Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Көзден өшіп, көңілде кеткен суреттер

21.07.2022, 9:40 778

«Топансу  жүзін  жуған  Ұлы  Дала»  кітабынан

Сайлаубай   ЖҰБАТЫРҰЛЫ

ТҮН-ТЫЛСЫМДА  ҚҰРДЫМКӨЛ  ШАҚЫРУЫ

«Су аяғы – Құрдым» дейтін көненің бір сөзі…

«Барсакелмес», «Мыңсуалмас», «Көзжетпес», «Тұрғызбас»… сияқты қазақтың атойлы атауларының қатарынан еді осы. Көңілге үрей салар ескерту де, әлдебір қатер сарыны да, тәуе­келшіл көңілді қызықтырып шақыратын атой да бар бұл атауларда…

Анығында, біздің жақта ол туралы дабыра-дақпырт көп болатын. «Үстінен құс ұшыр­майды екен… Самолеттің өзі ол жерді айналып өтеді-міс… Қара иірімі үйіріліп, ақ көбігі бұрқырап, бір жаман оқпан қорқырап, күні-түні  су  тартып  жатады…».

1989  жылы «Қазақ әдебиеті» газетінде көте­ріп, ел қолдаған «Кіші Арал» бастамамды негіздей түсу үшін, 1990 жылдың тамызында Ырғыз-Торғай атырабына қарай сапар шектім. Қасымда Қарақұм бетті жақсы білетін Бөлетен атты ел азаматы, Мұхтар (Ботабайұлы) інім, Төлек деген «жабайы жолдың қасқыры», Арал автобазасының шопыры бар – сенімді, сапарға біршама дайындықты жағдайда жол тартып кеттік. Бұған Арал аудандық партия комитеті біраз қолдау көрсетті… Екі көзім, сол жылдары Арал маңы Қарақұмын көктей ұмсынып, Атықай-Дәгір, Қасқырлы-Шатырлы жүлгесі­мен теңізге қарай біршама жақын келген Ырғыз-Торғай суының бағыт-бағдарын аңдау­лы. Шынында да, ілгергі мыңжылдықтарда Арал құйған Торғай-дария соңғы жылдары өзінің сол ежелгі арна-жолын тірілткісі келгендей, тағы  бір  бері  талпынған  екен…

Ел-жер жөнінен білетіні көп Бөлетен азамат Қарақұмның иін тірескен құмдарынан да қалыңырақ бұл жерлердің ұйықты-құйқалы тарихын жүлгелей айтып келе жатты. «Отыншының тақыры», «Құлжұмыр-Қасқатөбе», «Дүйісбай-Тәмен тамы», «Банды қырылған», «Шөмекейдің қаны төгілген» жерлер… Қатпар-қатпар қаттамалы шежіре… Және де, бұл маңдар қазақтың тұңғыш Мәдениет министрі, Алаш қайраткері Темірбек Қараұлы Жүргеновтің кіндік қаны тамған жер. Бұл жерлер қаламгер ағалар Өтебай Қанахин, Жақсылық Түменбаевтың бір кездердегі өмір өрістері… Мұхтар інім осынау аңыз бен тұмса табиғат қызы­ғын қоса тыңдап, тамсанудан шаршар емес. Ал «жабайы жолдың қасқыры» Төлек дала­ның сан ыдырап, сан тоғысқан тарау-тарау шиырларын «Газ-60»-тың баранкасын дөңгелентумен  жаңылмай  түстеп  отыр.

Тәуіп совхозының орталығы Құйылыс ауылы.  Совхоз  кеңсесінің  дәл  терезесі алдын­да Торғай  мен Ырғыз бір-бірімен қауы­шып жатыр. Мен бір көруді сонша аңсаған жағрафиялық  нүкте! Тамыздағы  өзендер  суы  қайту­лау көрінді… Сонан 50 шақырымдай Торғай бойы төменіректегі ферма орталығы Жайсаңбай – қалың шөмекей қоныстаған жер.  Қазақы  қалыбы мен қаймағы бұзылмаған кеңқолтық халық. Жүрген жерімізде жағалай алғаусыз сый, құрмет көп болды. Өкінішке қарай, атын ұмыттым, сол кездері (1990 ж.) Жайсаңбай ауылының жасы сексендерді алқымдап қалған бір үлкені бізді алыс жолдан келе жатқан жо­лаушылар  құрметінде  кәделеп  қонақ  қылды.

Бұл өлке Ақсақалтәуіп атымен қазаққа мәлім. Ақтөбе облысының жері. Суларының беті жыртылып-айырылған қызыл-ала қоқиқаз, бірқазан, үйрек-қасқалдақ. Су асты алакөз сары сазан, алтын теңгедей жалтылдаған теңге-балық (линь), кісі бойы шорағай… Бедері отар-отар қойша мыңғырған ақбөкен. Киік  ізі – жортқан  қасқыр… Тұмса  табиғат!

Торғай атырауы мені тіпті таңқалдырды. Жалпы, «Торғай әлемдегі ерек табиғатты өзеннің бірі» деген анықтауды бұрыннан білетінмін. (Республикалық Жағрафия институты мамандарының пікірі; өзеннің еш суларға ұқса­майтын  өзіндік ерек табиғи режіміне қарата  айтылған сөз). Анығы, бұл Торғайда басқа өзендерге тән классикалық атырау ұғымы деген жоқ сияқты. Жайсаңбай тұсында өзен екі тармаққа бөлінеді де, оңтүстік саласы Бақшақ  көліне құйып тынады. Ал негізгі сала­сы ең төмендегі Қаракөл оябын толтырып, онан ары шашау шығармастан, Шалқартеңіз сорына жетіп жығылады. Қаракөлдің үсті – құс, асты – қазандай қайнаған балық, бірақ жердің тұмсалығынан бұл байлық – аушыға алдырмайтын қол жетпес аңсар, тіпті, тереңде жатқан өзіндік бір құпия. Қаракөлден ары еш тіршілік өзен суымен төмен беттеп бармайды (бара алмайды) – төменгі жақтың қою тұзына тірі жан беттей алмай ма? Әлде, ол бетте басқадай бір қауіп бар ма?..

Маңай кеше-бүгін жан аяғы баспаған иен медиен.

Жас баланың еңбегіндей былқылдаған Торғай құярлығының тебіздік сұрынан қор­қып, машина үш шақырымдай артта қалды; күннің ыстығынан шаршаған Мұхтар інім бір жыңғыл түбін сағалап, ол да бір шақырымдай кейін қалды. Өзен мен «теңіз» тоғысына жаяу­лап жалғыз  кеттім. Екі бетіне жар қамыс тұрған Торғай сағасы алыстан зәулім қақпа секілденіп менмұндалап тұрды. Сол сағалық «қақпадан» ары Шалқар-теңіз десе, теңіз-айдын шалқып жатқаны да  көзге шалынды.

Торғайдың дәл құярлығында бір тарау арна құбыла бетке қарай күрт бұрыла тартты. Атыраулар табиғатына мүлдем кереғар жағдай: сағадағы су, анығы, кері қарай ағып жатыр! Жалпы, әлемдегі өзен атырауы заңдылығына тән емес құбылыс бұл. Құрдымкөлге бара­тын арна осы-ау деп топшыладым… Сағадағы Торғайдың кеңдігі 25 метрдей болғанда, мына тосын ашаның ені 15 метр шамасы ғана еді. Ағысы мардымсыз. Бет жағы екі қарыстай мөлдір су, онан төмен қою тұмандай ұйыса толық­сыған боз кілегей, онан тереңде не жатқанын бір Құдай біледі… Шақырғанда үніңді жан есітпейтін жалғыздық сәтінің қорқынышын жеңе, жолжазба дәптерді, Жазушылар одағының билетін, қосауыз мылтықты жиекке қо­йып, пышақты ғана белге байлап, мәлімсіз суға аяқ салдым. («Тобықтан келер суға теңіздей тәубемен түс!» дейді ғой бір сөз…) Алғашында қою кілегейдің түбі жоқ сияқты еді, бірақ тереңде тұтаса шөгіп, жымдаса жатқан шірінді қамыс табан астында сезіліп, мені кеуде тұсымнан ары ұйыққа батырмады. Тек жағадан екі метр­дей ұзағанда, түбі жоқ тереңнің салқыны тәнімді түршіктірді. Серпіне тепсініп, ары жүзіп кеттім. Қарсы жаға астында сол шөгінді қамыс табанымнан қайта демеді. Сонау көрінген Шалқар-су жағасына осы арнаның арғы беті арқылы жақындап бару мүмкін еді. Ол «теңіз» де беткі қабаты мөлдір, онан төмен тұмандай ұйыса толықсыған қою кілегей, арғы тереңі мәлімсіз су екен… Алдымда кәдімгі теңіз-таби­ғат  шалқып  жатты…

Құрдымкөлге сол бұру арнаны  қуалап,  ақыры  жете  алмадым…

Алдында  ол  көлді түстігінен, алысырақ дөң басынан  бір  шолып өткенбіз. Жарық­тық түксие қарауытып жатқан сұсты су көрінді. Маши­на жақындай  алмады. Келіп тұрып, атышулы жерді көрмей кету қиянат еді. «Уақыт» деген тықақ бар… Елге қайтар жол Бақшақ-көлдің басын айнала, бір кезде Торғай суын Құрдымға жібермей тосқан «Қыл» бөгеті («Бағысбаев» бөге­ті дейді бір сөз) сорабымен түсті. Торғай суы бір кездері өзен атырауын түгел суға бас­тыруға есептеліп салынған сол бөгетті жарып өткенге ұқсайды. Әлде, шабындығын суға тоғытқан сол қолайсыздау бөгеттен жергілікті малшылар бір-жар кетпен топырақ алып, жарылуы­на «көмектескен» бе?.. Әй­теуір, Торғай атырауы өз қалыбында қалуға «тырыс­қан»… Ымырт үйі­рілген шақ. Жолдың бір сәтінде, «Құрдымның тұсынан өтіп бара жатыр­мыз» деген Төлек-шопырдың сөзі мені тағы  елеңдетті. Дереу көлікті тоқтаттым. Даланың түні. Көңіл тағы да сонау жақындап келген жұмбақ суға тарта берді. Бағанағы, күндізгіден де қатерлірек – мәлімсіз жер, жылан, шаян, қарақұрт қатері баршылық жолды жолдас­тарым көп ескерткенімен, түн бәденін түртпектеп, мәлімсіздікке тағы бет ала жүріп кеттім. Арттағы машинаның жарығы шырағдандай сығырайып қалғанда, аяқтағы кеды-шәркей табаны астында шылпылдай бастаған суды сездім. Аяқ асты қатқыл, сенімді еді. Кенет бір тік ұшан кезігіп, тереңіне құлата тартып әкетпесе, бұл кәдімгі Арал жағасындай сенімді жайпақ жағажай болды. Сол суды тізеге жетерлікке шейін кешіп, біраз жер жүріңкіреп барып тоқтадым. Бұлайша жүре бергенде, тас қараңғы түнде қайда барам?.. Алдыңғы жақта түн тылсымын қымтай жамылған жұмбақ су сондай тыныш. Мәлімсіздіктен суылдап жеткен әлдебір жұмбақ үндер. Су бетін сызған құстар қанатының үні болар… Иірімі дөңгеленіп, «қорқырай су тартып жатқан» қорқынышты дыбыс құлаққа жете ме деп аңдаймын. Ондай тосын белгі сезілмейді. Кенет төбемнен жұлдыздары жамырай төнген жақын аспан, салқын-жібек лебімен беттен өпкен жұмбақ су, түн саябырында ертегі-симфонияға айналып кеткен сырлы кеңістік мені ғажап бір сезімге бөледі. Табиғат-дегдардың тіршілікке деген мейір-шапағаты, аңдай білгенге, шексіз-ау! Тек жат көңілдерді ол да жаттықпен кеудеден итеруге мәжбүр… «Құрдым» деген аты үрейлі, өгей көңілдер шетіндегі мына жердің мейірлі сәті қандай ғажап еді! Бұл да махаббатпен  жаратыл­ған  жер  перзенті ғой!..

Артта қалған жолдастардың еміс-еміс айқайы  ес  жыйғызды…

Кейін, атышулы көлге екінші жол сәті түскен. Ол жолы жағасына жете алдым. Жұмбақ айдын бойын біраз кездім. Тұздылығы кіле­гей тәрізді суына бет шайдым. Жағалай су жиектей көтерілген биіктігі 70-100 см бітеу қабырға секілді қорғанша жал байқалды. Сірә, көктемде көлде көшкен күрдің «жұмысы» болар дедім. Бірақ мұндай жал-қорғанша басқа сулар бойынан байқалмап еді… Бұл да Құрдымның  бір  өз  жұмбағы  сияқты  ма…

Аралдан шыққан алғашқы эколог Алдан Ұлымбетов бір оқиға айтқан: Елуінші жылдардың орта шені. Мінез-құлығы ғылымға әлі де жұмбақтау Құрдым-суды зерттеу мақсатында, көлге «таңбалы атом» деген қондырғысы бар (меченый атом) құты жіберіледі. Ол кез жер бетін ғарыштан қадағалайтын жер серіктері деген жоқ. Тек ғылыми аппартура орнатылған ұшақтар ғана адам аяғы жете алмас жерлерді әуеден шолып, мәлімет жинайды. Сондай әуе бақылауы біршама уақыт әлгі «таңбалы атомның» көлде белгі беріп жүргенін тіркеп отыр­ған. Сол атойлы атом, бір күні зерттеуші зерде аясынан жоғалып кетеді. Жым-жылас. Қайда кеткені белгісіз. Ол өзі қыстың бораны мен мұзына, жаздың аптабы, толқын-дауылына төзімділікке есептелген, аса сенімді құрал екен. Бұзылып қалуы мүмкін емес. Суға батып кетсе де,  атом  «үні»  жердің  түбінен де белгі беріп жатуы тиіс… Сонан екі жылдан кейін әлгі «таңбалы» дүние қайта үн қатады. Қайдан дейсіз ғой? Каспийден! Таңбалы құты сонау үлкен судан бір-ақ шыққан. Құрдымнан бастау алған жеті қат жер асты дариясы Кас­пий теңізіне құйып жатқаны белгілі болады! Расында да, бұл жұмбақ көлдің бір жерінде су тартып жатқан оқпан болуы мүмкін деген ой сонан бастап тіпті беки түсті… Бірақ ол көзге түскен  емес…

Эколог Алдан аға осынау астарлы гәпті жеткізді маған. Демек, Ырғыз-Торғай, жалпы Мұңалжар-Ұлытау өзендерінің жер бетілік гидрологиясы «шолақтау» көрінгенімен, олардың жер астылық «өмірі» тым маңызды сияқты. Жаз ыстығы 40 градустан түспейтін шөлді өлке үшін бұл аса мәнді жайт. Бедері бозаң осынау аймақтың су нәпақасы жер-көрпемен мұқият бүркеулі екен. «Қарақұм емес, Қарағым» аталған өлкенің құйқалы өрістері, құм тесе бұрқаған тұма бұлақтары, күрек сабы жерден шығып жатқан еспе құдықтары соның беркесі. Қызылорда облысының батыс аудандарын «Толағайдың» бұлақ суымен сусындатып отырған Қосаман кеніші сондай бір жер-дария тамырын дөп баса, үстінен түскен… Әлгі, Л.Брежневтің «Целина» кітабында ма еді: «Байқоңыр» ғарыш айлағы құрылысының бірінде, құрылысшылар зымыранның старт шахтасын қазу кезінде, жер астында сылдырап ағып жатқан өзенге тап болады. Стратегиялық нүкте. Шахтаны бір метр олай-бұлай ығыс­тыруға болмайды. Енді не істеу керек? Сонда орыс ғалымдары әлгі судың арнасын динамитпен  жарып  жіберу  амалын  ұсынады. Су да алтын сияқты адам пиғылынан «қашқан». Әлгі жер-дария, солай, бір түнде жоқ болып шығады. Ақыл ісі емес, әңгүдіктік, әрине. Жердің қан  тамырын  кесу – адами  ерлік  пе?..

Арқаның, Ұлытаудың осы күні тынысы солық­тау тартқан сулары бағзыда Аралды жер астынан  да  үстеулеп,  дем беріп жатқанына солай сенімім бекіді. Бұның бір мысалын дәрігер ағам Ботабай Әлішев айтатын. Теңіздің солтүстік шетіндегі «Көне Мергенсай» ауылына сырқат адамның жағдайымен барған дәрігер сол маңнан алыс кете қоймаған теңізге шомылып жүріп, су астынан кеудеге соққан бір ағын тегеуірінін сезеді. Тереңірек сүңгіп, дәмін татып көрсе, ащы теңіз түбінде, кәдімгі, кеудеден теуіп, тұщы бұлақ бұрқап жатыр! Мергенсайдың сайынан, әлде, Ырғыз-Торғайдың жер асты дариясынан өніп жатқан су емей не ол?.. Осындай жерасты «нәпақасы» теңіздің шығыс бетінен – Қызылқұмнан да Аралға дем беріп жатуы әбден мүмкін ғой. КСРО ғалым­дары «…Арал  жер асты суларымен терең түбінен оттегіге қанығып жатқан теңіз, сондықтан оның балы­ғы аса дәмді болады» деп кезінде дәлел­деген осыны. Сонан ба, Арал балығы тіке Мәскеудің «биік» дастарқанына тартатын еді ғой… Сондай бұлақтар көзін бүгінде адам­дардың  ашкөздігі  бітеп тастады ма, пенде бүгін «бұлақ көрсе» көзін  ашпайтын болды. Арал бұлақтары бітелген… Бірақ сонда да Арал жарық­тықтың  балығының  дәмі  таңдайға  тати­ды-ау!

1990 жылы Кіші Борсық құмының Қосаман мен Ақеспе арасындағы тар қылтасында, Арал тарланы Нарғали аға (Демеуов) қарсы кезде­сіп, бұл  кездесуге  екеуіміздің  де қуанғанымыз сонша,  көліктерімізді  сол жерде қаңтарып тас­тап,  құм шағылға құйрық баса, бір сағаттай гәп құрдық. Ағеден ағамыз Мәскеуге Арал балық­шыларының атынан барып, сол кезде шолақ саясат қолға ала бастаған «Сарышы­ғанақ» бастамасына разы болмай қайтқанынан аса өкінішті көңілде, қинала отырып айтып берді маған… Мен көтеріп жүрген «Кіші Арал» идеясы­на Ырғыз-Торғайдан келер тағы бір су жолын  меңзеді. Ол  сонда Жабысай – Жаман­сор – Тентексор (Шілікті) – Ақбидайық – Сары­басат  жүлгесін  айтты   сірә!..  (Торғай-Ыр­ғыз, бір  ретте,  осы  кең  аңғармен  ағып, Аралға солтүстік-батыстан құйған ғой). Бұл дұрыс-ау, бірақ Ырғыз-Торғайдың Аралға деген «ықыласы» енді Қарақұмнан аса алмай қалды ғой. Қара­торғай, Тасты, Қарынсалды, Сары­өзен-Сарықопа, Ырғыз салалары бұл күндері әбден тосылған, тоспаланған. Бұл суларды ертеңгі күні Есіл-Ертіс беттен келетін мол су демеуі ғана жандандыра алуы мүмкін. Ырғыз-Торғай ғана емес, болашақ Ертіс-Арқа арнасы Арал бетке жоғарыдағы іздіктермен су әкеледі деген үміт зор.  Бұл  енді  басқа  бір сабақты сөздің  үлкен  тақырыбы…

Ұлытау сілемдерінің құбыла бетінде Мың­бұлақ жер асты су алабы жатыр. Ол өмір нәрін ғасырлар бойы жинаған көзден таса ұлы бассейн, ол тұщы су қорын «консервілеген» Қазақ­станның жер астында жатқан «Байкалы» дер едім. Жер бетіндегі адуыны аз Ұлытау және Мұңалжар суларының жер астына жиып жатқан сондай керемет қазынасы – біз үшін үлкен, маңызды жайт. Ол – ертеңгі ұрпақтың шөлін қандыратын Қазақстанның қасиетті су қазынасы  болады  түбі.

Құрдымкөлді кептіруге  болмайды. Шал­қар-теңізді де… Бұлар – Қарақұм құтына құт, жер асты бұлақтарына нәр беріп жатқан игілік көзде­рі. Бұлар, ең бастысы, табиғаттың төл перзенттері!

Құрдымкөлдің сол атойлы аты мен дабы­ралы аңызы мен үшін әлі күнге сол қызық­тырып шақырушы мәнінде қалды. Мен оның құпиясын өз деңгейімде аша алмадым. Ол туралы ғылыми тұжырымдар көзіме түскен емес… Оның құпиялы қордасы – мен үшін қызық қазына. «Су аяғы – Құрдым, өзінің жұмбақ айдынының бір тұсында қара иірімі дөңгеленіп, жеті қат жер астына су тартып» жатқаны анық. Сөйт­песе, ол ел әспеттеген Құрдым  бола  ма?!.

(Жалғасы  бар.)

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: