Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Аймақ басшысы жыршы-жыраулармен жүздесті

15.10.2021, 15:00 299

HALYQLINE.KZ Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында бүгін аймақ басшысы Гүлшара Әбдіқалықова өңірдегі танымал жыр жампоздарымен кездесіп, ашық форматта әңгімелесіп, пікірлерін тыңдады.

Облыс әкімі кездесу алдында ұлттық өнерді айшықтайтын арнайы көрмені тамашалап, ұлттық аспаптар мен бірнеше жыр-жинақтарымен танысты. 

Келелі басқосуда Гүлшара Әбдіқалықова дәстүрлі өнер өкілдерінің Сыр еліндегі рухани-мәдени дамуына қосқан үлестерін жоғары бағалап, ұлттық өнердің жанашырларына құрметін жеткізді.

– Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Өркениетті ұлт ең алдымен тарихымен, мәдениетімен, ұлтын ұлықтаған ұлы тұлғаларымен, әлемдік мәдениеттің алтын қорына қосқан үлкенді-кішілі үлесімен мақтанады. Сөйтіп, тек өзінің төл мәдениеті арқылы ғана басқаға танылады» – деп атап өткендей, халқымыздың ерекше қадірлейтін дарынды тұлғалары қасиетті мұраларды тудырушы, жасаушы және келер күндерге ұластырушы таланттар қатарында жыраулар мен жыршылардыңқай заманда да бәсі жоғары, шоқтығы биік. Қорқыт бабадан бастау алған жәдігер өнерді жалғастырушы Сыр сүлейлерінің әрқайсысы бір-бір жеке философиялық мектеп, әрқайсысы дүниетанушы ұлттық тәлімгер екенін ескерсек, бұл қастерлі өлке ұлт руханиятының алтын діңгегі деуге болады. Қасиетті де киелі Сыр бойы – біріне-бірі өмірде жол, өнерде қол берген атақты Сыр сүлейлері шыққан өңір. Дәстүрлі өнердің дарабоз иелері ретінде жанашырлары ретінде бүгінгі өздеріңізбен жүздесіп, руханият саласының өткені, бүгіні, келешегі жөнінде келелі ойлар айтып, емен жарқын пікірлесу үшін жиналдық, – деді облыс әкімі.

Өңір басшысы еліміз егемендік алған жылдар ішінде ұлттық өнердің осы түріне ерекше көзқарас қалыптасқанын тілге тиек етті. Сондай-ақ, Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында «Ұлттық болмысымыздан, төл мәдениетіміз бен салт-дәстүрімізден ажырап қалмау – барлық өркениеттер мидай араласқан аласапыранда жұтылып кетпеудің бірден бір кепілі» екендігін, Тәуелсіздік жылдарында жүзеге асырылған «Мәдени мұра» бағдарламасы арқылы тарихымызды түгендеп, ұлттық дәстүріміз бен мұраларымыздың қайта жаңғырғанын тағы бір еске салды.

Кездесу барысында «Парасат» орденінің иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Алмас Алматов облыс әкіміне дәстүрлі өнерге көрсеткен қамқорлығы үшін алғыс білдіріп, осы кезге дейін ұсыныс ретінде айтылған Түркітілдес халықтарының дәстүрлі өнер академиясында ән, күй, жыр, айтыс, би бағыттары бойынша жастарға грант бөлуді ұсынды.

Ал, жыршы, Мәдениет қайраткері төсбелгісінің иегері Берік Саймағамбетов Қызылорда қаласында «Сыр сүлейлері музейін» ашу туралы ұсыныс айтса, дәстүрлі әнші Ақмарал Ноғайбаева облыс әкімінен Нартайдың шығармашылығына экспедициялық зерттеу жұмыстарын жүргізуге ықпал етуін сұрады. Сондай-ақ, жыршы, Қорқыт мұрасын насихаттаушы Марат Сүгірбай дәстүрлі өнер кеңінен насихатталуына, өзге өңірлерде Сыр елінің еріктілерінің өнер көрсетуге қолғабыс етуді ұсынды.

Жыраулық өнерді жалғастырушы азаматтардың пікірлерін саралаған облыс әкімі ұлттық өнерді дамытуға оң серпін беретін әрбір ұсыныстың байыпты түрде қаралатынын қаперге салды.

Кездесуде Гүлшара Әбдіқалықова жыршы, жырау Алмас Алматов пен Жиенбай жыраудың ұрпағы Бидас Рүстембековты мерейтойымен құттықтап, Сыр елі жұртының атынан қазақы дәстүрмен иығына шапан жапты. Сондай-ақ, бірқатар өнер саңлақтарына құрмет төрінен көрінді.

ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен Шолпан Бимбетова, Серік Жақсығұлов, Айбек Тәңірбергенов марапатталды. Ал, министрліктің Құрмет грамотасын Марат Сүгірбай мен Нұртілек Ахтаев иеленді. Сондай-ақ, бірнеше өнер жанашырлары облыс әкімінің Алғыс хатына ие болды.

Жүздесу соңында өнер қайраткерлері Марат Сүгірбай және Мұхаметәлі Бекпейісов жыр шашу орындап, ақын Айдос Рахметов арнау арнады.

Айта кетейік, өнер зерттеушілері Мардан Байділдаев, Алма Құнанбаева, Алмас Алматовтың тынымсыз еңбегінің арқасында Сыр бойында мақам-саздық ерекшеліктеріне қарай төрт жыраулық мектеп – Нұртуған, Жиенбай, Нартай, Сәрсенбай жырау мектептері қалыптасып, дәстүрлі өнердің өрісі кеңіп, қанаты қатайды.

Өңірдегі «Жыр мұра» жобасы аясында ашылған жыр-терме, қобыз сынды 50-ден аса үйірмеде 500-ден аса шәкірт тәрбиеленуде. Үйірмелерден шыққан өнерпаздар республикалық, халықаралық деңгейдегі жыр додаларында жүлделі орындарды иеленумен қатар, дәстүрлі өнер мамандықтары бойынша арнаулы, жоғары оқу орындарында білім алуда.

Биылғы жылы да Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті жанындағы «Дәстүрлі өнер» институтына дарынды жастарды оқытуға облыстық бюджеттен 6 грант бөлінді. Сонымен қатар, Сыр өңірінің жыраулық дәстүрін насихаттап жүрген орта және жас буын жыршыларымыз «Qazaqstan» ұлттық арнасының «Күміс көмей», «Хабар» телеарнасының «Алтыбақан» бағдарламаларына қатысып, алтын қорға жазылып алынса, жыршы Күнсұлу Түрікпен халықаралық «Мен қазақпын» мега жобасында дәстүрлі өнер номинациясы бойынша бас жүлдені иеленді.

Биыл Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы, Сыр сүлейі Кете Жүсіп Ешниязұлының 150 жылдығына арналып өткен «Жырлансын, Тәуелсіздік жыр бұлағы» атты жыршы-жыраулар байқауы жыраулық дәстүрді бойына сіңірген талантты жыр жауһарларының өсіп келе жатқандығын, рухани сабақтастықтың жалғастығы бар екендігін дәлелдеді.

Келер жылы Сыр шайырлары Базар Жырау Оңдасұлының 180 жылдығы, Тұрмағамбет Ізтілеуұлының 140 жылдығын атап өтіп, дәстүрлі «Қорқыт және Ұлы Дала сазы» халықаралық фольклорлық-музыкалық өнер фестивалін ұйымдастыру жоспарлануда.  

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: