Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Ащы қызыл бұрышты көргенде туған ой

01.05.2021, 14:00 559

HALYQLINE.KZ Баяғыда ыстық күнде алыс жолдан қатты ашығып, шөлдеген Қожанасыр атамыз Бұхараға келе сала шырынды нәрсе алу үшін, тура қаланың шетіндегі базарға барады. Базар бойымен келе жатып, ол бұрын-соңды көрмеген қызыл жемісті көреді. Жеміс  атамыздың көзіне соншалықты шырынды және дәмді болып көрінгендіктен сатушыға:

«Мен сіздің барлық жемістеріңізді аламын», – депті. Сатушы барлық жемістерді пакетке салып, Қожекеңе беріпті. Атамыз жемісті есегіне артып алып, базардан шығады.

Базардан шеткерірек оңаша жер тауып, жемістерді жеуге отырады. Сөмкеден жемісті алып, бірнеше рет шайнайды да:

«Өлген деген осы екен!»,-деп ойлайды.

Көзіне ащы жас келіп, демі бітіп, тұншығып, тамағы күйіп, қатты терлеп кетеді. Себебі «жеміс» дегені ащы қызыл бұрыш еді.

Қожекең біраз уақыт қимылсыз отырады да… қызыл бұрышты уыстап алып жалғастырып жей береді!

Қожекеңнің осылай отырғанын жанынан өтіп бара жатқан бір адам көріп қалады. Қатты терлеп, бұрынғыдадан да қызарып, уыс-уыс ащы бұрышты асап жеп отырған атамызға жақындап:

«Мырза, бұныңыз  қалай? Бұл ащы бұрыш ғой! »,-депті.

Қожекең: «Иә, солай», – депті де бұрыштан тағы да бір уысын асапты.

Әлгі адам:

«Сіз бұрышты бұлай асап жей берсеңіз өліп қаласыз! Бұрыш екенін біле тұрып сонша неге көп жеп жатырсыз… жынданып кеткеннен саусыз ба!»,-десе керек.

Қожекең дәрменсіз күйі бұрылып:

«Мен бұрыш жеп отырған жоқпын … Мен бұрышқа кеткен қайран ақшамды жеп отырмын ғой!»,-депті жыламсырап.

Иә, біздің өмірімізде де осыған ұқсас нәрселер көптеп кездеседі. Біз бар дүниемізді – үйлену, лауазымда жоғарылау, үлкен қалаға орналасу және т.б. бірдеңелер үшін жұмсаймыз. Біраз уақыттан кейін бұл нәрселер біздің қалаған дүниеміз емес екенін түсінсек те, бәрібір сатып алған «қызыл бұрышымызды» жалғастырып жей береміз.

Өйтпеске амалымыз жоқ, себебі: осыларды жасау үшін көп ақша жұмсап, инвестиция салдық. Бірақ біз қателік жібергенімізді мойындаудың орнына, өзімізге ұнамайтын  тағы біраз нәрселерді жалғастырып жасай береміз. Неліктен?:

– Уақытымызды босқа өткізіп, ақшаны ысырап еткенімді мойындауға қорқамыз

– Тірлігімізді басынан қайтадан бастасақ, адамдар не деп айтады деп қорқамыз

– Ұнатпасақ та, жасағанымыздың бәрін жоғалтқымыз келмейді

– Егер осылардан бас тартсам, оның орнына одан жақсы ештеңе кіріп келмесе не істемекпін?,-деп ойлаймыз.

– Басқаларға ақымақ, күлкілі, жолы болмайтын және әлсіз болып көрінуден қорқамыз.

– Бізге арқа сүйейтін, бізге тәуелді адамдардың сенімін жоғалтқымыз келмейді.

 

Амантай  ТОЙШЫБАЙҰЛЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: