Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Судың да сұрауы бар!

09.07.2020, 14:25 1757

HALYQLINE.KZ

Бүгін балық шаруашылығы, су шаруашылығы қызметкерлерінің күні екен. Содан аз-кем сөз шығарып… Қазақстан балықты мемлекет емес, білесіздер. Ішкі нарықта да аса бір керемет сұранысқа ие деп айта алмаймыз. Географиялық картамыз солай. Мұхитқа шығатын жол жоқ. Бірақ, бұл бізде балық өндірісі жоқ деген сөз емес. Үкіметтің есебі: Қазақстанда жылына 900 тонна балық өндіріледі екен. 5 жыл бұрын бұл көрсеткіш 400 тонна болыпты. Айтпағым ол да емес.

Қазақстандағы су ресурстары туралы әңгіме айтылғанда әуелі сөз ететініміз – Арал! Арал катастрофасы! Бәріңіз білесіздер! Арал апаты туралы алты материктің адамы естіп-білді. Адами фактордан болған апаттың орнын әлі күнге толтыра алмай келеміз. Бұл тақырып – актуалды!

Әдетте жалпы жаһандық масштабтағы проблемалардың көлеңкесінде осындай проблемалар қалып қойып жатады. Сөйтсе де, бұл проблемалардың маңыздылығы анау «АҚШ пен Қытайдың экономикалық соғысынан» бір кемі жоқ.

Біз түгілі БҰҰ «алаң боп», дабыл қаққан, талай мәрте. Бірлі-жарым экологтар болмаса, көп жұрт Арал туралы айтып жүр ме қазір? Жоқ!

Арал туралы аз ғана ақпар. Нұрсұлтан Назарбаев президент болып тұрған сонау 90-жылдары Аралды құтқару үшін Халықаралық қор құрылған. Ұсынысты Н.Назарбаев айтқан. 1992 жылы ОА елдерінің басшыларына қайрыла сөйлеп, Аралды қалпына келтіру үшін күш біріктіруге шақырған. Сөйтіп, 1993 жылы сол құрылған қордың бірінші президенті болып Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі сайланған екен.

Жергілікті және жаһандық экожүйеде әлемдегі ірі су қоймаларының бірі – Арал теңізінің мәселесі әлі де толық шешімін таппады. Соңғы жылдары аймақтағы кейбір мемлекеттер су ағатын табиғи арналарды бөгеп, қосымша су электр станцияларының құрылысы бойынша жобаларды қолға алуда. Аймақта сапалы ауызсу тапшы. Аймақтағы миллиондаған адамдардың денсаулығы сол ауызсуға тікелей байланысты.

Аралдың солтүстік бөлігін қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатқаны белгілі. Аралға келетін судың 75 пайызын Әмудария әкеледі екен. Сырдарияның үлесі 25 пайыз ғана.

Елбасы Назарбаевтың бастамасымен Аралды құтқару үшін Қор құрылғанын айттық, жоғарыда. Міне, Су ресурстарын пайдалану туралы 2020-2030 жылдарға арналған мемлекеттік концепция бар екен. Одан бөлек, трансшекаралық суды пайдалану туралы келісімдер де бар. Қор бар. Концепция бар. Ендеше осы уақытқа дейін не істелді? Үкіметтің есебі: 27 жылдың ішінде 3 бассейн жобасы салыныпты. Арал теңізінің солтүстік бөлігін қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр дедік. Теңіздің солтүстік жағы Арал қаласына жақындап қалған көрінеді. Әрине, Аралдың қалпына келуі – әуелі сол аймақтағы елді мекендердің, халықтың тұрмысына оң әсерін тигізетіні белгілі. Балық шаруашылығы жанданады. Бір деректен оқып қалдым, Арал тартылғанда, оның барлық балығы жойылып кетіпті. Балықтың жалғыз түрі қалған екен (камбала).

Ғабит Мүсіреповтің: «Ең соңғы тіршілік тау етектеріндегі қалың орманда ғана қалады. Бір замандарда ол да тынышталады. Бітеді. Жер өмірін тексеріп жүрген дүниежүзі ғалымдарының әзірше жұқалай ескертіп жүрген тірлік қауіптерінің түбі осыған соғатын сияқты»,- дегені де есімізде. Сол сөз расқа айналмасын десек, қарап жатпау керек! Бұл – Үкіметке қарата айтылған сөз! «Судың да сұрауы бар!».

Нұргелді  ӘБДІҒАНИ,

журналист

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: