Бүгін Астанада Өңірлік экологиялық саммит өз жұмысын бастады. #RES2026 атауымен өтіп жатқан халықаралық жиынға қатысушы елдердің делегация басшылары ЕХРО көрме орталығына келді. Мәртебелі меймандарды Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қарсы алды.
БҰҰ және өзге де халықаралық ұйымдармен бірлесіп ұйымдастырылған бұл диалог алаңының негізгі мақсаты – экожүйелерді, су және жер ресурстарын қорғау, қалпына келтіру және ортақ пайдалану бағытында кешенді саясат пен тиімді тетіктер қалыптастыру. Сонымен қатар саммит Орталық Азия өңірінің биоалуантүрлілігін сақтау мәселесін жаңа деңгейде талқылауға жол ашты.
Пленарлық отырыста Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон, Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедов, Армения Президенті Ваагн Хачатурян, Моңғолия Президенті Ухнаагийн Хурэлсух, Грузия Президенті Михаил Кавелашвили, Әзербайжанның Премьер-министрі Әли Асадов, сондай-ақ БҰҰ-ның жоғары лауазымды өкілдері сөз сөйледі деп жоспарланған.
Саммиттің ашылуында Мемлекет басшысы бұл күннің айрықша мәніне тоқталып, бүгін Жер күні екенін еске салды. Президенттің айтуынша, бұл – планетаны қорғауға жауапкершілікпен қарайтынымызды тағы бір мәрте мәлімдейтін маңызды сәт. Оның сөзінше, орнықты даму үшін ортақ көзқарас қалыптастыру – бүгінгі таңда аса өзекті міндет.
Экология – тек табиғат емес, адамзат тіршілігінің негізі
Қасым-Жомарт Тоқаев экология мәселесін тек климаттық өзгерістермен ғана шектеуге болмайтынын айтты. Президенттің сөзінше, қазіргі экология – адамзат тіршілігінің түп негізі. Яғни бұл мәселе таза ауа мен сапалы суға, бүлінбеген топырақ пен сенімді азық-түлік жүйесіне, қоғамның тұрақтылығына және келер ұрпақтың болашағына тікелей қатысты.
Мемлекет басшысы жалпы ақыл-ойдың тұнықтығы, қоғамдағы үйлесім мен адами бақыттың өзі табиғатпен үйлесімді өмір сүруге байланысты екенін атап өтті. Оның пайымдауынша, экология дегеніміз – Жер бетіндегі тіршілікке жауапкершілікпен қарайтын саналы өмір салты. Осы тұрғыдан алғанда бүгінгі саммиттің дер кезінде ұйымдастырылғанын айтты.
Әлемдік тұрақсыздық экологияға бөлінуге тиіс ресурсты тежеп отыр
Президент халықаралық жағдайға да арнайы тоқталды. Оның айтуынша, қазіргі адамзат беталысы беймәлім, аумалы-төкпелі кезеңде өмір сүріп отыр. Мұның салдары өңірлік және жаһандық тұрақтылыққа, миллиондаған адамның тұрмыс сапасына кері әсер етіп жатыр.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, дәл осындай тұрақсыздықтың кесірінен даму жолындағы күш-жігер мен күрмеуі қиын экологиялық проблемаларды шешуге жұмсалуға тиіс ресурстар өзге арнаға кетіп жатыр. Бұл ретте халықаралық қоғамдастықтың, әсіресе Біріккен Ұлттар Ұйымының рөлі маңызды екенін атап өтті.
Мемлекет басшысы БҰҰ әлі күнге баламасы жоқ әмбебап диалог алаңы екенін жеткізді. Дегенмен одан бері әлем түбегейлі өзгергенін, жасанды интеллект секілді құбылыстар адамзат өміріне терең енгенін айтты. Осыған байланысты Президент халықаралық ұйымдар қазіргі әлемнің жаңа шындығын ескеруі керек екенін мәлімдеді.
Сонымен қатар ол халықаралық құқық пен БҰҰ Жарғысына да ерекше тоқталды. Президент БҰҰ Жарғысының қағидаттарын таңдауға қарай қолдануға болмайтынын, оны біртұтас әрі бұлжымас құжат ретінде қабылдау қажет екенін айтты. Оның сөзінше, көпжақты институттарға деген сенімге сызат түспеуі керек, алайда маңызды халықаралық мәселелерді шешуде олардың беделі мен ықпалы кейде жеткіліксіз болып жататыны да жасырын емес.
Экологиялық саясатта әділдік болуы керек
Мемлекет басшысы жаһандық экологиялық күн тәртібі қалыптасқанда барлық елдің мүмкіндігі мен мұқтаждығы ескерілуі тиіс екенін айтты. Оның пікірінше, экология мәселесінде «таңдаулыларға басымдық беру» дұрыс емес.
Президенттің айтуынша, көптеген жағдайда экологиялық саясатты әзірлеу барысында дамушы елдердің, әсіресе экономикалық әлеуетін енді күшейтіп жатқан мемлекеттердің нақты қажеттіліктері ескерілмей қалады. Ал дамыған елдердің қазіргі экологиялық стандарттарға ұзақ индустрияландыру кезеңінен кейін жеткені назардан тыс қалмауы керек.
Осыған байланысты Қасым-Жомарт Тоқаев жаһандық экологиялық модельге көшу үрдісі әділ, теңгерімді және ынталандырушы сипатта өрбуге тиіс деді. Оның сөзінше, барлық мемлекеттерге ақылға қонымды, прагматикалық әрі мұқият ойластырылған тәсіл қажет. Сонда ғана елдер орнықты даму қағидаттарын сақтай отырып, өз экономикалық өсімі мен ілгерілеуіне нұқсан келтірмейді.
Президент қоршаған ортаны қорғау саласындағы ынтымақтастықтың бөлінуге емес, бір мақсатқа бірігуге қызмет етуі керек екенін қадап айтты. Ол ешкім бірін-бірі көпшілік алдында айыптамауы, өзгеден мін іздемеуі тиіс екенін жеткізіп, барлық елді бейбітшілік пен орнықты дамуға мүдделі серіктес ретінде нақты әрекетке шақырды.
Ортақ экожүйе, ортақ қатер, ортақ жауапкершілік
Мемлекет басшысы Орталық Азия мен көршілес аймақтардың тұтас экожүйеде өмір сүріп отырғанын ерекше атап өтті. Оның сөзінше, өзен-көлдер де, табиғи ландшафттар да, климаттық қатерлер де барша елге ортақ. Ең бастысы – жауапкершілік те ортақ.
Президент нақты экологиялық сын-қатерлерді тізіп көрсетті. Олардың қатарында су тапшылығы мен су ресурстарын тиімсіз басқару, шөлейттену, мұздықтардың еруі, ауаның ластануы және биоалуантүрліліктің жойылу қаупі бар.
Қасым-Жомарт Тоқаев бұл мәселелердің мәнін әдейі жеке-жеке атап өткенін айтты. Себебі мұндай түйткілдерге үстірт қарауға болмайды. Оның сенімінше, күш біріктіру арқылы бұл проблемаларды шешуде нақты нәтижеге қол жеткізуге болады. Президент «жетістіктерге тоқмейілсіп отыратын заман өтті, шешім қабылдайтын уақыт келді» деп мәлімдеді.
Қазақстан үшін экологиялық жауапкершілік – ұлттық ұстаным
Президент өз сөзінде Қазақстан экологиялық жауапкершілік мәселесіне заңнамалық деңгейде айрықша мән беретінін атап өтті. Оның айтуынша, жаңа Конституцияда қоршаған ортаны қорғау мемлекеттік саясат пен азаматтық жауапкершіліктің негізгі қағидаттарының бірі ретінде белгіленген.
Бұл Қазақстан үшін экологиялық қауіпсіздік жай ғана бір бағыт емес, ұлттық сана-сезімнің ажырамас бөлігі және ұзақмерзімді даму стратегиясының өзегі екенін аңғартады. Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде экологиялық таза энергия өндірісіне көшу, биоалуантүрлілікті қорғау, тозған жерлерді қалпына келтіру, су ресурстарын басқару жүйесін жетілдіру, су үнемдеу саясатын енгізу және өңірлік ынтымақтастықты күшейту бағытында нақты шаралар қолға алынғанын айтты.
Сонымен бірге Президент ешбір ел жалғыз әрекет етіп, үлкен табысқа жете алмайтынын жеткізді. Сондықтан Қазақстан аймақтық және жаһандық деңгейде күш жұмылдыруға ерекше мән береді. Оның сөзінше, бұл міндет нақты іспен, жаңа технологияларды игерумен және тұрақты дамуға ұзақмерзімді инвестиция салумен орындалуға тиіс.
Энергетикалық өтпелі кезең және 2030 жылға дейінгі жоспар
Саммит барысында Қасым-Жомарт Тоқаев энергетикалық саясатқа да кеңінен тоқталды. Президент әділ және теңқұқылы энергетикалық модельге көшу негізгі басымдықтардың бірі екенін мәлімдеді.
Оның айтуынша, қазіргі уақытта Қазақстанда өндірілетін электр қуатының 7 пайыздан астамы жаңартылатын энергия көздерінен алынады. Ал 2030 жылға қарай бұл көрсеткішті 15 пайыздан асыру жоспарланып отыр.
Мемлекет басшысы Қазақстан мұнай-газ қоры мол мемлекеттердің қатарында болғанымен, орнықты энергетика мақсаттарынан айнымайтынын айтты. Сонымен қатар Қазақстан әлемдік уран экспортының шамамен 40 пайызын қамтамасыз ететін ел ретінде көміртексіз электр энергетикасын дамытуды қолдайтынын жеткізді.
Президент бүгінде елімізде алғашқы атом электр станциясының жобасы пысықталып жатқанын мәлімдеді. Сонымен бірге «таза көмір» технологиясы негізінде жылу электр станцияларын жаңғырту қолға алынғанын айтты. Осы шаралардың нәтижесінде ірі энергетикалық нысандардан ауаға тарайтын зиянды шығарындыларды 35 пайызға азайту көзделіп отыр.
Каспий тағдыры – аймақ үшін де, әлем үшін де маңызды
Қасым-Жомарт Тоқаев Каспий теңізінің мәселесіне де арнайы тоқталды. Оның айтуынша, Қазақстан Каспийдің тағдырына алаңдайды, өйткені теңіз айдынын қорғау – аймақтағы экологиялық тепе-теңдік пен биоалуантүрлілікті сақтау тұрғысынан аса маңызды.
Президент Қазақстан Каспий теңізінің тартылуына жол бермеу үшін мемлекетаралық бағдарлама қабылдау жөнінде бастама көтергенін айтты. Сонымен бірге Каспий теңізі ғылыми-зерттеу институтын құруға ұйытқы болғанын атап өтті. Бұл институт өңірлік деңгейдегі ғылыми ынтымақтастықты дамытуға мүмкіндік береді.
Мемлекет басшысы барлық мүдделі халықаралық тарапты табиғаттың осы асыл қазынасын сақтау жолында күш біріктіруге шақырды. Сондай-ақ Каспий маңында қарулы күштердің қолданылуына жол беруге болмайтынын, мұндай қадамға қатаң тыйым салынуы тиіс екенін жеткізді.
Су ресурстары бойынша жаһандық жаңа бастама
Саммит аясында Президент су ресурстары саласындағы жаһандық ықпалдастықты кеңейту мәселесіне де ерекше назар аударды. Оның сөзінше, Қазақстан тек өңірлік деңгейдегі бастамалармен шектелмейді.
Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр желтоқсанда Ашхабадта БҰҰ агенттігі ретінде қызмет ететін Халықаралық су ұйымын құруды ұсынғанын еске салды. Оның пайымынша, бұл бастама өте өзекті. Себебі қазіргі кезде БҰҰ аясында жаһандық басқарудың тиімділігін арттыру үшін көптеген мандат қайта қаралып жатыр.
Президент саммит аясында осы ұсынысқа қатысты халықаралық консультациялардың бірінші кезеңі өтетініне қуанышты екенін айтты. Бұл – су ресурстарын басқару саласында жаһандық деңгейдегі жаңа тетік құруға жол ашатын маңызды қадамдардың бірі.
Биоалуантүрлілік – экологиялық саясаттың өзегі
Президент елімізде биоалуантүрлілікті сақтау бағытында атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижесіне де тоқталды. Оның айтуынша, бұл бағыт Қазақстанның экологиялық саясатының негізгі тіректерінің бірі.
Қасым-Жомарт Тоқаев табанды еңбектің нәтижесінде жойылу қаупі төнген ақбөкендер саны қайта көбейгенін атап өтті. Сондай-ақ Қазақстандағы қар барысының саны екі есе артып, 190-ға жеткенін мәлімдеді.
Президент халықаралық серіктестермен бірлесіп сұңқар, Тұран жолбарысы және Пржевальский жылқысы секілді сирек жануарлар популяциясын қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатқанын айтты.
Сонымен бірге орман алқаптарын кеңейту де Қазақстанның экологиялық күн тәртібіндегі негізгі міндеттердің біріне айналған. Мемлекет басшысының сөзінше, соңғы бес жылда елімізде бір миллион гектардан астам аумаққа 1,5 миллиардтан астам ағаш егілген. Соның ішінде шөлейттену үдерісін бәсеңдету үшін өзбек мамандарымен бірге Арал теңізінің құрғаған табанына сексеуіл отырғызу басталған.
Осы орайда Президент Қазақстанның барлық серіктестерін Сирек кездесетін жан-жануарлар түрлері мен биоалуантүрлілікті сақтау халықаралық қорына мүше болуға шақырды. Оның айтуынша, мұндай мемлекетаралық алаңда ғылыми зерттеулер жүргізіліп, экожүйелерді қорғаудың тиімді шешімдері әзірленеді.
«Таза Қазақстан» және экологиялық мәдениеттің қалыптасуы
Президент өз сөзінде «Таза Қазақстан» жалпыұлттық қозғалысына да арнайы тоқталды. Оның айтуынша, бұл бастама халықтық сипат алған маңызды науқанға айналды.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзінше, қозғалыстың негізгі мақсаты – экологиялық сана қалыптастыру және азаматтық жауапкершілікті күшейту. Президент бұл бастамаға миллиондаған ерікті қосылғанын айтып, оларды Қазақстанның нағыз патриоттары деп атады. Оның пікірінше, дәл осындай еңбек арқылы ортақ мүддеге үлес қосу – елінің келешегін ойлайтын азаматтардың қолынан ғана келетін ізгі іс.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы биылғы жылдың Халықаралық еріктілер жылы болып жарияланғанын еске салды. Бұл бастама орнықты даму мақсаттарына толық сай келетінін айтып, Қазақстан тарапынан толық қолдау білдірді. Президент еліміздің жаңа Ата заңында волонтерлік қызметке ерекше мән берілгенін, оларға мемлекет тарапынан қолдау көрсетілетіні нақты жазылғанын айтты.
Жасанды интеллект экологияны басқарудың жаңа құралына айналмақ
Президент биыл Қазақстанда Цифрландыру және жасанды интеллект жылы екенін еске салып, экологиялық мәселелерді шешуде жаңа технологиялардың рөлі арта түсетінін мәлімдеді.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, жасанды интеллект көмегінсіз табиғи ресурстарды қорғау мен экологиялық басқаруды жаңа деңгейге көтеру қиын. Бұл технологиялар қоршаған орта мониторингі, тәуекелдерді болжау, табиғи ресурстарды тиімді басқару секілді бағыттарда үлкен мүмкіндік береді.
Осыған байланысты Президент Аймақтық цифрлық экожүйе құру бастамасын Қазақстан толық қолдауға әзір екенін айтты.
Астана декларациясы және нақты қадамдарға негіз болатын шешімдер
Саммит соңында Мемлекет басшысы Жер шарын қорғау – баршаға ортақ міндет екенін атап өтті. Оның айтуынша, таразы басында ең алдымен адамзаттың, әсіресе өскелең ұрпақтың болашағы тұр.
Президент бұл мәселе жай ғана экологиялық мақсат емес, адами парыз, экономикалық қажеттілік және бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтаудың стратегиялық басымдығы екенін жеткізді.
Осыған байланысты Қасым-Жомарт Тоқаев орнықты келешек қалыптастыруда бірнеше негізгі қағидатқа арқа сүйеу қажет деді. Олар – халық пен болашақ ұрпақ алдындағы жауапкершілік, шекара мен шектеуге бөлінбейтін ынтымақтастық, ресурстар мен технологияларға теңдей қол жеткізетін әділеттілік, нақты нәтижеге бағытталған шаралар және ауқымы мен даму деңгейіне қарамастан елдер арасындағы бірлік.
Президент саммит барысында Орталық Азиядағы экологиялық ынтымақтастық жөніндегі Астана декларациясы мен бірқатар маңызды келісімдер қабылданатынын айтты. Бұл құжаттар өңірлік экологиялық серіктестікті күшейтуге бағытталған нақты қадамдардың бастауы болмақ.
Мемлекет басшысы бүгінгі талқылаулар мазмұнды болып, бірлескен нақты бастамаларға негіз қалайды деген сенім білдірді. Оның сөзінше, дәл осылай ғана халықтардың игілігіне қызмет ететін баянды болашақтың іргесін қалауға болады.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!