Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Мешіт әдебі туралы не білеміз?

20.10.2022, 10:40 720

Кез келген ұлттың орны мен ортасы­на тиесілі мәдениеті, әдебі және сақталуы тиіс ережелері мен заңдары бар. Сол сияқты, мешіт әдебінде де адам баласына қояр талабы болады. Мешіт –  құлшылық жасау­ға  арналған  орын. Ол жерге кез келген адам олпы-солпы келіп, кіріп кете алмайды. Сондықтан ме­шіт  әдептерінен  де хабардар бол­ғанымыз  абзал.

Бүгінде мешітке келушілердің киім үлгілері мешіт әдебіне қайшы келіп жатады. Әсіресе, қыз балалары мешіт әдебіне сай білегі мен тобы­ғына  дейін жауып тұратын киім киіп, орамал тағуы керек. Шариғат бойынша ер адамның киім үлгісі – тізе мен кіндіктің арасы. Яғни әуретті жері жабық болуы тиіс. Алайда қазір ер адамдар мешітке үстінде қысқа женді жейде мен шолақ шалбар киіп келеді. Ал қысқа немесе ашық киінгендерге, басында орамалы жоқ әйелдерге мешіт ішінде халат пен жаулық беріледі. Жалпы, мешіт орнына таза, мұнтаздай болып барумен қатар оң аяқпен кіріп, сол аяқпен шығу, мешіт ішінде дауыс көтеріп сөйлемеу, сондай-ақ әйел адамдар иіссу себініп, бөтен ер адамдардың  арасына барса, бұл зинамен тең деп есептеледі. Бұл – әдетте көп талқыға түсіп  жүрген  тақырыптардың  бірі.

Сонымен қатар, мешіт әдебінде құран оқытып, ас беріп, неке қиып, азан шақырып ат қойып және тағы да басқа жөн-жоралғылар жасауға болады. Мұндай кездері мешіт алдына жиылатын көп­шіліктің қарасы қалың болатыны да жасырын емес. Оның ішінде ұры-қарылардың болары да анық. Осындай кезде көмек құрылғыларының бірі – бейне­бақылау. Ал, мешіт әдебі бейне­бақылау  орнатуға   қарсы  емес  пе?  Бұл туралы  толы­ғырақ «Ақмешіт-Сырдария»  орталық мешітінің наиб имамы Қайырбек  Отызбаевпен  тілдескенді  жөн  көрдік.

– «Ақмешіт-Сырдария» орталық мешітінде бейнебақылау орнатылған ба? Мешіт әдебі оны орнатуға қарсы емес  пе?

– Мешіт әдебі жайында бір-екі ауыз айта кетейін. Мешітке барарда ғұсылданып, дәрет алып, таза киімдерді киіп бару. Іштей ниетті дұрыс­тап,  жаман  ойлардан  арылу.

Мешітке кірерде оң аяқпен: «Аллаһум­ма ифтәх ли әбуәбә рахмә­тик!» (Мағынасы: «Иә, Аллаһым! Маған Өзіңнің мейірім есігіңді аша гөр!») – деп дұға оқу. Әуретті (яғни ұят саналатын) жерін жабу (ер кісілер үшін тізесі мен кіндік арасы, әйел кісілер үшін аяқ-қолдарының бастары мен жүздерінен өзге денесі әурет  жері болып есептеледі). Кірер алдында ұялы телефонның дауысын басып қою. Құлшылық етіп жатқан адамның алдынан өтпеу. Бос-пайда­сыз сөздерден тыйылып, құлшылық-ғибадат жасап, дұға-тілекте болу. Қатты дауыс көтермеу. Мешіт ауласында және ішінде әдептілік пен тазалықты сақтау (дауыс көтеріп дүние сөзін сөйлемеу, қақырынып түкірмеу, темекі-насыбай секілді жағымсыз нәрселерді қолданбау, қоқыс  тастап, ауланы  ластамау).

Мешіттен шыққанда сол аяқпен: «Аллаһуммә инни әсәлукә минфадлик, Аллаһумма-әғсыймни ми­нәш-шәйтонир-ражим». Мағынасы: «Иә, Аллаһым! Мен Сенен рақым етуіңді сұраймын. Иә, Аллаһым! Мені лағынеті шайтаннан сақтай гөр», – деп дұға оқу. Міне, мешіттің осындай әдептерін біліп, сақтағанымыз жөн  болады.

Бейнебақылау орнату мәселесіне келсек, мешіт әдебіне ешқандай қайшылығы да, әбестігі де жоқ. Қайта құлшылық ордасының, мешітке келуші бұқара халықтың, жәмиғі мұсылманның қауіпсіздігі қашанда маңызды болып табылады. Қаланың үлкен мешіттері мен бірқатар аудан орталықтарындағы мешіттерде бейне­бақылау жүйелері іске қосылған. Заманның талабы – осы. Қазір кез келген қоғамдық орындар бейне­бақылау жүйелеріне қосылғанын  білеміз. Мешіттеріміз де мұндай талап­тардан шет қалған емес. Айта кетейін, облыстық «Ақмешіт-Сыр­дария» орталық мешітінде бейнебақылау жүйе­сі орнатылған. Үлкен мешіттердің ауласы­нда ас беретін арнайы халал асханалар да халыққа қызме­тін  жасап  жатыр. Сонымен қатар, әр жұма күндері жұма намазына  келетін жама­ғаттың да қатары көп. Аллаға шүкір, оның ішінде имандылыққа бет түзеген жастарды көріп қуанамыз. Сол жастар жаман әдеттерден бойын таза ұстаса, сөзі мен ісі оң болса, ертең осы елге, халыққа адал қызмет жасайтын да солар болмақ. Иманды  ұрпақ – еліміздің болашағы,  жеріміздің  қорғаны.

Өзіңіз білесіз, көпшілік жиналған жерлерде ұры-қары айласын асыруға тырысады. Сұғанақ қол көпшілікке үйірсек келеді. Көпшілік орында кісілердің киіміне қол салып, аяқкиімін ұрлап деген секілді қиянаттары өтетін кездер болады. Шүкір ғой, мешіттерде, асханаларда ондай келеңсіз жағдайларға жол берілмейді. Қазақтың  керемет сөзі бар «Ұрлық түбі – қорлық» деген. Ұрлықпен нан табу түбі қорлыққа әкеліп соғады. Сондықтан, мемлекеттің де мүлкіне, жеке кісілердің де дүниесіне қол сұғу үлкен күнә іс екенін білген жөн. Алла Тағала біздерге: «Ей, иман еткендер! Бір-бірлеріңнің меншіктеріңді араларыңда бұрыс жолмен жемеңдер», – деп бұрыс жолмен мал табудан қайтарады. («Ниса» сүресі, 29-аят) Дініміз ұрлық жасауға, кісі ақысын жеуге қатаң тыйым салады. Адал еңбектің наны тәтті екенін ескерген адам ұрлық жасап, обалға қалмайтыны белгілі. Иманды жанның әр амалынан тек жақсылықты  көреміз.

– Қазіргі таңда мешітке жиналған жамағат мешіт әдебін сақтай ма? Мешіт  әдебіне  қайшы  қандай іс-әрекеттер  жиі  болып  жатады?

– Мешіт қай жерде болса, ол жерге береке, жақсылық келе бастайды. Ислам тарихына қарасақ, мешіт салу барша пайғамбарлар шұғылданған қадірлі іс болған. Кезінде ата-бабаларымыз керуенмен көшіп-қонып жүрген кезде бір елді мекенді көрсе ол жерге кідіріп, түнеу үшін алдымен елші жіберіп: «Барып біліңдерші, бұл елдің мешіті бар ма екен? Ол жерде мешіт болса, тұрғындарында иман болады. Ол жерде еш қауіп болмайды. Ол жерге уайымсыз түнеуімізге болады. Ал, егер ол елде мешіт болмаса, әбден қауіп болуы мүмкін», – дейді екен. Міне, мешіт болған жер береке. Әуезді азан айтылып, намаз бен Құран оқылған аймақ нұрлана түседі. Ол жердің тұрғындары да иманнан қуат алып, адамгершіліктің қадір-қасиетін  арттырады.

Осы орайда айта кетейін, Қызыл­орда облысы бойынша 178 мешіт елдің игілігіне, имандылықтың насихатталуына қызметін көрсетуде. Сонымен қатар, қалада әсемдігі бірінен-бірі өткен 20 мешіт дін мұсыл­манның ұйытқысына айналды. Өңіріміздегі мешіттер уағыз-насихат жұмыстары, діни білім беру, теріс ағымның алдын алу, дін мен дәстүр, қайырымдылық,  рухани  тәрбие, Ихсан ілімін үйрету, діни рәсімдерді атқару сынды бағыттардың аясында халыққа  қызмет  жасап  келеді.

Мешітті  зиярат етіп келген әрбір исі  мұсылман жамағат Алла үйі­нің табал­дырығын оң аяғымен аттап, әдептерін сақтап, құлшылығын орындап, имандылық нәрімен сусын­дап жатады. Отбасыдан имани тәрбие  көрген  мұсылман баласының дін адамына, құлшылық үйі мешітке деген құрметі мен әдебі әрдайым жоғары екенін білеміз. Мұның өзі – имандылықтың жүректен бастау алғанының жемісі. Бір хадисте: «Кім мешітке бауыр басса, Алла да сол кісіге бауыр басады», – деп айтылған. Бес уақытын мешітке келіп оқитын, әрбір мешіттің бауыр басқан тұрақты жамағаттары бар. Негізінен мешіттердегі бес уақыт намаз Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының бекітіп берген Имам Ағзам Әбу Ханифа мәзһабы бойынша оқылады. Тағы айтатынымыз, мешітке алғаш келген кісілерге мешіттің ішкі тәртібі мен оның әдептері түсіндіріледі. Тұрақты жамағат та, мешітке келген халық та мешіт әдебін  әрдайым  ұстанады.

– Әңгімеңізге  рақмет!

ТҮЙІН. Үйсіздердің панасына, иманды жандардың жүз бұратын ұясына айналған жалғыз жер – ол мешіт. Сондықтан аппақ ниетіміз төгіліп, жылулық сезінетін мекенімізді ластамайық. Қазір тек әділдік пен сенімділіктің ортасы мешіт қана.

Оразкүл  БАҚЫТЖАНҚЫЗЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: