Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Қарлаң» көпірі назарда тұр…

30.03.2021, 10:30 859

HALYQLINE.KZ

– 2020 жыл әлем жұртшылығын әбігерге салған пандемия жағдайында өтті. Соған қарамастан өткен жыл біздің аудан үшін жемісті болды десек қателеспейміз. Әлеуметтік және экономикалық көрсеткіштерде алға қойылған межелерді орындап қана қоймай, көптеген салада күтілгеннен артық нәтижелерге қол жеткіздік, – деген Қазалы ауданы әкімі Мұрат Ергешбаевтың сөзі бекер емес екен.

Дерекке жүгінсек, аудан экономикасы жылдан-жылға артып келеді. Мәселен, 2020 жылдың басында аудан бюджеті 21,4 млрд теңге болып бекітілсе, жыл соңында 26,4 млрд теңгеден асыпты. Ал, ағымдағы жылдың бюджеті 21,2 млрд теңгеге бекітілген.

«Жол картасы» бағдарламасы аясында жалпы құны 3 млрд 11 млн теңгені құрайтын 42 жоба іске асырылған. Нәтижесінде 150 орындық ауылдық клуб салынып, 1 ауылға газ тартылған, көптеген көшелер асфальтталып, жарықтандырылған, әлеуметтік нысандар жөндеуден өткізілген. Сондай-ақ, «Ауыл – ел бесігі» арнайы жобасы аясында Бекарыстан би ауылында тұрғын үйлердің ауызсуы сервистік желіге қосылып, мектепке күрделі жөндеу жасалған, 10 көше асфальтталып, жарықтандырылғанын, бұл жұмыстарға қазынадан 1 млрд теңгеге жуық қаржы бөлінгенін газет бетінде бұған дейін де жазған болатынбыз.

Күнделікті тіршілігімізді электр жарығынсыз көзге елестету мүмкін емес. Осы орайда мына жаңалық та дала перзенттерінің көңілінен шығары даусыз. Биылғы жылы аудан орталығынан шалғай жатқан Кәукей мен Бозкөл ауылының аралығындағы электр бағаналары жаңартылатын болады. Қазіргі таңда екі елді мекен аралығындағы электр бағаналары судың ортасында қалып, құлап қалу қаупі төніп тұрғаны көпке аян. Бұл үшін облыстық бюджеттен 82 млн теңге қаржы бөлінді. Бұл – 540 опора, 75 шақырым электр желісі деген сөз.

«Су – тіршілік нәрі». Соңғы жылдары жаз мезгілінде ауданда ауызсу тапшылығы байқалып жүр. Әсіресе, мұндай жайт Әйтеке би кентінің тұрғындарына жақсы белгілі. Өзекті осынау тақырып аудан басшыларының назарынан қалыс қалмапты. Тығырықтан шығар жол іздеген аудан әкімі бастаған ел ағалары ақылдаса отырып, түйіннің күрмеуін табуға қадам жасапты. Бұл бағытта Байқожа су құбырын қайта жаңғырту жобасын дайындап, қаржыландыруға ұсынылыпты. Жобаның құны 2,5 млрд теңгені құрайды. Қаржы мәселесі шешімін тапса, Әйтеке би кенті мен Байқожа елді мекені аралығында 63 шақырым магистральдық желі тартылып, жол бойындағы 6 елді мекенге де ауызсу баратын болады. Бүгінгі таңда Байқожа су құбырын қайта жаңғырту жобасының құжаттары облыстық қаржы басқармасы арқылы су ресурстары комитетінің теңгеріміне өткізілген екен.

«Әлсейіт» көпірі ел игілігіне беріліп, ақ түйенің қарны жарылғаны баршаға мәлім. Бұған дейін көктемгі-күзгі абыржы кезіндегі Арал, Қазалының бірқатар елді мекенінің тұрғындары шеккен бейнет артта қалды.

«Көпір салған сауап арқалайды». Осынау оңтайлы іске дарияның арғы жағалауын қоныстанған қабырғалы қауым дән риза. Бақуатты тұрмысқа ұмтылу, жақсылыққа жанасу – өмір заңдылығы.

Мақаламызды Қазалы ауданы әкімі Мұрат Ергешбаевтың:

– Тұрғындардың тарапынан жиі айтылатын «Қарлаң» көпірінің де мәселесі шешілетін күн алыс емес. 2021 жылдың бюджетінен көпір құрылысының жобасын әзірлеп, сараптамадан өткізуге 80,3 млн теңге бөлінді. Құжат дайын болған уақытта тиісті ведомстволарға ұсынып, қаржыландыруды қарастыратын боламыз, – деген лебізімен аяқтауды жөн санадық.

Жұмабек  Табынбаев,

Қазалы  ауданы

Суретте: «Қарлаң» көпірінің эскиздік жобасы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: