Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«АҚЫН»: «СӨЗ ӨНДІРЕТІН» ДӘУІРДІҢ СОҢЫ

19.05.2022, 10:00 875

Режиссер Дәрежан Өмірбаев әлемдік процесті, оның даму бағытын жіті бақылайды. Автор ретінде фильмдерінде күрделі сауалдардың жауабын іздейді. «Ақын» фильмі де бүгінгі жаһандануда сөз құдіретінің жұтылып кету құбылысын зерттеп, Махамбет Өтемісұлының дәуірімен салыстыра отырып, шығармашылық екпінмен диагноз қояды.

Сөз іспен дәлелденбесе, күшін жояды. Нарық заманының қатаң ережесі «бос сөзді» көтермейді. Бұл дәуір жазушылар мен ақындардың амбициясына өзгеше талаптар қоя бастады.

Нақты жүзеге асатын техникаң болмаса, 100 беттік көпірме романдар, өмір сүруге жарамсыз оқиғалар оқылмайды. Ақындардың поэзиясына шабыттанып, шапалақ ұрып отыруға ешкімнің уақыты да, зауқы да жоқ. Нарықта табыс табудың көзі, жетістікке жетудің жолы деген тақырыптар үлкен сұранысқа ие.

Автор бұл фильмде ақындардың жан дүниесінде жүріп жатқан процесті өте терең иірімдермен зерттейді. Сезімтал жүректің трагедиясы. Заманына қарай бейімделе алмаудың қасіреті. Өз принциптерін ақшаға айырбастамау – Махамбетке тән рухты өлтіріп алмауға деген жанталас сияқты. Режиссердің екі дәуірдегі ақынның өмірін салыстырмалы түрде көрсете отырып, бейнелі түрде ойын жеткізу шешімі шебер шыққан.

Не істемек керек?! Ақындар мен жазушылардың мәселесі қайткенде шешілмек?! Әдебиет сыншысы Әлия Бөпежанованың көзқарасын фильмде ұтымды кірістірген. Жанайқай көрермендер аудиториясына жетуі керек. Дәрежан  Өмірбаевтың  ойының астарынан түйсінетін тұжырым – өмірге жарамсыз қағидаларды сындыру, заманыңа қарай бейімделу, жаңашылдықтарды қабылдау, рухыңды сақтай отырып, өзгерудің  тетігін  табу  керек.

Техникалық  прогресс  адами жанды қарым-қатынастағы құндылықтарға өзгеріс әкелді. Ақын мен жазушылардың әлемі де осы өзгерістерге деген көзқарасын өзгерте алса ғана жаңа деңгейге көтеріледі.

Әріп пен сөздің мағынасы өзгерген жоқ. Жазу өнерінде жеткізу формасының өзгергендігін мойындайтын уақыт жетті. Идеяның құндылығы, ойды өте қысқа жолмен шебер ашу, нақты дәлелмен айтылуы шарт. Көлемді дүние көп оқылмайды. Бүгінгі төзім оған жетпейді. «Сөз өндіретін дәуір» әлдеқашан бітті.

Режиссер фильмнің кіріспесінен бастап көрермендерге дабыл қағады. Саяси сауаты бар көрермен редакция алқаларының тілді сақтауға қатысты көзқарастарынан көп мәселенің астарын түсіне алады.

Адамзаттың сұрыпталу процесінде ұлтты сақтау үшін ана тіліңді сақтау маңызды. Ұлттың иммунитетін күшейтудің нақты саяси қадамдары қарастырылмаса, жансақтау мүмкін емес. Осы тұрғыдан автордың фильм арқылы айтқысы келіп отырған идеясы өте құнды. Бүгінгі жаһандық бәсекелестік сөз жарыстыруға емес, ғылымның нақты жетістіктеріне ғана сүйенеді.

Гүлзат  КӨБЕК,

киносыншы,

Өнертану  PhD докторы,

«Тұран»  университетінің  профессоры

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: