Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жаһандық жылыну. Әлем экологиялық апатқа дайын ба?

05.06.2025, 9:40 320

Бір  кездері  «мәңгі ерімейді» деп танылған мұздықтар бүгінде ери бастады. Ал ауа райы болса бұрынғы нақты заңдылықтарды ұмытты. Әлем елдеріндегі алапат ыстық пен су тасқыны бүгінгі күні «қалыпты дүниеге» айналғаны қашан… Ғасырлар  бойы  қаймағы  бұзылмаған табиғи  тепе-теңдік өзіндік  нормасын бұзып, жер шарына  кесапатты  өзгерістер  енгізді.

Жаһандық жылыну – бүгінгі таңда ғылым мен саясаттың, экология мен экономиканың, тіпті күллі адамзаттың болашақ алдындағы жауапкершілігінің бір арнаға тоғысқан күрделі мәселесі. Көбі ойлағандай жаһандық жылыну – жай ғана температураның көтерілуі емес, миллиардтаған адамның тағдырына әсер ететін, табиғатпен байланыстың үзілуіне әкеп соғатын қауіп.

Бұл мәселеге ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та бейжай қарамай отыр. Ол  елордада  өткен  «Орталық Азия-Италия» саммитінде  Азия  елдерінің  жаһандық жылыну және су  тапшылығының  салдарын қазірдің  өзінде  сезініп  жатқанын  айтады.

–  Азия  елдері  жаһандық  жылынудың, мұздықтардың еруінің, шөлейт және су тапшылығының салдарын қазірдің өзінде сезініп отыр. Біз аймақтағы экологиялық мәселелерді, атап айтқанда Арал теңізі алабын қалпына келтіру ісіндегі белсенді қолдауы үшін Италияға ризашылығымызды білдіреміз. Біз суды ұтымды пайдалану және шөлейттенуге қарсы күреске арналған технологияларды енгізу мақсатында Италиямен, оның ішінде Италияның климаттық қорымен одан әрі нәтижелі ынтымақтастыққа  үміт  артамыз, – деді  мемлекет  басшысы.

Бұл  мақаламызда  біз  жаһандық жылынудың  ғылыми  негіздерінен  бастап, басты  себептеріне,  оның  салдарына және  оны  тоқтатуға  бағытталған  шаралар мен Қазақстандағы  ахуалға  кеңінен  тоқталамыз.

ЖАҺАНДЫҚ  ЖЫЛЫНУ  ДЕГЕНІМІЗ  НЕ  және  БҰЛ  МӘСЕЛЕНІ  КӨТЕРУ  ҚАНШАЛЫҚТЫ  МАҢЫЗДЫ?

Ғалымдардың мәлімдеуінше, жаһандық жылыну – Жер атмосферасының, мұхиттар мен құрлық бетінің орташа температурасының ұзақмерзімді көтерілу үрдісі. Бұл құбылыс негі­зінде адам әрекетінен туындаған парниктік газдардың (көмірқышқыл газы, метан, азот тоты­ғы) атмосферада шамадан тыс шоғыр­лануы нәтижесінде болады. Қарапайым тілмен айтқанда, адамзат өнеркәсіптік революциядан бастап көмір, мұнай, газ сынды қазба отындарды шектен тыс жағып, табиғи тепе-теңдікті бұзды. Соның салдарынан атмосфера жылу ұстап тұратын қалың қабатқа айналып, Күннен келген жылу сыртқа шыға алмай, планетаның ішкі жүйелерін біртіндеп қыздыра бастады. Ғалымдардың мәліметіне сүйенсек, соңғы 150 жылда Жердің орташа температурасы шамамен 1,1°C-қа көтерілді. Бұл өзгеріс елеусіз көрінуі мүмкін, бірақ оның салдары – мұздықтардың жаппай еруі, теңіз деңгейінің көтерілуі, құрғақшылықтың жиілеуі, аптап ыстықтар мен су тасқындарының бұрын-соңды болмаған деңгейде тіркелуі сынды факторлар арқылы климаттың тұрақсызданып бара жатқанын  айқын  көрсетеді.

Айта кету керек, климаттық өзгеріс таби­ғатқа ғана емес, адамзаттың экономикалық, әлеуметтік және саяси құрылымына да ауыр салмақ түсіріп отыр. Мысалы, ауыл шаруа­шылығына қолайлы жерлер шөлге айналуда, кейбір аймақта ауызсу тапшылығы кү­шейіп, жаһандық миграция ауқымы өсуде. Бұл жағдайлар әсіресе географиясы мен климаты нәзік тепе-теңдікте тұрған Қазақстан сынды елдер үшін аса қауіпті. Арал теңізінің құрғауы мен Орталық Азиядағы мұздықтардың азаюы да жаһандық жылынудың аймақтағы нақты салдары екенін жоққа шығара алмаймыз. Осы тұста аталған мәселені көтерудің маңызы арта түседі. Себебі климаттық дағдарыс – болашақтың ғана емес, қазіргі күннің де түйткілді мәселесі. Аталған мәселе ғылыми форумдар мен саясаткерлердің баяндамаларында ғана емес, әр адамның өмірінде, кез келген құрлық, кез  келген  мемлекетте  ішінара сезіле бастады.

ЖАҺАНДЫҚ ЖЫЛЫНУДАҒЫ КЛИМАТ пен КҮН РАЙЫНЫҢ АЙЫРМАШЫЛЫҒЫ

Жаһандық жылыну жөнінде сөз қозғағанда, ең алдымен климат пен ауа райы ұғымдарын шатастырмауды көкейімізде ұстауымыз керек. Бұл екеуі бір-біріне ұқсас болғанымен, мағынасы мүлде бөлек. Ауа райы – белгілі бір аймақ­тағы қысқамерзімді атмосфералық жағдай, яғни күн сайын, сағат сайын өзгеріп отыратын құбылыс. Мысал келтірер болсақ, бүгін Қызылордада күн ашық, ертең жаңбыр жаууы мүмкін, бұл ауа райының өзгерісі. Ал климат – белгілі бір географиялық аймақта бірнеше онжылдық пен ғасырлар бойы қалыптасқан ауа райының орташа сипаттамасы. Демек, климаттың өзгерісі дегеніміз – ондаған жыл бойы жыл мезгілдерінің, жауын-шашын мөлшерінің, температураның және басқа да метеорологиялық көрсеткіштердің баяу, бірақ та біртіндеп өзгеруі. Бұл айырмашылықты түсіну арқылы жаһандық жылынудың мәнін ұғынамыз. Себебі кейбір климат скептиктері «Биыл қыста аяз күшті болды, демек, жылыну жоқ» деп, жаңсақ пікір айтып жатады. Бірақ қыс мезгіліндегі суық ауа райы климаттың жалпы жылынып бара жатқанын жоққа шығармайды..

Осы мәселелерді терең зерттеп, әлемдік ғылыми қауымдастыққа бағыт-бағдар беріп отырған жетекші орган — IPCC, яғни Intergovernmental Panel on Climate Change (Климаттың өзгеруі жөніндегі үкіметаралық сарапшылар тобы). 1988 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымының бастамасымен құрылған бұл құрылым жаһандық климат өзгерісін бақылап, ғылыми деректерді жүйелейді, болжам жасай­ды және саясаткерлерге нақты ұсыныстар ұсына­ды. IPCC-нің ерекшелігі – ол өз бетінше зерттеу жүргізбейді, әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған мыңдаған ғылыми еңбекті сараптап, бір жүйеге келтіреді. Әрбір баяндамасы – жүздеген ғалымның ортақ еңбегі, онда пікір алуан­дығы мен белгісіздік дәрежесі де ашық көрсетіледі. IPCC әр 6-7 жыл сайын негізгі бағалау баяндамаларын жариялап отырады. Соңғы алтыншы баяндамасында адамзаттың атмосфераны  ластау  арқылы жаһандық жылынуға «айқын түрде әсер етіп отырғаны» нақты әрі еш күмәнсіз тұжырымдалды. Бұған қоса, IPCC алғаш рет 1,5°C шегінің аса маңызды екенін, егер бұл шек асатын болса, климаттық апаттардың қарқыны тездейтінін ресми түрде мо­йындады. Тіпті, әрбір 0,1°C көтерілудің өзі теңіз деңгейінен бастап, ауыл шаруашылығына дейін әсер ететінін көрсететін дәлелдер келтірі­лді.

Қазіргі уақытта IPCC баяндамалары жай ғана ғылыми құжат емес, жаһандық саясаттың негіз­гі бөлігіне айналды. Олар Париж келісіміндегі міндеттемелердің ғылыми өзегін құрайды, ал әлем елдері өздерінің климат стратегия­сын осы деректерге сүйене отырып түзеді. Сондықтан IPCC – жаһандық жылынудың «температурасын» өлшеп отырған адамзаттың  басты сенсорлық  жүйесі  іспетті.

ПРОБЛЕМАНЫҢ НАҚТЫ СЕБЕПТЕРІ. ӨНЕРКӘСІП ЭВОЛЮЦИЯСЫНАН БАСТАП,

АВТОКӨЛІК пен ЭНЕРГЕТИКАҒА ДЕЙІН

Жаһандық жылыну тақырыбында нақты себептерді саралау – мәселенің өзегіне терең бойлау деген сөз. Бұл құбылыстың тамыры тым әріде, адамзаттың индустриялық дамуы басталған кезеңнен бастау алады. XVIII ғасыр­дың соңындағы өнеркәсіптік революция – әлемдегі өндіріс қарқынын күрт жеделдетіп, бу машиналары мен зауыттар дәуірін ашты. Содан бері көмір мен мұнай негізінде жұмыс істейтін өнеркәсіп орындары атмосфераға миллиардтаған тонна парниктік газдар бөле бастады. Бұл – жаһандық жылынудың басты антропогендік (яғни, адамнан тараған) себебі. Оның ішінде ең көп таралғаны – көмірқышқыл газы (CO2). Әсіресе энергетика саласы мен авто­көлік индустриясы бұл газдың негізгі көздері болып отыр. Бүгінде әлемде тіркелген 1,4 миллиардтан астам көлік бар, ал олардан шыққан газ ауа құрамын түбегейлі өзгертуде. Энергетикада көмір мен табиғи газды жағу, жылу электр стансалары мен цемент өндірісі атмосфераға бөлінетін зиянды қалдықтардың көлемін еселеп арттырып отыр. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығындағы тыңайтқыштар мен мал шаруашылығынан бөлінетін метан (CH4) мен азот тотығы (N2O) сынды газдар да жылу ұстау қабілеті жоғары парниктік газдарға жатады. Атап айтқанда, метанның климатқа әсері көмірқышқыл газынан 25 есе, ал азот тотығы 298  есе  қуаттырақ.

Алайда климат өзгерісін тек адамзат әрекеті­мен байланыстырып қою жеткіліксіз. Себебі Жердің климаттық жүйесі әрдайым өзгеріс­ке ұшырап отырған. Мұны геологиялық және мұздық деректерден-ақ байқауға болады. Бұған Күннің белсенділігі, жанартаулар атқылауы, мұхит ағындарының өзгерісі мен Жер орбитасының циклдік ауытқуы сынды табиғи факторлар ықпал етіп отырған. Мысалы, Күннен келетін сәуле энергиясының азаюы немесе көбеюі Жердің орташа температурасын белгілі бір деңгейде өзгертеді. Сол секілді үлкен көлемдегі жанартаулар атқылаған кезде атмосфераға күкірт диоксиді таралып, күн сәулесін кері шағылыстырып, уақытша суыту кезе­ңі болуы мүмкін. Алайда ғылыми қауымдас­тық соңғы жүзжылдықтағы жылыну қарқыны таби­ғи себептермен толық түсіндірілмейтінін дәлелдеп отыр. Бұл жерде нақты ажырату қажет:  табиғи  климаттық циклдер миллиондаған жыл бойы баяу жүрсе, қазіргі жаһандық жылыну  тым  шапшаң  жүріп  жатыр.

IPCC және NASA сынды беделді ғылыми ұйымдардың мәліметінше, 1850 жылдан бері температураның көтерілуінің 95 пайыздан астамы – антропогендік факторлардың нәтижесі. Бұл ретте табиғи циклдердің рөлін жоққа шығармай отырып, олар тек фондық деңгейде әсер ететінін ескеру қажет. Мысалы, соңғы 800 мың жыл ішінде Жер климаты бірнеше мұз дәуірін бастан өткергенімен, дәл қазіргі сияқ­ты тұрақты әрі шапшаң жылыну тіркелген емес. Бұған адамның табиғатпен жүргізіп отыр­ған «техногендік эксперименті» себеп.

Мәселенің маңыздылығы да осында жатыр: табиғи климаттық өзгерістерге бейімделу үшін мыңжылдықтар қажет болса, антропогендік өзгерістерге адамзат өзі себепкер болып, өзіне қарсы жұмыс істеп отыр. Бұл жағдай – климат­тық дағдарысты тек экологиялық емес, өркениеттік дағдарысқа айналдырып отыр. Сондықтан нақты себептерді терең ұғыну – бұл күрделі құбылысты жеңудің алғашқы әрі шешу­ші қадамы. Себебі мәселені туғызған адамзат,  сәйкесінше  оны  еңсеретін  де – өзі.

Себептерін   айттық. Ал енді салдарына кезек  берсек.  Жаһандық  жылынудың  салдары – бұл жай  ғана  ғылыми тұжырым неме­се абстрак­тілі  қауіп  емес, қазірдің өзінде Жер шарының әр  аймағында  нақты  сезіліп  жатқан  шынайы құбылыс. Оның алғашқы әрі ең айқын әсері – экологиялық тепе-теңдіктің бұзылуы. Әлем бойынша мұздықтар шапшаң еруде: Арк­тика мұздығы  соңғы  40  жылда  өз көлемінің 40 пайы­зын  жоғалтса, Гренландия мен Антаркти­дада да мұз массалары бұрын-соңды болмаған қарқынмен еріп жатыр. Мұның тікелей салдары – теңіз деңгейі­нің көтерілуі. NASA мәліметінше, ХХ ғасырда теңіз деңгейі 15 сантиметрге көтерілсе, 2100 жылға дейін  бұл  көрсеткіш 1 метрге дейін жетуі мүмкін. Нәтижесінде Бангладеш, Мальдив арал­дары, Вануату және Тувалу сынды теңізге жақын орналасқан елдер  су  астында  қалу  қаупі бар. Сонымен қатар, экожүйелерде тепе-теңдік бұзылып, флора мен фаунаның бүтіндей түрлері жойылуда. Мысалы, Австралиядағы маржан рифтері теңіз суының температурасы жоғарылағаннан кейін ағарып, тіршілігін жоғалта бастады. Бұл тек бір ғана мысал емес – жаһандық жылыну биоалуандылықты жойып, табиғи  ресурстарды құрғатып жатыр.

Экологиялық күйзеліс тікелей әлеуметтік салдарға ұласады. Климаттың шектен тыс өзге­рісі халықтың қоныс аударуына, ресурс­тар үшін күрестің артуына, тіпті саяси тұрақсыздыққа алып келуде. Біріккен Ұлттар Ұйымының дерегінше, 2050 жылға қарай климаттық себеп­термен  1 миллиардқа жуық адам өз мекенін тас­тап кетуге мәжбүр болады. Бұл  бұрынғыдай жай ғана босқын дағдарысы емес, климат мигрант­тарының жаһандық ауқымдағы көші-қонына айналуы мүмкін. Мысалы, Афри­кадағы Сахель  аймағында қуаң­шылықтың  үдеуі, ауыл шаруашылығының күйреуі мен су тапшылығы жергілікті халықты өзге елдерге үдере көшуге итермелеуде. Бұл тек дамушы елдерге емес, Еуропа сынды дамыған аймақтарға да қысым жасайды. Әлеуметтік шиеленіс, жұмыссыздық, инфрақұрылымға түсетін ауыртпалық – бұлардың бәрі климаттық  дағдарыстың  тікелей  туындысы. Ал азық-түлік қауіпсіздігі де алаңдатарлық күйде: ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемі бірқатар аймақта айтарлықтай  қысқарып, аштық  қаупі  артуда.

Экономикалық тұрғыда жаһандық жылыну орасан зор шығындарға алып келуі мүмкін дейді мамандар. Экстремалды ауа райы құбылыс­тары – су тасқындары, дауылдар, орман өрті мен құрғақшылық жыл сайын жүздеген миллиард доллар шығын әкелуде. Мысалы, 2023 жылы АҚШ-та климатқа байланысты табиғи апаттардан келген экономикалық шығын 90 миллиард  доллардан асып түсті. Ал Канададағы орман өрті 10 миллион гектар аумақты жойып, ел тарихындағы ең қымбат экологиялық апатқа айналды. Тіпті, дамыған елдердің өзі мұндай соққылардан оңайлықпен айыға алмай жатыр. Ауыл шаруашылығындағы өнімділіктің төмендеуі, сақтандыру жүйелері­нің күйреуі, су мен энергия тапшылығы – бұлардың бәрі экономиканы тұрақсыздандыруда. Әсіресе климатқа бейімделу мүмкіндігі шектеулі, инфрақұрылымы әлсіз елдер үшін бұл қауіп тіпті еселеніп отыр. Қазақстан үшін де бұл үрдістер аса өзекті: мұздықтардың азаюы су қорын қысқартып, Арал маңындағы экожүйе құлдырап, аграрлық секторға  қауіп  төндіруде.

Осылайша, жаһандық жылыну – бір ғана салаға әсер ететін экологиялық мәселе емес, ол – өркениеттік өмір салтына қауіп төндіріп тұрған көпқырлы дағдарыс. Оның салдары климат шекарасынан асып, экономика, әлеуметтік құрылым мен халықаралық қауіпсіздікке дейін дендеп барады. Ең қауіптісі – бұл өзгерістер бір сәттік емес, ұзақмерзімді және өзара байланысқан жүйелік сипатта өрбіп отыр. Сондықтан оны шешуге тек экологтар емес, экономистер, саясаткерлер, урбанистер мен  қарапайым  азаматтар  да  жұмыла кіріс­пейінше, салдарымен күресу күннен-күнге қиындай  беретіні  хақ.

ЕЛДЕГІ  АХУАЛ  ҚАНДАЙ?

Соңғы онжылдықта еліміздің түрлі айма­ғында климаттық аномалиялар, экожүйелік ауытқулар мен су тапшылығы күшейіп келеді. Ғалымдар бұған нақты дәлелдер келтіреді: орташа жылдық температура 1936 жылдан бері 1,3°C-қа көтерілген. Бұл жаһандық орташа өсіммен салыстырғанда жылдам жүруде. Ең алаңдатарлық жайт – климаттың өзгерісі аймақ­тық тепе-теңдікті бұзып, табиғи ресурс­тарға  тікелей  қауіп  төндіріп  отыр.

Алдымен, Қазақстандағы ең өткір экологиялық белгі – мұздықтардың еруі. Алматы облысындағы Іле Алатауы мен Жетісу Алатауындағы мұздықтар соңғы 50 жылда шама­мен 30%-ға дейін азайған. Ғалымдар бұл үрдіс осы қарқынмен жалғасса, 2100 жылға қарай еліміздегі мұздықтардың тең жартысы жо­йылуы мүмкін деп болжап отыр. Мұндай өзге­ріс оңтүстік өңірлердегі ірі қалалардың су қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді. Мысалы, Алматы қаласының 40%-ға жуық ауызсуы тау­лы аймақтардағы мұздықтар мен өзендерден келеді. Су тапшылығы тек тұрмыстық қажеттілікпен шектелмейді, бұл ауыл шаруашылығы мен  өнеркәсіпке  де  соққы  болып  тиеді.

Су тапшылығы демекші, еліміздегі климаттық  өзгерістің тағы бір айқын салдары – транс­шекаралық өзендердегі ағыс көлемінің азаюы. Ертіс, Іле, Сырдария сынды ірі өзендердің суы жылдан-жылға тартылып келеді. Бұл тек эколо­гияға емес, геосаяси тұрақтылыққа да қауіп төндіреді. Ауыл шаруашылығы – ел экономикасының маңызды бөлігі, алайда егістік алқаптарда қуаңшылық жиіледі. 2021 жылы Маңғыстау мен Қызылорда облыстарында шектен тыс қуаңшылық салдарынан мыңдаған бас мал қырылып, фермерлер жаппай шығынға ұшырады. Бұл климаттық өзгеріс салдарын отандық экономика тікелей сезіне бастағанын көрсетеді.

Тағы бір маңызды жайт – экожүйелердің әлсіреуі. Арал теңізі трагедиясы – бұл жаһандық жылыну мен адам әрекетінің ұштасқан классикалық мысалы. Күннен-күнге ұлғайып бара жатқан құрғақ теңіз табанынан көтерілген тұзды шаң ауаға тарап, Орталық Азияның экологиясына қауіп төндіріп отыр. Қызыл­орда облысында тыныс алу аурулары, аллергия мен онкологиялық дерттер жыл санап артып келе­ді. Бұл – жай ғана демографиялық емес, климаттық  дағдарыстың  әлеуметтік  көрінісі.

Қазақстанда ауа райының шектен тыс құбылуы да жиілеп келеді. Қыс мезгілінде рекорд­тық суықтар мен борандар, ал жазда 45°C-тан  асатын  ыстық  толқындары   халық­ты әбден  титықтатып отыр. Мысалы, 2023 жылы Шығыс Қазақстанда бір ай бойы жаңбыр жаумағ­аннан кейін дала өрті 43 мың гектар аумақты шарпыған. Бұл Абай облысындағы экологиялық апатқа айналды. Ал 2024 жылдың көктемінде елдің бірнеше өңірінде болған су тасқыны – климаттың шектен тыс құбылуының  нақты  салдары. Бір қызығы, бұл екі апат – құрғақшылық  пен  су  тасқыны – бір елде, бір жылда тіркеліп отыр. Бұл климаттың тұрақсыздығы мен ауа айналымының бұзыл­ғанын  көрсетеді.

Осы мәселелерге байланысты экология ғылымдарының  магистрі  Радмир  Әлімбек:

– Қазір Қазақстанда климаттық қалып деген ұғым әлсіреп барады. Бұрын белгілі бір маусымдық ауа райына сенуге болатын еді, ал қазір бәрі белгісіз. Мұздықтардың еруі, қуаңшылық пен кенеттен жауған жауын – мұның бәрі климаттық дисбаланстың салдары. Бізде жаһандық жылынудың әсері тек табиғатпен ғана шектелмейді, ол экономика, денсаулық, көші-қон, тіпті ұлттық қауіпсіздікке дейін әсер етуде. Сондықтан бұл мәселені тек бір сала аясында емес, мемлекетаралық, стратегиялық деңгейде қарау керек, – дейді.

Қазақстан БҰҰ-ның Климаттың өзгеруі жөніндегі негіздемелік конвенциясына (UNFCCC) және Париж келісіміне қосыл­ғанымен, нақты іс-қимыл мен бейімделу стратегиялары әлі де жеткіліксіз. Жасыл энергетикаға көшу, су ресурстарын басқарудағы жаңа модельдер, ауыл шаруашылығын климатқа бейімдеу – бұлар болашақ емес, бүгін қолға алынуы тиіс шаралар. Себебі Қазақстан табиғи ресурсқа бай ел болғанымен, экожүйесі нәзік, ал климаттық қатерге ең осал аймақтардың бірі. Сондықтан жаһандық жылыну – сыртқы фактор емес, ішкі саясаттың ажырамас бір бөлігіне  айналуы  тиіс.

Мамандар  не  дейді?

Гүлмира Серғазина, БҰҰ Даму бағдарламасының климаттық сарапшысы:

– Қазақстанда температураның 6 градусқа дейін көтерілу қаупі бар. Бұл біздің ауыл шаруа­шылығымызды күйретіп, халықты ауызсумен қамтамасыз етуде дағдарыс тудырады. Қазір әрекет етпесек, болашақта бұл елдің азық-түлік қауіпсіздігіне де тікелей әсер етеді. Біз бейімделу стратегияларын қағаз жүзінде емес, нақты қадам ретінде іске қосуымыз керек.

Фридерике Отто, World Weather Attribution тобының  жетекші  зерттеушісі:

– 2025 жылы Қазақстанда тіркелген аптап ыстық – табиғи құбылыс емес, климаттың өзгеруімен тікелей байланысты. Әдеттегі температурадан 10-12 градусқа жоғары болған мұндай аптаптар енді сирек емес, жиіленетін құбылысқа айналмақ. Бұл халық денсаулығына қауіп төндіріп қана қоймай, су ресурс­тары мен ауыл шаруашылығына орны толмас шығын  әкеледі.

Анна Бьерде, Дүниежүзілік банктің Еуропа және Орталық Азия бойынша вице-президенті:

– Қазақстан ескі экономикалық модельден арылып, жаңартылатын энергия көздеріне шындап көшуі тиіс. Көмірге тәуелділік – тек экологиялық емес, экономикалық қауіп. Егер климаттық әрекеттерді бүгін бастамаса, ертең экономикалық өсімді жоғалтып қана қоймай, халықаралық аренадағы беделінен де айырылуы мүмкін.

Айтілес  АБАЙҰЛЫ

Коллаж: atr.kz

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: