Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Aslan» балалар киностудиясында қос қуаныш

01.04.2022, 9:30 500

HALYQLINE.KZ

«Өнерлі бала өрге жүзер» деп қазақтың келістіріп айтқан мақалы қазіргі  балалардың талантына дөп келеді. Өйткені, бір-бірімен жарыса өнердің шыңын бағындырып жүрген талапты өрендеріміз баршылық. Олай дейтініміз, күні кеше «Достық үйінде» «Аслан» балалар киностудиясы жаңа туындыларының тұсаукесерін өткізді. Өнерлі балаларға арналған орталық су жаңа «Сәт» атты сериалының және шәкірті, көпке «Ахалек» есімімен танылған Ақылбек Нұрланұлының екі бірдей әніне түсірілген бейнебаянның тұсауын кесті.

Қуанышты бөлісуге шақырылған қонақтарға киноның алғашқы бөлімі көрсетілді. Және бейнеклип «Балалар жылына» орай жасалынып, жақында республикалық «Гәкку» және «Той-думан» арналарынан көрсетілетін болады. Жалпы, «Сәт» сериалы өмірдегі кездесетін оқиғаларға арқау болып, яғни спор сүйер балалардың жарыс жолына түсіп, жеңіске жетудегі талпыныстарын көрсетеді. Кинода ойнаған балалардың бойынан өнерге деген құлшыныс, сүйіспеншілік байқалады. Актерлік шеберліктері шыңдалған, тыңғылықты жұмыс атқарғандары кино барысында көрініп тұрды. Сонымен қатар, ұжымдық сыйластықтары да артып, бір үйдің балаларындай бір-біріне қамқор. Бұдан балалар студиясында өнер сабағымен қатар тәртіптің де бар екенін байқаймыз. Өнерге деген икемі бар, талпынысы жоғары балалардың жұлдызын жаққан өңіріміздегі тұңғыш киностудия болғандықтан жерлестері үлкен сеніммен әрі мақтанышпен қарайтыны анық.

Атқарған жұмыстарына қарап «Аслан» балалар киностудиясының аймақтың мәдениет саласына қосып жатқан үлестері көп деп айтсақ болады. Әсіресе, киностудияның құрылтайшысы, бас продюсер Жасұлан Алдабергеновтың қосқан еңбегі ерен. Бар білімімен, тәжірибесімен бөлісіп, орталықтың өркендеуіне қол ұшын созып жатқан белгілі өнер жұлдыздарының да қолдаулары дара білінеді. Құрылғанына 3 жыл уақыт болған, шығармашыл балаларға арналған студия 2020 жылдың қараша айында ашылуын дүйім жұртқа атап өткен болатын. Осы уақытқа дейін 12 қысқаметражды кино, 2 толықметражды фильм, 25-тен аса видео ролик, сонымен бірге, 20 сериядан тұратын «Бақталас» атты киноның екі маусымын экран бетіне жариялады. Әрбір шығарылымдары әлеуметтік желіде жақсы көрсетілім жинап, танымалдылықтары күннен-күнге артып келеді. Студияда 6 мен 18 жас аралығындағы шәкірттер білім алады. Бүгінге дейін 200-ден аса түлекті түлетіп, қазір 70-тей оқушы 2 бағытта оқитыны мәлім. «Талапты бала талпынған құстай» демекші, жүздерінен «өнердің адамымын» деген жас буынның жұллдызы жанар сәті әлі алда екенін көреміз. «Аслан» балалар киностудиясы тек кино түсіріп ғана емес, жастардың қанатын кеңге құлаштатып, болашақтары үшін ерекше жұмыс жүргізеді. Балалардың шебер қалыптасуына да барлық мүмкіндік жасалған. Орталық жаңа техникалар мен керек құрылғылардың бәрімен жабдықталған. Тек оқушылардың шығармашылық қабілеті мен шабыты тасып тұрса болғаны.

Сүйінші жаңалыққа ортақтасуға облыс әкімінің орынбасары Қайрат Нұртай арнайы келді. Киностудия ұжымына облыс әкімінің Алғыс хатын табыстады.

– Бүгінгі «Сәт» жастар сериалы баршамызға кереметтей қуанышқа толы көңіл күй сыйлай білді. Біз осындай талантты жастармен мақтанамыз. Және болашақтарынан үлкен үміт күтеміз. Кино түсірудегі еңбектері көрініп тұр. Осы істің жемісті болуына бірден-бір септігін тигізіп жатқан Жасұлан Алдабергеновке шынайы алғыс білдіреміз. Ендігі уақытта бұданда биікті бағындырар жобалар жарыққа шығады деп сенім артамыз. Жұмыстарыңызға тек сәттілік тілеймін, – деді Қайрат Ырзақұлұлы.

Жоба жетекшісі Жасұлан Алдабергенов те жастарға арналған телехикаяның түсірілуіне атсалысқандар мен келген меймандарға алғысын айтты.

– Киностудия алғаш ашылған сәттен бастап бізге қолдау көрсетіп жүрген көрермендерге ризашылығымды білдіремін. Бұл – сіздердің де жетістіктеріңіз. Мұнымен тоқтамаймыз, алдағы уақытта мұнан да жоғары деңгейдегі туындыларымызбен қуантатын боламыз, – деді ол.

Тұсаукесерге келген қонақтарға жастар фильмі тамаша эмоция сыйлай білді. Құшағы гүлге толы көрермендер де жас актерларға ыстық лебіздерін білдіріп жатты. Дарынды қыз-бозбалалар еліміздің келешегіне деген сенімді арттыра түсетіні айқын. Сол себепті, жерлестеріміздің өнеріне толағай табыс пен талмай самғайтын қанатты болуын тілейміз. Қорытындылай келе, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы жылды «Балалар жылы» деп жариялады. Осыған орай, отанымыздағы жас буынның қабілетіне деген назарды көбірек аударып, әр баланың мақсатының орындалуына бірден-бір ат салысса, игі қадам болатыны белгілі.

Оразкүл  ТЕМІРҒАЛИ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: