Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Арлы сертке адал ақын

21.04.2022, 9:20 318

Адамның  жарық  дүниеге келуінің бір Жаратқанға ғана аян хикмети құпия­сындай, ақынның да бұл дүниеге келуінің әл-бәди  құбы­лысын ешкім дөп басып айта алмас. Тіпті, сол ақын жанның өзі де… Иә, туған табиғат, өскен орта, түрлі қоғамдық, тарихи жағдайлар  мен  оқиғалар, тіпті, бір  сәттік  жасын жарқылындай әсер мен сезімнің соққан сәтін тепсініс нүктесі етіп алуға болар. (Бәрі мүмкін!) Бірақ ақын әлемінің ғарыш тамырлас құпиялығындай, бұл келісті көркем жаратушылық бастауды, сонан арғы өмір мен шығармашылық соқпақтарының кей қалыпқа келе бермес қым-қуыт метаморфозаларын тақтап-түгендеп айтып беру қиын-ау. Тіпті, мүмкін емес. Мен білерде, ақын жанының бастауы мен үдеріс-қисындарында сондай астарлы-қатпарлы құбылыстар баршылық…

Десе де, бізге мәлім адами ұғымдар сүрдектерімен кей жайттарға тереңдеп бару, білген-сезгенді пайым таразысына тарту – пенде үшін білу шарты, таным парызы. Зерде көзімен, ынта ықыласымен қарасаңыз, өмірде кездейсоқ, мәнсіз, мақсатсыз еш нәрсе жаратылмаған.

Ол – ақын. «Ұлылық» деген ұлық ұғымға жетер көтермесі көп жолда әдеп, сыпалық, дегдарлықтың табалдырықтарын теуіп аттап, кеуделеп өтуге бара қоймаған, әйтсе де, шын  мәнінде, үлкен әріппен  жазылатын Үлкен ақын ол. Сөздің де сұрауы бар. Бұл іспетті пікіріміздің демеу-куәлігінде оның билік-басшылықтан алған биік марапат­тары, қызметтерде тақым артқан һамбал орынтақтары, дүйім ел алдында даңғаза қоңыраулатқан дүрмекті дағауа-дәрежесі жоқ. Ол қасиеті бек зайыр поэзияның қатардағы «қара жұмысшылығынан» бастап, шұғылалы биігіне шейін­гі соқтықпалы жолын табандылықпен жүріп өткен қажырлы еңбеккер. Әрине, мұндай «құжаттық анықтаудан» сол жосақты талапкер, әйтеуір түбі, бір нәтижесін беретін бейнет машақатында мықшыңдай берген біреу екен деген ой тумаса керек. Ол әуелі өзінің сырбаз мінезінде бұл киелі өріске әстелеп келіп, арғы арқалы шабыстарда еркін, кең көсіле қолтық сөккен ақын. Пәлсапа сөзі әлдебір толымды нәтиже жолындағы үдерісті «бір үлес талант, тоқсан тоғыз үлес еңбек» деуші еді ғой. Сол ретпен, ең керемет деген туындылардағы сұлулықтың, сындарлылықтың, кенеуі қуатты қасиеттің қайырлы анасы еңбек деген ойды жеткізу біздікі. Жарат­қан негізі, асыл мақсат, самғау ой, тау­дай  талаппен  қанаттандырған сол хазіреті еңбек қара тастан «Давидті» туындатқан жоқ па, жеті-ақ түрлі бояумен мәңгіліктің жұмбағы «Джоконданың» жымиысын берген жоқ па еді! Шығармашылық бейнеттің түп мұратында сондай таңғажайып туындылар бақшасы қол бұлғап тұрады. Адал, ықыласты еңбек, түбі, фердауыс-зейнет  жемістерін  береді.

Бүгін жетпістің желкенін керген ақын інім Төкеш – Толыбай Абылаев шығармашылығы туралы ойланғанда, осындай бір, сан-қамту ой ұйытқулары біраз көңіл қиырларын шарлатып қайтты.

…Автордың айтып отырғаны өз ауылы, әрине. Бірақ сен оны өз ауылыңдай көресің. Ақынның жазып отырғаны өз сағынышы, әрине. Бірақ сен оны да өз сағынышыңдай қабылдайсың. Өлең-жырдағы жалқы сезімнің көркемдіктің арқасында жалпы халықтық сезімге айналуы – өнер бақыты…

Қадыр Мырзалиев,

ақын, Қазақстан Мемлекеттік  сыйлығының иегері

Толыбай-ақын мына дарқан дүниедегі қайталан­бас  бір  сұлулық – сонау  Көк  Теңіздің толғанысты айдынына шомылып, тарпаң толқындарын жара, жуасыта жүзу бақытына ие болған, теңізжанды бала еді кезінде. Ал­уан түрлі сезімдер қанаттануының кең байтағы еді сол айдын. Теңіз-судың ой жетпес көңіл құбы­лулары – түрлі қиял шарықтауларына, мінез­ді толқындарының қаталдау тепкіндері мен қатқыл алақандары – қайтпас қайсарлыққа, өршіл  ұмтылыстарға  шақырып тұратындай бір қасиеттер  еді. Біз сол жағалауларда өстік. Арамыз  4-5 жас шамасында ғана. Жайын ауыз сары бала Көнебөген ауылынан біздің Қамау ауылының жанымен Бөген-«шаһардағы» мектептегі оқуына қатынап жүреді. Сонау ауылдардың табалдырығын күндіз-түні шуылдай дем тартып, Қалия-басаттың жалықпас толқындары жуып жатады. Әлгі «оқуға қаты­нау» жолдарында, балалар қисабына сай, қапелімде достасулар мен ауық-ауық шекіс-қақтығыс дегендер де болып тұрады. Солардың ешбірінде, кейін десант әскеріне барып, жалаң қолымен тас уататын жауынгер болған баланың көрсеткен бір оқшау мінезі немесе түр-түсі есімде қалмапты. Сірә, сол кезден сынық мінез, кеңқолтық көңіл – оның өзінің айнымас-бұлжымас табиғатынан болса керек.

Толыбай сол жағалауларда өсті.

«Қамау» демекші, ол кезде Арал бойы сыңсы­ған қалың ел, таяқ тастам жер – бір колхоз. Бөген мен Көнебөгеннің ортасындағы Қамау ауылы бұйрат шағылдар жүлгелеріне теңіз шапқан, әлде, ақ бөрте құмдар қозылардай  жамырап теңізге ене сабаттаған, бір табиғаты қызық жер еді. Сол жамыраған құмдар  арасындағы теңіздің бір айнакөл баса­ты «Қамау» деп аталған. Сол шүңгіл көлдің теңізбен қатынас өзегі жылым торы­мен абақталып, балықшылардың алыстан олжалап  әкелген  бекіре  балығы  соған  жібері­летін. «Қамау» аты сонан еді. Тұмсығы тасқа тимей  қайтпайтын теңіздің шу асауы болса да, бекіре балықтың тәніне сызат-жарақат түсірмей,  баптап,  мәпелеп әкеліп сол  суға  жіберетін  теңіз серілері. Ауылға  сыйлы  қонақ келе қалса, әлде, «бекіренің бел кеспесіне» қызылсыраған жағдайларда сол, қотандаулы қойдай бақпа балықтан қарап жүріп, таңда­ғанын алып, қазанына май қайнатқан бекзат ел еді сол ауылдар… Біздің сол замандағы хәл – ешқашан өлместей, жаныңда мәңгі жүре беретіндей көрінетін ата-анаң қасындағы балалық­тың қамсыз күндеріне келеді екен. Жан жайлауында жүрген екенбіз ғой…   

…Ақын Толыбай Абылаевтың «Алтын бесік» атты топтама өлеңдері мені қатты қызықтырды. Әсіресе, «Босағаңнан бақ пен дәулет бірге енсін, тойың бүгін, ойың-қырың түрленсін. Батпан дауға қалдырмаған жақсысын, шапқан жауға алдырмаған іргемсің» жолдары ғажап. Өлең табиғатын дәл тапқан ақынның өлеңдерін жырқұмар қауымның үлкен олжасы дер едім.

Әскербек  Рахымбекұлы,

ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі

Және… Сол көкжайқын дүниенің төсінде абыр-сабыр  тірлік  кешкен, қым-қуыт өмір сүрген ақжайқын мінез адамдар ортасы. Ол өзіндік бір әлем еді ғой. Ең үлкен, мәнді бір өмір мектебі сол болатын. Мектебіміз­дегі «Балау­са» әдеби үйірме газетін жүргізу, сәл сөз тізгінін ұстаған маған тапсырылған жұмыс болды. Толыбай Қуаныш құрдасы (Жиенбаев) екеуі шимай-шатпақтарымен сол парақтың бетінен тұрақты түрде түспей жүретін өлермендер еді. Сөйтсе, бұлардікі сол кезден «болар бала…» немесе «балағында биті бар» талап екен ғой… «Балауса» әдеби үйірмесіне сол уақыттарда, біз үшін білдей, аудандық «Социалистік Арал» газетінің төр-бетінен, аудандағы бар ауылдан ерек, өзіндік бір жаңалық ретінде жария-орын берілген… Ішінде осы Толыбайлар бар… Шын мәнінде, бізді әдебиет әлемінің өрісіне талаптандырып, қанат қақтырған ұстаздар Жалғас Құрманов, Жамбылдан жолдамамен келген жас жазушы Әлдихан Қалдыбаев, Тастыбай Әбдиев  сынды  ағалар  еді.  Сонан  да  болар,

…Ауылдың ақ пейілі болмаса егер,

Ақын боп өмір сүру қиын маған…

деп, ақын реуішті толысу шағында Толыбайдың ағынан жарыла айтатыны.

Дүниеде Ақ теңіз, Қара теңіз, Сары теңіз, Қызыл теңіз, Өлі теңіз аталатын айтулы сулар бар. Солардың ішінде ілім-ғылым сөзі бек мойын­дап, алғаусыз атап кеткен «Көк теңіз» еді Арал. Бұл мойындауда көк зүмәржат сол жайқын су өзінің табиғи болмысына ең лайық­ты түрде, солай аталу құрметіне ие болғанын тұщына  аңдайсың… Ол көк аспан бояуды жерге  қондырған, аса мөлдір жаратылым еді ғой…

…Капитан, көк теңізге құштар жаным,

Кемеңнің берші маған штурвалын.

Көрдің бе, ұнамай жүр өзіме де,

Теңіздің тірлігінен тыс қалғаным.

Немесе

…Достан… бауырдан,

Қашқан ауылдан,

Кешпеймін өзімді,

Не істеймін сезімді?!.

деген, Қадыр-ақын сөзімен, «ел-жерге деген сезім» толқынында туған жолдар – осынау ақын жанының квинтэссенциясы боп көрінеді маған.

Дегенмен, Толыбай арман қуалап, қиял ізінде қияндарға шашырап кеткен ауыл өрендерінің біразынан ерек, өзінің туған топырағына адалдықта қала алды. Бар саналы өмірі, әуелі, кешегі теңіздің шалқу төсінде, сонан соң, пенделер қисабымен экология тоза­ғына тасталған қайран Аралдың сор басқан жаға­лауында өтті. Осында бүкіл есею жылдарын, еңбек жолын өткерді. Өсті, өнді, адами бақытын тапты. Ұрынып-перініп, ой жетер оймауыт­тарды, аяқ жетер аймақ-байтақты шарлап, әлдебір жөн іздеп кеткен жері шамалы. Сонан да алқаулы шығармашылық орталардан, алқын-жұлқын тартысты додалардан алыстау жүрген де жайы бар. Аралдың толқыны өшсе де рухани толқынын өшірмей, биік көтеріп келе жатқан аудандық «Толқын» газе­тінің соңғы 40 жыл шамасы тарихнамасында Толыбайдың журналистік қолтаңбасы, ырғаң іздері  сайрап  жатыр-ау.

Пірәдар Л.Толстойдың «Қажы-Мұраты» есіме түседі. Роман қызық басталатын еді ғой. Тақырға біткен ошаған сияқты бір гүлді өсімдікті әрі-бері тартқылап, сабағынан үзе алмаған баяндаушы (автор) сол өсімдіктің ай тақыр болса да өз жеріне бекем тамыр байлаған, өз топырағына адалдығына қайран қалады емес пе? Ең бастысы, романның арғы идеясы мен оқиға-қисындарына ұлы қаламгер осы бір өзгешелеу детальдан рухани тепсініс алып, үлкен толғамдарға тереңдеп кете барады…

Елжанды ақын Толыбай солай өзін-өзі қалып­тастырды. Бірақ осыдан оның қарым-қау­қары кем тартып, талант қуаты әл­жуаз-сүйек өскен екен деу әбес болады. Сонан да оның тілі, сөз саптаулары, әсіресе, ой-дүниесі, кәдімгі, қазақ иісі аңқыған ауыл табиғатының жұпарымен, ауылдың бейнелі сөз айшық­тарымен құшырыңды қандырады, көңіл мар­қайтады. «Кеңдігіңді, елдігіңді өңге елден, өле-өлген­ше мен ешкімнен кем көрмен… Тең болсын деп мына жасыл жайлаумен, кең болсын деп ұлан-асыр жер берген…» немесе ««Босағаңнан бақ пен дәулет бірге енсін, тойың бүгін, ойың-қырың түрленсін. Батпан дауға қалдырмаған жақсысын, шапқан жауға алдырмаған іргемсің…» деген жолдарда сол ауыл бастауынан тепсінген қуатты  рух  сарыны  есіп  тұр.

Жоғарыдағы бір бейне-сөзге қайта ора­лайын: «Жайынауыз  баланың  бір  несібесі  артық  болады» деп шамалаушы еді ауыл үлкендері. Сол айтпақшы, болар ақын әу бастан-ақ талай поэзия аламандарында топ жара, дүбірлі доданың озық жүлделерін ғана емес, дуалы ауыз  сөз  зергерлерінің де биік бағаларын олжа­лап  жүрді.

…Әдеби танымы, өлеңдерінің шымырлығы, ұйқастарының ұстамдылығы оның поэзиясын басқалардан ерекшелендіріп тұрады.

Ақылбек Шаяхмет,

Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері

Сондай  бастаулардан тепсініп, сөз өнері мен  өмір жолдарында сақалыққа  жеткен Толы­бай, поэзияда сезімтал лирик және де әлеу­мет үнді мәселелі сөздің де сарбазы бола алды. Журналист міндеті адамды көбіне жертұғыр ойлар мен айшық-бояусыз өмір шындығын баяндау машығына келтіреді ғой. Толыбай журналистикада табаны күректей жарты ғасыр шамасы еңбек етті. Бұл саланың өз міндетін бір адамдай атқарудай-ақ атқарды. Көмесөздің небір үлгілерін жасады. Сөйте жүргені­мен, көкірегіндегі поэзияның кір­пияз да сезімтал, көбіне аса нәзік әлемін Семирамида бағындай биіктікте гүлдендіріп, таза талғамда,  дегдар  табиғатында  ұқсата  білді.

Қадыр ағасы өзі қатты ұнатқан Толыбайдың «Теңізден соққан жел» жинағына мынадай лебіз арнайды: «Менің бір байқағаным – «Теңізден соққан жел» түгелдей сағыныштан туған. Бір өлеңінен, бір шумағынан, керек десеңіз, бір тармағынан салқындық, сүлесоқтық сезінбейсіз. Бәрі, бәрі шынайы. Сезім, сезім, сезім. Күре тамырдай  күдірейіп  тұрған  тынысты туындылар.

… Оқ тиген оң аяқты олжа санап,

От кешіп өттім дейсің Висладан.

…Болашақ бейбіт күннің суретін,

Зеңбірек гүрсілімен сызады көк.

…Ауылдың ақ пейілі болмаса егер,

Ақын боп өмір сүру қиын маған.

…Жұмысыма жиірек соқ телефон,

Алақаныңды тіре де иегіңе.

…Балалығым неткен мөлдір!

Кез ғой ол

Көңіліміздің кірлемеген әйнегі.

Өстіп кете береді, кете береді. Жүрегіңе жып-жылы тиетін шуақты шумақтар…». Сол кітаптан ақын ағасы ерек атаған мына бір үш шумақты  түгел  оқиық:

…Тазы ертіп тарғыл сонарда,

Қыстауға түссең қонарға.

Бұралып шығар алдыңнан

Бойжеткен сұлу болар ма?!

Көзінен оты төгіліп,

Қоламта түбі шоқ үміт,

Шәй толы кесе ұсынса,

Қолыңа қолы соғылып.

Жырыңды жаттап жүректе,

Тілегіңді жүрер тілеп те.

Сары шалмен қатар отырып,

Саусағыңды салсаң сүрі етке…

…Кең-байтақ Қазақ елінің топырағын мен баспаған, мен көрмеген Арал теңізі жағалауында өмір кешіп жатқан ақынның өлеңдерін оқып, басқа бір ғажайып әлемге енгендей болдым.

Сұраған Рахметұлы,

ақын, Моңғолия, Баян-Өлгей өлкесі

Толыбай-ақынның  нақ-мәлімет  өмірбаяны былай дейді: «1952 жылы 14 сәуірде Ескі­бөген елді мекенінде, балықшы жанұясында туған. 1970-1975 жылдары Бөген мемлекеттік балық аулау базасының балықшысы, 1971-1973 жылдары әскер қатарында Отан алдын­дағы азаматтық борышын өтеді. 1976-1978 жыл­дары Қызылорда силикат зауытында жұмыс­шы, 1978-1985 жылдары Қармақшы аудандық газетінде, 1985-1995 жылдар аралығында Арал аудандық «Толқын» газетінде, Арал қалалық радиохабарларын  тарату редакциясында, 1996-2015 жылдары аудандық газетте, 2016-2021 жылдары республикалық «Ардагер айнасы», «Әлімсақ», «Кәсіпкер келбеті» газет-журналдарында, 2004-2005 жылдары «Үмітті Арал» газетінің  редакторы  қызметтерін  атқарды.

Мектептегі ұстаздары Жалғас Құрманов, Тастыбай Әбдиев, Байбазар Жұмахметов Толы­бай өлеңдерінің алғашқы ақылшысы болса, 5 сыныпта әдебиеттен дәріс берген, кейін белгілі балалар жазушысы атанған Әлдихан Қалдыбаевтың «Көк дөңгелек» суретті кітапшасы оның тырнақалды өлеңдерінің жазылуына, әдебиетке келуіне тікелей әсер етті. Зейнолла Шүкіровтің қолдауымен жас ақын Кентау, Алматы қалаларында 1974-1977 жылдары өткен жас ақын-жазушылардың кеңестеріне қатысты. Бір топ өлеңдерінің облыстық «Ленин жолы» (қазіргі «Сыр бойы») газеттерінде жариялануына мұрындық болды.

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Жарасқан Әбдірашев атындағы әдеби сыйлықтың иегері, «Жалын», «Ана тілі», «Мерей», «Тұмар», «Қызылорда Қанағаты» баспаларынан әр жылдары «Шағала», «Теңізден соққан жел», «Арал көшіп келеді», «Арал Атлан­тидасы», «Махаббат дәптері», «Қыран ша­йыр», «Нұртуған шайыр» атты жыр жинақ­тары жарық көрген. Тұңғыш өлеңдері З.Шүкіров атындағы №20 Бөген орта мектебінің «Балау­са» қабырға газетінде, республикалық «Қазақстан пионері» (қазіргі «Ұлан») газетінде басылған. Жекелеген өлеңдері орыс тіліне аударылып, «Крымский комсомолец» және қырғыз тіліне тәржімаланған «Ұлы дала үні» атты қазақ ақындарының жыр кітабында жарық  көрген.

Ақынның үстел тартпасында лирикалық жырларынан бөлек балладалар топтамасы және «Қыпшақ қағанаты», «Су асты патшалығы», «Ақмешіт бекінісі», «Жұмақ пен тозақ» және  басқа  поэмалары  бар…».

Қатардағы журналист тірлігінен әрігерек, тіпті, арынды поэзия арнасынан да шығып кететін, қалыптан «басқарақ» та Толыбай бар екенін айта кету керек. Оның «Көшім хан» атты ғылыми зерттеу шендес мақаласы (Арал аудандық «Толқын» газеті) бізге мәлім еш жора­мал аясына сыймайтын тосын, батыл сөз дер едім. Осыдан төрт ғасырдан астам бұрын Батыс Сібірдің орман-нулы байтағын елімен ен жайлаған сол тарихи тұлға «кәпір Ермак» басқыншымен ұлысының амандығы, елінің бүтіндігі үшін қанды шайқастар жүргізгенін біз біржақты тарихтан білеміз ғой. Біздің орыс мәліметтерінен қалыптасқан, сол «жақтау­лы» тарихи түсінігімізді тас-талқан ететін бұл дүние тосын деректер мен жаңалықтарға толы. Ары қарай тереңдете зерттесе, көптеген қызықты жайттардан мәлімет ашары сөзсіз тақырыпты Толыбай-ақын ортаға тастап кеп жіберген…

«…Ақынға қол ұшын беру қажет. Әдебиетті түбінде осындай адамдар жасайды…» деп, Толыбай­ға  қарата айтқан ақын аға Қадыр Мыр­за-Әлі сөзі мына көңілі алакүлік далада, кей   зама­на  желі  құнарын   сыпыра  әкеткен  сонау  сортап тақырда, тіпті, тұзы қалың сор­таңда туып, үзілмес тамырын туған жердің тереңде жатқан мәйегіне жалғай алған Толыбай сынды төлтума таланттар жайын қамти айтылған сөз деп ойлаймын. Солар біздің қең-байтағымыздың тіршілік тынысын, өмір жырын іш-сарайынан зерделеп, көтере жырлап келе жатқан қуатты ағын. Әдебиет Олимпінің биіктеріне өз үндерімен  көтеріле  алған  да  солар.

Бүгін өз жетпісіне мұқалмас жігер, қайтпас қайрат, тепсінген ақын қуатында келіп отыр­ған Толыбайдың әлі де айтары алда, берері көп деген  сенімдемін.

Сертті ақын қаламы қолынан түскенінше тұғырынан түспес. Сұлулыққа, биіктікке, еркін­дікке  іңкәрлікте  өтер.

Сайлаубай  ЖҰБАТЫРҰЛЫ,

жазушы.

Қызылорда  қаласы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: