

Профессор М.Елеуов: «Қышқала маңындағы ескерткіштердің зерттелгеніне 3 жылдан аса уақыт өтсе де, мемлекеттік тіркеуге алынбаған. Ол есепке алынбаса, үкімет қаржы бөле алмайды. Қазақстанда Алтын Орда кезінен қалған қалалар санаулы. Олардың бірі де бірегейі – осы қала. Ол туралы жазба деректерде келтірілген. Қала  аумағын  толық  зерттеп, ескерткіштерді ашу  үшін  10  жылдан  аса уақыт кетеді. Біз ХІІІ ғасырда өмір сүре бастаған деп болжам жасағанбыз, алайда ХІІ ғасырда толық қала болып қалыптасқан екен. Сол заманда Жошы ханның шапқыншылығы тұсында қамалы бекем қала болған деген деректер бар. Ашық аспан астындағы мұражай жасап, туристерге тарихымыздың таңбасы ретінде ұсынуға болатын киелі орын деп санаймын», – деген талап-тілегін білдірді.

Қорыта айтқанда, қазақтың ежелгі ескерткіштері мен қалаларына көз тастасақ,  тұнық тарихты көреміз. Айтылған арман желге ұшпай, мемлекеттен  қолдау тауып, қаражат иеле­нсе  дейміз.

Ердәулет  СӘРСЕНҰЛЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: