Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Мемлекеттік тіл – ел бірлігінің негізі

06.09.2022, 11:30 510

Адамдық диқаншысы – қырға шықтым,

Көлі жоқ, көгалы жоқ құрға шықтым.

Тұқымын адамдықтың шаштым, ектім,

Көңілін көтеруге құл халықтың.

Ахмет Байтұрсынұлы

Бұл өлең жолдары арқылы тұлғаның өмірге келгендегі миссиясы қандай болғанын аңғаруға болады. Ол ұлттың тілін сақтап қалу үшін күресті, сол жолда құрбан болды. Дегенмен, ұлт ұстазының ерен еңбегі елдің жадында мәңгі сақталатыны анық. Ол әлемнің феномені десек, артық айтқанымыз емес. Өйткені Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығы ЮНЕСКО көлемінде тойлануы сөзімізді мығымдай түседі. Оның енгізген терминдері мәңгілік мұра болып қалары хақ. Мәселен, қазақ тіл білімінде: әріп, буын, дыбыс, дауысты дыбыстар,  дәйекші, нүкте, сонымен қатар сөз таптары және т.б. Әдебиеттану ғылымында: теңеу, әсірелеу, тармақ, бунақ, шумақ және т.т. Бұған қоса, қолданысқа енбей қалған терминдерді айтар болсақ, көсем сөз – публицистика, сөз өнері – әдебиет, ділмар сөз – афоризм мұның бәрі кемеңгер-ғалымның еңбегі. Оның өмірі мен шығармаларын келешек ұрпаққа насихаттау және жастардың санасына сіңіру руханиятымыз үшін әрқашан да өзекті болары сөзсіз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұлтымыздың ұлы тұлғаларына арналған ескерткіштің ашылу рәсімінде «Ахмет – халқымызды білім мен ғылымға жетелеп, рухани ұстаз болған әйгілі ағартушы» деп айтқан болатын. Сондықтан 5 қыркүйек – Қазақстан халқы тілдерінің күні мерекесіне және ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына арналған  «Мемлекеттік тіл – ел бірлігінің негізі»» тақырыбында Қызылорда облысының қоғамдық даму басқармасының ұйымдастыруымен пленарлық мәжіліс өткізілді.

Пленарлық мәжіліске зиялы қауым өкілдері, құқық қорғау органдары, облыстық басқармалар, аумақтық департаменттер мен инспекция басшылары, тіл жанашырлары, мәдениет және өнер қайраткерлері, этномәдени бірлестік төрағалары, ғалымдар, жоғары оқу орындарының басшылары, оқытушылары, білім ұйымдарының қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері, жеке кәсіпкерлер, мұнай компаниялары мен БАҚ өкілдері қатысты. Және Қызылорда қаласы мен аудан әкімдерінің орынбасарлары, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімдерінің басшылары, мамандары, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының филиал төрағалары  да айтулы іс-шараның қатысушысы болды. Сондай-ақ аудандар онлайн түрде қосылды. Мәжіліс облыс әкімінің орынбасары Нұрымбет Сақтағановтың құттықтау сөзімен ашылды.

– Ұлттың бүгіні де, болашағы да тәрбиелі ұрпаққа байланысты. Сыр бойы – өзінің рухани құндылығын ұлықтай білген, өз тілін басқа өңірлерге қарағанда бұзбай келе жатқан өңір. Оның бір дәлелі 2021 жылдан бастап, мемлекеттік мекемелерде іс жүргізу қағазы қазақ тілінде жүргізіліп келеді. Бүгінгі таңда бұл көрсеткіш 99,8 процентті құрайды.  Бұл нәтиже республикамыздың алдыңғы қатарында. Жалпы, қазақ тілі мәселесі – белгілі бір тап өкілдерінің ғана емес, ұлттың мәселесі. Сол себепті ұлттың болашағын бағамдайтын ұлыс істеріміз нәтижелі болсын. Ана тіліміз айбынды, абыройы асқақтай берсін. Бүгінгі іс-шарамыз қазақ тілін дамытуға үлкен үлес болады деп сенеміз, – деді ол.

Пленарлық мәжілістің күн тәртібі бойынша «Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы» қоғамдық бірлестігі Қызылорда облыстық филиалының төрағасы Сәдуақас Аңсат «Аймақтағы мемлекеттік тілдің мәселелері» жайында сөз қозғады. Оның айтуынша, еліміздегі қазақтардың үлесі 70 проценттен жоғары болса да, қазақ тілінің қолданыс аясы төмен екен. Бұл жағдай еліміздің атқарушы және заң шығарушы органдарда болған азаматтардың осалдығы мен солқылдақ әрекеті деп көрсетті. Рас, қазақ тілі мәселесінің 30 жылдан кейін әлі де өткір болуы қазаққа сын. «Тасты жапалаққа ұрсаң да жапалақ өледі, жапалақты тасқа ұрсаң да жапалақ өледі» демекші қазақ халқы жапалақтың күнін кешіп отыр деп  Сәдуақас Әбдіқадырұлы қынжылды. Сонымен қатар, қаламыздағы «Одежда», «Управление» сынды орыстілді аялдамалардың атын өзгертуді ұсынды. Бұл өз тілімізді құрметтемеудің бір белгісі екенін алға тартты. Қоғамның қозғаушы күші халық болса, ақпарат айдынында қызмет етіп, тілдің қолданысын кеңейтуде өз үлесін қосып жүрген журналистердің көзге көрінбейтін еңбегі жайында ақын, облыстық «Сыр бойы» газетінің аға тілшісі Дүйсенбек Аяшұлы «Бұқаралық ақпарат құралдарындағы тіл қолданысы» тақырыбында тереңірек тарқатты.

– Қазіргі таңда, журналистік жанрдың ең басты құралы сөз екені естен шығып кеткен. Мақалаларды сүйсініп оқу мүмкін емес. Осыдан екі жыл бұрын марқұм, ардагер журналист Ахат Жанаев «мен газеттерден жүйесі бұзылмаған бір сөз оқысам, автордың бетінен сүйіп алғым келеді» деген еді. Осы пікірдің өзі-ақ біздің әріптестеріміздің сөз қолданудағы салақтығын әшкерелеп тұр. Қазіргі телеарна мен баспасөз бетінде «құлағына алтын сырға» деген мәтел мода болды. Тіпті соңғы кездері «әкімдердің құлағына алтын сырға»  деген сыңар қалыптасты. Мұның дұрысы – «жеңгемнің құлағына алтын сырға, ағама айтар бұйымтайым бар» деген тұрақты тіркес. Мағынасы ағама айтатынымды жеңгем естімесін деп тұр. Бұны біз керісінше құлағыңды тос деп айтып жүрміз. Егер көшеде жол жүру ережесін бұзсаңыз, айыппұл төлетеді. Ал, тіл ережесін бұзған адамға ешкім ештеңе демейді. Алайда тіл ережесін бұзу аталардың аманатына қиянат жасап, ұлт тілінің келешекке кемтар жетуіне жол ашады, – деді Дүйсенбек Аяшұлы.

Сонымен қатар, Қорқыт ата атындағы ҚУ-дың қазақ тілі мен әдебиеті және журналистика кафедрасының қауымдастырылған профессоры, ф.ғ.к., доцент Аман Абасилов «А.Байтұрсынұлының қоғамдық-саяси және ғылыми қызметінің Қызылорда кезеңі», облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия мүшесі Нұрсәуле Мусаева «Ұлттық руханияттың негізі – тіл», Шиелі ауданындағы «Самғау» жеке мектебінің  орыс тілі пәнінің мұғалімі Татьяна Нуштаева «Мемлекеттік тілді құрметтеу – парызымыз» тақырыптарында баяндама жасады.

Іс-шара барысында Ахмет Байтұрсынұлы еліміздің тәуелсіздігі үшін отаршылдыққа қарсы күрескен көрнекті қайраткер болғаны жайында бейнеролик көрсетілді. Сондай-ақ пленарлық мәжілісте есті сөз айтылып, өңірде тілдерді дамыту саласы бойынша үлес қосып келе жатқан бірқатар тіл жанашыры мен сала мамандары ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитетінің, облыс әкімінің құрмет грамоталарымен және алғыс хаттармен марапатталды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: