Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Нартай мұрасы – халық мұрасы

02.03.2023, 10:20 194

Қай заманда да өнер иелері, ақындар, әнші­лер, жыршылар халықтың ең сыйлы, ең абзал, ең ардақты азаматтары болған. Олар ел басына күн туғанда күңгірт тартқан көңілге шуақ орнатып, жылағанын жұбатқан, егілгенін қуантқан. Рухани өмірдегі сондай есімдер – халық арасынан дара шыққан жазушылар, арқалы ақындар, жыршы-термешілер, жыршы-жыраулар. Қазақ халқы ондай ерен жүйріктерге бай болған. Солар­дың бірі – артында мол мұра қалдырған, ақиық ақын, талантты композитор, күміс көмей әнші, замана бұлбұлы Нартай Алыпқашұлы Бекеж­анов.

Нартай Бекежанов 1890 жылы 26 наурызда Қызылорда облысы, Шиелі ауданы, (бұрынғы «Үлгілі» колхозы) осы күнгі Нартай Бекежанов атындағы ұжымшарда дүниеге келген. «Атам Бекежанның сегіз ұл, бір қызы болған. Кенже ұлының аты – Алыпқаш. Мен сол Алыпқаштың баласымын» деп жазады ол өзінің өмірбаянында. Нартай екі жасқа шыққанда әкеден айырылады. Қаршадайынан-ақ тіршілік тауқыметін арқалаған талапкердің санасы ерте оянып, көкірек  көзі  ерте  ашылады.

Нартай өнері Сыр бойының дәстүрлі өнерінің бір тармағы іспеттес. Ол жасынан Сыр бойының белгілі ақын-жыраулары Балқы Базар, Кете Жүсіп, Қаңлы Жүсіп, Бұдабай, Тасберген, Омар өлеңдерін жатқа айтып, солардың өнерінен сусындап өсті. Нартайдың анасы Бақтыгүл, туған ағасы Мәнсүр де заманында елге белгілі ақындар болған. Нартай дарынының ұштала түсуі­не олардың да ықпал-әсері аз болмаса керек. Нартайдың анасы Бақтыгүл әнші, тілге шешен, суырыпсалма ақындығы бар, парасатты адам  болыпты.

Бала жасынан бастап ән әлдилеп өсірген Нартай ақын есейе келе ана аузынан шыққан әнді қағып алып айтуға өте зерек болған. Ес білгеннен Шығыс поэзиясына құмартып өседі. «Ләйлі – Мәжнүн», «Таhир – Зуhра», «Сейпіл – Мәлік», «Рүстем – Дастан», «Ескендір Зұлқарнайын», «Баhрам» тәрізді қиссаларды түгел жатқа жырлаған. Ол жасынан керуеншілерге ілесіп, Өзбекстан, Тәжікстан жағын көп аралаған. Өзбектің халық әндерін, билерін, дутар, рубап, нәй секілді музыкалық аспаптарды еркін тарта  білген.

Ақын-әнші атанып, серілік құрып жүрген шағында, Сыр бойына Арқадан атақты Тайжан ақын келеді. Үкілі Ыбырайдың жиені, асқан ақын әрі әнші Тайжан Қалмағамбетов Сыр бойын­дағы көптеген жас ақын-әншіге өнеге көрсетіп, ұстаздық етеді. Бұрын көбіне топ алдына  домбыра  ұстап шығатын Нартай бұдан былай  Тайжанға  еліктеп,  енді даусын он екі тілді  татар сырнайына қосып шырқауды үйрене­ді.  Осыдан былай кеудесі кең, үні жұмсақ гармонь  Нартайдың  өмірлік серігіне айналады.

Нартай өнер жолына шын түседі. Әр адам баласының бойына ананың ақ сүтімен келген өзіне тән қасиеттері бар. Ол ерте ме, кеш пе шықпай қалмайды. Сондай ақындық қасиет бала жігіт Нартайдың да көкірегін жарып, сырт­қа  шықты.

Қоймады бұл ақындық қашқанменен,

Он жеті үйір болып жастан бермен.

Тоқталып қайнар бұлақ қарап жатпас,

Үстіне тау төңкеріп басқанменен, – деп, ақынның өзі жырлағандай, сылдырап аққан өнер бұлағы арнасы ашылып, тасқынды селге айналды. Иығында гармоны, қолында домбырасы Нартай қонып, түстенген жерін сән-салтанатқа, ән мен жырға бөледі. Сол кезде кең тара­ған «Құлыншақтың әні», «Қара торғай»  және Тайжаннан үйренген Арқаның небір сұлу әндері Нартайдың репертуарында кеңінен орын алып, тыңдаушының құлақ құрышын қандырып, естіген  жанды  еріксіз  еліктіретін  болды.

Бір сүйсінерлігі, бұл әндерді жыртық, жұпыны үйлерде тапшылық тауқыметін тартып отыр­ған езілген халық тыңдайды екен. Ақын ән шырқай жүріп, өз халқының мүшкіл халіне жан жүрегімен күйінеді. Елді сорған, сорлыны тала­ған би, болыстар мен шен-шекпенділерді сын садағымен  түйрейді.

Бір күні Сыр бойының бір болысы ақынға: «Сенің өлеңіңнен басқа дымың жоқ, сонда да жұрт саған үйіріле түседі, менде бәрі де бар, сонда да менен жиырыла түседі, осының мәнісін айтшы?» – деген болысқа Нартай бөгелместен былай  депті:

– Жақсы көрсе жұрт мені,

Сайрап салған әнім ғой.

Әнімнің жайы қашаннан,

Ағайынға мәлім ғой.

Ән деген әлсіз жүрекке,

Қуат құяр дәрім ғой.

Жек көрсеткен сені елге,

Жыланша жайған зәрің ғой.

Малға бай болғанмен ақыл мен парасатқа кенде бай мұны естігенде жүйелі бір сөз таба алмай, аузына құм құйылыпты. Қазақ даласын бұлт бүркеп, дауыл шайқап тұрған сол заманда Нартай осылайша жығылғанға демеу болып, түңілген  көңілге  үміт  отын  жаққан.

Нартай талантын халқына танытқан 1934 жылы Алматы қаласында өткен халық өнерпаз­дарының  бірінші слеті болды. Бұл өнер жиынын­да республикамыздың түкпір-түкпірінен  келген 300-ге  жуық ақын, әнші-күйші, жыр­шы-жырау бас қосты. Бұған бауырлас Өзбек­стан, Қырғызстан, Түрікменстан, Тәжікстан, Қарақалпақстаннан да атақты өнерпаздар қатысты. Нартай туындыларының ішінде ең көп тараған, композиторлық шығармашылығының мөлдірі – «Нартай әні» деп аталатын туынды. Осы слетте Жаппас Қаламбаев қобызға қосып, тұңғыш рет орындады. Ән көркем өнер қайраткерлерінің, музыка зерттеушілерінің назарын бірден аударды. Абайша айтқанда, «құлақтан кіріп, бойды алған» ән болды. Музыка мамандарының тілімен айтқанда, «кең құлашты, кербез, күнгей лирикалы, терең сырлы, жылы шырайлы шығарма»  еді.

Нартайдың осындай кең тынысты, қарымы мол, бояуы қанық әндері Ұлы Отан соғысы жылда­рында да еңбекшілер арасына кең таралып, өзінің тыңдаушыларының құлақ құрышын қандырып  жүрді. Мысалға, «Бейбітшілік», «Қайран көкем», «Толқын», «Серпін», т.б. әндердің сөзін де, әнін де шығарған Нартайдың өзі  болатын.

1934 жылғы 14 маусымда музыкалық театр үйінде болған үлкен концертте Нартай өзінің «Замана бұлбұлы» атты толғауын орындады. Бұрын атақ-даңқы Қазақстанның оңтүстік өлкелері­не  көбірек  тараған  ақын-әншінің есімі осы слеттен соң кең-байтақ республикаға танымал  бола  бастады.

Ендігі бір Нартай шығармашылығына үлкен шабыт  берген 1936 жылы  Москвада  өткен қазақ әдебиеті мен өнерінің алғашқы онкүндігі еді. Бұл  өнер  байқауында  Нартай  талан­ты  жоғары бағаланып, талғампаз Москва көрерменде­рінің  ыстық  ілтипаты  мен  лебізіне  ие  болды.

Москвадан шабытына қанат байлап елге қайтқан Нартай Шиелі төңірегіндегі ақын-жыршылар мен әнші-күйшілердің басын құрап, көркемөнерпаздар үйірмесін ұйымдастыра бастайды. Кейін осы көркемөнерпаздар үйірмесі ансамбльге, ансамбльден концерттік-эстрадалық бюроға, соңында облыстық филармонияға айналады. Ансамбльдің жүрегі Нартай болды. Ансамбль  күн  санап өсіп, халық алдында беделі  арта  түсті.

Бұл ұжым репертуар жағынан да бай болды. Қазақтың халық әндері, Кеңес композитор­ларының шығармалары, кішігірім драмалық пьеса­лар да қойылып жүрді. Халық оларды «Нартай  ансамблі»  деп  атап  кетті.

Ақын Нартай Қызылорда мен Шымкент облыстарындағы талантты термешілер мен әнші­лерді, күйшілер мен бишілерді жинап қана қойған жоқ, солардың өнерінің арқасында халық­тық  дәстүрді одан әрі дамытып, оны жаңа белестерге  көтерді. Нартай жастарға өзі білетін ескі  мақамдар  мен жырларды үйретіп, ұстаздық  етуден  жалықпады.

Ұлы Отан соғысы жылдарында «Нартай ансамблінің» шығармашылық құлашы кең жайылды. Олар Шымкент, Жамбыл, Қызыл­орда облыстарын аралап, концерттер қойып, шығармашылық табыспен оралып жүрді. Сондай-ақ, іргелес жатқан Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Түрікменстан республикаларына барып,  концерттер беріп, тылдағы еңбеккер­лердің рухын көтерді. Сондықтан оларды еңбекші халық қайда барса да, зор ықыласпен қарсы алып отырды. Ансамбльдің шығармашылық табысының үлкен болуының тағы бір себебі Нартайдың жан-жақтылығында еді. Ол патриоттық өлең-жырларды шығарумен қатар өзінің сол кездегі әсем дауысының арқасында жүрекке жылы тиетін, сезімді оятатын әндерді орындап берді. Ансамбль әншілеріне, өнерпаздарына репертуардың бірқатарын өзі жасап бере отырып, жаңа шыққан әндер мен басқа да өнер жетістіктерін үйретуші, таратушы, насихаттаушы болды. Өзі концерт көңілді болу үшін керек жерінде конференсье рөлін де атқарған. Нартай тек ақын, әнші, композитор ғана емес, артис  те  болған.

Қазақ өнерінің егжей-тегжейін талдаған профессор Ахмет Жұбанов «Замана бұлбұлы» деген кітабында: «Қазақ әншілерінің ішінде тек әнді ғана кәсіп етпей, бірқатар көркемөнердің басын қосып, өз тұсында сегіз қырлы болған қайраткерлер аз емес еді. Міне, осы бір әнші-ақындардың қатарына қосылатын адамның бірі – Нартай», – деп, бағасын берген.

Нартайдың бір орындауын естігенде, оның өлеңіне де, орындаушылық шеберлігіне де риза болған  Сәбит  Мұқанов  сол  арада:

Жүлделі жүйрік Нарекең,

Сүйсінгендей бар екен, – деп бекер айтпаған.

Поэзия алыбы Жамбыл шығармашылығының 75 жылдық тойына келген ақындардың ішінде Нартайды көріп, оған өзінің қатты риза болғандығын білдіреді. Поэзияны да, музыканы да жаны жете түсінетін қарт табанда Нартайға қарап  тұрып:

О, Нартай, шешен таңдай, қасқа маңдай,

Сөзің дәмді, тәтті екен шекер-балдай,

Жүректі сілкіндіріп бір ояттың,

Сарғайып күншығыстан атқан таңдай, – деп, оның өнеріне шынайы бағасын береді.

Ақын шығармашылығының негізгі тақырыбы – Отан, халық, Сыр бойының ерен еңбегімен танылған майталман малшылары, дара шыққан диқандар, еңбекке енжар қарайтын жатыпішер жалқаулар.

Ол адал еңбегімен абыройға жеткен қадірменді адамдарға да өлең арнаған. Күріш өсірудің шебері, Сыр бойының әйгілі диқаны Ыбырай Жақаевқа, атақты балуан Қажымұқанға, басқа да белгілі адамдарға арналған өлеңдері ақынның оларға деген жүрек ризашылығын білдіреді. Өзіне ұстаз тұтқан үлкен сөз зергерлеріне арналған өлеңдерінде қоғамдағы ақынның елеулі орнын дұрыс түсініп, лайықты баға береді.

Нартай 1939 жылы «Сыр» атты толғау шығарды. Мұнда мол сулы Сырдарияның ғасырлар бойы тіршілікке тізгін бермей келгені, халықтың басынан өткен қилы замандар, жаугершіл­ікте қирап кеткен қалалар, еңіреген ел, азап пен ажал құшқан адам тағдыры баяндалады. Дарияның сол кездегі күні былайша суреттеледі:

Ел жүдеп келмеген соң кемеліне,

Шегінді, шықпады Сыр кемеріне.

Жасындай жабыққан ел жылап ақты,

Бай, бектің бас ұрмады беделіне.

Нартай – от ауызды, орақ тілді сатирик ақын. Ол колхоз өмірінде адамдар арасында кездесіп қалатын  кеселді  көріністерді ащы тілмен әшкерелеп, мысқыл-сықаққа қосып отырды. Ақын ауыл аралап, концерт қоя барғанда алдымен сол жердің ерекшелігімен, шаруашылығының жай-күйімен, адамдарымен танысып, сын пікірлерін көптің алдында айтуды көп ретте дағдыға айналдырған. «Қайрақбай» деген өлеңінде шаруаш­ылығы артта қалған колхоздың жылпос, жемқор төрағасын қазбалай мінейді. «Жалқау­лар туралы» деген өлеңінде сын садағының жебе­сіне арамтамақтарды іледі. Сынды жалпылама түрде айтпай, атын атап, түсін түстеп айтады. Нысанаға дөп тиетін мұндай сынның әсері күшті  болатыны  белгілі.

Ақын айналадағы тірлікке жіті қарап, жақсы мен жаманды аңғара білді. Тәуірді дәріптеп, нашар­ды сынады. Адам психологиясын тез түсініп, тамырын тап баса білді. «Ерәлі» деген өлеңінде  қызметке  қырсыз, тұрмыста тұрақсыз,  «бойы  бұлғаң,  сөзі жылмаң» алаяқ­тың міне­зі, психологиялық портреті шебер жасалған. «Күндебайға» деген өлеңінде әлін білмей әлек болған мақтаншақ, елірме ақынсымақтың қылығы  мысқыл  болады.

Ақын шығармашылығының аса бір ерекше қасиеті – суырыпсалма ақындығы. Нартайдың айтыстары – қазақ сөз өнерінің тарихындағы нағыз төкпе ақындықтың көрінісі. Төкпе ақындық (импровизация) өнері кез келген сәтте барлық тақырыптарға да өлеңді суырып салып айтуды  қажет  етеді.

Күрделі де көркем, терең мазмұнды айтыс 1939 жылы Алматы қаласында Нартай, Нұрлыбек сияқты екі атақты ақынның айтысы түрінде өткен. Бұл екеуінің өнер жарысына жырмен басшылық етуші, төрелік айтушы қарт ақын Жамбыл болған. Айтысушы екі ақын қалың жұртшылық алдында жалынды көркем жыр туды­рып жарысқан. Еңбек жемісін айту ретінде екі облыстың еңбек жетістіктерін ортаға салады, шаруашылықта болған олқылықтардың бетін ашып, екі облысты салыстыра, жарыстыра сөйлейді.

Нартай – Қызылорда облысы, Сырдария өңірінен, Нұрлыбек – Семей облысы, шалқып аққан Ертіс өзенінің бойынан шыққан ақындар. Бірі Сыр бойының мол байлығын мақтаса, екіншісі қойнауынан алтыны ақтарылған Алтайды мақтайды.

«Басқа  ақындар жазып алған қағазына жалтақ-жалтақ қарап отырғанда Нарекең гармонын құлаштай созып, өлеңді түйдек-түйдегімен ағытты», – деп, қазақтың ұлы жазушысы Мұхтар  Әуезов  мақтаныш  сезіммен  айтқан  еді.

Бүгінде Нартайдың жолын жалғастырған ұл-қыздар аз емес. «Нартай мектебі», «Нартай сазы» ансамбльдері жұмыс істейді. Демек, әнші Нартай, сазгер Нартай, артист Нартай, режиссер Нартай, үгітші-насихатшы Нартай, мә­дениет майталманы, сал, сері Нартай есімі қашанда ұрпақтарының жүрегінде, оған деген халықтың ыстық  ілтипаты  бір  мысқал  да  суымайды.

Нартай ақын қазақ көркемөнеріне үлкен үлес қосты. Оның бұл еңбегі әділ бағаланып, 1939 жылы «Қазақ ССР-інің еңбек сіңірген өнер қайраткері»  деген  құрметті  атақ  берілді.

Шынында да, шашасына шаң жұқпас, дүлдүл ақын Нартай Бекежановтың халқына қалдырған мұрасы мол. Жасампаз дәуірдің ақиық ақыны болған Нартай шығармалары, оның өміршең өлең-жырлары, кең тынысты құйқылжыған әндері  ұрпағымен  бірге ұзақ жылдар бойы жасай бермек. Өйткені, Нартай мұрасы – халық мұрасы.

Кенжеш  ОРАЛОВА,

М.Ықсанов  атындағы  Қызылорда  политехникалық 

колледждің  қазақ  тілі  мен  әдебиетінің  мұғалімі

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: