Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Үйірменің үйретері көп

01.06.2026, 15:20 50

Қызылорда қалалық қоғамдық даму бөлімінің ұйымдастыруымен спорт және мәдениет үйлеріндегі балаларға арналған үйірмелер барысы туралы баспасөз туры өтті.

Қазіргі уақытта өңірде осы мақсатта жүйелі жұмыстар атқарылуда. Балалардың бос уақытын тиімді пайдалану мақсатында үйірмелер саны көптеп ашылуда. Бұл – баланың жарқын болашағының кемел көкжиегіне жасалған алғашқы қадам. Бала ақ парақ секілді, не жазсаң, соны оқисың. Келешекте еліміздің даңқын асырар спорт саңлағы мен мәдениет майталманы – бүгінгі сіз бен біздің балаларымыз.    

Расымен, Сыр өңірінде балалар мен жасөспірімдердің спортпен және шығармашылықпен айналысуына ерекше көңіл бөлініп келеді. Бұл бағыттағы жұмыстардың нәтижесі бүгінде халықаралық, республикалық және облыстық деңгейдегі жарыстар мен байқауларда көрініс табуда.

Баспасөз туры алдымен Белкөл кентінен басталды. Осында орналасқан «Қажымұқан Мұңайтпасұлы атындағы спорт клубы» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне қарасты «Белкөл спорт кешені» жас спортшылардың шеберлігін шыңдайтын маңызды орталыққа айналған. Заманауи талаптарға сай жабдықталған кешенде бокс, еркін күрес және қоян-қолтық ұрыс секциялары тұрақты жұмыс істейді. Мұнда жүздеген жасөспірім спортпен шұғылданып, кәсіби бапкерлерден тәлім алуда.

Жыл басынан бері кешен спортшылары бірқатар ірі додада жоғары нәтиже көрсетті. Атап айтқанда, Ресей Федерациясының Санкт-Петербург қаласында өткен халықаралық турнирде Ерсұлтан Болатбекұлы қарсыластарынан басым түсіп, жарыс чемпионы атанып, аймақ абыройын асырды. Сондай-ақ Қазалы ауданында өткен облыстық ашық бокс турнирінде Белкөл спорт кешенінің тәрбиеленушілері бірнеше алтын, күміс және қола медаль иеленіп, командалық есепте бірінші орынға көтерілді.

Спорттың аралас жекпе-жек, панкратион, ұлттық жекпе-жек және қоян-қолтық ұрыс түрлерінен де белкөлдік жастардың жетістігі аз емес. Ғалымжан Алтай, Ахмет Тасболат, Нұрлыжан Бақытбекұлы, Бекзат Амангелді сынды спортшылар облыстық және республикалық жарыстарда жеңіс тұғырынан көрініп, өңір мерейін үстем етті. Бұл – жаттықтырушылардың жүйелі еңбегі мен жастардың табандылығының жемісі.

Спорт кешенінде бапкерлер Әзиз Санатбаев, Жақсылық Басаров, Айжан Артықбаева және Әзиз Аягөзов жас спортшыларды жүйелі түрде жаттықтырып, олардың спорттық шеберлігін шыңдауға үлес қосып келеді.

– Белкөл кентіндегі бір ғана үйірменің өзіне 72 оқушы қамтылған. Төрт сыныбымыз бар. Әрқайсысы бір жарым сағаттан өткізіледі. Балалардың спортқа деген ынтасы жоғары. Қатысушы балалардың жас аралығы 6 жастан жоғары. Әр балаға өз ыңғайына қарай жеке жаттығулар беріп отырамыз. Жалпы алғанда спорт, біріншіден, бала денсаулығына пайдалы, екіншіден, болашағына жасалған баспалдақ. Осы жолда білгенімізді үйретіп, тәжірибемізбен бөлісе береміз. Мұндағы әр бала ертең кем дегенде бір спорттың білгір маманы болады, – дейді қоян-қолтық ұрыс үйірмесінің жаттықтырушысы Әзиз Аманжолұлы.

Баспасөз туры одан әрі Асқар Тоқмағамбетов атындағы қалалық мәдениет үйінде жалғасты. Жас ұрпақтың рухани және шығармашылық дамуына мәдениет саласының үлесі зор. Бүгінде мұнда 18 үйірме жұмыс істейді. Оның ішінде балалар мен жасөспірімдерге арналған 10 үйірмеге 150-ге жуық өнерлі өрен қамтылған.

Мәдениет ордасындағы «Сөз маржан» көркемсөз оқу үйірмесінің шәкірттері биыл бірнеше облыстық, республикалық және халықаралық байқауларда жүлделі орындарға ие болды. Мұқағали Мақатаевтың 95 жылдығына арналған байқауда Қайрулла Бекасыл Гран-при жеңіп алып, халықаралық деңгейдегі додада екінші орынға қол жеткізсе, Самұрат Нұрислам бірнеше рет жүлдегер атанды.

Ал «Сыр сандуғаштары» ән үйірмесінің өнерпаздары Шымкент қаласында өткен халықаралық «Дарын-2026» балалар мен жасөспірімдер байқауында жоғары нәтиже көрсетіп, бас жүлде мен бірінші орындарды иеленді. Өңірлік Дельфий ойындарында да мәдениет үйінің жас таланттары алтын және қола медальдарға қол жеткізді.

Соңғы жылдары ерекше қарқын алған би өнері бағытында да жетістіктер аз емес. «Aqmaral» би студиясы мен «Арайлы» би тобы республикалық және халықаралық байқауларда бірнеше мәрте Гран-при жеңіп алып, Сыр өңірінің мерейін асқақтатты. Ал жас ақындар мен жыршылар да түрлі мүшәйра мен өнер додаларында топ жарып келеді.

Біз аялдаған соңғы нысан – Тасбөгет кентіндегі С.Майқанова атындағы мәдениет үйі. Қазіргі уақытта мұнда 8 үйірме жұмыс істейді. Оның екеуі ересектерге арналған болса, қалған алтауы – балаларға арналған үйірме. Сегіз үйірмеге барлығы 140 өнерпаз қатысады. Балаларға арналған үйірмелердегі талапкерлер 3 халықаралық, 8 республикалық, 2 облыстық, 1 қалалық байқауға қатысып, шеберліктерін шыңдады.

Иә, жастардың спорт пен өнердегі табыстары – мемлекеттік қолдаудың, білікті мамандардың еңбегі мен ата-аналардың сенімінің нәтижесі. Бүгінгі жеңімпаз жастар – ертең ел намысын қорғайтын азаматтар. Сондықтан олардың жан-жақты дамуына жағдай жасау – қоғамның ортақ міндеті.

Біздің аймақта бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі жалғасып келеді. Ал жас спортшылар мен өнерпаздардың жетістігі өңірдің ғана емес, тұтас елдің мақтанышына айналуда.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: