Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Мектеп ішіндегі галерея немесе хоббиі мен мамандығы бір мұғалім

14.04.2022, 10:40 821

Кез келген адам картинаны бір көргеннен түсіне алмайды. Әрине, бұл – қалыпты құбылыс. Өйткені, суретшілердің белгілі бір затты көруі, ұғынуы мен елестетуі қарапайым адамдардан өзгеше. Картинаның тарихы, бояуы, т.б. бір мемлекетпен, ұлтпен байланысты болуы мүмкін. Бірақ, қылқалам иелерінің жұмыстары жер-жаһанда тілдік жағынан түсінісуде еш қиындық тудырмайды. Демек, жақсы жазылған жұмыс әлемдегі ең танымал картинаға әп-сәтте айнала  алады. Иә, өнерде шекара болмайды.

«Мырза» бетінің осы жолғы шығарылымында біз ҚР Сурет­шілер одағының мүшесі, №264 Т.Есетов атындағы мектеп-лицейі­нің көркем еңбек пәнінің мұғалімі Нұрлан Мажиханов­тың жұмысымен танысқан едік.

Жалпы, Сыр өңірінде сурет өнері туралы көп нәрсе айтуға болады. Даңқты суретші, жерлесіміз Салихитдин Айтбаевтың атына көркемсурет галереясының атын берудің өзі – құптарлық іс. Одан бөлек бір мысал келтіре кетсек, Шиелі ауданына қарасты Сұлутөбе ауылынан бірнеше суретші шыққан. Борис Қайназаров, Қуанышбай Ембергенов, Аманкелді Кенен­баев, Мұратбай Үмбетов және оның балалары Асқар мен Бейбіт Үмбе­товтер, т.б. ҚР Суретшілер одағының мүшесі бар. Мұның өзі ұғына білгенге ұрпақтар сабақтастығы, байланысы екені анық. Нұрлан Мажиханов – аты аталған аға буынның жолын жалғастырушы. Ұстаздық атты ұлы жолда тер төгіп жүрген талант­ты  суретші.

Кейіпкерімізбен әңгіменің тиегін ағыта жөнелдік. Алғашқы сұрақ қойылмай-ақ, өткенге шегініс жасалды.

– Туған жерім Тартоғай ауылында қой бағып жүріп табиғатпен сырласатынмын. Ауылдағы әр заттың қимыл-қозғалысы, әрекеті суретшінің көзімен өзгеше болады. Соған қарап қызығып сурет сала бастадым. Бала кезімнен көкпар шауып, түйемен қой бағып өстім. Сосын болар ауыл, табиғат тақырыбы жаныма жақын. Жалпы, картина жазғанда оның тарихын білмесеңіз, қиынға соғады. Сыр еліне тән түстің де түрі бар. Бұл өнердің де өзіндік қиындығы мен қызығы бар, – дейді Нұрлан Жақсылықұлы.

Біз барғанда ол шәкірттеріне бар білгеннін үйретіп жатыр екен. Қосымша білім беру орталығы жанынан құрылған «Қылқалам шеберлері» атты сурет үйірмесінде 30-ға жуық оқушы сурет өнерінің қыр-сырына қанығып отыр. Келесі кабинет­те салынған картиналарды көзіміз шалды. Мұнда кейіп­керіміз Нұрлан Жақсылықұлының жұмыстары ғана емес, шәкірттерінің де шығармалары көрініс тапқан. Қарасаң көздің жауын алады. Мектеп ішіндегі галерея­ның кереметін сөзбен жеткізу мүмкін емес-ті. Әрине, барлық картинаны толық түсіне алмадық. Әрқайсысында суретшінің өз қолтаңбасы, айтары бар екені  анық.

– 2014 жылы №264 Т.Есетов атындағы мектеп-лицейге жұмысқа орналастым. Келген жылы сурет үйірмесіне жетекшілік жасадым. Қазір  үйірмедегі 2 топта 60 оқушы бар. Осы уақыт аралығында көп­теген  шәкіртім  жоғары  жетістікке  жетіп  жатыр. Жоғары оқу орындарына оқып жатқандары да бар. Оқушыларым сурет байқауларында орынсыз қалған күні болған емес. Білгенімді барын­ша үйретемін. Барлығы бірдей суретші болмайтыны анық, ең  бастысы – білгені,  үйренгені, – дейді  ол.

Суретші  оқушыларына гуашпен сурет салуды көбірек үйретіп жатқанын айтады. Бейнелеу өнері арқылы жас буынға туған жерге деген сүйіспеншілігін арттырып, қазақи салт-дәстүрлер мен әдеп-ғұрыптарды бойына сіңіруді көздейді.

– Шәкірттерімнің сурет өнеріне деген қызығушылығы жоғары. Үйірмеден тыс уақытта да білмегенін сұрап жатады, қолдан келгенше көмегімді аямаймын. Оқушылардың суретке деген қызығушылығын және үйірменің нәтижесін салған суреттерінен байқауға болады. Балалардың сыныбы әртүрлі. Барлығына бірдей талап қоймаймын, бәрі бір күнде бола қалмайды. Жақсы картина жазылуы үшін кейбіреуге көп уақыт керек. Сондықтан, көп күш жұмсауы, еңбектенуі керек. Бәрін кезек-кезек үйретемін. Үйірмеге келген баланың не нәрсеге қызығушылығы басым екені, икемі байқалады. Мысалы, сурет салмаса да, мүсін өнеріне жақын балалар бар, макет жақсы сызатындары да кездеседі. Яғни, осыны байқап, сосын  барып  жұмыс  істейміз, – деп  сөзін  жалғады  сурет­ші.

«Сурет үйірмесіне қатысқаныма айтарлықтай көп уақыт болған жоқ. Сонда да нәтиже бар. Нұрлан ағайымыз көбіне сурет­ті түрлі-түсті бояулармен салуға үйретеді. Сурет салу менің хоббиім ғана емес, болашақта мамандығым да болуы мүмкін, – дейді  Мерей  Батырхан  есімді  оқушы.

Әр  адамның  өз  арманы  болады. «Ер жігіт туған жеріне» деген, сондықтан кімде болмасын, туған жерге туын тігіп, елдің  батасын алғысы келеді. Суретші, ұстаз Нұрлан Мажиханов та сол  секілді  туған  жері  Тартоғайда  көрме  өткізсем  деген арманы  бар.

– Туған  жерім Тартоғайда көрме өткізу – көптен бергі арма­ным. Оған дайындықты бастап кеттім. Жұмыстарымның басын біріктіріп, жобалап жатырмын. Одан бөлек жаңа жұмыстар да жазу үстіндемін. Туған жерімнің кіреберіс қақпасын бейнелеудемін. Көрме 1 айға жалғасса, сол топырақта өсіп-өніп жатқан жастарға жол көрсетсе деймін. Мүмкін, содан ке­йін мықты-мықты суретшілер шығатын шығар, – дейді Нұрлан Жақсы­лықұлы.

«Сурет салу – менің өмірім» дейтін ұстаз өмір жолында көпте­ген белестерді бағындырды. Әр жылдары облыс әкімдерінен, мәдениет, білім басқармасының басшыларынан алғыс хаттар алды. Мектеп басшылығы да суретшіге барынша қолдау білдіреді. Ең бастысы, картиналарын сүйсіне қарайтын көрермендері, шабыт  беретін  отбасы  бар.

Картинаның салынуы көлеміне, қиындығына байланысты екені анық. Кейіпкеріміз күніне 2-3 сағатын хоббиі, мамандығы әрі өмірі саналатын сурет өнеріне арнайды. Әңгіме барысында «Қала мектептерінде сабақ беретін ҚР Суретшілер одағының мүшесі сіз ғана шығар?» деп сұрадық. Расында солай екен, бірақ кейіпкеріміздің жүзінен  мақтанышты  қаламайтыны  байқалды. Нұрлан Мәжихановпен болған әңгімеде оның «Ер-азаматтар қандай болуы керек?» деген сұраққа қатысты ойын білдік. Көкпар шауып, қой баққан суретші «әр қазақтың іргесі ауылдан ажырамаса екен» деген тілегін айтты.

Рыскелді  ЖАХМАН

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: