Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Көзден өшіп, көңілде кеткен суреттер

28.07.2022, 11:10 416

«Топансу  жүзін  жуған  Ұлы  Дала»  кітабынан

Сайлаубай   ЖҰБАТЫРҰЛЫ

ХАНТӨРТКІЛ

(нұсқасы  бөлек  бір  тарих)

Бұл әңгімені маған Жұбаныш көкем (Әліш ұлы Жұбаныш, әкеміз Жұбатырдың туған ағасы) сонау 60-жылдардың орта шенінде, табалдырығын теңіз шайып жатқан Бөген ауылының мектебі жанында, ақшағыл құм басында отырып айтқан. Сол кездегі тым жас көңілге бұрын еш жерден оқылмаған, еш ілім сөзі айта қоймаған бір өзгеше, қызық «ертегі» еді  бұл… Ұлтымыздың  тарих танымының көкжие­гі кеңестік рухани абақтың торы шырмауында, 150-200 жылдар межесінен ары аса қоймаған; «бес ғасыр», «жеті ғасыр» жырлары, әл-Фараби тұлғасы, Тоныкөк, Күлтегін мұралары біз үшін әлі де терең тылсымда  жатқан  уақыт  еді…

Ол баян нұсқасы былай еді (жақша ішіндегі менің нақтылауларым): …Орыстан қазаққа төрт рет «орам» болған. (Орам – іргелес жатқан, әлде, бұратана жұрттарды зордың күшімен орыстың өмір салтына келтіріп, тұтас бір жұрттардың діни наным-сенімін шоқындыру арқылы түбегейлі өзгертіп жіберу саясатының қазақша түсінігі). Сондай «орамның» біріншісі Жанарыс (Кіші жүз) билері Асан Қайғы, Қазтуған, Орманбет уағына тұс келген. Қазақтан бірлік кетіп (ол кезде «қазақ» ұғымы жоқ болса да, бұл атау баяндаушы сөзімен беріліп отыр, кезең  Алтын  Орданың  ыдырау тұсы), орыс­тың аруағы асып, күш алып кеткен уағында, Азау беттегі (Азов, Дон, Кубань бойы) қалың ел, күресерге дәрмен  жоқ, «орысқа  орам  бермейміз» деп, ата-жұртты  тастап,  далалықпен  (Сал даласы), ағайын­ға  қарай  (Хажы Тархан бет) үдере  көшкен. Оған Сарытау (Саратов), Сарүйсін (Царицын) жұрты қосылған болуы  да  мүмкін.  Сонан, осынау  жосын-көш  Еділ­ге де тұрақтай алмай, Жайыққа да байырқалай алмай, дала асып, Арал маңдарына жетіп жығылған. (Қазтуғанның «салпыншақ анау үш өзен…» деген жыр  жолдары артта қалған сол өзендер /Дон, Еділ, Жайық/  жайында,  сол жосын­да туған сөз ғой. «Қар­ға бойлы Қазтуған» атын да мен сол баянда есіттім. Кезең 1400-жылдардың іші шамасы. Жосын-көштің негізі Кіші жүз жұрты. Жанарыс­пен екі рулы  елдей туысқан Ноғай аға­йын да, Алаштың Кіші жүзбен шектес-іргелес басқа да жұрттары бар ішінде… Ал батысы Орал тауларын сауырлаған, шығыс шетін Енесай-дария әдіптеген  кең-байтақ Көшім хан ұлысы  туралы  сөз  бұл  баянда  болған  жоқ).

Босқынға ұшыраған ел-жер жайы сонау көш бойында талай рет талқыланған болар, бірақ үлкен мәслихат Арал теңізінің солтүстік-шығыс бетіндегі Хантөрткіл деген биіктің (қазіргі Аралқұм стансасының маңы) басында өтеді. Сол жерде жосындағы көп жұрттың төрт төбе биі – Асан («Қайғы» қосымшасы әлі жоқ), Қазтуған, Орманбет және Шерғұтты билер алқалап кеңес құрады. Сол кеңестің пәтуасында, Асан ата, «түптің-түбі, бұл жерді де кәпір алады-ау» деген қауіпте, жұртына жайлы жер (Жерұйық) іздеп, Желмаясын жазылап, ары қарай жол жалғауды ойға алады. Қазтуған да сондай мақсатта (өз жұртымен) Сырдариядан өтіп, теңіз жағалай отырып, Қызылқұмның қалыңына ұзап кетеді. (Дария аяғындағы осы күнгі «Хан» өткелі, мүмкін, сол Қазтуған Қызылқұмға бет алу бағытында өткен ұрымтал тұс, әлде, кейінірек тарихтағы Хақназар хан оқиғаларына байланысты қойылған атау болуы да мүмкін). Асан Қайғының жағрафия мәнді сол сапар жырлары, мысалы, «балығы тайдай тулаған, бақасы қойдай шулаған…» немесе «әр бұтасының түбі бір-бір асым ет екен…» деп келетін бейнелеулерінің барлығы «түптің-түбі, мұны да келіп, кәпір алады-ау» деген тұжырыммен түйінделіп отыра берген екен. (Тек, бізге мәлім оқулықтарда абыздың сол даналығынан сондай тұжырымдаулар алынып тасталып, ол сөздер бізге «жонылып-қырналып» жеткізілген болды. Әлгі, Ы.Алтынсариннің «Бір Алла­ға сыйынып, кел, балалар, оқылық!..» деген мәлім өлеңінен «Алла» сөзі алынып тасталып келгеніндей…) Асан Қайғының Жерұйық мекенді іздеу­де, солайша, өзі тамсана суреттеген ризықты-игілікті жерлерге байыр­қалап тұрақтай алмай, «алты атанға жүк артып, алты  жыл  қоныс  қарап»  жер кезіп кете бере­тін  себебі  сонан  болса  керек.

Ал сол төрт төбе бидің тарихта «Орманбет би өлген жер, он-сан ноғай бүлген жер» деген салмақты тәмсілмен тағдыры тақталып-түйінделенген атақты бір биінің сол баяндаудағы арғы жайы қалай шықты? Шежіреші ата сөзімен, Орманбет сол Хантөрткіл биігі басында, өзінің шолғыншылары байқаған, Сырдарияның Арал теңізіне құярлығындағы,  жағрафиялық тұрғыдан онша үлкен емес, бірақ табиғи байлығы сан-арыс жұрттарды асырай алатындай берекесі мол Көкіш өлкесін таңдаған деседі. Сөйтіп, бір жағы ұлы су – теңіз, түстік беті адуын дария, шығыс беті терең Тұщыкөл мен ағынды өзектер – сондай табиғи қорғанды және құнар-қордалы  алқапта өз жұртымен, басқа да ағайын­дарымен  қоныс  тебуге  ұйғарады.

Ол кезде, шамасы, Жан арысынан тарайтын Алшын (Әлімұлы, Байұлы) және Алау (Жетіру) тармақтары әлі жеті атаға толып, ірге де ажыратпаған уақыт. Сонан да, бұл жұрттардың қайын жұрт, құда-жекжаттары, негізінен, Ноғай және Алаштың басқа да іргелес, аралас-құралас тайпаларынан, Түстік  беттегі  Шайбан  ұлысынан  болса  керек.

Орманбет қауымы сол Көкіш өлкесінде өсті-өнді. Шаруасы бүтінделіп, іргесі бекіді. Жауға алдырма­ды. Әдепкі қиын-қыстауда бидің қасиет­ті қара-ала сиырының сүті, әділдікпен бөлгенде, талғажау етуге бүкіл қауымына жеткен деседі. Орман­бет елі соғыста шаһид болған ерлерінің құрметіне, арасына әудем жер салдырып, теңіз жағалай жиде ектірген. (Аралдың сау-саламат кезінде Қызылқайыр, Қамау, Көнебөген ауылдарының ақ құмшық жағалауларында сол жиделер еңсе көтере көгеріп тұратын. Түбін қазсаң, күрек сабы жерден бұрқырап бұлақ суы шығып, сол бастаулар еспе құдық­қа айналар еді. Бүгінде бәрін экология тозағы қуратып кетті ғой… «Қанжиде, киесі бар» деп үлкендер балаларды ол ағаштарға тигізбеуге тырысатын. Әйтсе де, сол кездегі бала біздің бір ойын базарымыз  сол  жиделер  түбі  еді…)

Ал төртінші би Шерғұтты ше? «Шерғұтты, Шерғұттыны жер жұтты» деген сөз қалған екен елде. Мұның мәнісі, сол би, ақыры, аумағымен «орысқа орам беріп», қарсылықсыз шоқынып кеткен деген сөз бар. (Бізге мәлім сөздерде «крещенный ноғай» деген  бір  ұғымдар  жүруші  еді  ғой…)

Жұбаныш көкем әңгімесі осымен аяқталар еді.

Балалықпен мән бермеген тағы бір жайт еске түседі: 1905 жылы дүниеге келген әкеміз жас кезінде, мал бағып жүріп, терең Тұщы көл мен теңіз ба­саты арасындағы 4 шақырымдай құм қылтаға созыла түскен бір қорған-қабырғаның сұлбасын көргенін айтып отырушы еді. Бұл екі ара Көкіш өлке­сінің ашық қақпасы тәрізді, әлгі, сулармен тізбек­теле созылған табиғи қорғандар қоршамаған, сырт көзге тым ұрымтал тұс. Сондықтан, жаугершілік уақыттағы қауіпсіздік есебімен Орманбет жұрты ол тұстарға  сенімді  қабырға-қорған көтеруі әбден мүмкін… Және де әкеміз, құм арасынан жел ашып тас­таған бір, көне заманның қару-жарақты адамының атымен бірге жатқан мәйітін көргенін айтып отыратын. Сірә, құрғақ құмның «консервациялық» қасие­ті сол адам мен ат мәйітін қаншама жылдар бойы біршама бүтін қалпында сақтаған. «Сірә, бес қаруы сай бір батыр адам, ат-патымен солайы­мен қарап жатыр екен, – дейтін. – Бүкіл ат әбзелдері жіпке тізілген тарыдай маржан моншақтармен қапталып тоқылған. Жақындап барып заттарын ұстағанда, бәрі күл болып шашылып кетті. Құм астында тек адам мен атының сұлбасы ғана сақталып жатқан екен. Темір  заттарына ше­йін, ұстаған сайын, жердің қызыл таты  секілденіп, үгітіліп шашыла берді. Тек, өңін бермеген  маржан моншақтар  ғана құммен араласып төгіліп  кетіп  жатты…»  деп  отыратын. Ол қай жер, қай құм? Кезінде сұрау ойға да келмеген… Қазір бұл маңдарды Аралдың өркеш-өркеш жағалық  құмдары  иін  тіресе  бой  көтеріп  тұр.

Бөген ауылының шығыс бетіндегі орғыл құмдар арасында «Орманбет бидің моласы» деген, нақты орыны мәлімсіздеу сол шағылдар тізбегі жатыр. Ал сонау төрт би бас қоса мәслихаттасатын биіктің кейін «Хантөрткіл» аталатын себеп – сол хандар (билер) кеңесінен қалған тарихтан, сірә. Ол айтулы биік Аралқұм стансасынан теріскей бетте көлбеп жатыр.

Мен, аңшылық-әуесшіл  сапарларымда, «Ор­ман­бет  төбе»  басына  көп  айналсоқтаушы  едім. Сол құмда біздің жер бедеріне келіңкіремейтін бір, өзге түстілеу жұмбаз тастар сынықтары шашылып жататын. Тастар өзегінде оқтай түзу, ұңғы іспетті, табиға­ты түсініксіз тесіктер бар еді… Және де, омырт­қа сүйегі жоғары қарап, қабырға сүйегі құм қауып, етпетінен жатқан адам кеудесінің (кебеже сүйегінің)  қалдығын  көрдім  сол жерден. Әлгі сүйектің ескілігі сондай, ұстаған сайын борпылдақ әктей үгітіліп, құмға араласа үгітіліп жатты. Сүйек жаны­нан  шұқыр  қазып, әлгі мәйіт сұлбасын құмы­мен қоса  ысырып,  сол  шұқырға  жасырған  болдым…

Әкеміз айтса, кешегі қанды соғыстың өрті қаулап тұрған кезде, қызыл саясат «сол құмдарды аршып, Орманбеттің алтынын алмақ» ойда болған. Бөген ауылында Орманбет бейітімен қатар, «астына алтын көмілген» төбелер туралы сөздер де баршылық еді. Мұсылман дәстүрінде адам ләһатына фәни заттарын, алтын-қазына дегендерді қоса жерлеу мүмкін емес. Бірақ құм астындағы алтын туралы гәп біздің бала кезімізден бұл маңдағы мәнді әңгімелердің бірі болатын… 1942 жылы бір партия белсендісі бастаған топ келіп, сол «Орманбет төбе» деген жерді қазады. Сусыма құм қазған шұқырға қайта құйылып, сол жұмысты өндірмейді. Өлермен топ, ақыры, терең шұңқыр түбіндегі бір тас қабатқа жетіп, соны бұзып, астындағы қолдың саласындай қаз-қатар жымдас­тыра жатқызылған бөренелерге жетеді. Сүйменмен ұрып көрсе, бөренелер асты қуыс кеуек екені байқалады. «Алтын таптық!» деп қуанған жұрт, сол шұңқыр түбінде, тыныстап тамақ ішпекке отырған екен. Сол уақытта, (Құдайдың құдіретімен!) аспанда бір бөлек қара бұлт пайда болған деседі. Бұлт асты әлемет қара құйын үйіріп келген. Сол құйынның сұрапылдығы сонша, әлгі жердің қазылған құмын дария суындай тоғытып шұңқырға қайта құйған. Төменде отырған адамдар тасқын құм астынан, бассауғалап, шаққа қашып құтылады. Әп-сәтте, шұңқыр орнында құм төбе қайта көтеріліп шыға келеді. Ол аз десе, артынан үлкендігі жаңғақ тәрізді бұршақ жауып, талайының басы жарылып, көзі шығып дегендей, жұрт бет-бетіне қашады. Әлгі, топ бастаған партия басшысының сол бұршақ тиіп, бір көзі  ағып  түскен  екен…

Әкеміз айтса, төбе басындағы сонау өзге түсті жұмбаздар, сол құм астындағы мазарды бұзғанда шығып қалған тастар. Тас дейтін тас та емес… Елі әулие бейітін салғанда, саз балшықты бие сүтіне илеп, ішіне жылқы қылын араластырып, арасына қамыстан (арматура сияқты) өзек салып, мазар соққан. Мен көретін сол «тастардағы» оқтай түзу ұңғы тесіктер – әлгі қамыс-арматуралар іздері болып  шықты. (Сол тастар бүгін де Бөген ауылы маңындағы  «Орманбет  төбе»  басын­да  жатқан  болар?)  Данагөй би өзінің бақилық жайын белгілерде, «түптің-түбі, бұл жерлерге дүние байлығын іздеген кәпірлер келеді, менің сүйегіме солардың қолдары тимесін, лаһатымды сусыма құмнан терең қазып, бейітімді бекемдеп салыңдар» деп өсиеттеген деседі. Расында да, көп уақыт өтпей, сол әулие мазарын көшкін құм басып, сол маңдарда астына құпиясын бұқтырған  бір  елеусіз  төбе  ғана  қалған.

***

Қара, Азов теңіздерінің жасыл пүліш жағалауларын, Дунай, Днестр, Днепр, Дон, Құбан өзендерінің атырабын ежелде иен жайлаған аталар өмірінің бір тарих иіні осы іспетті. Сонау айтылған төрт «орамның» екіншісі қашан болғанын жадымнан шығарыппын. Үшіншісі – алдыңғы ғасырдың орта шені – 1861 жыл шамасы, Ресейдегі «Столыпин реакциясы» деген науқан кезінде болғанға ұқсайды. Ал төртіншісі 1916 жылғы дүрбелеңге тұспал келіп, Қазан төңкерісімен үзіліп қалған… Бірақ онан кейінгі (бесінші) 74 жылдық кеңестік «орам» бәрінен де сұмдық соққанын жаңа тарихымыз енді бағамдап жатыр.

Бір  мән беретін  жайт: халықта (тарихта) «Орман­бет  би өлген жер – он-сан ноғай бүлген жер» деген аса салмақты сөз бар. Жалпы, Орманбет би  ақиқаты сонау заманалардағы өз тұстастары Асан Қайғы, Қазтуған ғұмырнамаларына қарағанда, аз зерделенген, тіпті, мәлімсіздікпен астасып жатқан, жабулы көмбе деуге болады. (Мәлім тарихтың еш жерінде айтылмаған Шерғұтты би факторын бұл санатқа қоспағанда…) Асан Қайғы абыздың бейіті Қызылорда  облысы, Шиелі  ауданының  жерінде деген  мәлімет  бар.

Және бір көзге ұратын деталь: халық арасында көп айтыла бермейтін, Орманбет би Қазтуғанға қара­тып айтты деген бір сөз тағы бар. «Әй, Қазтуған, Қазтуған, ақылың сенің аз туған…». Біз қасиеттерін кие тұтатын сондай ұлылар арасында осындай да сөз болған сыңайлы. Бұл сөздің төркін-гәбі неде? Бұлай күрт кесуге не себеп болды екен? Әлде, кәдімгі, тұстас-құрдастар арасындағы бір айтылып кеткен бұралқы  сөз  бе?..

«Ресми тарихтың» қысқа мәліметтері жоғарыдағы оқиғаларды Арал мен Каспий арасындағы кеңістікке бейімдеп айтады. Ресейдің оңтүстік-баты­сындағы қалың ноғай жұртшылығынан бөлек, бұл туыс біздің Атырау жерінде көбірек қоныс­танған деген мәлімет те бар. Міне, осы сілтемелер арасында, ел тұнығынан шыққан жоғарыдағыдай сөз нұсқасы зерек көңілдің назарын өзіне аударта береді. Ойға, ізденуге шақырады. Кешегі көнелерден бізге бостекей сөз қалған ба? Бүгінгі ұрпақ тұнығынан қанып сусындай бастаған тұнба халық қазынасында  алалық  болуы  мүмкін бе? Немесе біз оларды алалай қарауға тиіспіз бе?.. Ендеше, терең көмбеде жатқан  Орманбет  би  ақиқатын ашумен қатар (біз енді ол атамыздың рухына зәбір көрсететін кафирлер санатынан емеспіз ғой!), «…он-сан ноғай бүлінген» ел тәмсіліндегі тарихты тақтап-түген­деп, өз тұғырына қондыратын кез келді. Осы жайттың  төмендегі  әңгімеге  де  қатыс  мәні  бар.

Бүгінгі  ұрпақ  алдындағы  бір  елеулі  міндет  осы.

АБАТ   БАТЫР

Арал қаласының шығыс бетінде, іргесіндегі тұз кеніші – Аралтұз  әлемге  әйгілі  Жақсықылыш  қыра­ты  көлбеп  жатыр. Бұл биікті сауырлай созы­лып жатқан, қуатты тұз қабаты қалың мұздай сірес­кен Жақсықылыш-көлдің табиғатына зер сала қара­саң, бір кездері теңіз шығанағы ретінде шалқыған осы аумақ – көп су жинақтаған терең айдын болған-ау деген қисын келеді ойға. Тұз қабаты сондай суы кепкен  тереңдерге  қалыңырақ  шөгеді  ғой.

Ертеректе, теңіз тасуындағы сол іспетті жайқын су бойында болған бір оқиға былай баян етіледі: Асан Қайғының ағайынмен елде қалған баласы Абат батыр сол су жағасында атын суарып тұрғанында, оны бір нәһан балық келіп жұтқан деседі. Бұл гәптің тіпті еш жораға келмейтін гиперболасы мұнан ары қарай қызық жалғасады: адам жұтқан нәһан, әлде, сол жерден алыс кете алмай қайырлап қалады, әлде, қуғыншылар көп ұзатпай ұстаған, әйтеуір, сол дүлейді жағаға шығарып, қарнын жарғанда, ішіндегі адамның ат үстінде тікесінен тік тұрып қалғанын көреді. Ал, қисынмен қабылдап көріңіз: ол өзі үстінде  бес қаруы сай батыр болса; және десе, астында аты бар;  ол аз десеңіз, сол адам балық ішінде астындағы атымен тікесінен-тік тұрған күйі қалған… Бұл қандай соншалық алып балық? Көзге елестете  аласыз ба? Сұрақтың ең бастысы: бұл нет­кен гипербола? Егер осыны шындық деуге жүрек дауаламайтын болса, сонша  қиял  шарықтауын  сонау  көнелер не үшін ойлап тауып, неге солай айтуға мәжбүр  болған?

Жоғарыдағы әсіре-ауан гәптің тағы бір жалғасы: Абат батыр мәйіті Жақсықылыштың солтүстік-шығыс шетінен бір қозыкөш жердегі Ақкісі биігіне қойылған деседі. Сұлбасы ғана байқалып жататын лаһатының ұзындығы он екі қадам еді дейді. Мазарының қабырғасындағы тастардың арасына атының самаурындай бас сүйегі қоса қаланған екен, бірақ сол сүйек кейін бір жағдайлармен жоғалып кеткен…

Арал маңы Қарақұмының елсізіне түскен бір­неше сирек, тіпті тәуекелді жолдарымда мен, өкінішке қарай, сол Ақкісі биігіне соға алмадым.

Тағы бір, тақырыпқа қатысты бір бұру кеп: Абат батырдың өз болмысына ғана тән, өзгелерде сирек кездесетін, үш ерек қасиеті болғанын және айтады осы жұрт. Батыр, шын мәнінде, еш нәрседен қорықпайтын жаужүрек, еш пенделікке ренжімейтін аса қарапайым дегдар жан және аса кешірімшіл кең адам болған деседі. Бұл қасиеттері ешқандай гиперболалық кереметті жайттарда емес, өмірдің жай ғана ситуацияларында, шындыққа мейлінше жақын сәттерге байланыстыра айтылады. Ендеше, Абат батыр тұлғасы сонша бір ертегі шалқуымен шарықтатылған қиял-ғажайып туынды емес, нақты өмір өрісінде болған адам. Ал сонда бұл шындық жоғарыдағы наһан балық гиперболасымен қалай қабысады?!

Осы күні Арал құмынан, іздеген адамға, ежелгі алып акулалар тістерін тауып алу онша қиын шаруа  емес. Ал енді, ол  мақұлықтар Адам Ата пайда болғаннан да миллион жылдар бұрын өткен дүлейлер ғой. Десе де, бүгіннің кей жорамалдары Жер-ғаламшардың елеусіздеу түкпірлерінде, әсіресе, су-батпақты аймақтар тереңдерінде тұқымы сақталып қалған аждаһа тақылеттестер (Лох Несс құбыжығы, Сібір көлдеріндегі динозавр ұрқын­дары) туралы көбірек айтылыңқырап жүр. Ал осыдан жүздеген жылдар бұрын, сондай ежелде әлемдік мұхит­пен байланыста болған ауқымды Арал-суда сондай бір жанды жәдігер сақталып қалуы әбден мүмкін  ғой?  Неге  солай  болмасқа?!

Бірақ сондай алыптардан сүйек-саяқ не басқа белгілер  неге  жоқ?…

Көнелер уәжінде жалған сөз болуы мүмкін бе?

Жалпы, Сыр бойының кейде, қиял оябына сия бермейтін тосын хикаялы аңыз-әпсаналары көп-ақ. Соның ішінде адам жұтқыш наһандар туралы екі гәп мен үшін аса анық: бірі, әлгі Абат батыр хикая­сы, екіншісі, Сырдың сәл жоғарырақ бойында, Қармақшы ауданы жерінде, дарияның оңтүстік-батыс­қа қарай күрт бұрылыс жасайтын үлкен иінінде тұрған Кемесалған ауылында ертеректе өткен бір жайт. Алдажар деген інішек айтқан. …Ерте бір уақыттарда, сол елде оқыстан адам, мал-қара жоғалып кету оқиғалары жиілеңкіреп кеткен. Қапия жайттар әсіресе дария жағасында көбірек байқалатын болған. Сонда, елдегі көп жаса­ған бір соқыр шал халқына кеңес айтады. «Бұл – адам жұтқыш бір наһанның ісі. Қарулы жігіттер найзаларын сайлап, азық-түлік қамдап, сайлы қайыққа мінсін, арғы шаруаны жолда айтамын» дейді. Дария ағысымен төмен сырғыған қайық үстінде зағип қария алда үлкен ашық суға болатынын, сол судың бір тұсында алыстан жарқыраған зәулім сарай сағымданып көрінетінін, сол сарай көрінгенде мөлдір теңіздің түбін аңдай жүзген адамға су түбінде шөгіп жатқан нар сияқты мақұлықтарды байқауға болатынын айтады. Ол мақұлықтардың бірінің басы батысқа, бірінің басы шығысқа қарап жатпақ. Батысқа қарап  жатқанына найза ұруға болмайды, егер, өйтетін болса, арқанды найзамен қайықты сүйреткен наһан бұларды тұлдырсыз теңізге тартып әкетіп ажал құштырады. Ал шығысқа қарап жатқан дүлейді қапы­сыз ұруға болады… Бәрі де сол айтқандай шығады: алыстан сағым ойыны сияқтанып алтын сарай тәрізді бір нәрсе көрінеді; сонан соң, басы батысқа қарап жатқан бір наһан байқалады, ал шығысқа қарап жатқан екінші дәуді көргенде, жігіттер арқан байлаулы найзаларын (гарпун) әлгіге құлаштап ұрады. Тәніне арқанды найзалар қадал­ған сол дүлей қайықты дария бойымен өрге қарай сүйреп ала жөнеледі. Сол екпінімен Кемесалған ауылынан да ары өрлеп барып, жан тәсілім болады. Сөйтсе, әлгі наһан – жайын-балық. Сонша үлкендігі (кәрілігі) сондай, қарын тұсын жүн басып кеткен. (Өте ұзақ жасаған жайынның құрсақ тұсын жүн басып кетеді деген бар). Сол дүлейден құтылғаннан бастап  елге де тыныштық  келеді.

Бұл хикаяда мен үшін де түсініксіз нәрселер баршы­лық: алыстан көрінетін алтын сарай не мекен?  Әлгі мақұлықтар неге су астында  шөгіп жат­қан нарларға  ұқсаған?… Тағы с.с.

Тағы да сол гипербола ма?

Бір шындықты кейінірек білдім, Асан Қайғы бала­сы Абат батырдың жөн-нұсқасы «ресми» тарихта басқашалау айтылады. Мысалы, Ақтөбе жерінде «Абат-Байтақ» күмбезі бар. Абат батырдың бейіті сол деп танылады. Ақтөбедегі ағайын жадындағы бұл батыр жайлы нақты сөз, аңыз нұсқаларын есіте қоймадым, ал Арал бойында жоғарыдағы іспет, Абат батыр туралы аса нақты өмір-мысал әңгімелер көзге ұрып-ақ тұр… Ал, анықтап көріңіз! Қайсысы шындық? Сонша әңгімелерді сонау аталар ойдан шығара   беретіндей  не  қажеттілік болды?! Көп жұмбақ… Жауап  күткен  жұмбақтар.

Жоғарыдағы Орманбет, Асан Қайғы, Қазтуған жорамалдары да ресми тарихта біз бұл келтірген баян­нан  бөлектеу  айтылады…

Мұның барлығы кейін, бір, әлде, бірнеше ізде­ніс-еңбекке өзек болар, тереңірек зерттеуді, байып­ты тарқатуды қажет ететін бірегей тарихтың алтын  жүлгелері  сияқты  көрінеді  маған.

(Басы  өткен  санда.  Жалғасы  бар.)

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: