Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Іргелі әулеттің берекесі болатын…

24.06.2021, 10:30 740

Алыс ауылда, көпбалалы отба­сында өсіп-өндік. Пейілі туған даласындай кең ауыл адамдары бір-біріне туыс, құда-жекжат, ағайын саналады. Бәлкім, осындай қазақы тәрбиені кішкентайынан санасына сіңіргендіктен шығар, ауыл адам­дары көпшіл, ағеден болып келеді. Олар үшін танымасты сыйламау, жатырқау деген ұғым мүлде жат. Жақсылығыңа ауыл болып қуанады, беті аулақ десек те, қиын кезеңдерде жабырқағанның қолтығынан сүйеуге тырысады. Сондықтан ауыл өмірі өзгеше әлем десем, қателесе қоймаспын.

80-жылдардың аяғында ауылдан аудан орталығына қоныс аудардық. Шынымды айтсам, бойымды «жастары ұлғайған әке-анам жаңа ортаға бейімделе ала ма екен?!» деген ой билеп алғанын несіне жасырайын?! Қателесіппін. Жаңа көршілеріміз өте кішіпейіл, меймандос әрі білікті жандар болып шықты. «Ұлық болсаң, кішік бол» деген даналық сөз қасиетті қарашаңырағымыз тұратын Бекарыстан би (бұрынғы Революционный) көшесінің тұрғындарына арналғандай. Сол тұста іргелі бір-бір мекеменің тізгінін ұстап отырған, есімдері аудан асып, Сыр өңіріне, республикаға танылған азаматтар өте қарапайым еді.

КСРО және Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, Қазақстанның құрметті журналисі, Қазақстан Республикасының мәдениет қайрат­кері, Қазалы ауданының Құрметті азаматы, жазушы-публицист Әл­мәм­бет Әлішев ағаның отбасымен біздің үй жақын араласты. Атағы Алатаудай асқақ Әлекең аға мен жұба­йы Нағима Омарқызы апай менің әке-анам­ды «аға-апай» деп қатты сыйлайтын. Сол сыйластық әке-анам, Әлекең мен Нағима апай өмірден өткенше үзілген жоқ. Менің анам мен Нағима апай рулас, Қаракесектің қыздары болатын. Соған орай, екі әулеттің отанасы апалы-сіңлі ретінде араласты. Сол үрдіспен қазір екі әулеттің перзенттері, біздер бір-бірімізді «бөле» деп жақын тұтамыз.

Әлекеңнің қаламынан шыққан «Батыр болып тумайды» атты керемет туындысын мектеп қабырғасында жүргенде сан мәрте қайталап оқыған бізге ағаның орны ерекше тұғын. Өмір деген қызық қой. Жылдар өте ағамыз басшылық жа­сайтын «Тұран-Қазалы» газетінде қызмет етемін деп кім ойлаған?! Менің жур­на­листика саласына келуіме бірден-бір ықпал еткен, «арқалағаны – алтын, жегені – жантақ» жауапкершілігі мол саладағы алғашқы ұстазым Әлекең ағама ризашылығым шексіз.

Ал Нағима апай «тектінің тұяғы», ғұлама Шоймағанбет ишанның немересі, мешіт ұстаған Омар мақсымның қызы болатын. Ұстаздардың ұстазы атанған, білікті педагог, тамырын тереңнен тартқан мәуелі бәйтеректей өскен-өнген әулеттің отанасы, Әлмәмбет Әлішев сынды ел ағасының жары Нағима Омарқызының бойынан нағыз қазақ анасына, қазақ әйеліне тән игі қасиеттің баршасы  табылатын.

Қасиетті Құран Кәрімде «Алланың берген жасын ешкім ұзарта да, қысқарта да алмайды» деп жазылған. Бұл күнде Әлекең аға да, Нағима апай да өздері ғұмыр бойы адал еңбек  еткен  Қазалысының қасиетті топырағында  мәңгі  тыныстап жатыр. Мына дерек оқыған жанның көңілін  селт  еткізері  анық.

Әлмәмбет аға дүниеден озған соң Нағима апай да көп ұзамады. Ағамыздан кейін жылға толмай апай да бақиға аттанды. Құдды, ғұмыр бойы көңіл күйін қас-қабағынан таныған азаматын бәлкім, мәңгілік өмірде де жалғызсыратқысы  келмегендей…

Міне, ұлағатты ұстаз, үлгілі әулеттің отанасы Нағима Омарқызының өмірден өткеніне тура 1 жыл болды. Алла алдыңыздан жарылқасын, ана! Иманыңыз жолдас, жайыңыз жұмақ­та  болсын!

Жұмабек  ТАБЫНБАЕВ,

Қазалы  ауданы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: