Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Наурыз мейрамын жаңаша тойлаудың жолы

15.02.2024, 11:20 734

Соңғы уақытта ұлттық ерекшелік, ұлттық код деген дүниелерге қызығушылық төмендеп бара жатқан секілді. Өйткені, батыс мәдениеті бүкіл елдің мәдениетін өзінікімен алмастыруда. Қазір көрші көршімен, ағайын ағайынмен қатыспайтын болған. Айта берсең көп. Бізге осы орайда ұлттық ерекшеліктерді қайтадан жаңашаландыру, ұлттық кодты сақтай отырып, озық ой жүйесінде дәстүрді дәріптеуді қолға алу керек. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Egemen Qazaqstan» газетіне берген сұхбатында: «Наурыз – жаңару мен жаңғырудың символы. Сондықтан төл мерекеміздің мазмұнын байытып, оны барынша ерекшелеп, жаңаша атап өтуіміз керек. Бұл қадам қоғамды ұйыстырып, ұлттық бірегейлігімізді айшықтап, ел бірлігін нығайта түсуге ықпал етеді деп сенемін» деп айтқан еді. Бұл да ұлттық ерекшелікті ұлықтай отырып жаңғыртуға бастайды. Президентіміздің бұл сөзі – біздің өзіндік бай ғұрпымызды, салт-дәстүрімізді заманға сай ықшамдап, тойлатуға үндеу. Осыған байланысты мәдениет, тарих, дін, өнер өкілдерінің пікірін білдік. Оқып көріңіз.

Дастан  ҚҰРМАНБАЕВ,

Қызылорда  облысының 

бас  имамы:

– Қазіргі қоғамда басқаны айтпағанда ұлты бір, діні бір халықтың бір-бірімен жанжалға түсіп, болмашы бір жол үстіндегі оқиғаға немесе бір кішкене келіспеушілікке бола бір-бірін ұрып-соғып, өлтіруге дейін барып жатқан оқиғаларды күнде жаңалықтардан көріп отырмыз. Мұның барлығы – ұлттық біртұтастыққа, ауызбіршілікке кереғар істер. Осындай алауыздық көбейіп, адамдардың, азаматтардың бір-біріне деген мейірімнің, бауырмалдықтың азайып тұрған кезінде Наурыз мейрамы сияқты ұлтты біртұтастыққа, халықты ауызбірлікке, өзара мейірімге, махаббатқа шақыратын мерекелерді жаңғырту, оны жаңалау, оны жастар қызығатындай, қазіргі жастардың форматында, әсіресе, кеңейтіп насихаттау өте маңызды. Ислам дінінде де бірлік, татулық деген дүниелер басты құндылықтардың бірі болып саналады. Сол үшін де Құрандағы аяттарды, хадистерді қарап отырсақ, мағыналары көбіне бірлікке, ауызбіршілікке шақырады. Тіпті бөлінуді, алауыздықты шайтанның ісі деп, оны лас іске теңейді. Құмар ойын, арақ-шарап сияқты нәрселер адамдар арасында алауыздықты тудырады. Яғни араққа, құмар ойындарға түскен адам бір-бірін аямайды, сондай бір үлкен күнәлардың өзіне тыйым салған кезде, себебі ауызбіршілікке кедергі болатыны үшін тыйым салғанын көрсетті. Сондықтан мұндай бірлікке, берекеге шақыратын іс-шаралар құп көріледі. Наурыз мейрамын қалай тойласақ та, ең бастысы, шариғат шеңберінен шықпай, адал аспен, адал салтпен іске асатын болса, Ислам діні оған  жақсы  көзқараспен  қарайды.

Серік  ЕРҒАЛИ,

наурызтанушы:

– Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Наурыз мейрамына қатысты ойын екінші рет білдіріп отыр. Яғни 2021 жылы 5 қаңтарда «Тәуелсіздік бәріне қымбат» деген мақалада «Наурыз мейрамын атап өту тұжырымдамасын жасап, көктем мерекесінің мазмұнын байыта түскен жөн» деген бір бастама жасады. Енді биыл, 2024 жылы  3 қаңтардағы «Егемен Қазақстан» газетіне берген «Біз озық ойлы ұлт ретінде тек қана алға қарау керекпіз» сұхбатында «Наурыз – жаңару мен жаңғырудың символы. Сондықтан төл мерекеміздің мазмұнын байытып, оны барынша ерекшелеп, жаңаша атап өтуіміз керек» деп тағы да қоғамға үндеу тастады. Бұл үндеуге, бұл бастамаға менің жауабым 2009 жылы шыққан. Ол – Наурыз мейрамын жаңаша тойлау туралы тұжырымдама. Өкінішке қарай, содан бері биыл бір мүшел болды – 13 жыл, мінеки, әлі нақты шешім жоқ. Енді шешім биыл болатын шығар. Әрине, Президенттің бастамасын қолдаймын. Менің жасаған тұжырымдамам 14-22 наурыз аралығында 9 күн бойы Наурыз мейрамын фестиваль түрінде атап өтуге, яғни  9 күн бойы ішіп-жеуге емес, кәдімгі 14 наурыз – мүшелдік жыл басы болып мәртебесі берілу керек. Мүшелдік жыл басы 23 наурыздағы демалысты 14 наурызға ауыстыру керек, қалған шаруаларды мәдениет министрі атқара береді. Оған барлық жұмыс жоспарын дайындап беріп отырмыз, алайда жауап әлі шықпады. 2020 жылы менің жасаған тұжырымдамамды мәдениет және спорт министрлігі бұрмалап, соны енгізуге талпынды, бірақ мен қарсы шығып, оны түгел тоқтатып тастадым. Ол тоғыз күннің атауына және мазмұнына байланысты болған бұрмалаулар еді.

Жамбыл  АРТЫҚБАЕВ,

тарих ғылымдарының докторы,

профессор:

– Наурыз мейрамы – өте көне мейрам. Ол – күн мен түннің теңелген уакыты, жылдың басы. Ұлыстың ұлы күні есебінде бұл – өте көне мейрам. Қазақ хандығы құрылған дәуірде, XV ғасырдың басында Наурыз мейрамы мемлекеттің басты мейрамы болып қабылданды. «Ұлыстың ұлы күні құтты болсын!» деген сөз содан шығады. Сондықтан бұл жерде Наурыз мейрамында мүмкіндігі келгенше адами құндылықтар көбірек айтылып, көбірек дәріптелсе екен. Елдің тыныштығы, Қазақстанды мекендеген этностардың қарым-қатынастары жақсы, десе де ынтымағы керек. Сол үшін Наурыз мейрамында мүмкіндік болса өзге этнос өкілдерін түгел қатыстырған жақсы. Оларды өз мейрамы есебінде тойлауға үйретуіміз керек. Қазір Щучинскінің атын ауыстырамыз деп дауласып жатырмыз. Өйткені өзге ұлт бір бөлек, қазақ бір бөлек жүреді, содан осындай дау шығады. Дау болмас үшін бұларға да халықтық мейрам, мемлекеттік мейрам есебінде, тойлайық деп айтып жатырмын. Жалғыз қазақ емес, бұған өзбек, әзербайжан, украин, поляк, орыстар бәрі қатыссын, кәдімгідей Наурыз осылардың да мейрамы болсын, оларға арнап жеке киіз үй де тігіп қою керек. Тіпті болмаса, Наурыз айтысын ұйымдастыру керек. Наурыз айтысы жаратылыстану ғылымына қатысты айтыс болады. Бұл күн мен түннің айтысы деп те айтылды. Одан бөлек жан-жануарлардың айтысы, жаз бен қыстың айтысы деп те атауға болады. Осындай тақырыпты айтыскерлерге, өнер адамдарына, өнер мектептеріне айтып, осы бастаманы қолға алу керек. Қазақтың қалың ортасы, дәстүрі сақталған жер Қызылорда өңірі ғой, осыны сіздер бастасаңыздар, қалған халық алып кетеді. Мәселен, Маңғыстау көрісуді бастаған еді, енді биылғы жылы, Алла бұйырса, көрісуді бүкіл қазақ елі қабылдап, содан жасаймыз деп отыр. Маған Балқаш жерінен біршама адам хабарласып жатыр, көрісуден бастаймыз деп.

Әкімдіктердің осы Наурыз мейрамына ыңғайлап беретін сыйлықтары бар ма, беретін үйлері бар ма, тағы басқа дүниелері болса, соны осы мезгілге табыстап, беруі керек. Тағы бір ойым – банктер мұқтаж, әлеуметтік жағдайы төмен адамдардың қарыздарын кешіру керек, түрмеге жазықсыз түсіп қалған, кінәсі аз әйел адамдар, балалар болса, оларға бостандық беру керек.

Міне, осындай мәселелерді көбірек колдап, қозғап отырсаңыздар, дұрыс болар еді. Тіпті, барлығын Астана шешеді деп отыра беруге болмайды. Жергілікті жер өз дәстүрін жаңғыртып, гүлдендіріп, халыққа көрсетіп отырса, қазақ – елгезек, жақсы халық, бірден алып кетеді. Оны бастау керек, соны тереңірек көрсету керек, халық соның ішінен іріктеп, өзіне ұнайтынын алып кете береді.

Бақытжан  АХМЕТБЕК,

Қорқыт ата атындағы

ҚУ-дың аға оқытушысы:

– Наурыз мейрамы – қазақтың рухты дәстүрін көтеретін мейрам. Атам заманнан қарап отырсақ, бұл негізі мұсылмандардың мерекесі емес. Көбісі мұсылмандардың мерекесі деп ойлайды, бірақ олай емес. Қазақ хандығынан бұрын, ілгері сақ заманынан келе жатқан мереке. Біреулер шығыстан шықты дейді, біреулер шығыстан емес, парсы елдерінен шықты дейді. Ол – Пайғамбар заманында шыққан мереке. Енді қарап отырсақ, КСРО кезінде бұл мереке 20-жылдан бастап жабылды, өйткені рұқсат бермеді. 1988 жылы Өзбекәлі Жәнібеков деген азамат болды, Қазақстанның үлкен басшысы ғой. Қазақтың мәдениетін көтерген сол кісілер. Бала кезімде есімде, Наурыз мейрамы 1988 жылы сол кісінің арқасында қайтадан тойланатын болды. Бұрын тыйым салынған кезде әр қазақ отбасы өз үйлерінде жасырын тойлайтын болған. Қазір біз орталық алаңда тойлаймыз.

Енді өткенде Президентіміз Қ.Тоқаев Наурыз мейрамын жаңа бағытта, ұлттық ерекшелікті жоғалтпай тойласақ деген ұсыныс тастады. Наурызда «ақ мол болсын» деген сөздің көптеп айтылуы да елдің ағарып, дастарқанға ағарғанның мол қойылуына тілек екенін аңғарамыз.

Наурыз мейрамын жыл сайын ұлттық нақыштағы киіммен, ұлттық дәстүрмен, ұлттық ойынмен тойлап жатамыз. Бірақ, бізге ертеден келе жатқан, бірақ айтылмай, орындалмай қалған дәстүрлерді қайта жаңғырту керек деп ойлаймын. Бұрын 22 наурызды ата-бабамыз ел-жұрттың ұлы күні ретінде тойлады. Бірақ оған дейін көрісу дәстүрін орындады емес пе? Сол секілді, Наурыз – тек 22-сі күні тойлана салатын мейрам емес, бір айға жуық уақыт бойы арнайы бағдарлама жасап, тойлайтын мейрам.

Мұхтар НИЯЗОВ,

айтыскер ақын:

– Жалпы, Наурыз мейрамы болсын, ұлттық мерекеміздің қайсысы болса да, Шығыс халықтарына тән мереке. Белгілі бір әлеумет­тік топтар ғана тойлайтын мереке емес, бұл жаппай халықтық мейрамға ұласуы керек. Онсызда қазір қайырымдылық іс-шаралары жүріп жатады, біз орталыққа көп жағдайда киіз үй тігіп, қол жеткен адамдар барып, өзіміз қазақша шапанды киіп, бір күн мерекелеп жатамыз. Осындай сәттерде әрбір мекеме өздеріне қарасты сол жағдайы жоқ адамдарды қандай да бір жол­дармен, олардың ар-намысына тиіп кетпейтін жолдармен қуантып, сол мерекені сезіндірсе, мереке олардың да естерінде көбірек қалады. Ұлттық киімдерді бұрын тойларда ғана, сол қараша үймен бірге киіліп, киіз үймен қайтадан бірге шешіп тастай­тын киім еді. Қазір мынау мемлекеттік қызметтегі мамандар да өздерінің дресс-кодынан басқа еркін киім кие алатын бүкіл мекемелер болсын, қандай да азаматтар болсын, бір ай бойы тоқтамай ұлттық нақышта киімін киіп, бір-бірлеріне сол наурыздағы  салт-дәстүрлерді жыл бойына тіпті насихаттап жүрсе, тереңірек сезіндіріп, ұзағырақ есте қалатын  жақтары  осылар  шығар  деп  ойлаймын.

Кезінде Өзбекәлі Жәнібеков, Мұхтар Шахановтардың қайткенде де маңдай терімен келген үлкен құндылықты ас ішіп, аяқ босатып, айтылған дүниелерді сол жерде қалдырумен өлшесек, неше жылдап тер төккен есіл еңбектің мәнін ұғынбаған болар едік. Мейрамның мәніне қарай шамалы дендеп, бойлап, қанына қан жүгіртіп, қазақ екенімізді өзіміз амалсыздан емес, мақтанышпен айтатын деңгейге жетіп, осы іс-шараларды ешкімнің ығырын шығармай, әркім өзінің ынтасымен атқаратын деңгейге жеткізетін идеологиялық жолдарды жыл бойына жүргізе берсе деген ойым бар. Жалпы, сол тал егу болса да ізгілікке жалғасатын істердің барлығына осы Наурызды себепкер қылып жасаса, бұл мейрам ретінде де өз мәнін жоймаған  болар  еді.

Пікір  жинаған Е.СӘРСЕНҰЛЫ

Тақырыпқа  тұздық

Наурызтанушы Серік Ерғалидің 14-22 наурыз күндері аралығында Наурыз мейрамын тойлау тұжырымдамасынан үзінді

14      наурыз – «Шуақ күні», яғни мүшелдік жыл басы. Бұл күн – мүшелдік жаңа жылдың кіретін күні. Жұлдыздық күнтізбе бойынша Күннің Тоқты шоқжұлдызына таяп келуінен жыл маусымы ауысады. «ҚАМАЛ» – Тоқты шоқжұлдызының маңдайы дегенді білдірген. Қазақы мүшелдік жылдың алғашқы күні, 90 күн қыс мезгілі шығып, тоң кетеді. Тоңның  орнын шуақ басатын күн. Қазақтың  танымы  бойынша бұл күн – көктемнің алғашқы күні. Бұл күннің негізгі ғұрпы – көрісу. Күннің шуағы жерді қыздырып, көктемнің алғашқы гүлі бәйшешек көктеп, жыл құсы «наурызек» көрінеді.

Бұл күні жұрт бір-бірін ұлыстың алғашқы күнімен құттықтап, төс қағыстырып сәлемдесіп, көрісу рәсімін жасайды. «Ұлыстың ұлы күні құтты болсын!», «Ақ мол болсын!», «Ұлыс оң болсын!», «Жаңа жыл құтты болсын!» деген секілді сөздер арқылы жаңа жылдың келуімен құттықтап, арқа-жарқа болады. Бір-бірімен араздасқан адамдар өзара кешірім сұрайтын, арасы алыстаған ағайын жақындасатын күн. Алыста жүрген жандар қара шаңыраққа барып, ата-анасына сәлем беріп, ағайын-туыстың үйіне бас сұғады. Алыстағылар онлайн хабарласып, құтпарақпен құттықтасады. Ерлер әйелдерге бәйшешек гүлін сыйлайды.

Наурыз мейрамын тойлау аясында әр ұйымда, оқу орындарында Шуақ күні жұмыс басталардың алдында келушілерді қазақтың ұлттық аспаптарымен ән шырқап, ұлттық тағамдармен қарсы алу өткізіледі.

Радио мен телеарналарда шуақ пен күн сәулесі, күн мен гүлдер туралы әндер мен термелер шырқалады. Көшелерде бұл күні бәйшешек гүлінің бейнесі безендіріледі.

Сондай-ақ, бұл күнде гүлдер жәрмеңкесі мен базарлар, айтыстар: жаз бен қыс айтысы, өлі мен тірі айтысы өтеді. Шуақ күніне арналған концерт: ескі жылмен қоштасу, жаңа жылмен қауышу – сахналық қойылымдар (шоу) қойылады.

15     наурыз – «Жаңару  күні». Бұл күн негізінен  рухани  және тәндік/физикалық таза­ру  күні  болып  саналады.

Бұқаралық деңгейде бұл күні адамдар үй-жайын, мекемелер кеңселерін тазартады. Алаңдарды сыпырып, қардан тазалап, бұлақтың көзін ашады. Адамдар ескі-құсқыдан құтылады. Қоқыстан тазарады. Реніштерін кешіріп, бір-бірін рухани жаңаруға шақырады. Сондай-ақ, елді мекен аумағын көркейту-көгалдандыру үшін жалпыхалықтық сенбіліктер өткізіледі. Аулалар мен көшелерді, жолдарды қардан, ластан тазартуға жұртшылық жұмылдырылады. «Үздік ұйым ауласы», «Үздік мектеп ауласы» секілді байқаулар өткізу ұсынылады.

Үйді, киімді, көңілді жаңарту, хош иісті шөптермен, иіссулармен орынжайларды, бөлмелерді жұпарлайды. Волонтерлердің қатысуымен түрлі  іс-шара  өтеді. Ойын-сауық орталықтарында жаппай жеңілдіктер, науқандар жүреді.

16     наурыз – «Жайнау күні». Бұл күн айналаны толық көріктендіруге арналады. Әрбір отбасы мен мекемелер үйлерді, орынжайларды безендіреді. Наурыздың басты атрибуты жолтерек, алтыбақан үйге, алаңға, көшеге не аулаға орнатылады.

Жолтерек (ежелгі түркілік «йол» – «жол»: тілек жолы ұғымын білдіреді) – қазақ халқының танымы  бойынша көк  аспан мен жердің арасын  байланыстырушы  рухани мифологиялық  жол. Таным бойынша  бұл жолмен адамның тілегі Көкке жететін көрінеді. Аңызда оның басқаша атауы – бәйтерек. Төрге құрақ көрпе, алаша, сырмақ, текемет жайылады, кілем төселеді. Этно сән қойылымдарын ұйымдастыру.

Көше, ауыл 7 түспен әшекейленеді. Автокөліктер мен автобустар безендіріледі. Зергерлер мен ісмерлердің, ұсталардың жәрмеңкесі өтеді. Қалаларда суретшілер мен қолөнер шеберлерінің көрмесі ашылады. Сурет, қолөнер, дизайн өнімдері бойынша аукцион/бәссауда ұйымдастырылады.

17      наурыз – «Шаттық күні». Бұл күні барлық жерде жарқын көңіл көтерерлік іс-шаралар мен науқандар, концерттер өткізіледі. Басты іс-шара күлдіргі, әзіл іс-шараларына молынан жол беріледі. Әркім 7 адамды қуантуы тиіс деген насихат жүргізіледі. Аз қамтылған отбасыларды қолдауға, ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балаларға, жоқ-жітімге, жарлы-жақыбайға қол ұшын беруге арналады. Дәулеті мүмкіншілік беретін адамдар әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға «Жүрек жылуы», «Наурыз дастарқан» ретінде азық-түлік үлестіреді. Халыққа шаттық, қуаныш сыйлайды.

Алдар көсе сағаты, өтірік айтыс, қылжақ айтыс, әзіл жәрмеңкесі, цирктердің өнері, әзіл-сықақ театрлары өнер көресетеді.

18     наурыз – «Береке күні». Бұл күні ауылдар мен кенттерде, қалалардың алаңдары мен саябақтарында тегін көже ішкізу, бауырсақ тарату қолға алынады. Көже – молшылықтың, бауырсақ – бірлік пен бауырластықтың белгісі. Әр үй 7 адамға наурызкөже ішкізуі тиіс.

Бұл күні әр үйдің дастарқанында ұлттық тағамдар самсап тұрады. Қазақ ас мәзіріндегі көптеген тағам түрі әзірленеді. Ал, этнографтардың айтуынша, қазақта тағамның 200-ден аса түрі болған. Ұмыт бола бастаған, кең таралмаған тағамдарды жасаудың әдістері үйретіледі. Тағамдар шеруі өткізіліп, наурызкөже мен бауырсақ алаңы ұйымдастырылуы қажет.

Наурыз айында мектеп, колледж және университет асханаларының ас мәзіріне ұлттық тағам наурызкөжені, талқан, жент, ұлттық сусындарымыз – қымыз, саумал, шұбат және сүт өнімдерімізді енгізу қажет.

Қаладағы мейрамханаларда бірыңғай ұлттық ас мәзірінің тізімін құру және онлайн тапсырыс беру үрдісін қалыптастыру керек.

Алаңдар мен саябақтарда, сарайларда, көшелер мен ауылдарда түрлі тағам мен тамақтың жәрмеңкесін өткізу, мейрамханалар мен дәмханаларда этнотағамдар сағаты ұйымдастырылады.

19     наурыз – «Тағзым күні». Бұл күн қазақ танымындағы екі дүниенің (О дүние мен Бұ дүниенің) бір-біріне құрметтесуі, рухани әлемге құрмет күні. Қайырым мен мейірім көрсету күні. Арнайы Құран оқу, еске алу рәсімі жасалып, халықтың амандығын тілейді. Алаңдарда жаппай шелпек тарату, шелпек пісірудің түрлері мен рецептері дәріптеледі.

Қарияларға «Белкөтерер» рәсімі жасалады. Наурыздық бата беру жарысы өтіп, қазақтың шүлен тарату, жылу жинау секілді қайырымдылық институттары насихатталады. Қазақ халқында қайырымдылық мен ұйымшылдықты таныту мақсатында «Асар» мен «Үме» салттарын қайта  жаңғырту – өте  маңызды  іс.

Бұл күні жасы кішілер үлкендерге сәлем бере барып, ақсақалдардың батасын алады. Осыған байланысты, барлық білім беру ұйымдарында, сондай-ақ телеарналарда «Наурыз бата беру» іс-шарасын ұйымдастыру ұсынылады. Бата беруді телешоу арқылы өткізуге болады.

«Жeтi aтa» дәcтүpiн жacтap apacындa кeңiнeн нacихaттaп, oқушылap apacындa қазақ тілі мен әдeбиeті caбaғы бoйыншa caлт-дәcтүpдeн интeллeктуaлдық caйыcтap ұйымдacтыpу.

20     наурыз – «Өркен күні». Өсу, өну, өркендеу, молаюдың басы болып саналады. Бұл күні адамдар үйлеріне, ауласына, тез көктейтін дақыл, гүл, ағаш өскіндетеді немесе егеді. Ата-әжелер немере-шөберелеріне сыйлық таратады. Ата-аналар балаларына жолдық сыйлайды, депозит ашады. Жолдық – наурызда берілетін сыйлық. Ұлға бәсіре, қызға жасау атау дәстүрі насихатталады. Перзентханалардағы ұл тапқан келіншекке «үлпершек» сыйлау, қыз тапқандарға бүйрек пісіріп береді, сырға, сақина тарту етеді, бесік және басқа лайық сыйлықтар сыйлау. Балаларға асық ату, ләңгі, тоғызқұмалақ, бестем, дойбы, арқан тартыс, қап киіп жарысу, жаяу тартыс, садақ ату, күрес, ақсерек пен көксерек, т.б. спорттық ойындар ойнауына арнайы орындар жасалады.

Балаларға арналған шығармашылық ойындар: сюжетті рөлдік ойындар, театр ойыны, құрылыс ойыны, режиссерлік ойындар және ұлттық ойындар ұйымдастыру.

Ұлттық ойыншықтармен ұлттық кейіпкерлерді заманауи трендтер мен үздік тәжірибелерді қолдана отырып дайындау. Балалардың ойыншықтарын ұлттық нақышта жасап сату.

Жастар арасында «Asyk party», «Dombyra party», «Bauyrsak party», этномузыка, ұлттық би кештерін заманауи форматта өткізу.

Ауылдар мен қалалар төлдер тойын өткізеді, балаларға арналған концерттер, аукциондар, конкурстар, іс-шаралар ұйымдастырылады. Балаларға арналған іс-шаралар, концерттер өтеді.

21     наурыз – «Ұлы күн». Күн мен түннің теңесер күні, ақ пен қараның үйлескен күні. Ғарыштық тепе-теңдік сәті. Бала-шағамен тәулік бойы мерекелеп, іс-шаралар өткізіледі.

Наурыздама ұлттық спортқа арналады. Жер-жерлерде, ипподромдарда ересектерге арналған көкпар, бәйге, қыз қуу, жамбы ату, аударыспақ ұйымдастырылады. Ал, балалардың асық ату, ләңгі, тоғызқұмалақ, дойбы, арқан тартыс, қап киіп жарысу, жаяу тартыс, садақ ату, күрес, ақсерек пен көксерек. т.б. спорттық ойындар ойнауына арнайы орындар жасалады.

Сондай-ақ, өзге де сайыстар, велошерулер, «Наурыз» сөзі жазылған автошерулерді де ұйымдастыруға болады. Қоғамдық көлік сыртына өзіміздің ұлттық ертегідегі қаһарман кейіпкерлер бейнеленген мультфильмдердің жарнамасын жарнамалауды қолға алу өте маңызды. Көлік сыртындағы жарнамалар арқылы балалар өз батырларымызды танитын болады. Осылайша автокөліктер мен автобустар безендіріледі.

Сахнада театрландырылған қойылымдар мен жергілікті қала, аудан өнерпаздарының концерттік бағдарламасы көпшілікке ұсынылып, ұлттық спорт түрлерінен жарыстар және цирктердің көше қойылымдық бағдарламасы ұйымдастырылады.

Сонымен қатар, Наурыз мейрамының маңыздылығын арттыру мақсатында қызметкерлер мен жұмысшыларға материалдық және материалдық емес ынталандыру түрлерін қарастыру қажет. Мемлекеттік марапаттар табысталады. Сыйлық жасау мақсатында коммерциялық ұйымдардың арнайы «Nauryz сыйлық» әзірлеуін қамтамасыз етуі керек. Ол адамдардың қалтасына қарай әртүрлі бағада болғаны жөн. Ұлттық нақышта дизайны керемет құтпарақтары (открытка), әйелдерге арналған жібектен жасалған мойыншалғылар, орамалдар және т.б. сыйлықтар дайындау қажет.

Күні бойы болған мерекелік сауық-сайран, «Бастаңғы» – бас таңды қарсы алу іс-шаралары, жастар таң атқанша алтыбақан айналасында сайран құрып, ерлер мен жігіттер «Селтеткізер» әзірлеп, қыз-келіншектер «Ұйқыашар» дайындайды.

Бұл күні телеарналар түні бойы үзілместен таң атқанша сауық-сайран ұйымдастырады.

22     наурыз – «Бастаңғы күні». Қазақ халқының дәстүрінде таңды қарсы алу «Бастаңғы» ғұрпымен жүзеге асқан. Бұл күні жұрт таң атқанша ұйықтамастан, сағат 7:00-де Бас таңды қарсы алады. Таңмен таласа барлығы күн шапағын қарсы алатын телеарналарда 10 сағаттық «Бастаңғы» таңды қарсы алу іс-шарасы өткізіледі. Жұрттың бәрі таңды қарсы алуға арнайы киім әзірлейді, костюм киеді. Ерте тұрып таңды қарсы алып, Жаратқанға құрмет көрсетеді. Ақ пен жарық мол болсын деп бір-бірін құттықтайды.

Осы сәтте, Президенттің құттықтауы (болмаса ежелгі сақ-ғұн дәстүрімен атқан таңды қарсы алу ғұрпын жасайды) телеарналардан, интернет кеңістікте беріледі және оны барлық халық тыңдауы үшін Наурызды тойлауға арналған алаңдарда LED экрандар орнатылуы тиіс.

Қазақстан Республикасының Президенті Халықтық мейрамда отандастармен бірге болуы, оларға мерекелік көңіл күй сыйлап, мейрамның өз жөн-жоралғысымен құттықтауы бұл халықтың бірлігін одан әрі арттыруына септігін тигізеді.

Сақтар дәстүрімен қызыл мауыты киінген 360 балдырғанмен бас  таңды  қарсы  алу іс-шарасы өтіп, көшеде Наурыз шеру басталады. Жамбы ату жарысымен барлық спорт  ойындары  өтеді.

Жалпыхалықтық тойлау жиындары Қыдыр атаның келіп, ізгі тілек айтып, ақ батасын беруімен басталуы керек.

Суретті түсірген Бағдат Есжанов.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: