Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Бақыттың бағасын ешкім өлшеп бере алмайды

10.11.2022, 9:40 597

Моншақтай  әңгімелер

Ерғали  Абдулла 1957 жылы туған. Қорқыт Ата атындағы педагогикалық институтын  бітірген.  Арал  өңірінде ұзақ жылдар ұстаздық еткен. Ол – қолынан қаламы түспей келе жатқан жазушы-журналист. Әдебиеттің бірнеше жанрында жарық көрген «Жеңгелер келіп қалыпты» (2007), «Еркектер жиналысы» (2008), «Ақиқаттың ақтаңгері» (2011), «Мұраты асқақ мұзбалақ» (2015), «Өмірімнің өлеңдері» (2017), «Намыстың найзағайы» (2020), «Ағаш қазан астындағы от» (2020), «Әулеттің әз анасы» (2021), «Жасампаз ғұмыр» (2021), «Аралдық желтоқсаншылар» (2021) атты көркем және деректі кітаптары оқырмандардың қолына тиген.

Ол – Халықаралық Жазушылар және Қазақстан Журналистер одақтарының мүшесі. Арал өңірінде жарық көрген «Арал ақиқаты», «Сыр айғағы», «Ай-ару», «Құрылтай» газеттерінде, ал 2017 жылдан бері «Арал әлемі» газетінде бас редактор болып қызмет атқарып келеді.

Республикалық, аймақтық бірнеше әдеби-шығармашылық байқаулардың, мүшәйралардың жеңімпазы. Қазақстанның және жергілікті сазгерлері жазған 70-тен астам ән мәтіндерінің авторы.  Бірнеше  туындылары  мектеп  оқулықтарына  енген.

Демалыстың  тың  түрі

Аузы құрғамай арақ ішіп жүргендер де ара-арасын­да: «Енді бір айдай демаламын» деп ішпейтін  уақыттарын  жариялайды  екен.

Екі  жол

Екі жол бар: я ақылмен, я ақшамен. Қызметтің құз биігіне шығып бара жатқандардың бәрі – осы ек жолдың  бірімен  жүріп  өткендер.

Өзара  сын

«Жаман қатындар көбейіп кетті…» деп еркек­тер тыржынып тұр. «Ынжық еркектер көбейіп  кетті…»  деп  әйелдер  қынжылып  жүр.

Есінеген  ескілер

Есінеп-құсынап, кабинеттерде толып отыр­ған ескі кадрлер сенің жаңалыққа деген, жаңаруға деген құлшынысыңды су сепкендей басады…

Ықылық  тиді

Өтірік  те  адамдарды  кеңірдегінен  келтіре тойдыра­ды екен. Әне, қоғам бұл күні таусылмас өтіріктен теткіп, кекірігі азып, ықылық атып отыр.

Қорлықтың  зоры

Көзіңмен көріп тұрып көрдім деп айта алмағаннан асқан еш қорлық жоқ.

Ем

Жанның  емі – жаныңдағы жарың мен  жоғалмаған  арың.

Шал  қуар  сөз

Жемқор шалдың желкесінен сық. Ұры шалдың ұрты­нан ұр. Тойымсыз шалдың тонын айналдырып кигіз. Жағымпаз шалдың жағын байла. Күмпілдек шалды күлдікке аунат. Араққор шалды арқандап қой. Дегің  келеді.

Сақал-мұрттың  себі

Мыржитып мұрт, сөпситіп сақал қойғалы, бұрынғыдай емес, сақ ішетін болыпты…

Мол  көпірік

Ішсе болды, ананы да айтып, мынаны да айтып, көпіре береді, көпіре береді. Осы мол көпірікті пайдаланып, сабынсыз, сусыз-ақ әйелі бір апталық кір-қоңын жуып алса ғой…

Ортақ  дос

Менің  де  досым – телефон.  Сенің  де  досың – теле­фон.  Оның  да  досы – телефон.  Бала­ның  да  досы – телефон. Бабаның  да  досы – телефон. Әкімнің де  досы – телефон. Қатынның да  досы – телефон.

Мансапқор

Қызмет бергенге қызын беруге бар.

Қаңбақ  «қайраткер»

Биліктің желі қай жаққа қарай соқса, сол жаққа қарай ығып жүрген ырбық.

Өлшеусіз  бақыт

Өмірде бәрі-бәрі өлшеулі. Алайда бақыттың бағасын ешкім өлшеп бере алмайды.

Төтен  тектілік

Тоқал алу – тойған тоқшылықтың еншісі емес, тұрпаты төтен тектіліктің белгісі.

Кемшілік

Біреудің ұятын жасыратын жапырақ болуға да жарамайды…

Сөзнама

Еркектің сөзі – тіреу, әйелдің сөзі – іреу.

Құлыптаулы

Сараңның көңілінде де кілті жоқ қазандай қара құлып бар.

Өлі  дүние

Өзгеріссіз дүние – өлі дүние.

Нышан

Кешірім сұрау – тазалыққа ұмтылыстың бір ныша­ны.

Сақау  халық,  саңырау  әкім

Адамдар өз үнін өздері жеткізе алмайтын сақау болған заманда сиырдың бөтекесіндей қаптап саңырау әкімдер ел алдына шығады…

Өз  жолы

Тозаққа апаратын жолды да, жұмаққа апаратын жолды да әр адам өзінің аз ғұмырында салып шығады…

Мықтылығын  қара

Біреуге қорықпайтын жүрек берілген. Біреуге жеңілмейтін білек берілген. Ал біреуге мызғымайтын мықты «тірек» берілген.

Көптіктің  нәтижесі

Әншісі көп елдің тойы көп, ақылманы көп елдің ойы дөп.

Озған  қатындар

Әкімдерді бірде алқымнан алып, бірде қолтығынан  алып  жүрген  бір-екі «блогер» қатын бұқпа  журналистерді  шаң  қаптырып  жүр…

Ыңырсыған

Ыңырсып әл-әзер сөйлеп отырып-ақ, әрі-беріден соң  ыңыршағыңды  айналдырады.

Деймін  деудің  қиыны

Біздің депутаттар да дегісі келеді. Бірақ дейін десе демі  жетпей, демде-ақ дейін деп  тұрғанын  дей алмай  дымы  құрып  қалады…

Тірлік  тұрпаты

Қоғам   өзгерсе   де,  заман  өзгерсе  де,  біреулердің сол  отырысы – отырыс,  біреулердің сол тұрысы – тұрыс, біреулердің сол жатысы – жатыс, біреулердің  сол  шабысы – шабыс…

Ұмытшақтар

Антын ұмытқан дәрігерлер бар. Ауылын ұмытқан ұландар бар. Халқын ұмытқан қайраткерлер бар. Иманын ұмытқан имамдар бар. Тари­хын  ұмытқан  ұлыстар  бар…

«Жаңа  толқын»

«Өлтіріп сын жазар едім, билік рұқсат берсе…» деп білегін сыбанған жалтақ журналистердің жаңа толқыны  еңселі  редакцияларда  быршып  отыр.

Тілі  жоқ  сөйлегіштер

Кейбіреулерге  сөйлемейсің  деп айта алмайсың. Біреулерінің  күлімдеген көздері сөйлеп тұрады. Біреуле­рінің   жыбырлаған  беті  сөйлеп тұрады. Біреулерінің   бұртиған  ұрты  сөйлеп  тұрады. Біреу­лерінің   сапсиған  сақалы  мен  едірейген  мұрты  сөйлеп  тұрады…

Эпитеттер

Маңқа мұрын министр, әубөрік әкім, ордаңбай орынбасар, дүрлікпе директор, басы асау басшы, дилы депутат, тырысқақ төраға, мисыз меңгеруші, басы жоқ бас редактор, бұлтық бүйір бизнесмен, шұлғаубас  шенеунік…

БАҚ-тың  тірлігі

Жабыла басып жолдауды, жұмыла келіп қолдайды.

Бермес

Бір адамға артық-ауыс ештеңе беріп үйренбегеннен бе, ең аяғы «Бата берші, аға», – десең де, көзі бақырайып, былдыр-батпақтап бірдеңе айтқандай боп божырап отырып қалады…

Кеңестердің  күні

Қаптаған кеңес. Әкімнің жанында да кеңес, орынбасарын­ың жанында да кеңес, бөлімдердің жанын­да  да  кеңес. Аға партияның жанында да кеңес, ана партияның жанында да кеңес. Әйтеуір шал-шау­қанды жинаған шалажансар кеңестерден аяқ алып жүре алмайсың. Алда-жалда ғайыптан-ғайып бұл кеңестер күрт дүркіреп қызу жұмыс істеп  кетсе, кеңес  өкіметін  қайта  құрып  кете­тіндей  боп  көрінеді.

«Баршылық»

Ауыз толтырып айтар аты бар. Адам ықтырар атағы да бар. Дегенмен, мақтамай тұра тұр. Арасында шырқ бұзып, ел дүрліктірер алабөтен шалдуар шатағы да бар.

Қос  қуаныш  сыйлаған

Жалауын  желбіретіп  жаңа  әкімнің  келгеніне  бір қуанамыз. Бір-жар  жылдан соң, ештеңе бітіре алмай, жалауын  сүйретіп  қайта  кеткеніне  бір  қуана­мыз…

Қырсыққан  тірлік

Ауыл сиырларының сүті неге кеміп кетті деп жүрсек, көрші ауылдың сиырлары өрісте оларды еміп  кетіп  жүр  екен…

Әрекет

Артық-кемі жоқ үнемі жүз пайыз қолдай беру – жүзі қызармайтын қоғамның жосықсыз,  жөнсіз  әзәзілдігі.

Төртінші  биліктің  тағдыры

Әр билікке бір жалтақтап, әр билікке бір жалбақтап жүріп, өз билігінен айырылып қалды.

Соңғы  өкініш

Өзің қартайғанмен, көңіл сол жас күйінде қалады екен. Сонда пайда болған бір өкініш: өзіңмен бірге әйеліңнің де қартайып қалатыны қиын-ақ…

Жағдай  түзеген  жаңа  бастама

«Жол картасы» жолы болғыш жоғарыдағылардың жағдайын жаңа деңгейге көтеріп нықтай түсті.

Сұрақтың  сұрқы

Ақылды  қала  санатына кірмеген қалалар сол баяғы  ақымақ   күйінде  қала  бере  ме?

Ертелеткен  ер  еді

Еп-ерте-ақ ер жетті. Ел алдына шығуды да ерте бастады. Қызметте де тез өрлеп, ерте көтеріліп отырды. Айналасына аңыз боп аты да ерте  шықты.

Ақыр  аяғында ана бір жаққа  да  қатты  асыққан­дай  ерте  кетіп  тынды…

Қақима  бастық

Сәлем алмауды сән қылып алған қақима бас­тық…

Шақ  шапан  қайда?

Осы шапанда өлшем болмай ма?! Иығына шапан  жабылғандардың көбі сол шапанның ішінде мойны  қылқиып  сүңгіп  жүреді.

Суық  қару  иесі

Біреуді нұсқап: «Оны атарға оғым жоқ», – дегенінен-ақ оның  жанында  жасырулы  суық  қаруы  бар  екені  білініп  тұрады.

Өмірдің  бір  мысалы

Орысша білім алған балалары не ағайынды, не туысты танымай дәндірәкуін қағып кетті. Қазақша оқыған балалары үлкенді аға деп, кішіні іні деп, баршаны  бауыр  деп  қатардан  қалмай  жүр…

Жігіттің  төресі

Алма  мойын,  қаз кеуде арулардың әбжіл көзін арбап  әбден  ауру  қылған  салқам  сал  сара  жігіт…

«Мені»  жоқ

Сайлау  сайын  негізгі кандидатқа «қарсылас» болып, додаға домаланып қатысып жүрген боққұйрық көлеңкелер науқан біткен соң, аузын керіп «Мен»  деп  қалай  айта  алады  екен?!

Ақыл  таусылғанда

«Арақ ішсем де, ақылымды ішпеймін» деу – өз ақылын ішіп тауысқан, енді алаңсыз ішіп жүрген кісінің  кісімсігені.

Әкімдіктің  маңында

Сол баяғы сіпсік көз бес-алты шал. Қойып та болмайды. Тойып та болмайды. Болып та болмайды. Әр есікті бір жағалап, жарапазанын айтып жүріп  жатыр…

Қыржиып  қалдық

Орташа айлықтың аспандап кеткені сондай – айлығымыз енді қашан соған жетер екен деп, айрық­ша  армандап, қиялай қиялдап, қисық  шеке  боп қыр­жиып  отырмыз.

Тапшылық

Маңыраған, жамыраған мақтағыштардың ұрты­на мақта тығып қойса, үндері шықпай, былпылдап  қалады  екен. Алайда  көп  көлемді  мақта керек болғандықтан да, бұл тәжірибені іске асыру әзір  мүмкін  болмайтын  түрі  бар.

Менің  дағдым

«Мынадай заманда ауырып қалмасам екен…» деген шошыма үрейден бе, аяқ жетер жердің бәріне жаяу-жалпылап  кете  беремін.

Жас  жемқор

Шашып жеймін деп, шашалып өліп қала жаз­дады.

Орын

Қандай-қандай  кабинеттерде  отырсаң  да, кейін орныңды қимасаң да басқаларға беріп кетесің. Ал өмірден ойып алған орныңды ешкімге, ең аяғы, ұрпақ­тарыңа да басыбайлы беріп кете алмайсың…

Депутат  пен  халық

Сабылып барды да, сарсылып күтіп отырғандарға  сұйық  сөзді  сапырып-сапырып  қайтты.

Ізденіс

Жанрыңды  таппай,  жаның  тыншымайды.

Адасқан  сезім

Адамдарды  жақсы  білген  сайын, неге  жақсы  көру емес, жек көру сезімі  басымдау  түсе  бастайды?

Кімге  қалай?

Жалпылдап жаяу жүргеннің ойы дамиды, көз қызық­тырар  қымбат  көлік  мінгеннің қиялы шалқиды.

Өзімді-өзім  тану

Өзімнің көп адамдардан асып түсер көп артықшылығымды білемін, аз адамнан кем түсер азын-аулақ  кемшілігімді  білемін.

«Сауыншы»

Ең бір ерекше қасиеті – кез келген уақытта, кез келген жайдан орайын тауып, оңтайын келтіріп гүрпілдетіп  ақша  сауып  үйренген…

Сүйкімді  кісілер

Медалі жоқ, марапаты жоқ, атағы жоқ атақты адамдар.

Жақындық  жайы

Мектепте оқушыға жақын жүрген емес, директорға жақын жүрген мұғалімнің, университетте студентке емес, ректорға жақын жүрген оқыту­шының  әрдайым  мерейі  үстем,  мәртебесі  жоғары болады  да  шығады.

Оқырмандық  алғыс

Облыстық газеттерге ризамын: облыс әкімін әр нөмірінде жазып келеді. Аудандық газеттерге ризамын: аудан әкімдері үнемі бірінші бетінде тұрады. Ауыл әкімдерінің жазығы не? Енді ауылдық газеттер шығарылса деген  ұсынысым  бар.

«Қайыршы»

Атақты да, мадақты да жоғарыдағылардың етегіне  жармасып, қос қолын жайып, көзі сулана  жылап-еңіреп  сұрайды  да  жүреді, сұрайды да жүреді.

Адасқақ

Байға тимегесін бәрі де қыз сияқты деп ойлап қаласың…

Логика  қайда?

Зәуде аспаннан қап-қап ақша жауса, топан ақша­ның астында қалатындар – төмендегілер емес, үнемі  жоғарыдағылар  болып  шығады.

Әйелдің  көлеңкесі

Әйелдің көлеңкесі – менмін деген мықты еркек үшін  мұз  қора.

Әр  жастағы  тәрбие

Біреу алтыдағы шатақ баласын «әкелеп-көкелеп» тәрбиелеп отыр. Біреу алпысқа келсе де ақыл кірмей арақ ішіп жүрген әкесін жөнге сала алмай діңкәсі  құрып  «тәрбиелеп»  отыр.

Отырыс

Әкімнен тапсырма болмаса, жылдар бойы тапжыл­май  отыра  беруге  болады…

Жаңа  әкім  ел  жағалағанда

Дәурені өткен бұрынғы әкімдерді шалбарларының балағын шаң қылып, ізіне ертіп шұбыртып жүру – басқаларға  көрсеткен  доқтық па әлде халық­қа  сенім  жоқтық  па?!

Бір  пайда

Ұмытшақтықтың да бір пайдасы бар екен: өзіңе істеген қисапсыз қысастықтарды ұмытып, ешкімге де тісіңді қайрамай, ел ішінде жайраңдап еш алаңсыз, жарқырайсың  да  жүресің…

Өлеңсіз  өмір

Бұрын «партияның газетіміз» деп, кейін «әкімшіліктің газетіміз» деп, қандай бір керемет, жақсы өлең болса да баспайтын, кері қайтарып беретін баспалар. Соған  қарағанда, биліктегілерді адамдардың жан әлемі қызықтырмайтын  боп  тұр.

«Бартер»  баға

Айналасындағы адамдардың бәріне тек өзіне жасаған бір  жақсылығы үшін ғана асқақтатып баға  беріп  отырады.

Сынсыз  басылым

Сапасыз  газетке  сын  айтылмайды: өйткені оны  ешкім  де  оқымайды.

Жазушылар

Биліктің ауанындағы жазушылардың тыңдарманы көп. Халыққа жаққан жазушылардың оқыр­маны  көп.

Обырлар  мен  тобырлар

Ел басқарғандар жалмаңдап обырға айналған кезде  қара  халық  қалтаңдап  тобырға  айналады.

Айнымас  арманшылдар

Тап-таза, пәк аруларды аңсау – уылжыған жас жігіттер  мен  уыты қайтқан кәрі-қақсалдардың айнымас  армандары.

Тексіз  тума

Қызметке  алғанның  құлы.

Сақтан

Ару қыз жанынан арбап өткенде бір бұрылып қарамайтын бойдақ жігіттің мойнына тұз жиналады.

Ерғали  АБДУЛЛА,

Арал  қаласы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: