Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Біздің тілде кеңдігі бар даланың…

13.10.2022, 10:00 336

Жас  ақынның  шығармашылығынан

…Хат жазасың:

«Сапарың бола ма көп?

Інің өткен күндерді санап әлек.

Кертөбел атыңды әкең баптап қойды,

Аяқ асты сен келіп қала ма деп….

…Кеудеңнен сыр төгілді, шер төгілді,

Ести-ести менің де ертегімді.

Қайта келмейтінімді білдің бе екен,

Айта бермейтін болдың Кертөбелді…

Ана!  анашым…

Жамбыл Бақытәліұлы – оралман деу түгілі, қандас деуге келмейтін өз баламыз. Жүрегі үнемі алыста қалған ата-анасы мен бауырларын сағына соғатын бозбаланың жоғарыдағы «Анаға сыр» өлеңі көп жайды аңғартса керек. Қытайдан білім іздеп, өз жұртына асыға келген Жамбыл – қазір Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті журналистика мамандығының 3-курс студенті. Болмысынан сабыр мен сыпайылықты, қарапайымдылық пен көпшіл мінезді өзіне жолдас еткен шәкірттің әр өлеңінен тұма сырды аңғарамыз. Тұла бойынан қазақылықтың иісі аңқитын баламыздың жолы даңғыл, ашық болуын тілейміз!

Асыл  ҚОЖАБАЙҚЫЗЫ,

Қорқыт  ата  атындағы 

Қызылорда  университетінің  аға  оқытушысы

Шахановқа

Көздің жасы көлге айналса қайтеміз,

Сөздің басы шерге айналса қайтеміз.

Тек шындыққа бас иеміз әйтеу біз.

О, Мұқам,

Мағыналы ғұмыр сыйлап мәңгі елге,

Жаса! Жаса!

Жалыны өшкен жанды емде!

Әлдиленіп жырларыңа жылынар,

Әділдігін іздеп жүрген әр кеуде.

Сезіміңе қосып дала дүбірін,

Өлең жаздың.

Өлшей алар мұны кім?

Мал-мүлік те  жинамаған  пақырым,

Мәңгілікке  айналмақшы  ғұмырың.

Жанын салған жар болсам деп жарлыға,

Жақсыға да жабысатын бар күнә,

Жауға пайда, кейде сенің аштығың,

У қосылған ас қояды алдыңа.

Қоқаңдайтын қауқарлы мен қабақты,

Бұл өмірдің өзі кейде абақты.

Қанша боздақ шырқырап жүр шындық деп,

Қанша маздап қара көзден қан ақты?!

О, Мұқа!

Қаламыңмен қатар таулар теңселді.

Империяға сыймай жүрген сен шерлі!

Отан жайлы, Отар жайлы ертектер,

Бәлкім сенің басып жүр-ау еңсеңді.

Ел ертеңі – еркіндік деп топшылар,

Жанын салып жүрген қайран жақсылар!

Бұдан асқан болар ма еді қасірет,

Бұдан асқан қасиет те жоқ шығар!

Саған арнап салтанатты сәтімді,

Шабытыма ендетпестен шетімді,

Менің кейде өмір сүргім келеді,

Ақиқатқа күпінгенің секілді,

Атақ-малға түкіргенің секілді.

Көздің жасы көлге айналса қайтеміз,

Сөздің басы шерге айналса қайтеміз.

Тек шындыққа бас иеміз әйтеу біз!

Біздің  тіл

Арасында жұмақ пенен тозақтың,

Бәрін жиған ғаламат пен ғажаптың,

Біздің тілде тылсым сыры әлемнің,

Біздің тілде қасиеті  бар Қазақтың.

Өз кезінде тұтастырған ғаламын,

Өрнектеген ұждан әнін, ар әнін,

Біздің тілде  биіктігі таулардың,

Біздің тілде кеңдігі бар даланың.

Жырау ғалам жырын төгер, жұлқынар,

Біздің тілде шұрқырайды жылқылар,

Біздің тілде арулардың пәктігі,

Біздің тілде боздақтардың рухы бар.

Қан майданда ұран болып дес берген,

Әлімсақтан елдің жайын ескерген,

Біздің тіл тек  адалдығын сақтаған,

Біздің тіл тек ақиқатты дос көрген.

Біздің тілде жақындық бар жай күнгі.

Көңіл айтып, көтеретін қайғымды,

Махамбеттің іште кеткен арманы,

Абылайдың мінезі бар айбынды.

Біздің тілде табиғаттың үні бар,

Қатпар-қатпар тарихтың сыры бар.

Біздің тілде сағынышы жүректің,

Біздің тілде ғасырлардың мұңы бар,

 Өлгенді де, өшкенді де тірілттім.

Тұнбасынан тілімдегі тұнықтың.

Ей, менің «шешенсінген» бауырым,

Сен осыны қалай ғана ұмыттың?

Біздің тілде аманаты бабаның!

Біздің тілде ертеңі бар бір ұлттың!

Анама сыр

Ағарғанша ақпанның таңы қысқа,

Аңғал ұлды еске алып,  алып ұшпа,

Көңіліңді шерлі етіп отырсың ба,

Өміріңді кернетіп сағынышқа?

Қайран анам!

Тағдырға өкпе қылдың,

Басқа білер өмірдің өткенін кім?!

Жолына қарайлаумен жәудірейсің,

«Келер жазда келем» деп кеткен ұлдың.

Мауқын баспай тыншысын мазаң қайбір?!

Күттің білем, 

күттің ғой көз алмай бір.

Содан бері жаз өтті қаншама рет?

Жаздың бәрі жараңды жаза алмай жүр.

Хат жазасың:

«Сапарың бола ма көп?

Інің өткен күндерді санап әлек.

Кертөбел атыңды әкең баптап қойды,

Аяқ асты сен келіп қала ма деп».

Қоса жұтам деміме құса-мұңды,

Тәңір,

Тәңір,

Шешпейді-ау тұсауымды!

Ұшып баратын едім осы сәтте-ақ!

Құшып қалатын едім құшағыңды!

Жауап жазам:

«келер жаз…» -(әй қаталым) –

«Жаныңа жамай берме, болды апа, мұң,

Келініңді көрсетіп қуантамын,

Көңіліңді көктемдей жайнатамын»

Кеудеңнен сыр төгілді, шер төгілді,

Ести-ести менің де ертегімді.

Қайта келмейтінімді білдің бе екен,

Айта бермейтін болдың Кертөбелді…

Ана!  а

нашым…

Жамбыл  БАҚЫТӘЛІҰЛЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: